21 желтоқсанда Қазандағы тұрғын үйлерге дрондар шабуыл жасап, бірнеше ауданда көп қабатты ғимараттар өртенді деп хабарлады қала билігі.
Татарстан басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалада барлығы сегіз украин дроны анықталған. Олар өнеркәсіптер мен тұрғын үй аумақтарынан да табылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жөнінде ақпарат жоқ. Дегенмен Татарстанның денсаулық сақтау министрлігі Қазандағы ауруханаларды жоғары дайындық режиміне көшірген.
Дрондар "Лазурные небеса" және "Манхэттен" тұрғын үй кешеніндегі ғимараттарға түскен. Қазандағы ең биік саналатын 34-қабаттық "Лазурные небеса" ғимаратына бірінен кейін бірі екі дрон ұшып келген. Видеоны Shot телеграм-арнасы жариялады. Үйдің маңы қоршалып, тұрғындар баспалдақ арқылы эвакуацияланған. Оларға уақытша орын және ыстық тамақ ұйымдастырылған.
Жергілікті тұрғындар сонымен бірге төрт қабатты үйге дрон ұшып келгеннен кейін өрт шыққанын айтты. Тағы бір дрон "Манхэттен" тұрғын үй кешенінің төбесіне құлаған. Дереккөздерге сүйенген Shot үш адамның сынған әйнектерден жараланғанын жазды.
Қазан, Ижевск, Саратов әуежайлары уақытша жұмысын тоқтатқан. Қазанға бағыт алған бес рейс шектеуге байланысты қосымша аэродромдарға жіберілген.
Кейбір мектеп пен техникумдардан жұрт эвакуацияланған, кейбір сауда орындары жабылған. Демалыс күндерге жоспарланған барлық шара шегерілген.
Ресей қорғаныс министрлігі дрондар Қазанға жан-жақтан үш толқын болып кіргенін мәлімдеді. Үш дрон атып түсірілген, тағы үшеуі радиоэлектронды күрес құралдары арқылы істен шығарылды деп жазылған ведомство хабарламасында.
Украина жағы дрон шабуылына түсініктеме бермеді.