Дональд Трамп АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарды жаппай депортациялауға әскер күшін пайдаланатынын айтқан. Judicial Watch атты америкалық консерватив ұйымның жетекшісі Том Фиттон осыдан бірер апта бұрын Truth Social әлеуметтік желісінде (Trump Media & Technology Group құрған әлеуметтік желі) Трамп әкімшілігі елде заңсыз жүрген мигранттарды төтенше жағдай жариялап, әскердің көмегімен депортациялауға дайын деп жазған. Трамп сол постты бөлісіп, "Дәл солай!" деп оның сөзін қостады.
Дональд Трамп 2023 жылдың желтоқсанында Невада штатының Рено қаласында өткен сайлау науқаны кезінде құжатсыз мигранттарды жаппай депортациялау жоспары туралы алғаш рет мәлімдеген. Содан бері ол бұл жоспарын сайлаушылармен кездескенде әр кез қайталап келді.
Былтыр оның көмекшісі Стивен Миллер The New York Times газетіне "Трамп федералдық биліктің мүмкіндігін пайдаланып, миграция ағымын тоқтатады" деген.
Трамп Миллерді өз әкімшілігі жетекшісінің орынбасары етіп тағайындайтынын айтты. Ол 2017 жылы Трампқа саяси шешімдер жөніндегі кеңесші болған және елдің миграция саясатын реформалау жоспарын дайындаумен айналысты.
ТРАМП НЕГЕ МИГРАНТТАРҒА ШҮЙЛІКТІ?
Дональд Трамп президент сайлауы қарсаңында өткен дебат кезінде "Байден түрмелер мен психикалық институттардан келген адамдардың және террористердің елге кіруіне рұқсат берді" деді. Байден Трамптың сөзін жоққа шығарып, шекара мәселесін реттеп жатқанын айтты.
АҚШ шекара қызметінің мәліметінше, 2019 жылдың қазанынан 2024 жылдың маусымына дейін 11 миллион адам АҚШ-қа кіруге талпынған. Олардың қатарына АҚШ үкіметінің CBP қосымшасы арқылы саяси баспана сұрағандар, шекарадан заңсыз өтіп, кейін пана алуға өтініш бергендер және шекара бекетіне келіп, пандемияға байланысты ел аумағына кіруге рұқсат ала алмағандар жатады. Ресми дерекке сәйкес, шекарадан өткен мигранттар саны Байден президент болғалы, яғни 2021 жылдың басынан күрт өскен.
Байден әкімшілігі шілде айында елге кіретін мигрант санын 2500 адаммен шектегеннен кейін олардың саны азайды.
The New York Times газеті Байден әкімшілігінің миграция мәселесіне қатысты кейінгі үш жылдағы шешімдерін зерттеп, атқарушы билік негізгі кедергілерден өте алмады деп жазды. Америкалық басылым Ақ үйдегі қазіргі және бұрынғы 35 жоғары лауазымды шенеунікпен сұхбаттасып, "олар Байденнің миграцияға қатысты мәселелерді шешіп жатқанына сенімді емес" деді.
Джо Байден сайлау додасынан шыққаннан кейін оның орнына саяси жарысқа түскен вице-президент Камала Харрис оңтүстіктегі шекараға барып, мәселе реттеліп жатқанын айтқан. Ол "бірінші күннен шешім ұсынып келеміз" деген. Дегенмен, Байден әкімшілігінде миграция мәселесіне жауапты болған адам ретінде шетелдіктердің қисапсыз ағылуына Харристің өзін кінәлағандар көп болды.
ТРАМП ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІ?
Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде жариялаған Agenda47 деп аталатын платформаның бір бөлімі миграция мәселесіне арналған. Құжатта "мигранттар экспансиясын" тоқтату үшін шекараны жауып, саяси баспана сұрағандарды Мексикада күтуге міндеттеу керек деп жазылған.
"Президент Трамп және Республикалық партия әлемнің түкпір-түкпірінен келген заңсыз мигранттар мен қылмыстық топтардың АҚШ-та емін-еркін жүруіне жол бермеу үшін демократтардың ашық шекара саясатын тоқтатады. Республикалықтар заңсыз жүргендер мен заң бұзғандарды елден шығаруды өз міндетіне алады" деп жазылған платформада.
Сондай-ақ, Трамп өз бағдарламасында елдің көші-қон саясатын меритократия тәртібімен өзгертуді көздейтінін, яғни Америка қоғамына, ел экономикасының игілігіне еңбек ететін мигранттарды көбірек кіргізетінін айтқан.
Америкалық Center for Migration Studies институтының жазуынша, АҚШ-та 2023 жылы құжатсыз жүрген 11,7 миллион мигрант болған. BBC-дің жазуынша, қазір бұл көрсеткіш 13 миллионға таяған. Құжатсыз мигранттарға шекараны заңсыз кесіп өткендер мен елге заңды жолмен кіріп, бірақ визасының мерзімін өткізіп алғандар жатады.
МИГРАЦИЯ ЖОСПАРЫН КІМДЕР ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ?
Дональд Трамп сайлауда жеңгеннен кейін жаңа әкімшілігіне кімдерді тағайындайтынын біртіндеп мәлімдей бастады. Ақ үйдегі жұмыс тәртібіне сәйкес, президент лауазымына ресми түрде кіріскенге дейін ол вице-президенті мен атқарушы биліктегі 15 департамент басшысын анықтауы керек.
Әзірге Трамп мемлекеттік хатшы, ішкі қауіпсіздік, қорғаныс, энергетика, денсаулық сақтау, транспорт, қаржы және табиғи ресурстарды бақылау департаменттері мен бірқатар федералды агенттіктерді басқаруға лайық деп тапқан кандидаттарды ұсынды. Олар Конгресс мақұлдағаннан кейін қызметке кірісе алады.
20 қаңтарда Трамп әкімшілігінде "border czar", яғни "шекара билеушісі" дейтін жаңа лауазым пайда болады. Трамп оған Томас Хоманды тағайындады. Трамптың 10 қараша күні желіде жазған постына сәйкес, Хоман АҚШ-тың оңтүстіктегі және солтүстіктегі шекарасына, теңіз және әуе қауіпсіздігіне жауапты болады. Сондай-ақ, Трамп айтып жүрген мигранттарды жаппай депортациялаумен осы Хоман айналыспақ.
Хоман кейінгі 40 жыл бойы иммиграция саласында істеген. Ол бұған дейін Обаманың және Трамптың әкімшіліктері құрамында болды, Көші-қон және кедендік бақылау қызметін басқарды. Хоман 2022 жылы америкалық консервативтік Heritage Foundation институтына жұмысқа тұрып, федералдық үкіметті реформалауды көздеген Project 2025 жоспарының авторларының бірі болды.
900 беттік Project 2025 жоспары Трамп әкімшілігі жүргізетін реформалардан тұрады. Мысалы, құжат авторлары коммерция және білім беру департаментін жоюды, порнографиямен айналысуды қылмыс деп бекітуді, абортты денсаулық сақтау мәселесі ретінде қарастырудан бас тартуды және климаттың өзгеруіне қарсы шараларды құптайтын федералдық шешімдерді жоққа шығаруды ұсынған.
Құжатта миграция реформасы да бар. Мәселен, нұсқаулықта АҚШ территориясында туғандарға бірден ел азаматтығын беру ережесін өзгерту, америкалық азаматпен некелескен мигрант отбасын ажырату, саяси пана беру жүйесін өзгерту қарастырылған. Томас Хоман саяси пана сұрайтындар өтінішін АҚШ үкіметі қарағанша олар Мексика аумағында күтуге тиіс деп тағы мәлімдеді.
Трамп әкімшілігіне қайта тағайындалған Стивен Миллер жыл басында Вашингтонда өткен консерваторлардың саяси жиынында құжатсыз мигранттарды депортациялауға әскери ұшақтар пайдалану көзделгенін мәлімдеген.
Байденнің иммиграция жоспарын қатаң сынға алған Оңтүстік Дакота губернаторы Кристи Ноэм де Трамптың жаңа әкімшілігіне қосылады. Ол ішкі қауіпсіздік департаментіне жетекшілік етпек. Егер Конгресс оны тағайындауды мақұлдаса, Ноэм ел аумағында иммиграция заңдарының орындалуын қадағалайтын Көші-қон және кедендік бақылау қызметінің үстінен қарайтын болады.
Ол 2021 жылы Ауғанстаннан барған босқындарды штат қарамағына қабылдаудан бас тартып, Дональд Трамптың назарына іліккен. Сондай-ақ, ол Оңтүстік Дакота ұлттық гвардиясын шекара қызметіне көмектесуге Техасқа жөнелтіп, "ашық миграция" саясатына қарсы екенін білдіргісі келді.
18 қараша күні Америкалық азаматтық еркіндік одағы (ACLU) Көші-қон және кедендік бақылау қызметін сотқа бергенін мәлімдеді. Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын заңгерлер федералдық агенттіктен қай әуе компанияларымен келісім-шарт жасасқанын сұрап, әуе арқылы азаматтарды депортациялауға қатысты ережелерді жолдауды өтінгенін, бірақ ақпарат ала алмағанын алға тартты.
American Immigration Council институтының зерттеуіне жүгінсек, жылына бір миллион адамды елден шығару үшін бюджеттен 88 миллиард доллар жұмсалуы мүмкін. Институт құрылыста, қызмет көрсету саласында және егін шаруашылығында еңбек етіп жүрген мигранттарды депортациялау АҚШ экономикасын бәсеңдетіп, жалпы ішкі өнімді 1,7 триллион долларға азайтуы мүмкін деп жазды.
Томас Хоман 27 қазан күні CBS арнасына берген сұхбатында журналистің мигранттарды депортациялау бағдарламасына жұмсалуы мүмкін қаражат жайлы қойған сұрағына "Ұлттық қауіпсіздік құны қанша?" деп қарсы сұрақпен жауап қатқан.
ДЕМОКРАТТАР ТРАМПТЫҢ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ЖОСПАРЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕ АЛА МА?
Трамптың бұрынғы әкімшілігінде АҚШ-тың шекара қызметін басқарған Марк Морган да Трамп жоспары бірден жүзеге аспауы мүмкін деп есептейді. Егер штаттар қарсылық танытса, Трамптың жаппай депортациялау жоспары жүзеге аспай қалады деді ол.
19 қараша күні Калифорния штатының бас прокуроры Роб Бонта ABC News телеарнасына "Трамптың әрекетін сотқа жүгініп тоқтатамыз" деді.
"[Калифорниядағы] мигранттар қауымдастығына қол сұғу үшін олар (Трамп әкімшілігі – ред.) алдымен менен өтуі керек. Біз қолда бар заңды құралдарды пайдаланып, сот арқылы олардың бұл әрекетін тоқтатамыз", – деді Бонта.
АҚШ-тағы мигранттар қауымдастығының ең ірі тобы Калифорния штатында өмір сүреді. Штат әкімшілігі 2017 жылы да Трамптың миграция саясатына қарсы тұрып, штаттың құзырлы орган қызметкерлерінің заңсыз жүрген мигранттарды қамау шараларын федералдық агенттіктермен бірігіп атқаруына кедергі келтіретін заң қабылдаған.
Миграция саласындағы сарапшылар Трамптың ендігі жоспары бұрынғыдан да қатаң болатынын ескертіп, демократтар басым штаттарды ондай іс-әрекетке дайын болуға шақырды.
Reuters агенттігінің мәлімдеуінше, 20 қараша күні Лос-Анджелес қалалық әкімшілігі (City Council) мигранттарды қорғайтын қаулы шығарған. Ол құжатқа сәйкес, федералдық билік қалада тұратын құжатсыз мигранттарды ұстауға қала ресурсын пайдалана алмайды. Осыған ұқсас қаулылар Нью-Йорк, Чикаго, Филадельфия, Сан-Диего, Сан-Франциско және Сиэтл қалаларында да бар.
Трамп өзінің Agenda47 платформасында федералдық билікке миграция қаулыларын жүзеге асыруға жәрдемдеспейтін қалаларға федералдық бюджеттен қаржы бөлуді тоқтататынын жазған.
Мигранттар көп шоғырланған Нью-Йорк штатының губернаторы Кэти Хокул Трамп сайлауда жеңген кезде Нью-Йорк тұрғындарын қорғайтын бастама көтерді. 6 қараша күні Хокул Трамп әкімшілігі бекітетін бұйрық не қаулысынан штат тұрғындарына төнетін қауіпті азайту жоспарын дамытып жатқанын мәлімдеді.
АҚШ-ТАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР НЕ ДЕЙДІ?
32 жастағы Қазақстан азаматы Қайрат Тәжімұратовтың Нью-Йоркте тұрып жатқанына жеті жыл болған. АҚШ-қа иммиграциялық емес визамен барып, кейін сол елде қалуды ұйғарған. Көп өтпей, АҚШ-тың тұрақты тұрғыны статусын, яғни грин-карта алып алған. Қазір Нью-Йоркте азық-түлік тасу қызметін көрсететін жеке кәсібі бар.
Қайрат АҚШ-қа заңсыз кірген мигранттарды депортациялауды қолдайды. Әйткенмен елге заңды жолмен кіріп, виза мерзімі біткен соң сонда қалып қойғандар да салық төлеп, АҚШ экономикасына үлес қосып отыр деді қазақ жігіт.
"Елде заңсыз қалып қойғандар өз атына компания тіркей алады. Оған жұмысқа рұқсат беретін құжат қажет емес. Жұмыс беруші заңсыз жүрген мигрантты жұмысқа аларда солай компания ашуға кеңес береді. Сосын жалақысын сол компанияға жолдап отырады. Жыл аяғында мигрант алған ақшасына қатысты салық төлейді. Демек ол заңсыз жүрсе де, елге тиімді", – деді Қайрат Тәжімұратов.
Америкалық National Bureau of Economic Research институты 2024 жылдың сәуір айында жариялаған зерттеуге сәйкес, мигранттар ағымы америкалықтардың еңбек өнімділігінің өсуіне әсер еткен. Еңбек нарығында бәсеке артып, америкалықтардың жалақысының өсуіне түрткі болған.
Чикагода тұратын қазақстандық Орынбасар Әбу кейінгі жылдары қылмыс көбейгенін алға тартып, президент Трамп ұсынған миграция реформасын белгілі бір дәрежеде қолдайтынын айтты.
"Чикаго қаласының маңындағы жүк көлігі тұрақтарында ұрлық көбейді. Жүргізуші ұйықтап жатқанда қылмыскерлер тобы көліктің артқы есігін ашып, тонай беретін болды. Қазір жұрт өзін қауіпсіз сезінбейді", – деді Орынбасар.
Орынбасар Әбу – "Қазақстан дауысы" байқауына қатысқан әнші. АҚШ-қа студенттік визамен кетіп, кейін дарындыларға арналған иммиграциялық бағдарлама бойынша грин-карта алған. Қазір АҚШ-тағы қазақ қауымдастығының жұмыстарына белсенді араласып жүр.
АҚШ-та жүк тасымалдау саласында кәсіппен айналысатын қазақстандық Самат Шалатаев кейінгі үш жылда елде мигранттар көбейіп, Нью-Йорк секілді ірі қалаларда пәтерді жалға алу ақысы өсіп кеткенін айтты. Ол да Трамптың ұсынысын ақылға қонымды көреді.
"АҚШ-қа мигранттардың виза немесе грин-карта ұтып алып келуіне ешкім қарсы емес. Трамп [жаппай депортациялауды] елге шекарадан заңсыз өткендерге қатысты айтқан. Том Хоман да соны айтып отыр... Мысалы, Қазақстанға да шетелдіктер заңсыз кіріп жатса және билік оған қарсы тұра алмай жатса, қазақстандықтарға ұнамайтыны анық қой", – деген уәж келтірді Самат.
Грин-карта деген не?
Грин-карта дегеніміз - АҚШ-тың шетел азаматтарының елде тұруына, жұмыс істеуіне рұқсат беретін ықтиярхаты. Оны алған адам елде бес жыл тұрғаннан кейін азаматтыққа өтініш бере алады. АҚШ ықтиярхатының грин-карта деп аталуы құжаттың жасыл түсіне (ағылшын тіліндегі green сөзі жасыл деген мағына береді) байланысты. Ел үкіметі грин-картаны жыл сайын бір миллионнан астам адамға береді.
Грин-картаны алудың бірнеше жолы бар. Мұндай картаны АҚШ азаматтары және грин-картасы барлар өз туыстарына бергізе алады, болмаса АҚШ компаниялары жұмысқа шақырған білігі жоғары мамандарға беріледі (H1B визасы), оны босқын ретінде де алуға болады. Ал diversity visa (грин-карта лотореясы) – соның бірі ғана.
Самат АҚШ-қа мигранттардың жаппай келуінің оң тұстары да бар деп есептейді. "[Мигранттар] бастапқыда ел бюджетіне салмақ түсіруі мүмкін, бірақ кейін олар да жұмыс істеп, салық төлейді" деді ол.
Қайрат пен Самат "АҚШ-қа заңсыз кіріп, саяси пана да сұрамай жүре беретіндерді депортациялау керек" десе, Орынбасар ел қауіпсіздігі үшін "қылмысы дәлелденген мигранттарды елден шығаруды" қолдайтынын білдірді.
Қазақстан үкіметі жанынан құрылған "Отандастар" қорының мәліметіне сәйкес, АҚШ-та 60 мыңдай қазақстандық тұрады. Бұл – статистикаға енгендер ғана. Арасында студенттер мен уақытша барғандар және тұрақты жұмыс істеп жатқандар бар. Ал Америкада заңсыз жүрген қазақстандықтардың нақты саны белгісіз. Кейінгі кездері Орталық Азиядан Мексика арқылы АҚШ-қа өтетіндер күрт көбейген, кейбірі ол елге жете алмай жолда опат болған.
ПІКІРЛЕР