Accessibility links

"АҚШ-та мүмкіндік көп". Green Card ұтқан қазақстандықтар көбейді


АҚШ туын жамылып, Нью-Йорктегі Азаттық мүсініне қарап тұрған адам. Көрнекі сурет.
АҚШ туын жамылып, Нью-Йорктегі Азаттық мүсініне қарап тұрған адам. Көрнекі сурет.

Тұрмысы төмен елдердегі көп жұрт үшін Американың грин-карта лотореясы – бақуатты өмірдің кілті. Сондықтан жылына миллиондаған адам АҚШ үкіметі ұйымдастыратын ұтысқа қатысып, бақ сынайды. Кейінгі жылдары лотереяға қатысып, жеңімпаз атанып жүрген қазақстандықтар саны жылдам артып барады: 2008 жылы лотереяға 8,8 мың адам қатысса, 2018 жылы қатысушылар саны 82 мыңға жеткен, яғни көрсеткіш 10 жылда 10 есе өскен.

Биыл лотереяны жеңіп алғандар саны бойынша Қазақстан рекорд жаңартты: АҚШ-тың грин-карта визасын 2406 адам ұтып алды. Бұл көрсеткіш 2019 жылы – 1584 адам, ал 2018 жылы – 886 адам болған.

Грин-карта деген не?

Грин-карта дегеніміз - АҚШ-тың шетел азаматтарының елде тұруына, жұмыс істеуіне рұқсат беретін ықтиярхаты. Оны алған адам елде бес жыл тұрғаннан кейін азаматтыққа өтініш бере алады. АҚШ ықтиярхатының грин-карта деп аталуы құжаттың жасыл түсіне (ағылшын тіліндегі green сөзі жасыл деген мағына береді) байланысты. Ел үкіметі грин-картаны жыл сайын бір миллионнан астам адамға береді.

Грин-картаны алудың бірнеше жолы бар. Мұндай картаны АҚШ азаматтары және грин-картасы барлар өз туыстарына бергізе алады, болмаса АҚШ компаниялары жұмысқа шақырған білігі жоғары мамандарға беріледі (H1B визасы), оны босқын ретінде де алуға болады. Ал diversity visa (грин-карта лотореясы) – соның бірі ғана.

Азаттық АҚШ үкіметінің лотереясына қатысып, бірі жеңіп, бірі жеңімпаз бола алмаған екі азаматпен сөйлесіп, олардың әңгімесін тыңдады, демография мамандарына жүгініп, миграциялық тренд туралы сұрады.

"ДЕВАЛЬВАЦИЯДАН СОҢ КЕТУГЕ БЕЛ БАЙЛАДЫМ"

Қазақстанда аудитор болып жұмыс істеген Айнаш Сейфуллина лотереяға өтініш бергенде 28 жаста болған. Астанадағы беделді ұйымда жұмыс істеп, табысы жоғары мамандардың бірі болған ол 2015 жылы АҚШ-қа үш аптаға кетіп, еліне оралса, Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге күрт құнсызданып кетіпті. 1 доллар 183 теңгеден 255 теңгеге бірден қымбаттаған. Сол кезде Айнашқа елден көшу туралы ой келіпті.

Айнаш Сейфуллина.
Айнаш Сейфуллина.

– Ол кезде АҚШ-та болдым. Елге келсем, доллар қатты қымбаттап кетіпті. Ал мен шетелге шығып тұруға үйреніп қалғанмын. Содан кейін табысымды есептедім. Дәл сондай сапарға бару үшін енді көп уақыт ақша жинауым керек болды. "Енді мұндай сапарға қалай шығамын?" деп алаңдай бастадым. Ал ол кезде жалақым әжептәуір болатын, – дейді Айнаш.

Доллармен есептегендегі табысының көлемі күрт кеміген Айнаш шетелге кетуге бел буған. Бірақ қалаған еліне көз жұмып бара салмай, барғанда қиналып қалмайтындай заңды тетік іздеген.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

– Грин-карта лотореясы жайлы досым айтты. Ол туралы естігенім болмаса, көп нәрсе біле бермейтінмін. Лотереяға қатысуға өтініш бердім де, оны мүлде ұмытып кеттім. Бірақ елден кетудің түрлі амалдарын қарастырып жүрдім. "Болашақ" бағдарламасына да тапсырдым, бірақ қазақ тілі сынағынан өте алмадым. Сөйтіп бар амалды қарастырып, тауым шағыла бастағанда лотерея есіме түсті, – дейді Айнаш.

Лоторея қалай ойнатылады?

Халқының этникалық құрамын байыту үшін АҚШ үкіметі 1995 жылы Diversity Immigrant Visa бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама ел арасында "грин-карта лотореясы" деп аталып кетті. Бағдарлама аясында жыл сайын 55 мың адамға кездейсоқ таңдау негізінде грин-карта беріледі. Лотереяға қатысу тегін. Бағдарламаны АҚШ мемлекеттік департаменті жүргізеді. Лотерея ұтып алғанның бәрі елін тастап кетуге келісе бермейді, кейбірі соңғы сәтте айнып қалады. Қалғаны виза беру алдындағы тексеруден өтпей жатады.

Лотерея алты аймақта ойнатылады: Еуропа, Африка, Азия, Латын Америкасы, Солтүстік Америка және Океания. Грин-карта квотасы алты аймаққа бөлінеді, әр елде бөлек ойнатылмайды. Бірақ бір елге грин-картаның жалпы санының 7 пайызынан астамы берілмейді. Егер кейінгі бес жылда АҚШ-қа қандай да бір елден елу мыңнан астам мигрант келсе, ол елдің азаматтары лотореяға қатыса алмайды.

Постсоветтік елдер азаматтарының лотереяны ұтып алу мүмкіндігі жоғары. Себебі бұл елдердің бәрі Совет одағының құрамында болғаны үшін Еуропа аймағында ойнатылады. Еуропадағы елдердің көбі дамыған мемлекеттердің қатарына кіретіндіктен, лотереяға қатысатындар саны Азия мен Африкадағыдай жоғары емес. Биыл постсоветтік елдердің азаматтары арасында 32 634 адам лотерея жеңімпазы атанған. Көш басында Ресей (6001), Украина (5604) және Өзбекстан (5319) тұр.

Қазақстанның Орталық Азиядағы көршісі Өзбекстан кейінгі он жылда лотерея жеңімпаздарының саны бойынша үздік он елдің қатарында тұр. 2017 жылы лотереяға Өзбекстанның 2,1 миллион азаматы қатысқан. Бұл – ел халқының 7 пайызы.

Ол 2016 жылдың мамырында грин-карта лотереясының жеңімпазы атанғанын біліп, бірден құжат жинауға көшкен. Бір жылдан кейін АҚШ-қа барып, Техас штатындағы Остин қаласына тұрақтаған. Әуелі Macy’s дейтін танымал дүкендер желісінде сатушы болған ол кейін Google компаниясына орналасқан, қазір Америкада негізгі мамандығы бойынша жұмыс істейді. Осы күндері күйеуі екеуі сол елден үй сатып алып жатыр. Айнаш елден түңіліп кетпегенін, қайта алған білімі мен тәжірибесіне разы екенін айтады.

– "Қазақстанда бәрі жаман" дейтіндермен келіспеймін. Американың да артық, кем жағы бар. Ең бастысы – мұнда мүмкіндік көп. Бірнеше жыл ішінде сағатына 9,3 доллар табатын сатушыдан үй алуға жағдайы жететін маман дәрежесіне жеттім. Осындай мүмкіндікті іздеп келдім, іздегенімді таптым, – дейді ол.

"ТАБЫС АЗ, ЕРКІНДІК ЖОҚ"

2019 жылы грин-карта лотореясына әлем бойынша 6 741 128 адам қатысқан. Оның бір пайызы (67 593) – Қазақстан азаматы. Бұл – өз атынан өтініш берген адамдар саны. Оларды әдетте "бас үміткер" (entrants) дейді. Лотореяда жеңсе, виза олардың жақын туыстарына (жұбайы мен балалары) да беріледі. Бас үміткердің туыстарын "қосалқы үміткер" (derivatives) деп атайды. Қосалқы үміткермен қоса санағанда лотореяға былтыр 155 204 қазақстандық қатысқан. Лотерея нәтижесі биыл мамырда белгілі болды. Оған қатысқан 67,5 мың қазақстандықтың ішінде 2406 адам жеңімпаз атанды. Бұлар туыстарымен бірге грин-карта визасына өтініш бере алады. Консулдық тексеруінен сәтті өтсе, визасын алып АҚШ-қа аттанады.

Айнаш лотореяға бір-ақ рет қатысып, бірінші талпынысында-ақ ұтқан. Бірақ жұрттың бәрінің Айнаш сияқты жолы бола бермейді. Жеңімпаз атанбаған адамдар лотореяға жыл сайын қатыса алады.

Коронавирус карантині кезінде Ақтөбе көшесінде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.
Коронавирус карантині кезінде Ақтөбе көшесінде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.

Жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып жұмыс істейтін 23 жастағы Аида Қуанышқызы грин-карта лотореясында үш жыл қатарынан бақ сынап, үшеуінде де жолы болмағанын айтады. Кейінгі екі жылда ұтысқа күйеуімен бірге қатысқан. Ал былтыр бағын сынаушылар қатарына өзінің және күйеуінің туыстары қосылған. Айтуынша, лотореяға барлығы 20 шақты адам өтініш берген. Бірақ ешқайсысы ұтпаған. Биыл лотореяға тағы да өтініш бермекші.

– Күйеуім екеуміз айына 300 мың теңге табамыз. Бірақ былтыр күйеуім Чехияда Skoda (автокөлік шығаратын компания - ред.) зауытында үш ай жұмыс істеп, шығындарынан бөлек 1,5 миллион теңге алып келді. Cол ақшаға той жасадық. Ол болмаса несие алушы едік. Қазақстанда үш айда 1,5 миллион тұрмақ, 500 мың теңге де жинай алмайсың, – дейді ол.

Аида табыстың аздығымен қоса, сөз бостандығының жоқтығына да налиды. Қандай да бір мәселе болып, ол туралы шағым айтса, қудалау басталады дейді.

– Жалақымыздан көп ақша ұстап қалады. Ол туралы мәселе көтерсең, артыңа түсіп алып, жұмыстан шығарып жібереді. Жол деген шұрқ-тесік, оны айтсаң ертесіне есігіңді қағып келіп тұрады. Белсенділер еркін сөйлегені үшін мерт болып жатыр, – дейді ол.

Тұрмыс құрғанына бір жыл болған Аида достарының арасында шетелде тұратыны бар екенін, олармен жиі сөйлесіп тұратынын айтады.

– Шетелге барсақ, көп қиындыққа тап болатынымызды білеміз. Бірақ ол жақта жағдай Қазақстандағыдай төмен емес. Жедел жәрдем қызметінде жүріп, неше түрлі үйге барамыз. 20 үйге кірсек, соның жартысы пәтер жалдап тұратындар болып шығады. Жап-жас қыздар, ал жағдайы өте нашар. Айына 100-150 мың табады, оның 75-80 мыңын пәтерақыға төлейді. Төрт баламен бір бөлмелі үйде тұратын аналарды көремін, – дейді Аида.

Аида жалғыз грин-карта лотореясына ғана үміт артпай, келер жылдың көктемінде Канадаға баруды жоспарлап отырғанын айтады.

"БІЛІМДІЛЕР ЖАППАЙ КӨШІП ЖАТЫР"

Қазақстан демографиясын зерттеуші Мақсат Имандосов халықтың шетелге кетуі – екі ұшы бар мәселе дейді.

– Бір жағынан, адамдардың бұлай көшіп жатқаны, әрине, дұрыс емес. Мемлекет олардың біліміне, денсаулығына қаражат бөлді, ал олар кемелденген кезінде кетіп жатыр. Кетіп жатқандар – өз күшіне сенімді, білікті адамдар. Екінші жағынан, жаһандану заманында адамдардың көшуі – заңдылық. Тіпті бай елдердің өзінен де көшіп жатады. Германия мен Ұлыбританияны да мысалға алуға болады. Совет одағындағы темір шымылдықтың уақыты өтті, кім қайда барғысы келсе, өзі біледі, – дейді Имандосов.

Ал Еуразия ұлттық университетінің доценті, саясаттану ғылымдарының кандидаты Қарғаш Жанпейісова Қазақстан мен дамыған елдердегі миграцияның айырмашылығы бар дейді.

– Олардыкі циркуляция, біздікі – білімділердің жаппай көшуі ("утечка мозгов"). Біздің азаматтар бір кетсе, келмейді. Ал Еуропа елдерінің тұрғындары шетелге барып, білімін шыңдап, тәжірибе жинаған соң еліне қайтуы ықтимал, себебі елдерінде бәсекелі орта бар, – дейді ол.

Статистика агенттігінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстаннан 45 мың азамат кетіп, орнына 12 мың адам келген. Көші-қон сальдосы - 33 мың адам болған. Қазақстаннан кеткендердің 41 мыңға жуығы – ТМД елдеріне, 4 мыңнан астамы алыс шетелге көшкен. Этникалық құрамы бойынша, көшіп кеткендердің топ басында орыстар (32,7 мың), украиндар (2,9 мың) және қазақтар (2,1 мың) тұр.

Мақсат Имандосов бұл дерекке Қазақстан тіркеуінен шығып, паспортын қайтарып берген адамдар ғана кіретінін айтады. Ал шетелге кетіп, сол жақта қалу ниетімен жүрген, азаматтық алып, бірақ Қазақстан тіркеуінен шықпай жүрген адамдар статистикадан тыс қалып қояды.

– Қарымта статистика деген бар. Мәселен, Қазақстан биыл Ресейге 10 мың адам көшті дейді, Ресей Қазақстаннан 31 мың адам келді дейді. Мұндай айырмашылық Ресей мен өзге елдердің арасында да бар. Ресей демографтары шетелге кеткендер арасында 100 мыңдай адам есепке алынбайтынын айтады, – дейді Имандосов.

Мәскеудегі АҚШ елшілігі алдында виза алу үшін кезекте тұрған адамдар. 3 сәуір 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Мәскеудегі АҚШ елшілігі алдында виза алу үшін кезекте тұрған адамдар. 3 сәуір 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Оның сөзінше, елге келгендердің дерегі кеткендердің дерегінен нақтырақ. Себебі қандай да бір елде тұру үшін сол елдің құзыретті органдарынан белгілі бір құжат алу керек. Ал елден кеткен адамның бәрі тіркеуден шығып, паспортын өткізе бермейді.

Грин-карта лотореясы – АҚШ-қа кетіп, сол елдің тұрғыны атанудың жалғыз жолы емес. Студент не турист болып барып, саяси пана сұрайтындар, не сол елдің азаматтығы бар адамға үйленетіндер, тағы басқа жолмен қалып қоятындар бар.

АҚШ үкіметі 2018 жылы 122 қазақстандыққа – саяси баспана, 823 қазақстандыққа азаматтық берген. Сол жылы АҚШ-қа иммигранттық емес визамен 32 853 адам барған. 2019-2020 жылдардың мәліметі әлі жарияланбады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG