Accessibility links

АҚШ-қа Мексика арқылы заңсыз өткісі келетін қырғыз отбасылары көбейді


Никарагуа мигранттары АҚШ-қа қарай ағатын Рио-Гранде өзенін кешіп барады.
Никарагуа мигранттары АҚШ-қа қарай ағатын Рио-Гранде өзенін кешіп барады.

Қырғызстаннан АҚШ-қа Мексика арқылы заңсыз өтіп жатқандар көбейді. Олар мұндай қауіпті жол үшін контрабандашыларға мыңдаған доллар төлейді. Арасында Мексика түрмесіне түскендер де, АҚШ-қа жеткен соң депортация қаупіне ұшырағандар да бар.

Айсалқын мен оның отбасы Қырғызстаннан Мексикаға жету үшін саудагерлерге мыңдаған доллар төлеп, сол жақтан АҚШ-қа заңсыз өткен.

Ол күйеуімен және екі кішкентай баласымен АҚШ пен Мексика шекарасынан 17 рет өте алмай, осы жазда ғана мақсатына жеткен.

Айсалқын отбасымен АҚШ-қа түн ортасында арық арқылы өтіп, қоршаудың астымен жеткенін айтады. Ол толық аты-жөнін атағысы келмеді.

Жыл сайын жақсы өмірге ұмтылған жүздеген мигрант Қырғызстаннан Мексика арқылы АҚШ-қа жетуге тырысады. Айсалқынның отбасы – сондай заңсыз мигранттардың бірі.

Мигранттар Мексикаға жету үшін әртүрлі туристік агенттіктер мен шекарадан заңсыз өтуге көмектесетін адамдарға ақша төлейді. Бұл қауіпті сапар бірнеше айға созылуы мүмкін. АҚШ-тағы қырғыз диаспорасы өкілдері мигранттардың кейбірі Мексикада түрмеге түссе, кейбірі ауыр жолға шыдамай қаза табады дейді.

Тіпті, Америкаға жеткен соң да олардың көбіне депортация қаупі төнеді. Сол жақта заңсыз жүруге мәжбүр болатындар да бар. Иммиграциялық істер жылдап қарастырылуы мүмкін. Оларға бассауға берілетініне де кепіл жоқ.

Осындай қауіпке қарамастан, Орталық Азиядан Америкаға кетіп жатқан мигранттар азайған жоқ.

АҚШ-қа Мексика арқылы жеткен қырғыз мигранттардың нақты саны белгісіз. Олардың көбі – Айсалқын секілді Ресей азаматтығын алғандар.

Immigration Border Crossing. Латын Америка елдерінің мигранттары АҚШ-Мексика шекарасында. 17 мамыр 2021 жыл.
Immigration Border Crossing. Латын Америка елдерінің мигранттары АҚШ-Мексика шекарасында. 17 мамыр 2021 жыл.

Әдетте, заңсыз мигранттар мұндай сапарды Ресейден бастайды. Олар Мексикаға жету үшін сондағы жекеменшік компанияларға ақша төлейді.

– [Ресейдің] Сочи қаласынан Стамбулға, сол жақтан Мексикадағы Канкун қаласына, сосын Тихуана мен Мехикали қалаларына жеттік, – дейді Айсалқын. – Тихуанада [АҚШ] шекарасынан өтуге көмектесу үшін [саудагерлер] әр ересек адам үшін екі мың доллар, бір балаға 800 доллар сұрады. Біршама рет тырыстық. Бір рет жаяу, екі рет көлікпен өтпек болдық. Он жетінші рет өтпек болғанымызда шекарашылар көлігімізді тартып алды.

Айсалқын мен оның отбасы АҚШ-та бірнеше күн түрмеде отырған. Сосын оларды иммиграциялық тыңдау болады деп босатқан.

Қырғыз мигранттарының ішінде бірнеше ай бойы Мексика түрмесінде отырғандар, тоналғандар мен соққыға жығылғандар, тіпті, АҚШ-қа жету жолында қаза тапқандар да бар. Олармен салыстырғанда Айсалқынның жолы болды дейді АҚШ-тың Чикаго қаласындағы қырғыз диаспорасы тобының координаторы Жақсылық Мұрат.

Ол 2008 жылы Чикагоға енді келгенде, қалада ондаған қырғыз болатын дейді. Мұраттың сөзінше, қазір қырғыздар саны он мыңнан асады. Оның ішінде сол жақта дүниеге келген екі мыңдай бала бар.

Жақсылық Мұрат
Жақсылық Мұрат

– Кейінгі екі жылда осында Мексика арқылы келген біршама қырғызбен таныстым. Олардың көбі бізден көмек сұрады. Біз рухани қолдау көрсете аламыз, бірақ қаржылай көмектесе алмаймыз, – дейді ол.

Мұраттың айтуынша, 2008-2015 жылдары АҚШ-қа Қырғызстаннан келген студенттер көп болған. Олардың көбі студенттік виза мерзімі аяқталған соң еліне қайтпаған.

Мұрат соның кесірінен АҚШ-тың қырғыз студенттеріне арналған білім беру бағдарламаларын жауып тастағанын айтады. Оның сөзінше, қырғыз студенттерге АҚШ-қа виза алу да қиындап кеткен.

Мұрат қырғыздарды АҚШ-қа тек заңды жолмен келуге шақырып, грин картаға өтініш беруге болатынын айтты. Ол АҚШ-тағы экономикалық мүмкіндіктер ел ойлағандай бола бермейді дейді.

АМЕРИКАДАҒЫ ӨМІР ТУРАЛЫ ҚИЯЛ МЕН ШЫНДЫҚ

Көлік компаниясы бар Мұрат қырғыздардың көбі блогерлер тарататын шынайы емес ақпаратқа қызығатынын айтады. Олар АҚШ-та коммерциялық жүк көлігін жүргізіп, айына 25-30 мың доллар табуға болады деген. Мұраттың сөзінше, мұндай жүргізушілер Қырғызстанда айына орташа есеппен 60-120 доллар алады.

«Шынтуайтына келгенде, АҚШ-та жүк көлігін жүргізушілер шығындарды, жанармай, жалға алу мен сақтандыру ақысын төлеген соң он мың доллар шамасында пайда табады. Бірақ аяқ астынан болатын шығындар да бар. Мысалы, көлік бұзылып қалуы мүмкін, жол апаты болуы мүмкін» деді Мұрат. «Сонымен қатар инфляция кесірінен кейінгі кездері жүк тасу бизнесі бәсеңдеп тұр».

Қырғызстандағы кедейлік, жемқорлық пен мүмкіндіктің болмауы кей адамдарды шетелге кетуге итермелейді. Бұл Орталық Азиядағы ең кедей елдердің бірі саналады.

Ресми дерек бойынша, елдегі 6,7 миллион адамның 1,2 миллионы шетелде жұмыс істейді. Олардың көбі Ресейде жүр. Орталық Азия елдерінен шыққан жұмысшы мигранттардың көбі негізінен сонда барады.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-та 26 мыңдай қырғыз тұрады деген дерек келтіреді. Бірақ оған АҚШ-қа Ресей паспортымен барғандар мен заңсыз тұрып жатқандардың енген-енбегені белгісіз.

Қырғызстан билігі азаматтарға АҚШ немесе басқа елдерге заңсыз кетуге тырысып, басына қауіп төндірмеуін сұраған.

Негізінен, АҚШ-қа Мексика арқылы өткісі келетіндердің көбі Орталық және Оңтүстік Америка азаматтары. Бірақ кейінгі жылдары бұл қауіпті жолды таңдағандар қатарына Африка мен Азия азаматтары да қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG