Accessibility links

"Ресейге жұмысқа барып, қан майданнан бір-ақ шықты". Қазақстандық жігіт түскен шырғалаң


Ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобының жауынгері. Бахмут, Украина, 27 мамыр, 2023 жыл.
Ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобының жауынгері. Бахмут, Украина, 27 мамыр, 2023 жыл.

Украинада ресейлік әскер сапында соғыста жүрген 21 жастағы Қазақстан азаматы аяғына оқ тиіп жараланып, госпитальге түскен. Мұны Ақтөбедегі отбасына жігіттің өзі хабарлапты. Үй-іші Ресей билігі оны еркінен тыс мәжбүрлеп соғысқа жіберді деп санайды. Әкесі Қазақстан үкіметінен ұлын елге қайтаруға көмек сұрағанымен еш қайыр болмағанын айтып, баласының тағдырына алаңдап отыр.

"РЕСЕЙГЕ ЖҰМЫС ІЗДЕП КЕТКЕН ЕДІ"

Ақтөбеден жүз шақырым жердегі ауылға жеңіл көлікпен бір жарым сағатта жеттім, іздеген үйімді де тез таптым. Бұл ауылға Ресейге жұмыс іздеп кетіп, ресейлік әскер сапында Украинадағы соғыстың алдыңғы шебінен бір-ақ шыққан 21 жастағы Қазақстан азаматы Жандос Ахметовтің (аты-жөні өзгертілді – ред.) отбасын іздеп барған едім.

Шаңырақ иесі, үш ұлдың әкесі Қанат (есімі өзгертілген – ред.) өзі, балалары туралы қойған сұрақтарыма жауап беріп отыр. Әңгіме ортаншы ұлдың жайына ойысқанда ер адамның жүзін уайым басты. Жасаураған жанарынан шарасыздық байқалады.

Отағасының айтуынша, өзі Ақтөбемен көрші облыстың бірінде вахта әдісімен еңбек етеді, 15 күн вахтада жұмыс істеп, 15 күн үйінде болады екен. Тұрмысы жұпыны үйдің төргі бөлмесіндегі шағын сөреде Қанаттың ұлдарының әліппемен қоштасқан, мектеп бітірген, әскерде жүрген кездегі суреттері тұр. Үш ұл да ауылдағы қазақ мектебін бітірген.

Мәскеудегі көпфункционалды көші-қон орталығына құжат тапсыруға келген мигранттар. Архивтегі фото.
Мәскеудегі көпфункционалды көші-қон орталығына құжат тапсыруға келген мигранттар. Архивтегі фото.

Қанат әйелі екеуі ажырасқанда кәмелетке толмаған үш ұл әкесімен бірге қалыпты. Ұлдардың үлкені қазір жұмыссыз отыр. Ортаншысы Жандос мектептен соң арнаулы орта білім алған, мамандығы бар. Бірақ ол да жұмыс таба алмай, былтыр көктемде жұмыс іздеп Ресейге кеткенге дейін әр жерден кездейсоқ табыс тауып жүріпті. Ағасы бітірген колледжде қазір осы үйдің кенжесі білім алып жүр.

Өз аты-жөнін жазбауымды өтінген көршісі бұл отбасын "адал еңбекпен күн кешкен момын жандар" деп сипаттады.

Қанаттың айтуынша, Жандос әскери борышын өтеп келген соң тұрақты жұмыс таба алмай, 2023 жылы көктемде достарымен бірге Ресейге жұмыс істеуге баруды ұйғарған. Бір жылға жуық Мәскеу түбіндегі ірі қоймалардың бірінде жүк түсіріп еңбек еткен. Әкесінің сөзіне қарағанда, Ресейде жұмыс істеп, Қазақстанда қалған отбасыма қаржылай көмектесемін деген оймен кеткен жігіттің ол жақта тапқаны өз басынан артылмағанға ұқсайды. Тіпті бір-екі рет Қазақстанда қалған әкесінен ақша да сұрапты. Биыл көктемде үй-ішіне хабарласып, елге оралатынын айтқан. Бірақ Ресейде жүргенде төлқұжатын жоғалтып алып, соның салдарынан шырғалаңға түскен.

– Балам аптасына бір-екі рет хабарласып, амандығын білдіріп тұратын. "Елге ораламын" дегеннен кейін мүлдем хабарсыз қалды. Кейін бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, Орынбор облысындағы депортация орталығында қамауда отырғанын айтты. Ұлым елге қайтар алдында төлқұжатын жоғалтып алып, сол себепті Ресей шекарасынан Қазақстанға көлік жүргізу куәлігімен өтпекші болыпты. Ресей шекарашылары оны көші-қон заңын бұздың деп қамап тастаған, – деді Қанат Ахметов.

ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСҚА ҚАЛАЙ БАРДЫ?

Қазақстан азаматы Жандос Ахметов 2024 жылғы 23 сәуірде Ресейдің Орынбор облысындағы Сагарчин шекара өткелінде ұсталған. Сол жерден осы облыстағы Беляев ауданы Алабайтал елді мекеніндегі шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығына жеткізілген. Шекара өткелі мен Алабайталдағы орталықтың арасы 150 шақырым.

Қанат Ахметов биыл 19 маусымда Ресейге барып, Алабайталдағы шетелдіктерді оқшаулайтын орталықта отырған ұлымен аз уақыт болса да жүздесіпті. Алабайталдағы орталықты ресейліктер "депортация түрмесі" деп те атайды екен. Қанат оны терезелеріне темір тор тұтылған, қарулы күзеті бар, биік дуалмен қоршалған, түрме сияқты жер деп сипаттады.

– Баламмен жолығуға бес-ақ минут уақыт берді. Сонда Жандос "папа, алаңдамаңыз, бір апта шамасында елге қайтатын шығармын. Бірнеше құжатқа қол қойдым" деген еді, – деді жігіттің әкесі.

Ресейде шетелдіктердің депортациясымен сот приставтары айналысады дегенді естіген соң Қанат Ахметов Беляев ауданы орталығындағы сот приставына барыпты.

– Ондағылардан "ұлыңызбен келісімшарт жасалды, ол арнайы әскери операцияға қатысу үшін Украинаға жіберіледі" дегенді естіп, төбемнен жай түскендей болдым. Жандос – Қазақстан азаматы, қолында төлқұжаты жоқ. Қамауда отырған адамның әскери комиссариатқа өз аяғымен бармағаны айдан анық нәрсе, – деді Жандостың әкесі.

Ресей қарулы күштері сарбаздары. Көрнекі сурет.
Ресей қарулы күштері сарбаздары. Көрнекі сурет.

Ол баласы Алабайталдағы депортация орталығында отырғанда оған Ресей әскері құрамында Украинадағы соғысқа баратыны туралы келісімшартқа "алдап-сулап, қысым жасап қол қойғызып алған" деп есептейді. Жандостың "кісіге сенгіш аңғалдығы басына сор болды" деп топшылайды әкесі.

– Ұлым орыс тіліне шорқақ. Қандай құжатқа қол қойғанын түсінбеген де шығар. Осыны Орынбор облысының әскери комиссарына айтқанымда "ол – кәмелетке толған азамат, келісімшартқа (контракт) қол қойды, оны бұзған жағдайда ұлыңыз Ресей заңы бойынша сегіз жылға сотталады" деген жауап алдым, – деді баласын уайымдаған әке.

Қазақстан азаматы Жандос Ахметов Алабайталдағы депортация орталығында екі айға жуық болған. Әкесімен жолыққаннан кейін көп ұзамай Ресейдің күш құрылымдары жас жігітті әуелі Орынборға, одан әрі Екатеринбургке, кейін Украинаның Луганск аймағына әкеткен. Мұның бәрін орайы келгенде үй-ішіне телефонмен хабарласып тұратын Жандостың өзі айтыпты. Ал тамыздың аяғында ол майданда аяғына оқ тиіп жараланып, әскери госпитальге түскенін хабарлаған.

Ресей қарулы күштері сарбаздары. Мәскеу, 31 мамыр, 2024 жыл.
Ресей қарулы күштері сарбаздары. Мәскеу, 31 мамыр, 2024 жыл.

– Ұлымның сөзіне қарағанда, алдыңғы шепте Орталық Азиядан [Ресейге] барған еңбек мигранттары, оған қоса әзербайжан мен армян ұлтының өкілдері жүр екен. Орыстар өте аз деді. Ара-тұра хабарласқан кезінде балам ашылып сөйлесе алмады. "Қасыңда біреулер бар ма, сөйлей алмай тұрмысың?" деп сұрағанымда "иә" деп жауап беретін, – деді Қанат.

Әкесі Ресейге жұмыс істеуге кеткен баласының Украинадағы соғысқа өз еркімен бармағанына сенімді.

– Қамауда отырған адамның жайы белгілі емес пе? Шекесіне қару тақаса, келісімшартқа қол қоймай қайтеді?! Ұлым Украинадағы соғысқа өз еркімен кетті дегенге сенбеймін. Оған депортация орталығында қысым жасалған. Қазір де қысым көріп жүрген болуы мүмкін, – деді Қанат Ахметов.

"ҚАЗАҚ БИЛІГІНЕН ҚАЙЫР БОЛМАДЫ"

Ақтөбе облысының тұрғыны Қанат Ахметов баласы Жандос Орынбор облысындағы депортация орталығында қамауда отырғанын айтып, биыл 6 мамырда Қазақстанның Ресейдің Астрахан қаласындағы бас консулдығынан көмек сұрапты.

– Бас консулға бірнеше рет хат та жолдадым, бірақ олардан нақты көмек болмады. "Ұлымды соғысқа әкеткелі жатыр, көмектесіңіздер!" деп Қазақстан президенті мен үкіметіне, сыртқы істер министрлігіне де хат жаздым. Ешқайсынан қайыр болмады, – деп қынжылды Қанат Ахметов.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ақтөбе облысының тұрғыны Қанат Ахметов ұлын Ресейден елге қайтару туралы өтінішпен жүгінгенін растады.

"Бас консулдық тиісті жұмыстар атқарып, Жандос Ахметов (аты-жөні өзгертілді – ред.) Ресейде уақытша болу мерзімін бұзғаны үшін биыл 22 сәуірде Ресей Федерациясы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 18.8-бабының 1.1-бөлігі бойынша сотталғанын анықтады. Қазіргі уақытта бас консулдық Жандос Ахметовпен жеке кездесу өткізу бойынша шаралар қабылдауда және де Ресейдің құзыретті органдарымен тиісті консулдық-құқықтық жұмысты атқаруда. Аталған іс бас консулдықтың және Қазақстан сыртқы істер министрлігінің бақылауында", – деп жауап қатты 18 шілдеде Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азаттықтың сауалына. Қанаттың айтуынша, ол кезде Ресей билігі Жандосты майданға қарай жөнелтіп жіберген.

РЕСЕЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН БАРҒАН МИГРАНТТАРДЫ ДА СОҒЫСҚА ТАРТТЫ

Өткен аптада BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" басылымы ашық дереккөздегі ақпараттарды зерттей келе, Ресей Украинаға басып кіргелі майданда 68 мыңнан көп орыс сарбазы қаза тапқан, оның 13 мыңнан астамы (19 пайызы) – соғысқа өз еркімен аттанғандар деген қорытынды жасады. "Ресейдің қорғаныс министрлігімен келісім-шарт жасасып, соғысқа өз еркімен кеткендердің көбі – жұмыссыздық пен кедейлік жайлаған шалғай өңірлердің тұрғындары" деп жазған зерттеу авторлары.

Мәскеу Украинаға қарсы бастаған соғыста Ресей әскері сапында жүрген Орталық Азиядан шыққан мигранттар.
Мәскеу Украинаға қарсы бастаған соғыста Ресей әскері сапында жүрген Орталық Азиядан шыққан мигранттар.

Өз еркімен соғысқа кеткендер арасында Орталық Азия елдерінен шыққан 265 шетелдік: 51 тәжікстандық, 47 өзбекстандық және 26 қырғыз азаматы бары анықталған. "Ресей билігі шетелдіктердің миграциялық статусын қысым құралы ретінде пайдаланады. Оларға "мемлекет мүддесіне жұмыс істесе", елден шығармауға, соғыстан оралған соң азаматтық алу процесін жеңілдетуге уәде береді" дейді журналистер. Зерттеуде "орысша білмейтін шетелдіктер өзіне берілген құжатты дұрыс оқи алмастан қол қойып жіберетіні" айтылған.

Ресейдің қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыста өлген әскер санын ашық айтпайды. Министрлік соңғы рет 2022 жылдың қыркүйегінде 5937 сарбаз қаза тапқанын хабарлаған.

Ресей Украинадағы соғысқа мигранттарды 2022 жылы тарта бастады. Билік оларға ақшалай сыйақыдан бөлек, Ресей азаматтығын жеңілдетілген жолмен беруді уәде еткен. Соғысқа ерлермен қатар, аспаз, медбике болуға әйелдерді де тартты.

Биыл маусымда Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин "арнайы әскери операцияға" (Ресей билігі Украинадағы соғысты осылай атайды – ред.) жіберілген мигрант саны 10 мыңға жуықтайды деп мәлімдеген.

Ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Қазақстанда да хабарландыру жариялап, соғысқа адам тартумен айналысқан. Жалдамалы әскер қатарына қосылған қазақстандықтар бар, бірақ олардың нақты саны белгісіз. Былтыр ақпанда Азаттық Донбасста өлген екі қазақстандықтың елге жеткізіліп, Қарағандыда жерленгенін жазған. Сол жылы наурызда Семейде 33 жастағы азамат жерленген. Ол Бахмут түбіндегі шайқаста қаза тапқан.

2023 жылы көктемде Ресейдің Томск мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандық студент Марғұлан Бекеновтің анасы Альмира Бекенова Азаттықтың "Сибирь. Реалии" сайтына ұлын "Вагнер" тобы соғысқа күштеп әкеткенін айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Марғұлан Бекенов "Вагнер" қатарына өз еркімен қосылған деді.

Азаттық Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне "Ресей үкіметі "арнайы әскери операция" деп атайтын соғыс басталғалы бері қанша қазақстандық Украинадағы майданның алғы шебіне жіберілді? Ресей жағында және Украина жағында қанша қазақстандық соғысып жүр?" деген сауал жолдаған. Министрліктен жауап болмады.

Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.

Былтыр қарашада Қарағанды облысы Топар кентінің 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполов Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жыл сегіз айға сотталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG