35 жастағы Абзал Ілесбеков Алматыда туып өскен. "Қазақтелеком" компаниясында сату жөніндегі маман болып қызмет істеген. Алматыда жеке бизнес бастағысы келгенімен шамасы болмаған. Ақыры АҚШ-қа кетіп қалған.
Абзалдың айтуынша, АҚШ-қа алғаш барған кезінде қалтасында 2200 доллар ғана болған екен. Қазір "Қазақ хандығы" атты фирма құрып, бизнесін дамытып жатыр.
- "Хостельдер" желісімен айналысқаныма бір жылдан асты. Одан бөлек шетелден келетін әртүрлі билік өкілдерін, мысалы президенттерді, корольдерді көлікпен алып жүреміз. Мәселен, қазір Нью-Йоркте БҰҰ-ның он күндік кезекті жиыны болып жатыр. Соған келген қонақтарға қызмет көрсетеміз. Әрине, ондай ресми адамдарды әркім таси бермейді. Ол үшін алдымен сенімге ие болу керек. Екіншіден, соған сай қымбат, соңғы үлгідегі көліктерің болуы керек, - дейді Абзал.
Қазақстандағы ең ірі компаниялардың біріндегі сату бөлімінде істеген жігіттен "Шетелге кетуге не түрткі болды?" деп сұрадық.
- Біріншіден, бұл жақта (АҚШ-та – ред.) өзімнің және туыстарымның жеке құқықтары тапталмайды. Екіншіден, маған еркіндік керек болды. "Қазақ" деген "еркін адам" деген мағынаны білдіреді дейді ғой. Менің түсінігімде нағыз еркіндік Қазақстанда емес, осы жақта (АҚШ – ред.) екен, - дейді Абзал.
Оның айтуынша, бизнеспен айналысуды Алматыда жүрген кезінде жоспарлап, бірнеше жерден дәмхана ашпақшы болған. Бірақ ісі алға баспаған. Сол тұстағы қала әкімінің атына арыз жазып, дәмхана ашатын жер сұраған.
- Шағын бизнес ашу үшін көп шығындану керек екен. Анаған бересің, мынаған бересің. Одан қалса, дәмханаңды ашқаннан кейін сол аумақты бақылайтын учасковойларды тегін тамақтандырасың. Мені осындай нәрселер шаршатып жіберді, - дейді кәсіпкер.
Соңғы жылдары АҚШ-қа қоныс аударған қазақстандық кәсіпкерлердің біразы "Қазақстандағы парақорлық пен жемқорлықтан шаршағандарын" мәлімдеп жатады. Олардың барлығы да Америкада бастаған ісін шыр айналдырып әкетеді деу қиын. Президент Барак Обаманың кезінде старт-ап бизнес ашушы шетелдіктердің АҚШ-та виза алуы, кәсібін дамытуы мен тұрақтап қалуын оңайлататын Старт-ап заңы (Startup Act) және Халықаралық іскер ережесі (International Entrepreneur Rule) қабылданған.
Бірақ 2017 жылдан бастап президент Дональд Трамптың иммигранттарды қатаң түрде тексеру саясатына байланысты бұл заңдардың жүзеге асуы тежеліп тұр. АҚШ-та бизнес ашқысы келетін қазақстандықтардың көпшілігі Кремний алқабындағы компьютерлік технология жобаларын жетілдіріп жүрген, Старт-ап заңына қатты үміт артқан топтан емес. Қысқа мерзімді визамен келіп, қызмет көрсету саласында шағын кәсіп ашып, іскерлік визаға ілініп кетуді көздейтіндер.
Жергілікті іскерлік ортадағы зор бәсеке мен тіл меңгеру қиындығына шыдай алмай қайтып кетіп жатқандары да бар. Туған елінің Америкаға таңсықтығын, керісінше, тауары мен өнімінің ерекше атауына айналдырғандар да кезігеді. Солардың бірі – Абзал.
- Фирмам "Қазақ хандығы" деп аталады. [Фирма ашу] әрі кетсе, бір апта. Бүгін ашсаңыз, ертеңінде жұмыс істей бересіз. Егер мектеп, бала бақша ашқыңыз келсе, тіпті жылдам. Осында тұратын бір досым балалар лагерін (балаларға арналған демалыс орны – ред.) ашты. Ең қызығы, алдын ала сантехниктер келіп су жүйесін, электриктер электр жүйесін тегін жасап беріп кетті. Бұл жақта балалар үшін жасаған дүниеге ерекше көңіл бөледі екен, - дейді ол.
Абзал АҚШ-қа барғаннан кейін бірер жыл мейрамханаларда даяшы болып істеген. Қызмет көрсету саласында жұмыс істеу тіл үйренуіне зор көмек болғанын айтады. Қазір қол астында ондаған адам жұмыс істейтін фирмаға басшылық етіп жүр. Оның айтуынша, Америкада шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін бар мүмкіндік жасалған. Абзалды салық төлеу кезінде кәсіпкерлер мен үлкен отбасыларға жасалатын кейбір жеңілдіктер қайран қалдырған.
- Мысалы, Қазақстанда отбасыңда он адам болсын, екі адам болсын, бәрібір. Бірдей салық салады. Ал бұл жақта (АҚШ-та – ред.) отбасыңдағы шығынды есептейді. Одан кейін бизнесіңдегі кеткен шығындарды есептейді де, содан қалған кірістен ғана салық ұстайды. Отбасыңыз неғұрлым үлкен болса, соғұрлым аз салық төлейсіз, - дейді ол.
Шағын ғана қаржымен шекара асып, даяшыдан кәсіпкерге айналған жігіт бизнес ашуға қажет ақшаны "жергілікті банктен кредит ретінде алғанын" айтады.
АҚШ-та тұратын қазақтарды қоныстану кезеңіне байланысты бірнеше топқа бөлуге болады. Алғашқы лек Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жеткен. Соғыс кезінде қолға түсіп Германия аумағындағы концентрациялық лагерьлерде болған қазақтардың кейбірі тіке, қалғаны Түркия арқылы қоныс аударған. Екінші көш – 1960 жылдары Түркия арқылы қоныс аударған Қытай (Алтай) қазақтары. Ал үшінші топ – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жұмыс бабымен, түрлі отбасылық жағдаймен немесе оқуға барып қалып қойған қазақтар. Бүгінге дейін АҚШ-та тұратын қазақтардың нақты ресми саны жарияланған жоқ.
ПІКІРЛЕР