Accessibility links

Кәсіпкердің отбасын өлтірді деген күдікті Шешенстаннан әкелінді


Сейсенбі күні таңғы сағат 4.30-да ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Олег Евлоевты Грозныйдан Астанаға арнайы ұшақпен жеткізді. Оған қазан айында Астанада бір әйелді кәмелетке толмаған үш баласымен қоса асқан қатыгездікпен өлтірген деген күдік тағылып отыр.

Қазақстан құқық органдары халықаралық іздеу жариялаған 28 жастағы Олег Евлоев биылғы қазанның 29-ы күні Ингушетия жерінде ұсталып, сол күні көршілес Чешенстан астанасы Грозныйдағы тергеу абақтысына жеткізіліп қамалған. Евлоевты Қазақстанға экстрадициялау мәселесі бір айдан астам уақытқа созылды. Оны Астанаға Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Қалмұхамбет Қасымов бастаған арнайы топ алып келген.

- Генерал Қасымов осы күдіктіні ұстауға белсенді атсалысқан Чешенстан мен Ингушетия милиционерлерін Қазақстанның атынан марапаттады. Біздегі бар мәліметтер бойынша, Евлоев Ингушетиядан кейін көп ұзамай Кубаға кетпекші болған. Бірақ, Ресей жағы мен біздің құқық органдарының бірлескен әрекетінің нәтижесінде күдікті дер кезінде ұсталды. Бүгін таңертең Астана әуежайына жеткізілген Евлоев қылмыстық оқиғаны тергеу тобының қолына табыс етілді. Қазір ол қалалық ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына қамалды, - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов 9 желтоқсанда Азаттыққа.

Биылғы жылы 21-ші қазанда Астананың Шұбар шағын ауданында шетелге іссапарға кеткен бір кәсіпкердің отбасындағы 28 жастағы екіқабат әйелі мен 10, 7 және 3 жастағы үш баласын әлдекім асқан қатыгездікпен қойша бауыздап өлтіргені туралы суық хабар жұртшылықты дүр сілкіндірген болатын. Қылмыскер үй иесінің «Тойота Камри 40» маркалы автокөлігін және жалпы сомасы 500 мың теңге (4 мың АҚШ доллары) болатын алтын мен ақшаны алып кеткені анықталған. Ұрланған автокөлік бір жарым тәуліктен кейін Астанадағы көшелердің бірінен табылды.

Ал осы қылмысқа негізгі күдікті ретінде полиция елге жар салып, іздеу жариялаған Олег Евлоев ұшаққа мініп Қазақстаннан Ресейге бой тасалап үлгергені кейіннен мәлім болды. Заң орындарының ақпараты бойынша, Евлоев бұған дейін есірткі қылмысына қатысты Қазақстанда жауапқа тартылған.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG