Accessibility links

Бір жылдан бері күрескен Чехиядағы қазақ босқындарының болашағы әлі бұлыңғыр


Прагада наразылық шеруіне шыққан қазақ босқындарының қолында «Прага-1968 = Қазақстан-2009» деп жазылған. 7 ақпан 2009 жыл.
Прагада наразылық шеруіне шыққан қазақ босқындарының қолында «Прага-1968 = Қазақстан-2009» деп жазылған. 7 ақпан 2009 жыл.

Чехиядағы қазақ босқындарының өз құқықтарын қорғап, өздері жайлы ашық мәлімдеп, бұқараның алдына шыққанына жылдан асты. Алайда содан бері көп ештеңе өзгерген жоқ. 2006 жылы Чехияға келген олар әлі күнге дейін заңды түрде босқын мәртебесін ала алмай жүр.


ҚОРҒАНСЫЗДАР

Азаттық радиосы өз Отанында арнаулы қызмет тарапынан қудалауға ұшыраған қазақ босқындарының тағдыры туралы бір жылдан аса уақыт баяндап келеді. 2006 жылы Чехияға келген олар әлі күнге дейін босқын мәртебесін ала алмай жүр. Азаттықтың кезекті дөңгелек үстелі осы тақырып төңірегінде болды.

Пікірталасқа: Чехиядағы қазақ босқындары комитеті төрағасының орынбасары – Қайрат Досметов, «Орта Азиядағы адам құқы» қауымдастығының төрайымы – Надежда Атаева және қазақстандық құқыққорғаушы Татьяна Чернобиль қатысты.

Қазақстанның екі жүзден аса азаматы отбасылары, бала-шағасымен бірге чехтың босқындарға арналған лагерінде тұрып жатыр. Чех билігі кез келген сәтте оларды Қазақстанға күштеп депортациялауы да мүмкін.

Чехияның жоғарғы әкімшілік соты оларға Қазақстанда ешқандай қысым мен азаптау төніп тұрмағандығын алға тартып, босқындар Отандарына оралу керек деп есептейді. Құқыққорғаушылар болса мұнымен келіспей отыр.

Мұсылман босқындары өздерін «таза дін» ұстанушылармыз деп есептейді. Олар діни сенімдерінде тәуелсіз көзқарас ұстанады, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына қарайтын мешіттерге бармайды әрі ресми исламның қауымына да жатпайды. Олар Қазақстан мешіттері үкімет бақылауында және ислам негіздерін бұрмалайды деген сенімде.

Бір жыл бұрын аталған жамағат Прага қаласында чех үкіметінің миграциялық саясатына қарсылық білдіріп, наразылық шарасын ұйымдастырған болатын. Бұл мәселе төңірегінде көпшілік білмегендіктен шара қызу талқыланды. Мәселе саяси реңк алды. Шеруде қазақ босқындары Чехия мен Қазақстан үкіметі және Еуродақтың басшылығына саяси талаптар қойды.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН МӘСЕЛЕ

Сол өткізілген шеруден кейін, 2009 жылдың наурыз айында, Чехиядағы босқындар қауымы Венада ЕҚЫҰ жиыны өтіп жатқан тұста парақшалар таратты. Содан кейін Чехия үкіметі қауымның бірнеше мүшесін, заңсыз адам тасымалдады деп айыптап, оларға қарсы қылмыстық іс ашып, тұтқынға алды. Бұл іс «асықпай» прокуратураға да жетті.

2009 жылдың жазында босқындарға арналған чех лагерлерінің бірінде босқын мәртебесіне қол жеткізе алмай жүргендер арасында бүлік шықты.

Олар өздеріне деген қарым-қатынас пен көзқарасқа наразы болған еді.

2009 жылдың қазанында Чехия үкіметі Марғұлан Мұхамбетовты Қазақстанға күштеп қайтарып жіберген еді. Бұл осы аталған діни қауым мүшелерінен Отанына депортацияланған алғашқы адам еді. Кейіннен ол із-түзсіз жоғалып кетті, қазір ол туралы нақты ақпарат жоқ.

Ал Чехиядағы босқындардың мәселесі әлі сол күйінде шешімін таппай отыр.

– Біз өзімізді «таза дін» өкілдері деп атамаймыз. Біз тек дінге сенушілерміз. Ал мәселемізге келер болсақ, біздің ісіміз бірнеше жыл бойы әлі өз шешімін тапқан жоқ. Осыған қатысты қолымызға анықтама берілді. Онда "чех полициясы туралы заңның" 27 тарауында көрсетілгендей, олар біздің мәселемізді конвенциямен үйлестіре отырып шеше алмайтындығы жазылған. Қылмыстық іс әлі прокуратурада жатыр. Бүгінгі таңда іс сотқа жіберіле ме, әлде дәйектердің жетіспеуінен жабыла ма деп күтіп отырмыз. Адвокаттар соңғы пікірді ұстанып отыр, – деді Чехиядағы қазақ босқындарының комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Досметов.

БОСҚЫНДАР ТАҒДЫРЫ

Қылмыстық іс Чехиядан Аустрияға қашып кеткені үшін қазақ босқыны Әлия Артықбаеваның үстінен қозғалған еді. Босқын мәртебесін ала алмай жүрген Әлияның күйеуі Әділжан Мұздыбаев та аталған қауымның мүшесі. Әділжан қылмыстық іс бойынша Қазақстан түрмесінде отырып, осы жақында ғана бостандыққа шықты.

Әлия Артықбаева үш баласымен Чехияға Қазақстаннан қашып келген болатын. Алайда чех үкіметі өзіне босқын мәртебесін беру туралы Әлияның берген өтінішін бірнеше рет қанағаттандырмады. Содан кейін Әлия балаларымен Аустрияға қашуға мәжбүр болған еді.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, ол жерде Әлияның мәселесі оң шешімін тапқан сыңайлы. Ал Чехия үкіметі Әлия Артықбаевның қашып кетуіне көмектесті деп Чехиядағы бірнеше босқынға қарсы қылмыстық іс ашқан болатын.

– Чехия мен Еуропаның өзге де мемлекеттеріндегі қазақ босқындарының мәселесін талқылай отырып, жағдайдың осылай қалыптасуының себебін анықтауымыз қажет. Не себепті Қазақстан азаматтары өз елін тастап кетіп жатыр? Адамдар көші-қон полициясы мен сот органдарынан әділетсіз, біржақты шешім алып жатса, оларға өз басының амандығын ойлап, Чехиядан кетуден өзге амал жоқ. Мен оларды заңбұзушылар деп қабылдай алмаймын. Чехия оларға өз еліне қайта оралудан өзге амал қалдырған жоқ. Оралған жағдайда оларды азаптаулар күтіп тұрғаны анық, – дейді «Орта Азиядағы адам құқы» қауымдастығының төрайымы Надежда Атаева.

ҮМІТ

Чехиядағы қазақ босқындарының босқын мәртебесіне қол жеткізе алмай отырғандарына үш жылдан аса уақыт өтті. Чехия үкіметі шағын мұсылман қауымдастығы Қазақстан территориясында тіркелмеген, осылайша олар әу бастан заңдылықты сақтамаған деген уәж айтып отыр.

Аталған қауым Қазақстанда өз құқын қорғауда қолданыстағы заңдарды толық пайдаланбаған деп шешкен чех үкіметі, Қазақстанда адамдар жүйелі түрде діни көзқарасы үшін қудаланып жатқан жоқ дегенді айтып отыр.

Чех үкіметінің пайымдауынша, Қазақстан – барша діндерге төзімділік танытатын ел, адамдардың діни көзқарасы бойынша қудаланған жағдайлар тіркелмеген.

– Мен аталған діни топтың тыныс-тіршілігінен бейхабармын, сондықтан олар Қазақстанда діни көзқарасы үшін қуғынға ұшырайды ма, жоқ па, мен білмеймін. Алайда, оларды ойдан құрастырылған істермен жауапқа тартуы мүмкін, мәселен, оларға есірткі салып жіберуі ықтимал. Нәтижесінде, қылмыстық іске тартып, азаптап-қинауы мүмкін. Біз, құқыққорғаушылар, діни істер мен оларға қарсы қолданылған қысымның қалай тергелетіндігін білеміз. Олар бұл істерді мекеме ішінде тексереді. Арызданушы бұл істі бақылай алмайды. Сондықтан шешімге қатысты шағымдана алмайды. Әдетте «сіздің айтқандарыңыз дәлелденбеді» деген жауап беріледі. Сондықтан қысым көрсетілгендігін дәлелдеп шығуда құқыққорғау органдарына үміт аз, – дейді қазақстандық құқыққорғаушы Татьяна Чернобиль.

Қымбатты оқырман, назарларыңызға Чехиядағы қазақ босқындарының тағдырына арналып, орыс тілінде өткізілген дөңгелек үстел талқылауында айтылған негізгі ой-пікірлерді ықшамдап аударып ұсынып отырмыз.

Чехиядағы қазақ босқындарының тағдырына арналған дөңгелек үстелдің толық нұсқасын сайтымыздың орыс тіліндегі бөлігінен оқуға болады.
XS
SM
MD
LG