Accessibility links

Үміт жетегінде. Мигранттар мен босқындардың хикаялары


Соғыс. Кикілжің. Климаттың өзгеруі. Экономикалық қиындықтар. Саяси қысым. Ондаған миллион адамның өз елінен басқа жаққа көшуіне түрлі жағдай себеп болады. Бірақ олардың барлығына ортақ бір жайт бар. Олар өз қауіпсіздігіне алаңдағаннан не жақсы өмір іздегеннен бөтен елге кетті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша, 300 миллиондай адам өз елінен тысқары тұрып жатыр. Олардың әр сегізіншісі – бала. Жер шары халқының 3,6 пайызы бөтен елде жүр.

18 желтоқсан – Халықаралық миграция күні. Осы күні Азат Еуропа/ Азаттық радиосының қызметтері аймақтың 23 еліндегі мигранттар мен босқындар мәселесіне назар аударды.

2023 жылы украиндар екінші жыл жалғасып жатқан Ресей агрессиясынан қашып, пана іздеді, ал Әзербайжан Таулы Қарабаққа бақылау орнатқан соң онда тұрып жатқан армяндар Арменияға қарай үдере көшті. Газадағы соғыс кесірінен екі миллиондай адам үйлерін тастап, босып кетті. Алты миллионнан астам ауған табиғи апат салдарынан басқа жақта бас сауғалады, ал Пәкістан құжаты жоқ ауғандардан 1 қарашаға дейін еліне қайтуды талап етті.

"Екі ай ішінде 375-400 мың адам көшеді дегенді елестету қиын" деді Миграция жөніндегі халықаралық ұйым өкілі Итайи Вирири Азаттыққа.

Пәкістаннан Ауғанстанға қайтып, шекарадағы уақытша лагерьде тұрып жатқан Сардардың айтуынша, олардың ахуалы өте нашар. "Проблемамыз шаш етектен. Ақша жоқ. Дәретхана жоқ" деді ол Азаттыққа сұхбатында.

"Халықаралық қауымдастық көмекке мұқтаж жандарға қаржылай және басқа да жолмен қолғабыс беруі керек. Әрине кез келген гуманитарлық дағдарыс ұзақмерзімдік шешім қабылдауды қажет етеді" деді Вирири.

Азаттық радиосы шетелдегі қазақ мигранттары мәселелерін, соның ішінде жақсы өмір іздеп, жалақысы жоғары жұмыс істеуге барған, саяси себеппен кеткен адамдарды үнемі жазып келеді. Орталық Азия аймағынан Ресейге, Еуропаға, АҚШ-қа және басқа елдерге кеткен мигранттардың тұрмысы да біздің назарда. Азаттықта жарияланған материалдар топтамасын ұсынамыз.

Үйіне қайту, тойға ақша табу, қажылыққа жіберу. Орталық Азия мигранттарының арманы

Орталық Азия елдерінің жұмыссыздық пен қымбатшылық қысқан миллиондаған азаматы жақсы өмірге жету үшін әлемнің әр бұрышына кетіп, үйінен қашықта жүруге мәжбүр. Олардың арманы не? Шетелде қандай қиындық көреді? Жақындары не айтары бар? Бүгін, 18 желтоқсан – Халықаралық мигранттар күніне орай Азаттықтың «Мигрант Медиа» жобасы жырақта жүрген Орталық Азия азаматтарымен сөйлесті

"Қазақстанда туды, бірақ Украинаны қорғап жүр". Ресейге қарсы соғысып жатқан мигранттар

"Настоящее время" телеарнасы "Мигрант медиамен" бірлесіп, Григорий Пырликтің "Өз жерінде" ("На своей земле") деректі фильмін жарыққа шығарды. Бұл фильм Ресей басып кірген кезде Украинада қалған мигранттар туралы. Фильм кейіпкерлері – Киев, Харьков, Одесса қалаларында тұратын Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан азаматтары.

Аспаннан оқ жауып жатқан шақта олар қалай өмір сүріп жатыр? Нацизмге кезікті ме? Украинада неге қалды? Фильм осы сұрақтарға жауап іздейді.

Украинада ерікті болып жүрген қазақ Рүстем Дәрменов
Украинада ерікті болып жүрген қазақ Рүстем Дәрменов

АҚШ-та жүк көлігін айдайтын қазақ қызы

Ақтөбелік Ассоль Мұхамеджанова алты жыл бұрын АҚШ-қа көшіп, қазір сонда жүк көлік айдап жүр. Мигранттар үшін табысты қызмет саналатын бұл жұмыстың ауыр тұсы көп дейді ол. Ассоль бұл кәсіпке коронавирус індеті кезінде келген. Оған дейін қонақүйде жұмыс істеген.

Ресейге жұмыс істеуге кетіп, "есірткі тасыды" деп қамауда отырған қазақтар

Қазақстанның 18-25 жас аралығындағы кемі жеті азаматы Ресей абақтысында отыр. Көбі Красноярск қаласына жұмыс істеуге барып, көп өтпей шетінен ұсталған. Бәріне полиция "есірткі тасыды" деп айып таққан. Қазір олар үкім шыққанын күтіп отыр.

"Анамның жаназасына қатыса алмадым". Сарыағашта "заңды бұзған" жүздеген еңбек мигранты еліне қайта алмай отыр

Тәжікстан және Өзбекстаннан нәпақа табуға Қазақстанға келген мигранттарды қазақстандық шекара қызметі "елде заңсыз жүр" деп айыптады. Полиция құжаттарын алып қойып, істерін сотқа өткізген. Сарыағаштағы сот әкімшілігі күніне кемі 150 адамның ісі түсіп жатқанын, тіркеп үлгермей жатқанын айтады. Ал сот алдында күтуден әбден мезі болған мигранттар ас-су, пәтер жалдауға қаражаттары қалмағанын айтып налиды.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік соты ғимараты алдындағы көрініс. 4 қараша, 2023 жыл.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік соты ғимараты алдындағы көрініс. 4 қараша, 2023 жыл.

Диана елден қалай қашты?

31 жастағы Диана Баймағамбетова 2021 жылы Қазақстанда ел билігі «экстремистік ұйым» деп таныған оппозициялық топқа мүше болғаны үшін сотталды. 10 ай тергеу абақтысында отырды, кейін сот бостандығын екі жылға шектеді. Шоттарды бұғатталып, полиция бақылауына алынды. Диана Қаңтар оқиғасынан соң қысым күшейгенде елден қашуға бел буады. Бұл сапар оған оңай соққан жоқ.

"Қытайда мені өлім күтіп тұр". Польшадан босқын мәртебесін ала алмаған қазақтың хикаясы

"Балам, ертең алыс жол жүресің, үйден ас ішіп аттан. Енді кезігеміз бе… Кезіксек, қашан?.. Әкең екеуіміз жұмыс арасында, түске қарай үйге келіп кетеміз, қайткенде де бізді тосқаның абзал".

Төрт жыл бұрын Қытайдан асығыс шығып, қашып-пысып Польшаға жеткен Ерсін Еркінұлы босқындар лагерінде жатып анасының соңғы айтқан сөзін есіне түсіреді. Қазір дауысын естіп, жүзін көруге зар болып отырған анасының сол кездегі осы "тос" деген өтінішін орындамағаны жанына батады. Бірақ өкінбейді.

Балаларының болашағы үшін Америка асқан

Алматылық Ақбота Нұрланова өткен жылдың соңында АҚШ-қа Орталық Америка елдері арқылы кеткен. Ол 15 және 5 жастағы екі ұлын да ертіп алған. Сөзінше, жол қауіпсіз, бірақ қиын болған. Олар Алматыдан Доминикан Республикасына ұшып, кейін Коста-Рикаға жеткен. Ал ары қарай түрлі машинаға отырып, Никарагуа, Гондурас, Гватемала, Мексика елдерінен заңсыз өтіп, АҚШ шекарасына дейін жеткен. Олар қазір Нью-Йорк қаласы Бруклин округінде тұрып жатыр. Балалары мектепке және балабақшаға барып жүр, өзі де жұмысқа орналасқан. Экономикалық мүмкіндік аз болғандықтан Қазақстаннан кеттім дейді.

"Кадр тапшылығы мәселесі күйіп тұр". Еңбек мигранттары неге Ресейден кетіп жатыр?

Ресейде Орталық Азиядан барған мигранттар жұмыс істейтін такси, клининг қызметі, азық-түлік дүкендері жұмыс күші жетіспейді деп дабыл қағып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Ресейден мыңдаған мигранттың кетіп қалуымен байланысты. Ресми ақпаратқа жүгінсек, биыл алғашқы алты айда Ресейге табыс қуып барушылар былтырмен салыстырғанда екі есеге азайған.

Ресейдегі мигрант жұмысшылар
Ресейдегі мигрант жұмысшылар

"Елге қайтпаймын". Қазақстанға бас сауғалап келгеніне жыл өткен ресейліктердің үрейі мен үміті

Шекарадағы кептеліс, халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезек, қонақүйлердегі нөпір адам... Бір жыл бұрын Ресей президенті Украинаға басып кіреміз деп, көп шығынға ұшыраған әскерінің қатарын толықтыру үшін елде "ішінара" мобилизация жариялаған соң ресейліктер Қазақстанға жаппай ағылған еді. Мигранттардың көпшілігі Қазақстанды транзит аймағы ретінде пайдаланып, кейбірі көп ұзамай Ресейге оралды. Алайда мұнда қалып қойғандар да бар. Азаттық Қазақстанға біржола қоныс тепкен бірнеше ресейлікпен әңгімелесті. Олар Ресейде қалған туыстарына зияны тимес үшін шын есім-сойын көрсетпеуді өтінді.

Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрған ресейліктер. Алматы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.
Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрған ресейліктер. Алматы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.

Шымкент түрмесінен Лос-Анджелеске дейін. Эмиграцияға кеткен қаңтаршының хикаясы

Былтыр осы уақытта ол Қаңтарда "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, түрмеде отырған. Ал бес жыл бұрын құрылыс материалдарын сататын тәп-тәуір бизнесмен еді. Қазір АҚШ-та мигрант. "Демократия үшін" деп күрескен белсенді Қайрат Сұлтанбек бала-шағасымен тау-тасты кезіп, өзі аңсаған "еркін елге" жеткен. Ол – қаңтаршылар ішінде шетелден саяси баспана сұраған алғашқы адам.

Ордабасы аудандық прокуратура ғимаратының алдында белсенді Қайрат Сұлтанбекті босатуды талап етіп тұрған белсенділер. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы. 24 қыркүйек, 2020 жыл.
Ордабасы аудандық прокуратура ғимаратының алдында белсенді Қайрат Сұлтанбекті босатуды талап етіп тұрған белсенділер. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы. 24 қыркүйек, 2020 жыл.

"Медбике не аспаз боласың". Қырғыз мигранттарын Украинадағы соғысқа тартып жатыр

Ресейде жұмыс істейтін қырғыз әйелдері өздерін Украинадағы соғысқа баруға үгіттеп жатқанын хабарлады. Мигранттарды майданға тарту амалы бүкіл Ресейде, әсіресе әйел қызметкерлер көп аурухана, кітапхана мен мектептерде жүрген.

"Мексика кері қайтарса да, Колумбия арқылы қайта бардым". Мобилизациядан қашқан Ресей қазағының АҚШ-қа сапары

Былтыр қыркүйекте Ресейде мобилизация жарияланғанда Саратов облысының қазағы Елдар Әліпқалиев алдымен Қазақстанға қашып, кейін АҚШ–қа баратын жол іздеген. Ол АҚШ–қа қиындықпен жеткен. Басында Мексика шекара қызметі оны елге кіргізбей, Канкун қаласынан бірден қайтарып жібереді. Бірақ Елдар кейін Колумбия арқылы Мексикаға тағы ұшып, АҚШ–қа мигранттардың арнайы кезегі арқылы өткен. Ол бұл сапарға 10 мың доллар жұмсағанын айтады. Украинаға соғысқа бармаймын деп Ресейден кетіп, АҚШ–қа жеткен Елдар Азаттыққа шытырманға толы сапары жайлы баяндап берді.

Елдар Әліпқалиев
Елдар Әліпқалиев

"Жұмыс ауыр", "үйге айына 1,2 млн теңге жіберем". Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақтардың үміті

Оңтүстік Корея кейінгі жылдары қазақстандықтардың заңсыз кіріп алып, нәпақа табатын елдердің алдыңғы қатарында тұр. Ресми Сеулдің мәліметінше, мұнда 9 мыңға жуық қазақстандық заңсыз жүр. Бірақ Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтардың саны одан да көп дейтіндер бар. Еңбек мигранттары Қазақстан Оңтүстік Кореяның жұмыспен қамту жүйесіне (Employment Permit System - ESP) қосылса, заңды жұмыс істеуге болар еді дейді. Азаттық Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандық мигранттармен сөйлесіп, биліктің Сеулмен ESP жүйесіне кіру жұмысы қалай жүріп жатқанын білді.

Қудалау, түрме, эмиграция. Польшаға кеткен атыраулық белсендінің өмірі

Ол "жер шетелдіктерге берілмесін" деп митингіге шықты, партия белсендісі де болды. Қамалды, сотталды. Ақыры Польшадан бір-ақ шықты. Қазір сонда еңбек мигранты болып қара жұмыста жүр. Атыраулық Бекболат Мұқанәлиев "тұрмысымды оңалтып алып елге қайтамын" дейді. Бірақ қашан қайтатынын айта алмайды.

Бекболат Мұқанәлиев (ортада) белсенділермен бірге Қытай зауыттарын салуға қарсы митинг өткізу жөнінде әкімдікке өтініш тапсырып тұрған кез. Атырау, 2019 жыл.
Бекболат Мұқанәлиев (ортада) белсенділермен бірге Қытай зауыттарын салуға қарсы митинг өткізу жөнінде әкімдікке өтініш тапсырып тұрған кез. Атырау, 2019 жыл.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG