Accessibility links

"Өз тіліңде сыбырлауға да болмайды". Орталық Азия мигранттары үшін Ресейде жүру қиындай түспек


Орталық Азиядан келген мигранттың құжатын тексеріп жатқан Ресей полицейлері.
Орталық Азиядан келген мигранттың құжатын тексеріп жатқан Ресей полицейлері.

Ресейлік шенеуніктер Орталық Азиядан келген мигранттарға арналған ережені қатаңдатуды қарастырып отыр. Енді шетелден жұмыс істеуге келген азаматтар қоғамдық орындарда тек орыс тілінде сөйлеуі керек. Еңбек мигранттарына туған тілінде сыбырласуға да тыйым салынбақ.

Ресейлік агенттік Орталық Азиядан келген мигранттар өзін қалай ұстауы керегі жөнінде ережелер ұсынды. Жаңа шектеу шаралары мигранттарға қоғамдық орындарда туған тілінде сөйлеуге, намаз оқуға және құрбан шалуға тыйым салмақ.

Ресейдің ұлтаралық қатынастар бойынша федералды агенттігі дайындаған 70 минуттық курста Орталық Азиядан келген мигранттарға арналған қатаң ережелер мен мінез-құлық кодексі жайлы айтылады. Ресейдің бірқатар аймағында аталған курстың семинарлары өткен. Мигранттарға қойылатын талаптар қатарына орыс тілін, елдегі көші-қон заңнамасын білу, орыстар жайлы әңгіме айтқанда туған тілінде сөйлемеу, әйелдер мен ерлердің артынан ысқырмау кіреді. "Коммерсант" басылымының жазуынша, Орталық Азия азаматтарына өзге адамдардың қасында туған тілінде сыбырласуға да болмайды.

Сондай-ақ Орталық Азияда кеңінен таралған, бейтаныс адамдарға қарата айтыла беретін "аға", "әпке" деген сөздерді орыстармен қарым-қатынаста қолдануға тыйым салынады.

Тілге, өзін-өзі ұстауға қатысты талаптардан бөлек, діни шектеулер де қойылған. Енді жұрттың көзінше құрбан шалуға болмайды.

Еңбек мигранттары қойды жетектеп барады. Сочи жанындағы Красная Поляна кенті. Архив суреті.
Еңбек мигранттары қойды жетектеп барады. Сочи жанындағы Красная Поляна кенті. Архив суреті.

Тимур есімді кейіпкердің хикаясына құрылған, 11 анимациялық видеороликтен тұратын дәрісте тарих сабағы да қамтылған. Онда мигранттарға "Орталық Азияның дамуына Совет Одағы көп қаржы бөлген" деп түсіндіреді.

Дәріс берушілер мигранттарды әскерде қызмет етсең, Ресей азаматтығын жеңіл жолмен алуға болады деп ынталандыруы керек. Одан бөлек, экстремист, террористермен байланысудың салдары жайлы ескерту жасалады.

Бұл ережелер заң жүзінде қабылданбаса да, кей сарапшылар "Коммерсантқа" жоғарыда аталған курс Ресейде тұрып, жұмыс істеп, азаматтық алғысы келетін мигранттардың бәріне бірдей міндетті болуы мүмкін деген.

Ресейдің ұлтаралық қатынастар бойынша федералды агенттігі басшысының орынбасары Станислав Бедкин курс Мәскеуді қосқанда 4 өңірде сынақтан өтті деп хабарлады. Кей толықтырулардан кейін курс Ресейдің барлық аймағына жіберілген.

"ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ КҮШЕЙТЕДІ"

Ресейдегі қырғыз мигранттарының көбі жаңа ережелер туралы интернеттегі жаңалықтардан естіген. Кейінгі жеті жылда Ресейде жұмыс істеп жүрген Асан Қырғызстанға оралып немесе АҚШ-қа кетуді ойлап жүр. Ол мигранттарға қарсы жаңа шектеулерге алаңдап отыр.

"Ресейде заң күнде өзгереді. Не болатынын көреміз... Олар [әзірге] қырғыз тілінде сөйлегеніңіз үшін айыппұл сала алмайды", – дейді Асан.

Мәскеудегі базарда жүк тасып бара жатқан жұмысшы. 2021 жыл.
Мәскеудегі базарда жүк тасып бара жатқан жұмысшы. 2021 жыл.

Қырғыз мигранты Мақсат (қауіпсіздік мақсатында толық аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) жаңа ережелер полициядағы жемқорлықты күшейтеді деп есептейді.

"Полиция кез келген нәрсені сылтауратып, мигранттардан ақша таба бастайды. Бұл [құқық қорғау органдары арасындағы] жемқорлықты күшейтеді. Бұдан әдеттегідей мигранттар жапа шегеді. Сөйтіп тоталитарлы режимдегідей үн шығара алмай қаламыз".

"Коммерсант" дерегінше, курс Калининград, Мәскеу, Пермь, Якутия, Краснодар облыстарында қолданысқа енген.

Қырғызстан еңбек және көші-қон министрлігінің Ресейдегі өкілі "мигранттарға арналған жаңа ережелер – жай ғана ұсыныс" деді. Оның сөзінше, қырғыз шенеуніктері курсты мазмұнын зерттеп жатыр.

Ресейде жұмыс істейтін қырғыз заңгері Эрланбек Токтосунов мигранттар жергілікті заңдарды білуі керек деген талаппен келіседі. Бірақ ол Орталық Азиядан келген мигранттардың көбі ауылды жерлерде тұрады және орысша сөйлемейді дейді.

"Орталық Азияның ауылдарында тұратын қарапайым азаматтар [Ресейге] күнкөріске ақша табуға келеді. Бірақ олардың көбі орыс тілін жетік білмейді. Олар аула сыпырады немесе құрылыста істейді", – дейді Токтосунов.

Федералды көші-қон қызметінің алдында кезекте тұрған мигранттар. Мәскеу.
Федералды көші-қон қызметінің алдында кезекте тұрған мигранттар. Мәскеу.

РЕСЕЙ МИГРАНТТАРСЫЗ ӨМІР СҮРЕ АЛА МА?

Ресей ІІМ дерегінше, елде 10,5 миллион еңбек мигранты бар. Олардың көбі Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келген.

Орталық Азия көп жылдар бойы Ресейге арзан жұмыс күшін жіберетін өңір болып келді. Бұл Ресейдегі жұмыс күші тапшылығын жоюға көмектесті. Әсіресе, 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін әскерге адам күші қажет болды.

Ресей шенеуніктері елге жұмыс күші жетпейтінін жақсы білсе де, кей өңірлерде мигранттарды жұмысқа алуға шектеу енгізілген.

Ресейдің 18 өңірі такси, алкоголь мен темекі сату, қоғамдық тамақтану және қаржы саласына мигранттарды жұмысқа алуға тыйым салатын заң қабылдаған немесе осындай шектеу енгізуді қарастырып жатыр. Бұл шектеулердің көбі наурызда Мәскеудегі Крокус Сити Холл концерт залында болған терактіден кейін күшіне енді. Қарулы шабуыл салдарынан 145 адам қаза тапқан.

Терактіден кейін Ресейде мигранттарға қарсы көңіл-күй күшейді. Тәжікстан мен Қырғызстан азаматтарын Ресейге бармауға шақырды.

Полицейлер заңсыз мигрант болуы мүмкін деген азаматтарды тінтіп жатыр. Мәскеудегі "Садовод" базары, 2013 жыл.
Полицейлер заңсыз мигрант болуы мүмкін деген азаматтарды тінтіп жатыр. Мәскеудегі "Садовод" базары, 2013 жыл.

Крокустағы терактіден кейін Ресейге жұмыс істеуге барған мигранттарды полиция ұстап, көп адамды барлық құжаттары түгел болғанына қарамастан, елге кіргізбей, депортациялады.

Терактіге дейін де Ресейдегі мигранттар дискриминацияға жиі ұшырайтын.

Ресей билігі жыл сайын мигранттарға қарсы ауқымды науқан бастап, мешіттер мен мигранттар жұмыс істейтін кәсіпорындарға рейд жүргізеді.

Осынша қиындыққа қарамастан, Орталық Азия азаматтарының Ресейде жұмыс істеуден басқа амалы жоқ.

Тәжікстан мен Қырғызстан Орталық Азиядағы кедей мемлекеттердің бірі. Елдің жалпы ішкі өнімінің жартысы Ресейде жұмыс істейтін азаматтардың елге жіберетін ақша аударымдарынан тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG