Accessibility links

"Қазақстанда туды, бірақ Украинаны қорғап жүр". Ресейге қарсы соғысып жатқан мигранттар


Украинада ерікті болып жүрген қазақ Рүстем Дәрменов
Украинада ерікті болып жүрген қазақ Рүстем Дәрменов

"Настоящее время" телеарнасы "Мигрант медиамен" бірлесіп, Григорий Пырликтің "Өз жерінде" ("На своей земле") деректі фильмін жарыққа шығарды. Бұл фильм Ресей басып кірген кезде Украинада қалған мигранттар туралы. Фильм кейіпкерлері – Киев, Харьков, Одесса қалаларында тұратын Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан азаматтары.

Аспаннан оқ жауып жатқан шақта олар қалай өмір сүріп жатыр? Нацизмге кезікті ме? Украинада неге қалды? Фильм осы сұрақтарға жауап іздейді.

Документальный фильм Григория Пырлика «На своей земле»
please wait

No media source currently available

0:00 0:42:17 0:00

УКРАИНА ӘСКЕРІ

Ровшанбек Розметов 54 жаста, Түркіменстанда туып-өскен. Ұлты өзбек. Өзбек, түркімен, орыс және украин тілдерін меңгерген.

"18 жасымда әскерге шақырылдым, – дейді ол.– Осылайша өмірімде алғаш рет Украинаға келдім. Қызмет барысында мен бұл жердің халқын, адамдарын көрдім. Сондай қонақжай, кеңпейіл, төзімді халық".

Розметовтің мамандығы адвокат, алайда қазір Украина қарулы күштері құрамында соғысып жүр.

Ровшанбек Розметов
Ровшанбек Розметов

"Соғыс басталған күн қазіргідей есімде, – дейді Ровшанбек, – ол күні үйде едім. Әйелім, балаларым – бәріміз үйде болғанбыз, жарылыс дыбысын естідік. Соғыс басталғанын түсіндік".

Заң жүзінде Розметовтың кәмелетке толмаған үш баласын алып, Украина аумағынан шығып кетуге құқы бар еді. Алайда ол: "Мен мұндай қадамға бара алмас едім, – дейді. – Отанды тастап қашып кетуге балалардан ұялдым, өйткені олар осында туып-өсті ғой. Бұл балаларыма және әйеліме жасаған сатқындық болар еді".

Ровшанбек Украинада "ұлты славян болмаса да" тыныш өмір сүргенін айтады. "2006 жылдан бері ешкім менен көшеде құжат сұраған емес. Бұрын, 2006 жылға дейін полиция қызметкерлері келіп, құжат тексеретін. Бірақ қазір олай емес". Сонымен қатар, оның айтуынша, елде түрлі конфессияларға толерантты көзқарас қалыптасқан.

"Мешітке емін-еркін кіреміз, намазымызды оқимыз, қалыпты өмір сүріп жатырмыз, ешкім мазаламайды" дейді Розметов.

Майя Верголяс Түрікменстанның Дашауз қаласында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Екатеринбургке оқуға түскен.

"Бірде Свердловскіде (қаланың Совет кезіндегі атауы – Ред.) трамвайда жерлестерімізбен кездесіп қалдық, – дейді ол. – Өз тілімізде қал сұраса бастадық. Кенет арт жақтан бір апай (құлағымда әлі жаңғырып тұр): "Ей, чучмектер, жабыңдар ауыздарыңды. Мен сендерді түсінбеймін, орысша сөйлеңдер!" деп айқай салды".

Кейін Верголясты Киевке бөлген, сөйтіп, 1989 жылдан бері Украинада тұрып жатыр, сонда жұмыс істейді. Ол жақта отбасын құрып, балалы болды. Биология ғылымдарының докторы, адам анатомиясы және физиологиясы кафедрасының профессоры. Қазір Майя қорғаныс нұсқаушысы, адамдарға соғыс кезінде қалай қорғану керегін үйретеді.

Майя Верголяс
Майя Верголяс

Ол Ресейдің Украинаға басып кірген күнін былайша еске алады: "Сол күні ұлым мен күйеуім ұзақ ұйықтамай жүріп алды, мен де, неге екенін, ұйықтай алмадым. Екеуі бірдеңені талқылап жатқан. Содан кейін таңғы сағат бестер шамасында күйеуім "Тұр, жуынып ал. Жуынбасаң, қалаған шаруаңды тындырып ал. Соғыс басталды" деді. Мұның шынымен соғыс екеніне сене алмадым" дейді ол көз жасын тыя алмай.

Айтуынша, 2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін және Украинаның шығыс облыстарын аннексиялап алған кезде оның Орталық Азиядағы туыстары Ресей арналарын көріп, сол пропагандаға сенетін болған: "Бір ағайындас бауырымның маған: "Украина неге соғысып жатыр? Олардың бар қалауы – орыс тілі ғой. Жай ғана орыс тілін енгізе салуға болмас па еді?" дегені есімде. Олар ақпаратты осылай қабылдады" дейді Верголяс.

ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ АТА-АНАСЫ

Қазақстандық Руслан Маханбеталиев Харьков қаласында тұрады, оның үлкен ұлы Рашид майданда.

"Ол Қазақстанда туды, бірақ Украинаны қорғап жүр, – дейді Руслан. –Балам "әке, мен соғысқа баратын шығармын. Украинаны қорғауға. Көшпелі халық екенімізді түсінемін. Бірақ анда соғыс болса, мында көшіп, мында соғыс болса, анда көшіп жүрмейміз ғой. Өмір бойы солай жүреміз бе? Сонда елді кім қорғайды?" деді".

Әкесінің айтуынша, Рашид соғысқа қатардағы жауынгер ретінде аттанып, "Ерлігі үшін" медаліне және кіші сержант шеніне ие болыпты.

"Баламды мақтан тұтамын, Украинаны қорғайтындар бар екенін мақтан тұтамын" дейді ол.

Өзбекстандық Мұраділ Юнусовтың екі ұлы бірдей майданға аттанған. Соғыстың алғашқы күнін ол былай деп есіне алады: "Ұйқымыздан шошып ояндық. Бізге қауіпсіз жерге көшіңдер деді. Біз кеттік, балалар қалып қойды. Сөйтіп олар келесі күні-ақ Украинаны қорғауға аттанды".

Мурадил Юнусов
Мурадил Юнусов

Мұраділ өзінің де соғысқа барғысы келгенін, бірақ оны "сіз қарт адамсыз" деп қабылдамағанын айтады. Ұлдары Кременная маңында соғысып жатыр.

"Балаларым жазбай, қоңырау шалмай қалса жаным қиналып кетеді. Кременная маңы түгел миналанған. Олар қызметкерлерді броньды машиналармен тасиды. [Жауынгерлер] таусылғанша екінші қатарда күтеді. Оқ атып жүріп, басқаларды қорғайды. Екі-үш күн күтеді де, тез тиеп қайтады. Содан кейін телефон соғады, сонда жаным жай табады" дейді ақсақал.

Өзбек азаматы Шығыс Еуропадағы ең үлкен киім-кешек базары – Харьков қаласындағы Барабашово базарында дайын тамақ сатады.

2022 жылдың наурыз айында Барабашовоны орыс әскері атқылап, Мұраділдің жұмыс орнының жанындағы сауда алаңдары өртеніп кеткен. Бірақ ол бұған мойыған ол жоқ, палауын әлі күнге жасап жүр.

"Шындығына келсек мен тамақты... өте арзанға сатамын, өйткені соғыс кезінде адамдарға қолдау көрсету керек" дейді Мұраділ сеніммен.

ЕРІКТІЛЕР

Ұлты қазақ ағайынды Рүстем мен Дамир Дәрменовтер Киевте тұрады. Ресей басқыншылығы басталғаннан кейін олар ерікті боламыз деп шешім қабылдап, қазір бейбіт тұрғындарға да, әскерилерге де көмектесіп жүр.

Рүстем Дәрменов
Рүстем Дәрменов

Ағайындылардың алғаш көмектесуге барған жері Гостомель болды. "Ол басқыншылықтан кейін бір-екі күн ішінде болған оқиға, – дейді Рүстем. – Әскери адамдар өте көп еді, әр бес метр сайын бақылау-өткізу пункті тұрды. Құжаттарды жасырған жоқпыз, көліктің терезесінің алдында жатты, өйткені бес метр сайын құжат көрсетесің".

Гостомельде ағайындылар палау, бауырсақ пісіріп, жергілікті халықты тамақтандырады. Кейін соғыстың басында орыс әскері басып алған Киев облысын аралайды.

"Біз қазақ екенімізді айтқан жоқпыз, – дейді Рүстем. – Бірақ бір күні буряттар орналасқан елді мекенге бардық. Олар ол жаққа орнығып алып, бүлік шығарып, жергілікті халықты мазаққа айналдыруға көшіпті. Мен метиспін, бойымда славян ұлтының да, қазақтың да қаны бар және таза қазақ туыстарымыз да бар. Бізді көрген адамдар не істерін білмей қалды. Біз оларға "бәрі дұрыс, біз бурят емеспіз" дедік.

Рүстемнің бауыры Дамир 2022 жылдың жазында Богомолец атындағы Киев ұлттық медицина университетін бітірген. 2023 жылдың басынан бастап украин әскеріне көмек береді. Күн сайын салмағы 15-20 кг болатын қару-жарақ пен оқ өткізбейтін киім киіп жүретін әскерилердің қайта қалпына келуіне жәрдемдеседі.

Дамир Ресей армиясының Украинаға басып кіргеніне және мұнысын "орыс тілді халықты қорғаймыз" деген желеумен ақталатынына ашулы.

"Біз өз жерімізде тұрмыз, келген өздері, сөйте тұра бізді "ұлтшыл" деп, "мұнда біреуге қысым көрсетіп жатыр" деп айыптайды!" – дейді ол.

Дамир Дәрменов
Дамир Дәрменов

Дәрменов өмір бойы орысша сөйлеп келгенін, бірақ Украинада бұған қатысты ешкімнен ешқандай шағым естімегенін айтады.

Бобои Шайық (лақап аты) Украинаға Тәжікстаннан келген. Ол күн сайын Харьков тұрғындарына палау әзірлейді. "Мақтанбай-ақ қояйын – кез келген адам шыдайды деп айта алмаймын. Елестетіп көріңізші – бес қазан қайнап жатады – от, ыстық. Ораза ұстайтын кездер де болды. Ораза кезінде бізге су ішуге, ештеңе ішуге болмайды" деді ол.

Бобои Шайх
Бобои Шайх

Қанша қиын болса да, Бобойдың ойынша, ең маңыздысы – украиндарға көмектесу. "Халыққа, әсіресе, балаларға жаным ашиды, – дейді ол, – менің де көрмегенім жоқ. 1991 жылы бізде де осындай соғыс, аштық болды, мен соның бәріне куә болдым".

Ол Украинада мұсылмандардың құқығы шектеледі деген сияқты қауесеттерге сенбеуге шақырады: "Мен Украинада 1996 жылдан бері жүрмін, мұндайды естіген емеспін, намаз оқисың деп ешкім айыптаған емес. Құдайға сенесің бе, өз сенімің өзіңде" дейді тәжікстандық.

КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР

Украинада 2022 жылы – 206 мың, ал 2023 жылдың алғашқы жартысында 100 мыңға жуық бала дүниеге келген. Орыс басқыншылығы салдарынан әйелдер зулаған оқ астында – үйде, жертөлелерде босануға мәжбүр болды.

Қырғызстандық кәсіпкер Жамалдин Касимовтың төрт баласы бар. Көп балалы әке отбасымен Одессада тұрады. Кіші қызы Ресей мен Украина арасында сұм соғыс басталған тұста дүниеге келген.

"Соғыс басталғанда әйелім төртінші баламызға жүкті еді, енді қайттік деп қатты уайымдадық, – дейді ол.— Толғағы түнде басталды, перзентханаға кіргізбеді".

Жамалдин Одессаның аты аңызға айналған "Привоз" базарында 10 жылдан бері қой және сиыр етін сатумен айналысады.

"Соғысқа дейін бұл жердің саудасы өте жақсы болатын, бірақ соғыстан кейін сауда өзгерді. Соғыс бастала салған алғашқы аптада мүлде сауда болған жоқ. Кейін қайтадан жұмыс істейік деп шештік. Сауда бәсеңсіп қалды" деп еске алады қырғыз жігіті.

Дегенмен ол соңғы кезде жағдайдың жақсара бастағанын айтады: "Аздап тұрақтылық бар, Құдайға шүкір, жаман емес".

Тағы бір көп балалы әке Құмарбек Раман – мектептер желісінің иесі. Қырғызстанда туып-өскен ол Украинаға 2018 жылы қоныс аударған. Айналысатын кәсібі – жекеменшік мектептері мен балабақшалары бар.

Қырғыз жігіті жекеменшік мектебін аралатып, таныстырып жүр. Мектеп қазір, яғни соғыс кезінде де жұмыс істеп тұр.

"Мектептің төрт блок бар, бұған төрт класс сыйып кетеді: бірінші, екінші, үшінші класс. Шағын бөлмелер бар, оларды бомбадан қорғанатын орынға айналдырып қойдық. Бұрын балалардың бір орны болса, енді екі орны бар. Кейде балаларды солай күлдіреміз" дейді Құмарбек.

Қырғызстандық азаматтың үш баласы бар, кенже қызы Украинада дүниеге келген, ата-анасы оның атын Мирослава қойыпты. "Еліміз тыныш болсын деп ырымдадық" деп түсіндіреді Құмарбек.

XS
SM
MD
LG