Accessibility links

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде магистратура мен докторантураға баруға үміткерлерден құжат қабылау аяқталды


Шілденің 15-күні Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық «Болашақ» стипендиясы арқылы шетелдерде магистранттық, докторлық білім алуға үміткерлердің құжатын қабылдауы мерзімі аяқталды. Қазақстанның білім беру және ғылым министрлігінің берген мәліметіне жүгінсек, қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік жоғары оқу орындарда білім алуға 3000-нан астам үміткер құжат тапсырыпты. Дегенмен, мұндай тәжірибенің болашағы мол үміт күттіретінін ескерген жастар, құжат тапсыру барысында күмәнді жайттармен кездескендерін айтады.

Қазақстанның жоғары оқу орнын тәмамдаған Мадина енді «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде өз білімін жалғастырғысы келеді. Ол отандық білім беру жүйесіне толық қанағаттанбайтындығын айтады.

- Қазақстанда жоғары оқу орындары негізінен кеңестік жүйе бойынша қалыптасқан, - дейді Мадина.

Мадина шетелдік жоғары оқу орнында білім алған студент әмбебеап маман ретінде қалыптасады деп сенеді. Таяуда Америка Құрама Штаттарында болып қайтқан Мадина ол жақтағы білім ордаларын аралап, таныстқанын айтады.

- Ол жақтағы университет, колледж оқытушыларының студентті қалай дайындайтынының куәсі болдым. Маған ұнағаны - олар жеке адамды жан-жақты етіп дайындауға көңіл бөледі екен. Оларда бұл қалыптасқан, өйткені жүйе сондай, - деді Мадина.

Ал, өзі секілді жастарға шетелде білім алуға мүмкіндік беретін Қазақстанның халықаралық «Болашақ» стипендиясынан үмітті Мадина оған қажетті құжаттарды жинау барысында күмәнді жайттардың орын алғанын айтады. Мәселен, оның айтуынша, талапкерлерді медициналық бақылаудан өткізу мәселесі салғырт жүріп жатыр дейді Мадина:

- Дәрігерлер адамның жүзіне де қарамастан, адамның қай жері ауыратынына қарамастан бірден мөр соғып бере береді екен. Ал, мемлекет тарапынан бір адамға 100 мың долларға жуық қаржы бөлінгеннен кейін, ол адам білім жағынан да, денсаулығы жағынан да сапалы болу керек деп ойлаймын.

Әлгіндей келеңсіз жайтқа куә болғанын айтқан Мадина енді талапкерлердің білімі сыналған кезде де осындай олқылықтар орын алып қала ма деген дүдәмал ойын білдірді.

- Мен тек соның өзінен көңіліме күмән алып қалдым. Ал, енді оларды интеллектуал ретінде сынағанда адамның шын мәнінде лайықты екеніне көңіл бөлу керек.

Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы 1993 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Содан бері аталмыш бағдарлама арқылы Қазақстандық 800-ден астам қыз бен жігіт шетелдік оқу орындардың дипломына ие болыпты. Алайда, мемлекеттің қаржысына білім алған сол жас мамандардың басқа мемлекетте қалып қойып, өзге елдің игілігіне қызмет жасап жатқаны аз емес дейді қазақстандық «Ұрпақ тағдыры - білім» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ерсайын Ерқожа:

- Алғашқы оқушылар кеткен кезде біздің елде білім беру министрі біреу болса, олар қайтып келетін кезде басқа біреу болады. Ал, министрлер бірінен қалған істі бірі бақыламайды. Сондықтан, стипендианттар өздерін еркін сезініп кетті.

Дегенмен, биыл Қазақстанның білім беру және ғылым министрлігі әлгіндей кем-кетіктің орнын түзеп, мемлекет қаржысынан шетелде білім жастың елге оралуына керекті шараларды қарастырды дейді министрліктің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова.

- Енді әрбір стипендиант міндетті түрде Қазақстанға қайтып, бес жыл еңбек етуге міндеттеледі. Сонымен қатар, шетелде білім алу туралы келісім-шарт жасалған уақытта, білім алатын жастың ата-анасы кепілдікке баспанасы қойылатын болады. Оның үйі ауылда болсын, қалада болсын - бәрібір, оның қанша тұратынын да есептемейміз. Бірақ, келісім-шартқа міндетті түрде үй қойылады, - деді Қазақстанның білім беру және ғылым министрлігінің өкілі Жанар Үсіпбекова.

Шілденің 15-күні Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық «Болашақ» стипендиясы арқылы шетелдерде магистранттық және докторлық білім алуға үміткерлердің құжатын қабылдауы мерзімі аяқталды. Ал осы бағдарлама бойынша бакалавр білімін алғысы келетіндерден құжаттар қабылдау әлі екі апта бойы жалғасады. Қазақстан президентінің биылғы жылғы халыққа Жолдауында енді жыл сайын 3000 жас қазақстандық азамат халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік қоу орындарында білімін жалғастыратыны айтылған болатын. Бұл мақсатқа биыл мемлекет қазынасынан 2 млрд 100 млн теңге жұмсалмақ.
XS
SM
MD
LG