Accessibility links

Қазақстанның ураны мен мұнайы Оңтүстік Кореяны да қызықтырады


Оңтүстік Корея президенті Ли Мен Бак пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 13 мамыр, 2009 жыл.
Оңтүстік Корея президенті Ли Мен Бак пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 13 мамыр, 2009 жыл.

Оңтүстік Корея президенті Ли Мен Бактың 12- 13 мамырдағы Қазақстанға ресми сапарының барысында елдің энергетика саласына 5 миллиард АҚШ долларына тең жаңа инвестициялық жобалар әкелу туралы жоспарлар талқыланды.


СЕУЛ АЗИЯ МҮДДЕЛЕРІН БҮКІЛ ӘЛЕМ БОЙЫНША НЫҒАЙТПАҚ

Сапар барысында Ли Мен Бак Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, екі ел арасында энергетика, көлік, жаңа технологиялар мен мәдениет салаларында ынтымақтастықты дамыту туралы келіссөздер жүргізді.

Korea Herald газеті Оңтүстік Корея басшысының сапары Сеулдің жаңа халықаралық стратегиясы аясында жасалынып отырғанын атап өткен, бұл стратегия бойынша Сеул бүкіләлемдік ауқымда Азия мүдделерін нығайтуға күш салатын болады. Газеттің мәліметінше, бұл азиялық мемлекет бүгінде экономикасының көлемі жөнінен әлемде 13-ші орынды иеленіп отыр.

Корея президенті Өзбекстанға ресми сапарлап барып, қайтқан бетте Қазақстанға ат басын тіреген еді. Аталған екі мемлекет Оңтүстік Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі екі сауда серіктесі болып табылады деп атап көрсетеді «Кориа Таймс» басылымы. Ортазиялық аталған екі елде де Сеул мұнай мен табиғи газдың қорларына қол жеткізбек ниетте. Оңтүстік Корея - Қытай және Жапониямен қатар Азиядағы мұнай импорты бойынша бәрінен ілгері тұрған бастапқы 3 ел тобына енеді.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МҮДДЕЛЕРІ МҰНАЙДАН АТОМ СТАНСАЛАРЫНА ДЕЙІНГІ САЛАНЫ ҚАМТИДЫ

Қазақстанда Оңтүстік Корея 5 миллиард АҚШ долларына бара-бар жаңа инвестициялық жобаларды іс жүзіне асырмақшы. Бұл жобалар қатарына Каспий теңізі аумағындағы «Жамбыл» мұнай кенішін игеру де еніп отыр дейді «Кориа Таймс».

13 мамыр күні Астанадағы бизнесc – форумда сөйлеген сөзінде Ли Мен Бак екі ел экономикасындағы дағдарыстық ахуалды еңсеру үшін Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның мүмкіндіктерін біріктіру жөнінде ұсыныс айтты деп хабарлайды Yonhapnews ақпарат агенттігі.

Оңтүстік Корея басшысының айтуынша, оның елінің жаңа технологиялары мен Қазақстанның орасан–зор жер әрі табиғи қорларының мүмкіндіктерін біріктіру екі елге де өздерінің экономикаларының әлеуетін нығайтып, жаңартуға жол ашпақшы. Энергетика саласындағы тереңдетілген ынтымақтастық мультипликативтік әсер беріп, инфрақұрылым тәрізді өнеркәсіптің түрлі салаларының дамуына игі ықпал етер еді деп мәлімдеді Ли Мен Бак. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея басшысы «жасыл энергетика», яғни экологиялық таза энергетиканы дамытуда да күш біріктіру жайлы ұсыныс айтқан. Бұл дағдарыс біткеннен соң келетін кезеңде қос мемлекеттің халықаралық нарықтағы әлеуетін нығайтуға сеп болмақ.

Екі ел басшыларының кездесуі барысында қол жеткізілген келісімшарттар қос мемлекетке экономика саласында ғана емес, халықаралық саясат пен гуманитарлық белсенділік салаларында да ынтымақтастықты тереңдетуге жол ашуы тиіс. Оңтүстік Корея президенті сапары кезінде деп жазады «Кориа Геральд», екі елдің сыртқы істер министрлері Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қатынастарды қарқынды дамытуға серпін берер «іс-әрекет жоспарына» қол қойды.

Газет келтірген ақпаратқа қарағанда, екі ел арасындағы сауда көлемі 2008 жылы 700 миллион АҚШ долларына жетіпті, оның барысында Қазақстан Кореяға 350 миллион АҚШ долларына тауар сатып, 348 миллион долларға ол елден өзі тауар сатып алған көрінеді. Казіргі сәтке дейін Кореядан Қазақстан экономикасына 2,2 миллиард АҚШ долларына пара – пар инвестиция тартылған.

Енді Оңтүстік Кореяның мемлекеттік және мемлекеттік емес фирмалары Қазақстанға екі есе артық мөлшерде инвестиция салмақ – бұл ақшаның көлемі 5 миллиард АҚШ доллар құрайтын болады деп хабарлайды Reuters ақпарат агенттігі. Инвестицияларды салу мерзімі 3 жылдан 5 жыл мерзімге дейінгі уақытты алуы тиіс.

Бір жоба бойынша Балқаш маңында электр стансасы салынбақшы, оның құны 2,5 миллиард долларды құрайды. Бұл жобада акционерлер өз үлестерін мынандай жолмен бөліп алған: «Кориа Электрик» пен «Самсунг» - ортақ негізде 65 пайызды, «Самұрық - Қазына» холдингі - 25 пайызды, «Қазақмыс» фирмасы - 10 пайызды иемденіпті. Жоба бойынша, электр стансасының құрылысы 2014 жылға қарай аяқталып, оның қуаты 1200 бен 1500 мегаватт аралығында болмақшы.

Мұнымен қатар, кәрістер «Самұрық - Қазына» холдингімен күш біріктіріп, қалған энергетика жобаларына, сондай – ақ, көмір өндіру жобасына 1 миллиард доллар инвестиция салмақшы. Вloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл жобалардың кейбірін іс жүзіне асыруға қытайлар да инвестиция бөліп, үлес иемдену негізінде қатысайын деп отыр.

Сондай-ақ, екі ел президенттері кіші және орта қуатты атом электр стансаларын тұрғызу саласында да ынтымақтастықты жетілдіру жөнінде келісімге келді деп жазады Йонхап ньюс. Өткен жылы Оңтүстік Корея импорттаған 4000 тоннадай уранның 38 пайыздайы Қазақстаннан сатып алынған екен деп хабарлайды Йонхап.

СЫМСЫЗ ИНТЕРНЕТ ДӘУІРІ БАСТАЛЫП КЕЛЕДІ

Оңтүстік Корея президентінің Орталық Азия сапарының астарында бұл екі мемлекет нарығындағы кәріс елі беделін арттыру ғана емес, сонымен қатар, Ресей тәрізді көршілес мемлекеттер нарығы мен сауда кеңістігіне бойлай енуге негіз жасау да жатыр екен. «Кориа Геральд» хабарлауынша, бұл туралы жария түрде Қазақстанға сапары кезінде президент Ли Мен Бактың өзі мәлімдеген.

Ал Оңтүстік Корея экономикасы болса, өзінің ахуалының түзеліп келе жатқандығының нышанын байқатып отыр деп жазады аталған басылым. Осы елдің үкіметінің жорамалына қарағанда биылғы жылдың екінші жартысында кәріс елі экономикасының өсу кезеңіне енуі тиіс. «Йонхап ньюс» агенттігі аталған мемлекеттің қаржы министрінің әлемдік қаржы дағдарысының Оңтүстік Кореяға зардабын тигізбейтіндігі жайлы мәлімдемесін таратты.

Оңтүстік Корея жаңа технологиялық өндірістерді дамытуымен әлемге әйгілі. Олардың қатарына ақпараттық және интернет – технологиялар да енеді. Қазақстанда алдағы уақытта сымсыз интернет түрі қазіргіден әлдеқайда кең қолданыс тауып, бүгінгі интернетті бірте – бірте нарықтан толық ығыстыруы әбден мүмкін.

Оңтүстік Корея мамандары онлайн-байланыстың бұл түрінің жетілдірілген жаңа түрін ойлап тауып отыр. Кәріс елінен келген әріптесімен кездесуі барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өз аумағында кең диапазонды «Уайброу» (WiBro) жаңа интернет – байланыс жүйесін ендіруге қатысты келіссөздер жүргізе бастайтындығы туралы мәлімдеді. Бұл Оңтүстік Кореяда жасалған өнертабыстың Қазақстан нарығындағы сұранысы шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды деп бағаланып отыр дейді «Йонхап ньюс».
XS
SM
MD
LG