Украинаның шығысындағы қираған Авдеевка қаласында украин әскері Ресейдің жоспарлы қарымта шабуылына төтеп беріп, қоршауға түспеудің амалын іздеп жатқанда, оңтүстік-батысқа қарай 500 километр жерде Украина қарулы күштерінің тағы бір бөлігі Днепр өзенін кесіп өтуге кіріскен.
Екі аптадан бері өзеннің шығыс жағалауындағы батпақты жерде Украинаның теңіз құрлық әскері мен ресейлік десантшылар арасында кескілескен шайқас жүріп жатыр. Осы аптада соғыс барысын жіті бақылап отырған ресейлік блогер украиндер өзеннің жоғарғы ағысына тағы бір плацдарм құрғанын жазды.
Бұл әскери қимылдың қалай аяқталары белгісіз. Өзенді кесіп өту жоғары деңгейде жабдықталған әскердің өзіне қиын соғады. Ресей әскеріне қарсы жаңа үлкен майдан ашылатын болса, Украина өзен арқылы өте көп жауынгер мен ауыр беренді техника алып өтуі керек.
Украина маусымда қарымта шабуылын бастаған үш нүктенің бірі – Запорожье облысының оңтүстігінде "Суровикин сызығы" деп аталатын ресейлік тоқсауыл шебін бұзып өте алмады. Батыстың әскери көмек ретінде берген Bradley, Marder, Leopard деген техникасының көбі зақымдалып, істен шықты.
Қыркүйекте украин күштері оңтүстіктегі Орихов қаласы маңында бір-екі қорғаныс шебін бұзып өтті, бірақ ұзаққа бара алмады. Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы "Украина әскері жазда оңтүстік майданда күніне шамамен 90 метрге ғана ілгері жылжып отырды" деп жазды.
Лондондағы Royal United Service Institute зерттеу орталығы "Украина жазда айқын жетістік көрсете алмады, Ресей материалдық жағынан да басымдыққа ие болып отыр. Украина жақсы нәтиже көрсеткісі келсе, мұқият болуы керек" деп жазды.
Ресей Украинаға басып кірген кезде-ақ Днепрдің батыс жағалауын оккупациялаған. Былтыр Украина бұл жақтағы орыс әскеріне қысымды күшейтіп, 2022 жылы қарашада бірнеше айға созылған шабуылдан соң, Ресей әскері қарсы жағалауға шегінді. Олар өзеннің арғы бетінен Херсон қаласына зымыран мен снаряд атқылап, бейбіт халықтың тынышын алды.
18 қазанда ресейлік әскери блогерлер Украина теңіз құрлық әскерінің 35, 36-бригадасы Днепрден өткенін хабарлады. Кейін бұл ақпаратты Ресей қорғаныс министрлігі де растады.
30 қазанда Ресей қорғаныс министрлігімен байланысы бар "Рыбарь" телеграм-арнасы Украина әскерінің өзеннің жоғарғы жағындағы Крынки ауылына кіргенін жазды.
– Украина әскері ауылды бақылауына алды. Елдімекенді толық тазартуға қарсы тараптың артиллериялық шабуылы мен радиоэлектронды күресі кедергі болып отыр, – деп жазды автор.
Бұл ақпаратты тәуелсіз дерек көздерден растау мүмкін болмады.
– Өзеннен сәтті өтіп, 2-3 плацдарм құрып үлгергендері – жақсы жетістік. Бұл Ресейге солтүстік-шығыс, шығыс пен оңтүстіктегі операциялары қиынға соғып жатқанын көрсетеді, – дейді Австралия әскерінің отставкадағы генералы Мик Райан.
10 қазанда Ресей Украинаның шығысындағы Авдеевкаға шабуылдады. Мұнда Украинадағы ең үлкен кокс-химия зауыты орналасқан. 2014 жылдан бері бұл қала Киевтің бақылауында еді. Донецк қаласына апаратын автомагистраль мен теміржол осы қала арқылы өтеді.
Вашингтондағы соғысты зерттеу институтының есебінше, Ресей Авдеевка үшін шайқаста жүздеген адамы мен 100-ден астам беренді техникасынан айырылған.
Украина тәжірибелі, жақсы жабдықталған 47-бригадасын Орихов түбіндегі майдан шебінен Авдеевкаға жіберді. Бір аптадан кейін Ресей Донецк және Луганск облыстары арқылы өтетін 1200 километрлік майдан шебінің 5-6 тұсынан қарымта шабуыл бастады.
– Ресейдің Авдеевканы басып алу мүмкіндігі зор емес. Егер Бахмут сияқты бұл жаққа да көп ресурс салса, қаланы басып алуы мүмкін, – дейді Колумбия университетінің халықаралық қатынастар профессоры Стивен Бидлл.
– Қарымта шабуыл жасаған тарап қашанда көбірек шығынға ұшырайды. Осы тұрғыдан алғанда, украин әскері жақсы өз деңгейі үшін жақсы нәтиже көрсетті, – дейді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының әскери сарапшысы Майкл Коффман.
ПІКІРЛЕР