Accessibility links

Жәкішева бейнежазбаны Шабдарбаевтан алғанын айтқанымен, оны кімге бергенін айтқан жоқ


"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президентінің әйелі Жәмила Жәкішева баспасөз-мәслихатында. Алматы, 2 желтоқсан, 2009 жыл.
"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президентінің әйелі Жәмила Жәкішева баспасөз-мәслихатында. Алматы, 2 желтоқсан, 2009 жыл.

Қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің жауап беріп отырғаны түсірілген бейнежазбаны ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевтан алғаны туралы Жәмила Жәкішеваның жасаған мәлімдемесін ҰҚК-нің баспасөз хатшысы жоққа шығарды. Жәмила күйеуіне қарсы тағы да екі қылмыстық іс қозғалғанын айтады.

ҰҚК ЖӘМИЛА ЖӘКІШЕВАНЫҢ СӨЗІН ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Желтоқсанның 2-і күні Алматыда баспасөз өкілдерін жинаған Жәмила Жәкішева мамыр айының 21-нен бастап күні бүгінге дейін ҰҚК абақтысында қамауда отырған күйеуі «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің жауап беріп отырғаны көрсетілген бейнежазбаны ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың қолынан алғаны туралы мәлімдеді.

«Бейнежазба бар дискті маған 2009 жылдың 10 қыркүйегінде Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысының ауласында ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың өзі берді. Дискіні маған беруінің себебін ол, өзінің мүмкіндігі жоқ болғандықтан, ондағы ақпараттан президенттің де хабардар болғанын қалайтындығымен түсіндірді», – деді Жәмила Жәкішева.

Бұл мәлімдемеден кейін арада екі сағатқа жетпей ҚазТАГ агенттігіне түсініктеме берген ҰҚК-нің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров Жәмила Жәкішеваның айтқандарын түбегейлі түрде жоққа шығарды.

«Амангелді Шабдарбаев Жәмила Жәкішевамен кездеспеген, демек оған күйеуінің сұхбаты жазылған бейнедискіні бермеген. Мен сізге бұл туралы арнаулы қызмет басшысының сөздеріне сілтеме жасап, жауапты түрде айтып отырмын», – деп түсіндірген К.Бекназаров.

Бұған дейін, қарашаның 4-і күні, Мұхтар Жәкішевтің «Қазатомпром» жайында әлдекімге баяндап отырғаны көрсетіген бейнежазба интернетте Youtube.com сайтында жарияланған болатын.

Сейсенбі, желтоқсанның 1-і күні қамауда отырған Мұхтар Жәкішевтен интернетте жарияланған осы бейнесұхбатқа қатысты жауап алынғаны хабарланған еді.

ПРЕЗИДЕНТКЕ АРНАЛҒАН ДИСК

Жәкішевтен жауап алған ҰҚК-нің ішкі қауіпсіздік қызметінің өкілдері оның интернетке шығып кеткен әңгімесі кіммен болғанын және ол сұхбаттың интернетке жарияланып кету фактісін білуге тырысқан. Бұл туралы Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев хабарлаған-ды.
Адвокат әлгі бейнежазбаның әлемдік сайтта жариялануы Мұхтар Жәкішевтің өзі үшін де күтпеген оқиға болғанын айтады.
Мұхтар Жәкішев, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті. Сурет Youtube сайтында жарияланған видеодан алынды. 4 қараша 2009 ж.


Ал интернетте жарияланған бейнетаспа өзі алған дисктегі жазбаға сәйкес келеді деген Жәмила Жәкішева ғаламторға ол жазбаны орналастырмағанын айтып отыр.

«Бұл дисктегіні Назарбаевқа жеткізу мақсатымен бірнеше көшірме данасын жасап, президентке кіре алады-ау деген үш-төрт кісіге бердім. Олардың аты-жөндерін атағым келмейді. Ал балаларым мен өзімнің қауіпсіздігімді және де бұл жазбаның Мұхтар үшін әсері қалай болатындығын ойлап, сақтанғандықтан оны интернетке орналастырған жоқпын», – деді Жәмила Жәкішева.

ЖӘКІШЕВКЕ ҚАРСЫ ТАҒЫ ЕКІ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Жәмила Жәкішева қамауда отырған күйеуіне қарсы жаңадан екі қылмыстық істің қозғалуын интернеттегі youtube порталында Мұхтар Жәкішевтің бейнежазбасы жарияланғаны үшін қолданылып жатқан жаза болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Әзірше қандай айыптар екендігін нақты білмеймін. Әйтеуір бір іс «Қазатомпром» компаниясының қазына департаментінің бұрынғы жетекшісі Ғалым Назаровқа заңсыз жалақы төлеу оқиғасы бойынша қозғалғанын білемін. Менің күйеуімді қамауға алған кезде Ғалым Назаров оған қатысты баспасөзде өз пікірін айтқанын білесіздер. Ол Мұхтар Жәкішевті ұлттық компанияның басшылығынан босатудың ықтимал салдары туралы ескертіп, уран нарығында Ресейдің мүддесі нығая түсетіндігін айтқан болатын», – деді желтоқсанның 2-і күні Алматыда журналистерге Жәмила Жәкішева.

Ол күйеуінің ісін Ресейде сотталған олигарх Ходорковскийдің ісімен салыстыруға болатынын айтты.

СОТ ЖАБЫҚ ЖАҒДАЙДА ӨТУІ МҮМКІН

Жәмила жалпы күйеуіне үш тармақ бойынша айып тағылып отырғанын атап өтті.

«Біріншісі – «қара касса» ұйымдастырған-мыс. Екіншісі – өзінің оққағарын еншілес компанияға жұмысқа қабылдап, оған жалақы төлеген. Ал үшіншісі – «Қазатомпромның» кеңсесін Венада ашқаны. Өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай, бұнда уран кеніштерін жекеменшікке сату туралы бір ауыз сөз жоқ. Яғни, оған сондай айып таққан ҰҚК тергеушілері алты ай бойы барлығын қопара іздесе де, түк таппаған. Ал сайып келгенде, ондай айыптаулардың өзі күлкі туғызған-ды», – деді атап көрсетті Ж. Жәкішева.

Ол күйеуінің ісі жабық сотта қаралуы ықтимал деп санайды.

«ҰҚК жабық процесс өткізуді жоспарлап отыр. Бәлкім бұл күйеуімнің ұлттық компанияның кеңсесін Венада ашқанына байланысты болар. Маған жеткен ақпаратқа сәйкес, Мұхтар Жәкішев «Қазатомпром» компаниясының кеңсесін Рахат Әлиевтің өтініші бойынша ашқанын ҰҚК төрағасы президентке жеткізген. Ал Рахат Әлиевке қатысты жайттардың бәрі құпия санатына жатқызылатындықтан, бұны да құпия іске айналдырады», – деді Жәмила Жәкішева.
XS
SM
MD
LG