Accessibility links

Батыс әлі де Қазақстанды ядролық қару иеленуге үміткер ел деп санайды


Батыста Қазақстанның ядролық жоспарларына қатысты сенімсіз ой-пікір әлі де кеңінен таралып отыр. Елдегі демократия дамуы мен жемқорлыққа қатысты мәселелер мұндай пікір отына май құя түсуде. Ал Қазақстан біртіндеп әлемдегі нөмірі бірінші уран өндіруші елге айналып келеді.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ИЕЛЕНУГЕ ҮМІТКЕРЛЕР

«Форин полиси» журналында өз аумағында ядролық бағдарламаны іс жүзіне асырып жатқан елдердегі ахуалға талдау жасалған мақала жарияланды. Басылым аталған мемлекеттерде ядролық қарудың жасалуы немесе олардың Батыспен достық қарым – қатынас ұстамайтын елдерге ядролық қару технологиясын беруінің ықтималдығына айрықша тоқталады.

Ядролық қаруға иеленуге үміткер саналатын елдер қатарында Бангладеш, Бирма, Венесуэла және Біріккен Араб Әмірліктерімен бірге Қазақстанның да аты аталады.

Басылымның жазуына қарағанда, Бирма үкіметінің құпия ядролық реактор мен плутоний өндіретін фабрика салу ісінде Солтүстік Кореямен ынтымақтастықты жолға қойғандығының айғағы табылған. Реактор 2014 жылы жұмысын бастауы ықтимал. Бирмада, сонымен қатар, биліктегі авторитарлық әскери хунтаға қарсы халықтың көтерілуінің немесе ұлтаралық араздықтың өршуінен ел ішіндегі ахуал күрт тұрақсызданып кетуі мүмкін. «Форин полиси» сондай-ақ кейде Бангладеш пен Бирма арасында түсініспеушілік шиеленісіп кететінін, мұның арты екі ел армиясының қақтығысына апаруы ықтимал екендігін айтады.

«Форин полисидің» сөзіне қарағанда, Бангладеш өз аумағында ядролық энергетиканы дамытуға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) ресми рұқсатын алған. Аталған саланы дамытуға бағытталған бұл ел қадамдарына Пәкістан қолдау білдіріп отыр. Әрі Бангладеш таяуда Ресеймен ядролық саладағы ынтымақтастық жөніндегі екіжақты келісімге қол қойды. Алайда, бұл елдің де ішкі ахуалы тұрақсыз деп саналады. Ал Үндістан мен Пәкістан арасындағы жанталаса жаппай қарулану жарысы аймақтық тұрақтылыққа теріс әсерін тигізуде. Бангладештің ядролық энергетика саласындағы қадамдарына дем берген Пәкістанның таяудағы әрекеті,- деп жазады басылым,- ахуалды одан әрмен шиеленістіріп жіберуі мүмкін.

Басылымның жазуына қарағанда, Венесуэланың ғылыми инфрақұрылымы нашар дамыған әрі елдің қаражат қоры онша бай болмаса да, достарының көмегі арқасында бұл ел бейбіт ядролық энергетика саласын дамыта алады. «Форин полиси» Венесуэланың «досы» деп Ресейді атайды. Алаңдауға себепші болатын нәрсе ретінде басылым Ресей мен Венесуэла арасындағы, соның ішінде әскери салада, ынтымақтастықтың өсуіне сілтеме жасайды. 2005 жылдан бері бұл мемлекет Ресейден 4 миллиард доллардан аса сомаға қару сатып алған. Ал өткен айда Ресей аталған Оңтүстік Америка еліне өзінен үстеме мөлшерде қару-жарақ сатып алу үшін 2 миллиард доллардан астам сомаға несие берген. Екі ел арасында бұған қоса атом энергиясы жөніндегі комиссия құрылған.

Ел президенті Уго Чавес сонымен қатар Теһранмен тығыз ынтымақтастық орнатты. Колумбия өз аумағында АҚШ армиясының бөлімшелерін орналастыру жөнінде шешім қабылдағаннан соң аталған ел мен оның көршісі Венесуэла арасындағы қарым – қатынастар нашарлап кеткен.

«Форин полиси» шолушысының пікірі бойынша Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) де рұқсат берілмеген негізде ядролық қару жасау ісіне кірісуі мүмкін ел деп саналады. Аталған мемлекет АҚШ – пен осы салада ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімге қол қойған. Келісім бойынша Вашингтон БАӘ еліне ядролық технология, материалдар мен мамандар көмегін беруге міндеттенген.

Әлемде көптеген жандар БАӘ мемлекетін Таяу Шығыстағы ең бір тұрақты да, либерал саяси режимді ел деп санайды. Алайда БАӘ еліне ядролық технология беру ол елдің тұрақсыздау көршілеріне осындай жоспарды өз аумағында іс жүзіне асыруға түрткі болуы мүмкін деген үлкен алаңдаушылық бар деп атап көрсетеді басылым. «Форин полисидің» айтуынша, Израилді есепке алмағанда, бұл аумақ толықтай ядролық бомбаға ие болудан таза саналады.

ӨЗ УРАН БАЙЛЫҒЫНЫҢ ТҰТҚЫНЫ ӨЗІ БОЛҒАНЫ МА?


Қазақстандағы ахуалға тоқтала келе, «Форин полиси» басылымы елдің қазір әлемде уран экспорты бойынша үшінші орынды иеленіп отырғанын айтады. Жалпы Қазақстан уранның көлемі бір жарым миллион тонна болатын шикізат қорына ие. Бүгінде Ресейден тәуелді боп отырса да, Қазақстан уран байытатын өз зауыттарын салуды жоспарлап отыр және 2011 жылы жаңа атом электр стансасын салуды қолға алмақшы.

Совет Одағы күйреген соң Қазақстан мың ядролық бомбадан тұратын қару-жарақ арсеналынан өз еркімен бас тартты. Мұның үстіне 450-ден астам советтік жерасты ядролық бомба сынақ-жарылысының зардабы ел ішінде ядролық қаруға қарсы бағытталған ой - пікірдің кең таралуына себеп болды.

Дегенмен бұл елде ядролық материалдар сенімсіз қолдарға түсіп кетуінің әлі де қаупі бар деп жазады басылым. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үкіметтік жүйесінің барлық дерлік деңгейінде жемқорлық етек алған. Және де бұл дерт елдегі жедел дамып келе жатқан ядролық бюрократияны да шарпуы ғажап емес деп атап көрсетеді «Форин полиси».

Осы жылдың мамыр айында ел билігі «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының президенті Мұхтар Жәкішевті тұтқындады. 2010 жылға қарай компания әлемдегі ең ірі уран өндіруші фирмаға айналуды жоспарлап отыр. Жәкішев уран кені қорларын заңсыз иемденіп кетіп, оны шетел фирмаларына сатты деген айыппен ұсталған болатын деп жазады басылым.

«Форин полиси» кей адамдар мұндай ауқымда алаяқтық жасау дегеннің Қазақстанда мүлде мүмкін емес екендігін айтады дей келе, мәселенің мәні олардың Мұхтар Жәкішевтің атына тағылған айыптың саяси астары бар деп білетіндігінде жатыр деп атап көрсетеді.

Қалай болғанда да алаңдаушылыққа негіз бәрібір бар деп сөзін жалғастырады «Форин полиси». Не мемлекеттік бақылаудан аттап өтіп, уранның көп мөлшері контрабандалық жолмен экспортталып кетуі мүмкін, не әлемде уран өндіру бойынша жетекші орынның бірін алып отырған бұл елде саяси тұрақсыздық орын алуы мүмкін. Бұл мүмкіндікті «аласталған мемлекеттер» не лаңкестік топтар пайдаланам деуі ықтимал деген түйін жасайды «Форин полиси».

Американдық «Крисчен сайенс монитор» газеті Қазақстаннан ядролық материалдың таралып кету қаупіне қатысты таяуда жарияланған АҚШ барлауы баяндамасының негізсіздігі жөнінде жазады. Газеттің мәліметі бойынша, бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко мәлімдеген.

Қазақстан шынында да бірнеше ядролық энергия стансасын салуды жоспарлап отыр. Алайда олардың бәрі МАГАТЭ – нің толық бақылауының аясында жұмыс істейтін болады деп атап көрсетеді Сыртқы істер министрлігінің шенеунігі.
XS
SM
MD
LG