Accessibility links

Өзбекстандағы Самарқанд қаласының мерейтойында шенеуніктер президентті билік басында қалуға үндеді


Өткен демалыс күндері Өзбекстан халқы іргетасы “Ұлы жібек жолының” бойында қаланған Самарқанд қаласының 2.750 жылдық мерейтойын атап өтті. Қаланың бұқара халқы мерекелеп жатқан кезде, Самарқанд шенеунектері мерейтой салтанатының ең басты қонағы болған өзбек президенті И.Кәрімовті жер-көкке сыйғызбай мадақтап, зор қошемет көрсетіп күтумен әуре болып жатты. Конституциялық шектеуге қарамастан, президент сайлауына үшінші рет қатарынан түсетін-түспейтінін И.Кәрімовтің өзі әлі тіс жарып айтқан жоқ. Бірақ Самарқанд қаласының шенеунектері оны билік басында қалуға үндегендей болды. Мұндай “үндеулер” бұрын Орта Азияның басқа елдерінде де көтерілген болатын.

Бұл – “Ұлы жібек жолындағы” көне қаланың 2.750 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш болатын. Аспанға мерекелік от шашылып, мерейтойға арналған салтанатты концерт қойылып, кең әрі бай дастархан жайылды. Алайда, мерекелік кеште құттықтап сөйлегендердің кейбірі өзінің “жүрекжарды” сөзін аты аңызға айналған қаланың өзіне емес, осы қаланың ең атақты ұлы әрі мерейтойдың ең құрметті қонағына арнады. Саланатты кеште осылайша сөз сөйлегендердің ішінде Самарқандтың бір мұғалімі де болды.

МҰҒАЛІМ: “Сіз Өзбекстанды қайта жаңғырттыңыз! Сіз Самарқандты жаңғырттыңыз! Өзбекстанды, өзбек халқын, Самарқандты бүкіл әлемге паш еттіңіз! Біздің халқымыз қайда болмасын, жақсылықты бағалай біледі. Біздің көңіл-күйіміз әрқашан көтеріңкі. Біздің бұл қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығын да Сіздің басшылығыңыздың нәтижесі деп білеміз. Ал Сіз, аса мәртебелі Ислам Әбдуғаниевич, халқыңызды осындай ұлы жолға бастап баруыңыз үшін Сізге күш-қуат, денсаулық, амандық тілейміз! Сізді жаман көзден Алланың өзі сақтасын! (Ду қол шапалақтау!)

Бұл – елді “темірдей” қолымен биліп отыр деген атқа ие болған лидердің атына айтылған үйреншікті мадақ сөз бе? Президент сайлауы желтоқсан айында өтуге тиіс болса да, сайлаудың болатын-болмайтыны әлі жұмбақ.

Өзбекстанның қазіргі конституциясына сәйкес, И.Кәрімовтің билік басындағы екінші әрі ақырғы мерзімі – ресми түрде 2007-нші жылдың қаңтарында аяқталды. Ресми Ташкент оны байқамаған сыңай танытты, ал қазіргі Ата заң бойынша, президент сайлауы осы жылғы желтоқсан айының үшінші жексенбісінде өтуге тиіс. Бірақ сайлаудың қашан болатыны туралы әлі ештеңе айтылған жоқ, Ал конституцияға сәйкес, президент сайлауы 3 бұрын, яғни биылғы желтоқсан айының үшінші жексенбісіне дейін тура 3 ай қалған 23-інші қыркүйек күні жариялануға тиіс.

Дегенмен де, Самарқанд мұғалімінің әлгіндей мадақ сөзі тәрізді “бейресми” үндеулер И.Кәрімовтің билік басында қалуды жоспарлап қойғанын аңғартса керек. Самарқандтың мұғалімі сияқты бұқара халық “өкілдерінің” әлгіндей үндеулерін Орта Азияның өзге елдерінде билік басында қалу үшін “орынды” пайдаланған жайттар болды. Осыдан 3 жылдай бұрын, 2004-інші жылдың қазан айында сол кездегі Түркіменстан президенті С.Ниязов өзіне толық бағынатын Халық Маслахатының жылдық отырысында мынадай өтінішін айтты.

С.НИЯЗОВ: “Қадірлі халайық, егер сіздер қарсы болмасаңыздар, мен өтініш бідіргім келеді. Мен сіздердің ұсыныстарыңызға дән ризамын! Бірақ, менің айтайын дегенім: бір адам - жападан-жалғыз адам – баршаны басқара алмайды. Басқалар өсіп келеді. Егер сіздер қарсы болмасаңыздар, президент сайлауын 2008 немесе 2009-ыншы жылы өткізейік! Жоқ, қадірлі халайық, жастар өсіп келеді. Мен 70-ке келген соң, менің биліктен кетуіме рұқсат беріңіздер! Өйткені, мәңгілік ештеңе жоқ”.

Халық Маслахатының өкілдері президенттің мұндай өтінішін “қабылдамай”, асқан жағымпаздықпен С.Ниязовтан өмірінің ақырына дейін президент тағында қалуын қайта-қайта өтінумен болды.
XS
SM
MD
LG