Accessibility links

New York University профессоры атанған қазақ


Нью-Йоркте тұратын Диаз Муссалимовтің (сол жақ шетте) достарымен бірге түскен суреті. Сурет Диаздың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Нью-Йоркте тұратын Диаз Муссалимовтің (сол жақ шетте) достарымен бірге түскен суреті. Сурет Диаздың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Қазақстанның Семей қаласында дүниеге келген 26 жастағы Диаз Муссалимов қазір Нью-Йорк унверситетінде вокалдан сабақ береді. Музыкант «қазір мұнда білім алып, тәжірибе жинақтап жатырмын. Егер мен қазір Қазақстанда жүргенімде ондай мүмкіншілік болмас еді» дейді.

Диаз музыкалық білімінің негізін Семейдегі «Татар өнер мектебінде» қалағанын айтады, одан кейін Алматыдағы Чайковский атындағы музыка колледжінде білім алған. Қазір Нью-Йорк Университетінде (New York University) оқытушы.

Азаттық: – Жақында Youtube әлеуметтік желісінен Madison Square Garden (Мэдисон Сквер Гарден) спорт кешеніндегі хоккей матчының алдында АҚШ туы астында әнұран айтып тұрған видеоңызды көрдім. Оған дейін Головкин-Альварес жекпе-жегінде Қазақстанның әнұранын орындаған болатынсыз. Әлемге танылған спорт кешенінде бүкіл дүниежүзі тамашалайтын ірі шараларда ән айту құрметіне қалай жеттіңіз?

Диаз Муссалимов: – Шынымды айтайын, мені қалай тапқандарын білмеймін. Бірақ осындағы орналасқан Қазақстан елшілігіндегі шараларға достарым шақыратын. Олардың халықаралық деңгейде ұйымдастырған мерекелік шараларына жиі қатысамын. Шамасы солар арқылы білген болуы керек - Геннадий Головкиннің командасы хабарласып шақырды. Головкиннің өзі дауысымды тыңдап, таңдап алды.

Азаттық: – Қазір Нью-Йоркте немен айналсасыз?

Диаз Муссалимов: – Нью-Йорк Унверситетінде вокалдан сабақ беремін. Профессормын.

Азаттық: – Нью-Йорк демекші, сіз 10 жасыңызда АҚШ-тың бірнеше штаттарын аралап концерт берген екенсіз...

Диаз Муссалимовтің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған суреті.
Диаз Муссалимовтің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған суреті.

Диаз Муссалимов: – Ол бір түс секілді болды. Шығыс Қазақстан облысында мүгедек және жетім балаларды қаржылық тұрғыдан қолдау мақсатында құрылған «Сәулетай» деген қайрымдылық қоры болды. Олардың АҚШ-тағы бір қорлармен байланысы болды. Сол қорлардың бірі Шығыс Қазақстан облысының талантты балаларын гастрольдік сапарға шақырған екен. Ол жерде бишілер, әншілер, домбырашылар болды. Бұл менің Америкаға алғашқы сапарым еді. Мен ғана емес, барлық балалар үшін таңғажайып әлем болды. Оған қоса, біз ағылшын тілін мүлде білмейтін едік. Бірақ менің әке-шешем маған аты-жөнім мен электрондық мекен-жайымды жазып, «визитка» жасап берген болатын. Мен амандасып, танысқандардың бәріне «визиткамды» ұстата бердім. Кейін, яғни 10 жылдан соң АҚШ-қа қайта келгенде сол «визиткалар» маған көмектесті. Мен америкалықтармен хат жазысып, араластым. Олар ежелгі таныстарым сияқты болып кетті.

Алматыдағы музыкалық коллежді бітіргеннен кейін бірден Америкаға кетіп қалдым. Себебі, музыкалық білімімді одан әрі жетілдіргім келді. Оқығым келді. Бірақ менде бірден оқуға түсіп кететіндей мүмкіндік жоқ еді. Оқу ақысы өте қымбат болды. Сондықтан алғашында өзімді сынап көрмек болдым. Яғни, мен мұнда тұрақтай аламын ба, өзімді өзім қаматамасыз ете аламын ба деген мәселе шықты. Алғашқы жылым – жұмыс іздеу, тіл үйрену, өзімді өзім құтқарудың жолын іздеумен өтті. 2013 жылы ағылшын тілінен шетелдіктерге арналған халықаралық емтиханды тапсырып, әңгімелесуден кейін мемлекеттік Норфолк университетінің (Norfolk State University) грантын жеңіп алдым. Бакалавриатты аяқтағаннан кейін Нью-Йоркке қайтып келіп, New York University магистратурасында оқуға шақыру алдым.

Азаттық: – Әкеңіз Серікқали Муссалимов жас күнінде Семейлік «Спартак» пен Талдықорғандық «Жетісу» командаларында ойнаған кәсіби футболшы екен. Бірақ кейін бизнес саласына кетіпті. Футболистің баласының музыка саласына кетуіне кім ықпал етті?

Әке-шешем «музыка мектебін бітір. Содан кейін қайда барсаң да өзің біл» деді. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін өмірімде музыканың орны ерекше екенін сезіндім. Соған қарағанда, музыкалық қабілетімді ата-анам ерте байқаған секілді.

Диаз Муссалимов: – Төрт жасымда жергілікті өнер мектебіне берді. Мен сол жерде ән айтумен шұғылдандым. Бір жылдан кейін Қазан қаласында өткен байқауға тұңғыш рет қатысып, Гран-при ұтып алдым. Музыкадағы өмірім осылай басталды. Ал кішкентай күнімде футболды жақсы көретінмін. Сонда барғым келіп тұратын еді. Әке-шешем «музыка мектебін бітір. Содан кейін қайда барсаң да өзің біл» деді. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін өмірімде музыканың орны ерекше екенін сезіндім. Соған қарағанда, музыкалық қабілетімді ата-анам ерте байқаған секілді. Ал екеуі де музыкаға еш қатысы жоқ адамдар.

Азаттық: – Тек ән айтумен ғана шектеліп жүрсіз бе әлде қосымша музыка жазасыз ба?

Диаз Муссалимов: – Иә, қосымша ән жазатыным бар. Аружан Ардақ есімді алматылық жас орындаушы осыдан біраз бұрын менің Dream with You деген туындымды ресейлік Игорь Крутойдың «Балалардың жыл әні» тележобасында орындап шықты.

Азаттық: – Қазақстанға қашан ораласыз?

Диаз Муссалимов: – Қазақстанда менің отбасым тұрады. Былайша айтқанда, менің жүрегім - Қазақстанда. Мен Қазақстан мен АҚШ-тың бірлескен жобаларын жасағым келеді. Бірақ оны уақыт көрсетеді. Өйткені көп нәрсе өзгеріп жатыр. Әйтпесе, самолетпен ұшып барып қона қалу қиын емес. Екінші мәселе – мен онда (Қазақстанды айтады – ред.) қаншалықты тұрақтай аласың. Мен мұнда білім алып, тәжірибе жинақтап жатырмын. Бұл отаным үшін өте пайдалы. Егер мен қазір өз отанымда болған да мұндай мүмкіншілік те болмас еді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG