Азаттық радиосы 2005-2006 жылдары саяси баспана алу үшін Қазақстаннан Еуропаға қашып барған шағын мұсылман қауымының тағдыры туралы әңгімесін жалғастырады.
Бұл қауымның мүшелері Қазақстанда билікшіл молдалар исламның әуел бастағы мағынасын бұрмалап жіберген деп есептегендіктен ресми тіркелген мешіттерге бармаған.
Мұсылмандардың бұл тобы Батыс Қазақстанда 1990 жылдардың соңында құрылып, көп ұзамай арнаулы мекемелер олардың ізіне түсті. Қауым мүшелерінің көпшілігі сол кезде 20-25 жастағы жас жігіттер болатын.
Қазақстан билігі елдегі осындай аз санды мұсылман және өзге де діни қауымдастық өкілдерін қудалауды жалғастыруда. Өздерінің бірқатар діндес бауырларын қылмыстық айыптаулармен ұзақ мерзімге түрмеге қамағандықтан, олардың кебін кимес үшін «Таза дін» қауымының мүшелері Чехия мен Словенияға қашқан. Бұл жақтан олардың кейбіреулері Еуропаның өзге елдеріне өтіп кетті.
Чехия алғашында бірнеше отбасыға саяси баспана берген. Бірақ, олардың артынан лап қойған ондаған жас балалы мұсылман отбасыларын көрген соң оларға босқын мәртебесін беруден бас тартты.
Жаңаөзен қаласынан шыққан үш мұсылман отбасы 2006 жылы Словенияға қашып келді. Биліктегілер дәл Чехиядағы тәрізді оларға қырын қарап, олардың дәлелдері мен өтініштерін құлаққа ілген жоқ: өз Отанында жүйелі түрде қуғынға түскені жайында жазбаша дәлел жоқ-мыс; бұл қауым зайырлы заңдарды құрметтеген жоқ, сол себепті қазақ билігі алаңдады-мыс; өз Отанындағы қылмыстық қудалаудың саясатпен еш байланысы жоқ-мыс және т.б.
Ал, 2009 жылдың желтоқсан айында ұзақ уақыт әуре-сарсаңға салып барып қазақтың бір отбасына күтпеген жерден саяси баспана берді. Бұдан соң Қазақстаннан келген өзге екі отбасында да үміт оты пайда болды.
Сонда, Чехияға қарағанда Словенияда босқындардың бұл тобына деген көзқарас неге өзгеше? Біз осы сұраққа жауап іздеуге талпынып көрмекпіз.
ЖОЛЫ БОЛҒАН АСЫЛБЕК ЖҰМАҒАЗИЕВ
«Википедия» интернет энциклопедиясында Словения Республикасы – Орталық Еуропаның оңтүстігіндегі Альпі тауының баурайында орналасқан мемлекет деп көрсетілген. Словения батысында – Италиямен, солтүстігінде – Аустриямен, солтүстік-шығысында – Венгриямен, шығысы мен оңтүстігінде – Хорватиямен шектесіп, оңтүстік-батысында Адриатика теңізімен шектеседі.
Елдің атауы жергілікті халық – словендердің этнонимімен қойылған. Словения – Еуроодақтың мүшесі және Шенген келісіміне енеді. Словен тілі оңтүстік-славян тіл тобына жатады, жазбалары латын алфавиті негізінде.
Словенияның аумағы – 20 мың шаршы шақырымнан асады. Қазақ босқындарының айтуларынша, екі миллиондай халықтың ішінде басым көпшілігі словендер. Жергілікті халық біріне-бірі достық қарым-қатынас жасап, шетелдіктерге төзімділігімен ерекшеленеді.
Міне, қазақ мұсылман-босқыны Асылбек Жұмағазиевтің отбасы осы бір шағын ғана ұядай елге келді. Оның өзі қазір 29 жаста, ал әйелі Нұргүл Жолдыбаева 25 жаста. Олардың екі баласы бар. Ұлы Әли төрт жаста болса, қызы Мәриям екі жаста. Олар 2006 жылғы қыркүйек айында Жаңаөзен қаласынан Ақтау арқылы Түркияға қашып, одан Словенияға келген.
Өткен жылдар бедерінде Словения билігі Асылбек Жұмағазиевке саяси баспана беруден бірнеше мәрте бас тартып келген. Асылбек оларға өз отанында жүргенде ресми мешітке бармағаны және «Таза дін» қауымын тастамағандығы үшін полиция және ҰҚК тарапынан қудаланғандығын айтып береді.
2006 жылы Асылбектің бірнеше жолдастары түрмеде отырған. Полиция мен сот олар есірткі сақтаумен және сатумен айналысқан деген шешім шығарды. Олардың жетекшілерінің бірі Бақытжан Бұрхановты 2002 жылы Жаңаөзен қаласының ортасында атып кеткен. Бірақ полиция оны бизнеске таласып қалғандардың «есеп айырысуына» жатқыза салды.
Азаттық радиосына Асылбек Жұмағазиевтің өзінің айтып бергеніндей, Жаңаөзенде оның жап-жақсы бизнесі болған. Ол ұялы телефон сатумен айналысқан. Бұл жаңа нарық болатын. Сол себепті 2006 жылға дейін, бес жыл бойы оның бизнесі жақсы жүрді. Бірақ осы кезде полицияға шақыртулар, ондағы соққыға жығу, қорқытып-үркітулер басталды. Оның айтуынша, арнаулы қызметтегілер Асылбекке мұсылмандар қауымын қаржыландыратындығын мойнына алуға мәжбүрлеген.
Бірақ Словенияда оның айтқан сөздеріне сенімсіздікпен қарады. Тіпті, Асылбекке қатысты 2009 жылдың 30 желтоқсанында шыққан Словения ІІМ-нің оң шешімінде де сенімсіздіктің ізі байқалады. Осы жерде және бұдан ары бұл шешімнің ресми орысша аудармасы бойынша келтіреміз:
«Жалпы алғанда бұл мәлімдемелер (Асылбек Жұмағазиевтің) сенімді сияқты көрінеді, алайда өтініш жасаушының кейбір әрекеттері мен мәлімдемелерінен соң өтініш беруші айтқан сол оқиғалардың шындығына байланысты күмән туындайды. Мұндағы күмән тудыратын мәселелер, біріншіден, өтініш беруші осы оқиғалардан соң ешқашан дәрігерге қаралған жоқпын дейді. Өтініш берушіден бұл жайында бірнеше мәрте сұрағанда ол жоқ деп жауап берді».
ЖАҢАӨЗЕНДЕ БАЛАЛАР ОЛАРДЫ НЕГЕ МАЗАҚТАЙДЫ?
Азаттық радиосына Асылбектің айтуынша, олар словен полицияларына алғашында Қазақстан дегеннің не екендігін, оның қайда орналасқандығын, билікке жақын діннен оның қандай принципті айырмашылығы бар екендігін ұзақ уақыт айтып түсіндірулеріне тура келген. Словения ІІМ шешімінен тағы бір үзінді келтірейік. Онда олар Асылбектің әйелі Нұргүл Жолдыбаеваның айтқан сөздеріндегі қарама-қайшылық іздейді:
«Әңгімелесу барысында өтініш беруші әйелдің айтуынша, олар дәрігерге немесе ауруханаға барғанда оларды ел қатарлы емдемей «уаххабшылар» деп атаған. Ол өзін көшедегі кішкентай балалардың да «уаххабшы» деп мазақтағанын айтады. Өтініш берушінің бұл сөздеріне сену мүмкін емес. Өтініш беруші тұрған Жаңаөзен қаласының 55 мың тұрғыны болған. Демек, мұндай қалада елдің барлығы бірін-бірі біледі деп айту қиын (өтініш беруші де өзінің тағы бір сөзінде мұны растады). Ендеше дәрігерлер мен балалар оларды биліктің қандай діни топқа жатқызатындығын біледі және осыған байланысты оларды мазақтайды немесе сапасыз медициналық қызмет көрсетеді деп айту да қиын».
Бұл жерде бір нәрсе деп уәж айтудың өзі артық. Кеше ғана Югославияның тоталитарлық режимінің шекпенінен шыққан словен полициясына шағын ғана Жаңаөзен қаласында насихаттың қалай жұмыс істегенін, жергілікті телевидение мен газеттерде күні-түні бірдей «жас Қазақстан мемлекетінің біртұтас мұсылман қауымына жік салып жатқан» «уаххабшылар» жайында айтқанын түсіндіріп беру керек пе? Мұндай насихат осы уақытқа дейін жүруде дейді «Таза дін» қауымының мүшелері. Бірақ, словен полициясы осы тектес күмәндарын көбейте берді:
«Өтініш берушінің тек сыртқы бейнесі ғана (басындағы орамалы мен ұзын көйлегі) тиісті органның бағалауы бойынша медициналық қызметкерлер мен балаларды, оны уаххабшылдық діни қауымда деген қорытынды жасауға әкелмеген шығар».
Бірақ Нұргүл Жолдыбаева мен оның күйеуі Асылбек мұнайшылардың шағын ғана Жаңаөзен қаласында адамдардың бір-бірін өте жақсы білетіндігін, аға буын сталиндік қуғын-сүргінді басынан өткерген, ал жаңа толқын әлемге жаңа автократизмнің тар саңылауы арқылы қарайтын мұндай шағын қалада қарсы насихаттың қатты ықпал ететіндігіне словен сотын сендіріп бақты.
Алайда, словен билігінің осы жас қазақ мұсылман отбасына деген күмәнін гуманды қарым-қатынас жеңіп, олар тура жаңа жылдың алдында босқын мәртебесін алды. Айтпақшы, Словения ІІМ-нің шешімінде Қазақстандағы адам құқының жағдайына байланысты ақпарат көзі ретінде Азаттық радиосы да аталған. Отағасы Асылбектің екі жылдан бері жұмыс істеуге рұқсаты бар. Ол Словенияда жүк машинасын жүргізеді.
Азаттық радиосының тілшісі Асылбекке телефон шалған кезде оның үйінде жолдастары, Жаңаөзеннен келген екі босқындар отбасының отағасылары Артур Дзауров пен Дінмұхаммед Ешімов отыр екен. Олар қоныс құтты болсын деп айтып келсе керек: жақында билік Асылбектің отбасына әлеуметтік тұрғын үй – Словения астанасы Любляны қаласының орталығынан үш пәтерлі коттеджден екі бөлмелі пәтер берген. Асылбек Жұмағазиев отбасының өмірі жаңа отаны – Словенияда біртіндеп қалпына түсіп келеді.
АРТУР ДЗАУРОВТЫҢ ТАҒДЫРЫ
Жаңаөзен қаласынан шыққан мұсылман-босқын 28 жасар Артур Дзауровтың әзірге жолы болыңқырамай тұр. Ол да Асылбек Жұмағазиев сияқты мұнда 2006 жылы қашып келген. Оның жағдайы да Асылбектің тағдырына ұқсас болғандықтан Артур оған қатысты да оң шешім шығып қалар деген үмітте. Артур да Жаңаөзендегі «Таза дін» қауымының мүшесі болған.
Артур Дзауров исламды 2003 жылы қабылдаған этникалық ингуш. Оны алғаш рет 2004 жылы діндес бауырларымен бірге қауым мүшелерінің бірінің пәтерінде отырғанда ұстаған. ҰҚК қызметкерлері пәтерде тінту жасап, «діни үнпарақтарды» алып кеткен. Кешке қарай ұсталғандардың барлығын босатқан. Бірақ қуғындау күшейе түсті. Мәскеулік құқыққорғаушы Виталий Пономаревтің: «Қазақстан: Маңғышлақтағы «салафиттермен» күрес» деген баяндамасында бұл жайында былай деп жазылады:
«2006 жылдың қаңтар айында құрбан айтқа байланысты Жаңаөзендегі бір пәтерге жиналған алты адамды ҰҚК және ҰҚКБ (ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы) қызметкерлері ұстаған. «Үйге камуфляж киімдегі беттеріне бетперде киген адамдар келіп кірді. Менің кейінірек білгенімдей, оларды бастап келген ҰҚКБ қызметкері Зограб Лобян мен ҰҚК қызметкері Сейсенбай Ізмұханов екен, – деп жазады Артур Дзауров. – Олар үйдегі әдебиетті жинап алып, бізді қалалық ішкі істер басқармасына алып келді. Ол жерде біздің саусақ таңбаларымызды алып, сұрақтар қойып, кітаптарды қайтып алып кету үшін келесі күні келуіміз керектігін айтты. Біз келген кезде бізді дәлізге отырғызып қойды. Содан соң «уаххабшыларды» көргілері келгендердің барлығы келіп бізге қарады. Кешке қарай кітаптарымыздың бір бөлігін бізге қайтып берді. 10 маусым күні мені ІІБ тергеушісі Алдияр Бесбаев шақырту қағазын жіберіп шақыртып алды. Ол да, оның қасындағы бетперде киген, қолында сойылы бар әріптесі де бізді әбден жалықтырған бір сұрақтарды қоя берді. Содан соң қолымдағы кісеніммен жылу батареясына байлап қойып, ұра бастады.
Сол күні мен соққыдан алған жарақаттарыма байланысты ауруханадан анықтама қағазын алдым.
Екі күннен соң мені тергеуші Қасқаев шақырып алды. Мен полицияға барған жоқпын, содан соң елден қашу керек деген шешім қабылдадым».
Артур Словенияға қашқан. Бірақ бұл жерде оған баспана беруден бас тартқан. Ресми дәлелдер сол баяғы: діни көзқарасы үшін жүйелі түрде қуғынға түскендігіне дәлелдер жоқ дейді. Осы жерде Артурдың басынан талай қилы жағдайлар өтті.
АЙ ЖАРЫҒЫМЕН ШЕКАРАДАН ӨТУ
Словения билігінің екі «теріс» шешімінен соң 2009 жылдың басында Артур Мәскеуге қашқан. Негізінде бұл саяси баспана туралы өтінішті қарастыруға қатысты жергілікті заңдар мен халықаралық ережелерді бұзу болып табылады. Бір қызығы, Артур мен оның әйеліне (олардың әзірге балалары жоқ) бірнеше еуропалық мемлекеттерді ашық түрде басып өтіп, ал Польша мен Беларусьтің шекарасынан түнде өзен арқылы өту қиынға түсе қойған жоқ. Тура кинодағы сияқты.
Еуропадағы Артур сияқты баспана сұраушылар оған жөн білетін бір таксисті тапса, ол Беларусь шекарасы арқылы өзі білетін бағытпен алып шығады деді. Бағасы – 800 еуро. Артур мен әйелі түнде өзеннен өтіп жатқанда, дәл сол таксист ресми бекет арқылы айналып өтіп, оларды беларусь жағындағы жағалауда күтіп тұрды. Содан соң ол босқындарды вокзалға, Мәскеу пойызына дейін апарып тастады. Бұдан соң қиындық болған жоқ. Қалталарында қазақ төлқұжаты. Ресей мен Беларусь аумағында ешкім виза талап етпейді.
Мәскеуде Артур өз туыстарының көмегімен пана таппақшы болды. Бірақ сәті түспеді. Өйткені, Артурдың әйелі – ақтөбелік орыс қызы . Ол да «Таза дін» қауымының мүшесі. Алайда, Артурдың айтуынша, бұл оның мәскеулік туыстарына әсер етпеген.
Содан соң Қазақстаннан шыққан жас босқындар Мәскеуден Словенияға шытырман мен қауіпке толы сапарын қайта жасаған. Беларусь пен Польша аумағындағы дәл сол өзен, дәл сол таксистер, дәл сондағыдай түн ортасында жолсызбен сандалу. Артур алдымен Чехияға барып, содан соң кейін қарай, Словенияға өтпек болды. Бірақ Прагада олар миграциялық полицияның қолына түсіп, 60 күн бойы «Белла Йезова» депортациялық лагерінде отырды. Жас босқындар Словенияға айдауылмен әкелініп, тағы 45 күн жартылай түрме жағдайында отырды.
Жақында Артур мен оның әйелін қалаға жіберді. Яғни, оларға өздеріне үй жалдап, еркін жағдайда тұруға рұқсат берді. Енді Артур Дзауров саяси баспана алудан үмітті. Өйткені, бастарынан өткен оқиғалары ұқсас оның жолдасы Асылбекке саяси баспана берілді.
Осы жерде оның осылай үміттенуіне тағы бір негіз бар. Өйткені, Словенияда билікке оппозициядағылар келді. Олар сайлау алдындағы бағдарламаларында босқындар мәселесін төзімділік ыңғайында шешуге уәде берген. 2007 жылдың күзінде Словенияның жаңа президенттігіне солшыл оппозицияның кандидаты Данило Тюрк сайланған. 2008 жылдың күзінде оппозициялық социал-демократиялық партия парламент сайлауында да жеңіске жетті.
Саяси өзгерістер словен билігінің миграциялық саясатында көрініс тапты. Бір ғана штрих – қазақ босқыны Асылбек Жұмағазиевке қатысты «теріс» шешімге де, «оң» шешімге де ІІМ-нің бір инспектор – Клавдия Элбл қол қойды.
Артур Дзауров осы үш жыл бойына, қоғамдық тұрғыдан алғанда, қолдарын қусырып жай отырмағандығын айтады. Қазақ босқындары Словения астанасы Люблянада кем дегенде үш рет наразылық митингісін өткізген. Бұл үшін оларға жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері көмектескен. Сонымен бірге, олар университеттерді аралап, студенттерге өздерінің жағдайлары туралы айтып жүрген. Қазақ босқындары қазір билікке келген Словения оппозициясымен де байланыста болған.
Сондықтан да, бір кездері Жаңаөзен қаласында шағын бизнеспен айналысқан, қазақ арнаулы қызметтерінің қудалауымен бизнесін де, Отанын да тастап қашқан Артур енді Қазақстаннан алыста жатқан Словениядан жаңа өмірін бастаудан үмітті.
ДІНМҰХАММЕД ЕШІМОВ ТЕМІР ТОРҒА ҚАЛАЙ ТҮСТІ?
Егер Словения және чех миграциялық полциясының бюрократтық түсініктерімен қарайтын болсақ, «Таза дін» қауымының мүшесі Дінмұхаммед Ешімовтың түрмеде отырды деген дәлелдері бар, «есірткі сақтағаны үшін» жарты жыл тергеу изоляторында болып, содан соң шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Бұл қуғындаулар жайында мәскеулік құқыққорғаушы Виталий Пономаревтің 2007 жылғы «Қазақстан: Маңғышлақтағы «салафиттермен» күрес» атты баяндамасында жазылғанындай, есірткімен және қару-жарақпен байланысты жала Қазақстанда кең сипат алып кеткен.
Ол кезде Дінмұхаммед Ешімов 25 жаста болатын. Есірткі бұл пәтерге алдын-ала әдейі тасталды деп бұл оқиға жайында Виталий Пономарев егжей-тегжейлі жазады. Тұтқындау бірнеше күннен кейін болған. 2003 жылғы 15 тамыз күні кешке арнаулы қызметтердің ведомствоаралық тобы екі куәгермен бірге Ешімовтің пәтеріне кірген.
«Олар жүгіріп кірген кезде мен қолымда нәресте баламды ұстап тұрғанмын, -деді Дінмұхаммед Ешімов мәскеулік «Мемориал» құқыққорғау ұйымына. – Бірден маған тап беріп, мені ұра бастады. Баланы біреуі алды. Түкпіргі бөлмеге кіргізіп, жерге жығып, басымды аяқтарымен басып тұрды. Бірнәрсе айтайын десем, бірден боқтап, ұра бастайды. Күн ыстық болатын мен жейде киместен тек трикода болатынмын. Менің қалтама бірнәрсе салып жатқанын сезіп жатырмын. «Не салып жатырсың?» деп айқай салдым. Олар тағы да ұра бастады.
Содан соң куәлар кірді. Хаттама толтыра бастады. Әр қалтамнан героин салынған бір-бір пакет және бірнеше пакетті тоңазытқыштан, содан соң ұйықтайтын бөлмеден есірткіге арналған, қарындаштан қолдан жасалған таразы «тауып алды». Әйелім мен қарындасым болып жатқан оқиғаларға қарсылық білдіріп еді оларды боқтап-боқтап басқа бір бөлмеге тығып тастады. Содан соң басыма жейдемді жауып, ҰҚК-не алып кетті.
Сол жерде қолымдағы кісеніммен бетімді төмен қаратып еденге жатқызды. Осылайша бір-екі сағат жаттым. Ары-бері өткендер мені басып немесе бір теуіп кететін. Басымды көтеруге әрекеттенсем, ұра бастайды. Қапырық, ауа жоқ, басымды жейдеммен жауып тастаған. Бір қолымнан жан кетіп қалғандай болды, қолым кейін екі аптадан соң барып біртіндеп жазылды.
Анам мен адвокатты маған жіберген жоқ. Тергей бастады. «Біздің неге бұлай жасағанымызды жақсы түсінесің ғой. Сен намаз оқығаныңды тоқтатуың керек», – дейді. Мен: «Намаз оқығанға тиым салынған ба?» -деп сұраймын. «Жоқ, бірақ намазды мешітте оқы. Әйтпесе, бұл жерден кетуің керек», – дейді. Содан соң маған есірткіні көшеден кездейсоқ тауып алғаным туралы мойындауға қол қоюымды талап етті. Мені ұрамыз деп қорқытты, менің есірткі сататындығымды дәлелдейтін «куәгерді» табатындықтарын айтты. Басым айналып кетті. Содан соң олардың талап еткен қағазына қол қойып бердім».
Түнгі сағат бірлерге қарай Дінмұхаммед Ешімовты Ақтауға алып кеткен. Түнде ол Маңғыстау облыстық ІІБ-да жылу батареясына кісенмен байланған күйі жатты. Келесі күні оны тергеу изоляторының «қызыл үй» деп аталатын камерасына қамады. Бұл жерде оны өзге тұтқындар соққыға жықты. Ешімовтың үйінен алынған есірткінің жалпы салмағы 1,4 грамм болды.
Азаттық радиосының тілшісіне Дінмұхаммедтің айтуынша, бұдан кейін оның тағдырын бірнеше мың доллар шамасындағы пара шешкен. Сотта Ешімов қолдан жасалған таразы, есірткі және пышақ салынған пакетті көшеден кездейсоқ тауып алып үйге алып келгенін айтқан. 2004 жылдың 18 ақпанында Жаңаөзен қалалық соты оны үш жылдық сынақ мерзімімен бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды.
ҚАЗАҚ ТҮРМЕСІНЕН СЛОВЕНИЯҒА
Дінмұхаммед түрмеден пара беріп босап шыққан. Бірақ, дәл сол арнаулы қызметтің жергілікті офицерлері жаны ашығандықтан-мыс бұл мұсылмандарға аман-есенінде Қазақстаннан кетіңдер дейді.
Шартты мерзімі 2006 жылдың 16 маусымында біткен Дінмұхаммед Ешімов 2006 жылдың 28 тамызында Жаңаөзен қаласының полициясына шақырылған. Ол жерде ҰҚК қызметкері Сейсенбай Ізмұханов қуғынға салатынын айтып, бір айдың ішінде елден кетуін талап еткен.
2006 жылдың 16 қыркүйегінде тағы да шақырту келген деп жазады құқыққорғаушы Виталий Пономарев. Келесі күні тағы да арандатулар
Қазақ босқыны Дінмұхаммед Ешімовтің балалары – Абдолла, Мұса және Омар саябақта. Любляна, сәуір, 2010 жыл.
болуы мүмкін деп қорыққан Ешімов Қазақстаннан қашқан.Дінмұхаммед Ешімов бұдан ары тағдырын талқыға салғысы келген жоқ, сөйтіп көп ұзамай Словениядан бір-ақ шықты. Бірақ бұл жерде оған баспана беруден бас тартты. Виталий Пономаревтің баяндамасын Словения билігі «обьективті емес» деп тапты. Айтпақшы, Пономаревтің баяндамасы жайында Чехия билігі де осылай дейді. Ешімовтің ісі бойынша Словения ІІМ-нің 2008 жылғы 6 мамырдағы «теріс» шешімінде былай деп жазылған:
«Өкілетті орган, өтініш берушінің өзі ұсынған құжаттарда көрсетілгендей, оның есірткі сақтағаны үшін сотталғанына күмәнданбайды. Бірақ бұл жерде өкілетті орган айыптау үкімі мен өтініш берушінің діни көзқарасы арасынан байланыс таппай отыр».
Иммигранттарға қарсы бағытпен жазылған шешімде тағы былай деп жазылған:
«Өтініш беруші 2003 жылдың 15 наурызында қуғындауға түскендігін көрсетпеген. Ал дінінен бас тарту немесе қаладан кету туралы талапты өтініш беруші тұтқындалған күні емес, содан соң – бұл оқиғадан үш жыл өткен соң, яғни, шартты мерзім біткен соң 2007 жылдың 28 шілдесінде алған ғой».
Мұндай бюрократтық тосқауылдарды чехтың миграциялық билігінің қазақ мұсылман-босқындарының ісіне қатысты теріс шешімдерінен
Қазақстаннан Еуропаға бас сауғалап барған босқындар (солдан оңға): Асылбек Жұмағазиев, Артур Дзауров және Дінмұхаммед Ешімов. Любляна, желтоқсан, 2009 жыл.
де кездестіруге болады. Азаттық радиосына Францияда тұратын құқыққорғаушы Надежда Атаеваның айтуынша, чех полицейлері босқын мәртебесін сұраушыларды куәлік беруде шатастыру тәсілдерін қолданады. Әңгімелесу хаттамасына деректерді бұрмалап жазып, содан соң осылардың арқасында «теріс» шешім шығарады. Босқын мәртебесін сұраушыларды олардың әңгімесіндегі бір тақырыптағы майда қарама-қайшылықтар арқылы ұстап алып, жалпы контексті сырып тастап, жүйелі түрде қуғындалғандығы туралы жалпы картинаға көз жұма қарайды.Дінмұхаммед Ешімов Словенияның миграциялық лагерлері мен соттарында осындай өткелектерден өтті. Қазір оның өзі де, оның әйелі Ғалия Тегісбаева да 31 жаста. Олардың үш баласы бар. Үлкен ұлдары жергілікті словен мектебінің екінші сыныбында оқиды, екінші ұлдары мектепке күзде барады. Бір кездері Дінмұхаммед Ешімовтың өз елінде бизнесі болған. Тіпті, лицензия бойынша балық сатумен айналыса бастаған. Алайда тағдыр мен құдайға сену оны жат жерге алып келді. Қазір ол Люблянадағы автомобиль фильтрлерін шығаратын зауытта жүк тиегіш машина жүргізеді, саяси баспана алудан үміттенеді.
СЛОВЕНИЯДА ҚАЗАҚТАРҒА ҚЫРҒЫЗ ҚЫЗЫ КӨМЕКТЕСУДЕ
Словениядағы қазақ босқындарына жергілікті «Рог» атты миграциялық әлеуметтік орталық көмектеседі. Бұл жерде Ыстықкөлден келген Айгүл Хакимова атты қырғыз қызы жұмыс істейді. Ол – Люблянадағы гуманитарлық ғылымдар институтының докторанты, Еуропалық одаққа қоныс аудару проблемалары бойынша диссертация жазуда.
Айгүл Хакимова азаматтық қозғалыс бойынша словениялық әріптестерімен бірге босқын мәртебесін сұраушыларға әлеуметтік және құқықтық көмек беру жобаларымен айналысады. Айгүлдің Азаттық радиосына айтуынша, тағдырдың жазуымен Батыс Қазақстаннан Словенияға келген отбасылар саны үшеу емес, төртеу. Тағы бір отбасы екі баласымен үш жылдан бері босқындар лагерінде тұрып жатыр.
Айгүл Хакимова Словенияға келген қазақтарға саяси баспана берілу мәселесіне қатысты абайлап болжам айтады. Өйткені, Словения осындай иммигранттарға көмек көрсету жөніндегі Еуропалық одақтың ең төменгі талаптарын ғана орындайды.
- 15 жылдың ішінде Словениядан 18 мыңдай шетелдіктер баспана сұрап, олардың тек 170-і ғана босқын мәртебесін алған. Яғни, өтініштердің 0,1 пайыздан азы ғана оң шешілген. Бұл өте аз, – дейді азаматтық қозғалыс белсендісі Айгүл Хакимова.
Асылбек Жұмағазиевтің ісі оң шешіліп, өнеге боларлық оқиға орын алғанымен, Айгүл Хакимова әзірге болжам жасауға асығар емес. Чех полициясының қолында болған Артур Дзауров тіпті Словенияның полицейлері де мейірімділеу дейді бізге. Бірақ Айгүл Хакимованың айтуынша, Словения иммигранттардың мәселесін теріс шешетін елдердің бірі.
Еуропалық одақтың бір проблемасы, бұл – «құқықсыз және құжатсыз адамдарды жасауы». Бұл дегеніңіз, өтініштерді қарау мен депортациялау процедуралары жылдарға созылып кетуіне байланысты. Бұл уақыт аралығында босқын мәртебесінен үміткерлер лагерьлерде немесе депортациялық орталықтарда түрме жағдайында өмір сүреді. Бұл адам құқын бұзады. Өйткені, адамды сот үкімінсіз түрмедегідей ұстауға болмайды, дейді Айгүл Хакимова.
Оның пікірінше, Артур Дзауровтың төлқұжаты депортациялық лагерьдің сейфінде жатқандықтан, Словения билігі оны кез-келген уақытта Қазақстанға депортациялай алады.
– Босқын мәртебесінен үміткерлер жылдар бойы құқықсыз, қорлық жағдайда өмір сүреді және бұған барлығы бірдей шыдамайды: адамдар ережені бұза бастайды, өзге елдерге қашады. Адамдардың күте-күте жүйкесі тозады, шешімді жылдар бойы күту дегеніңіз нағыз психологиялық қысым. Сондықтан да адамдар шыдай алмастан басқа жаққа кетіп, ол жақта бұдан да үлкен проблемаларға кезігеді, – дейді Айгүл Хакимова.
Жылдар бойында шешілмеген босқындардың ісі заңсыз иммигранттардың толқындарын тудырады. Проблемалар қар жентегі сияқты
Словениялық «Бейбітшілік әркім үшін» қозғалысы мен «Рог» әлеуметтік орталығының белсенділері наразылық акциясында. Фото ауторы – Барбара Безнес.
жинақтала береді.Және кейбір елдер, мысалы Испания, заңсыз иммигранттарға қатысты рақымшылық жасаса, Словения босқындарға қатысты өте қатаң саясат ұстанады, дейді Айгүл.
Бірақ, босқын мәртебесін сұраушы қазақтардың айтуларынша, Чехияға қарағанда Словенияда босқындарға көмек көрсетуде азаматтық қоғам жақсырақ дамыған.
Мысалы, любляндық «Студент» радиосы қазақ босқындарына ай сайын жүретін «Азыл, өтінеміз» атты бір сағаттық бағдарламаны өздеріне жүргізуді ұсынған. Қазақша бұл: «Өтінеміз, саяси баспана беріңізші», – дегенді білдіреді. Бұрын бұл бағдарламаны өзге адамдар жүргізетін.
Енді проблема өзге көзқараспен, тіпті субьективті түрде айтылуы үшін, микрофонға босқындардың өздерін жіберетін болды.
ҚАЗАҚТАРДЫҢ ПРАГАДАҒЫ ШЕРУІНЕН СОҢҒЫ БІР ЖЫЛ
Дәл осы мезгілде Батыс Қазақстаннан Еуропаға жаппай келіп, Чехияда қалып қойған босқындардың негізгі бөлігінің жағдайлары жақсара қойған жоқ. Бұрынғысынша 200-ден аса босқындарға кішкентай, тіпті емшектегі балаларымен қоса жаппай депортациялану қаупі төніп тұр.
Босқын мәртебесін сұраушы көптеген адамдарға баспана беруден бірнеше мәрте бас тартылды. Себептері бұрынғысынша: олардың отанында жүйелі түрде қуғынға түстік деген сөздері сенімсіздеу мыс, оларды қылмыстық қудалау себебі олардың діни көзқарастарына қатысы жоқ деген сияқты.
Осыдан бір жыл бұрын, 2009 жылдың 7 ақпанында, қазақ босқындары Праганың орталығында наразылық митингісін өткізген. Сол 2009 жылдың наурыз айында осы митингтің белсенділері мен кейбір қатардағы босқындар өздеріндей босқындарды Чехияның шекарасы арқылы заңсыз алып өтті деген күдікпен ұсталып, бірақ кейін босатылған.
Босқындар жетекшісі Қайрат Досметовтің айтуынша, бұл іс чехтың баяу жылдамдығымен ақырындап болса да жақында прокуратураға тапсырылды.
2009 жылдың қазан айында бірінші босқын Марғұлан Мұхамбетов Қазақстанға күштеп депортацияланды. Оның бұдан арғы тағдыры жайында осы уақытқа дейін нақты мәлімет жоқ. Босқындардың белсенділері Марғұланның депортациялануы сынақ қадамы болды дейді.
Енді қалғандарын да қазақ үкіметінің өтірік кепілдігі арқылы топтап депортациялауы мүмкін дейді. Құқыққорғаушылардың айтуынша, мұндай жағдайда бұл қауымның белсенділерін азаптаулар мен түрмелер күтіп тұр.
2009 жылғы ақпан митингісінен кейінгі өткен бір жылдың ішінде тағы бір үрдіс белгілі болды: кейбір құқыққорғаушылар мұсылмандардың бұл тобын қорғағысы істегісі келмейді.
Өздерінің «Қазақ босқындарының комитеті» атты үкіметтік емес ұйымдарын ашқан босқындар қауымы белсенділерінің айтуынша, кейбір құқыққорғаушылар мен шетелде жүрген қазақ оппозициясының кейбір өкілдері оларға қатысты бірізді саясат ұстанбайды және қарама-қайшы әрекеттер жасайды.
Азаттық радиосы жақында осы проблемаларға қатысты дөңгелек үстел өткізеді. Оның үстіне Прагадағы қазақ босқындарының митингісіне де бір жыл болды. Дөңгелек үстелге құқыққорғаушылар мен саясаткерлер, босқындардың өздерінің өкілдері шақырылады.