Ресей билігі Қара теңіз бен Азов теңіз арасында танкерлер батып кетіп, аннексияланған Қырымдағы Керчь жағалауынан мазут табылғаннан кейін аймақта төтенше жағдай жарияланды. Жағалауды тазалауға жүзден астам адам мен екі кеме қатысып жатыр деп жазды РИА "Новости" ақпарат агенттігі.
Қаланың Ресей тағайындаған басшысы Олег Каторгин бұған дейін жергілікті тұрғындарды тазалау жұмыстарына қатысуға шақырған. Ол жағалауға "көп лас зат төгілмегенін" айтқан.
Екі ресейлік танкер "Волгонефть 212" және "Волгонефть 239" Керчь бұғазында 15 желтоқсанда апатқа ұшыраған. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа кеме экипажының дауыл кезінде қателесуі себеп болған.
Танкерлер шамамен 9 мың тонна мазут әкеле жатқан. Ресей билігінің айтуынша, құтқару жұмыстарына қарамастан жағалаудағы 54 шақырым жерге мұнай өнімі төгілген. Бұл бірнеше күнгі есепте айтылған көрсеткіштен көп.
Жағаны тазалауға бірнеше мың адам қатысып жатыр. Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев жағалауды тазалау жұмыстары шамамен бір айға созылуы мүмкін екенін айтты. Еріктілер тазалау жұмыстарына техника жетпей жатқанын, ластанған топырақ салынған қаптардан мазут жерге қайта төгіліп жатқанын айтты.
Greenpeace зертханасының жетекшісі Пол Джонсон "Медуза" басылымына апат Қара теңіздегі ең ірі техногенді апаттардың бірі болуы мүмкін деп мәлімдеген. Қауіпті аймақты 10 мыңға дейін құс тіршілік етіп жатқан болуы мүмкін, ал суға батқан танкерлерден шыққан мазут су бетінде ұзақ уақыт қалқып тұруы ықтимал.