Accessibility links

Адвокатқа іспен танысуға үш күн берілді, Жәкішев тәуелсіз консилиум талап етуде


Нұрлан Бейсекеев, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің адвокаты. Алматы, 7 қыркүйек 2009 жыл.
Нұрлан Бейсекеев, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің адвокаты. Алматы, 7 қыркүйек 2009 жыл.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісімен танысу үшін қорғаушысы Нұрлан Бейсекеевке небәрі үш күн уақыт берген. Ал Мұхтар Жәкішевтің өзі болса, денсаулығына селқос қарап отырған дәрігерлердің жауапкершілікке тартылуын сұрайды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қылмыстық іспен танысуына соншалықты қысқа уақыт беруін қорғаушы Нұрлан Бейсекеев заңды өрескел бұзу деп санайды. Оның айтуынша, 28 томды небәрі үш күннің ішінде оқып, танысу мүмкін емес.
Мұхтар Жәкішев "Қазатомпром" компаниясының президенті кезінде. Сурет "Республика" сайтынан алынды.


«Бүгін прокуратураның іспен танысу мерзімін желтоқсанның 3-іне дейін ұзартқаны белгілі болды. Менің айтқым келіп отырғаны, іспен танысу мерзіміне шектеу қою (іс болғанда қылмыстық іс – Н.Б) – бұл ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодексінің 275-ші бабына қайшы. Бұл бапта «айыпталушы мен қорғаушының іспен танысу мерзімі шектелмейді» деп көрсетілген. Заң бойынша, іспен танысу мерзімі тым созылып кеткенде ғана уақытқа шектеу қойылады. Нақты алсақ мен іспен танысуға жаңа ғана қол жеткіздім»

Оның болжамынша, ҰҚК-і мамандары Жәкішев ісін жабық режимде жүргізуді қалайды, сонымен қатар олар Жәкішевтің «Қазатомпром» компаниясының басшысы Владимир Школьник пен өзге де лауазымды тұлғалармен жолығуына барынша кедергі жасамақ.

Мұхтар Жәкішевтің денсаулығының нашар халде екенін бұған дейін оның қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев те, зайыбы Жәмила Жәкішева де ақпарат құралдарына талай мәрте хабарлаған болатын. Осыған орай мәдениетттанушы Мұрат Әуезов пен саясаткер Болат Әбілов те оны емханаға жатқызу мәселесін көтерген еді. Мұндай әрекеттердің ешбіріне де құлақ аспай отырған ҰҚК-нің қылығын Жәмила Жәкішева былайша бағалайды:

«Маған Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның (М.Жәкішевтің – ред.) көзін құртуға бел байлаған сияқты боп көрінеді. Неге десеңіз, олар ештеңеге құлақ аспайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ертеңгі күні оған бірдеңе болатын болса, барлық жауапкершілікті оны «емдеуші» дәрігерлер мен тергеу изоляторының бастығы мойнымен көтеретін болады. Бұған қатысты Мұхтардың өзі шағым жазғанын білемін»
Қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің әйелі Жәмила Жәкішева.


Шағым демекші, Нұрлан Бейсекеев арқылы Мұхтар Жәкішевтің Жоғарғы сотқа дәрігерлердің үстінен шағым жазғаны белгілі болды.

Нұрлан Бейсекеев, қорғаушы: «Бүгінгі таңда Жәкішевтің денсаулығының нашарлағаны соншалықты, бір кеште екі рет есінен танып қалды. Ол бүгін өзін емханаға жатқызу туралы, өзін қарап отырған дәрігерлердің шынайы диагноз қоймай, жалған ақпарат беріп отырғанын айтып шағым жазуға мәжбүр болды. Ол сондай-ақ, тәуелсіз дәрігерлерден құралған консилиум ұйымдастыруын да өтініп отыр. Оған мұндай мүмкіндік берілетінін айтқан. Бірақ ол шыныменен тәуелсіз бола ма, әлде әдеттегідей, «шенді» дәрігерлерден құрала ма, белгісіз. Бұдан басқа, менің қолымда оның осы іске қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тарту туралы жазған шағымы да бар. Дәрігерлер іс жүзінде оны мазақтап отыр. Оны Конституцияда жазылған денсаулық пен медициналық көмек алу құқығынан айырып отыр»

Естеріңізге сала кетейік, «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің үстінен қылмыстық іс осы жылдың мамыр айында қозғалған болатын. Осы уақыттан бері ол Астанадағы ҰҚК-інің абақтысында жатыр. Бұған дейін қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев Мұхтар Жәкішевтің абақтыда қамалу мерзімінің аяқталып кеткенін, оның босатылуын талап еткен болатын.

Қазанның 20-да Астанадағы қалалық сот оны қамау мерзімін 4 айға ұзарту туралы шешім шығарды. Оның ісіне қатысты сот процесі әлі басталған жоқ.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG