Accessibility links

Түрме мәселесін көтерген құқық қорғаушы кімді қорғап жүр?


Вадим Курамшин Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.
Вадим Курамшин Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.

Қарағанды облысындағы АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесінің жазасын өтеушілері режимге қатысты наразылық білдіріп аштық жарияламақшы. Бұл туралы түрмелерде жазасын өтеушілердің құқығын қорғаумен айналысатын «Талмас» қоғамдық ұйымының өкілі Вадим Курамшин мәлімдеді.




КУРАМШИННІҢ ДОСЫ

Вадим Курамшиннің өзі кезінде қылмыс жасағаны үшін істі болып жазасын өтеп шыққан азамат. Ол өзінің танысы Евгений Заяцке қатысты Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесінің жасап отырған қысымын айтып дабыл қағады. Құқық қорғаушының айтуынша Евгений Заяцтің сағын сындыру үшін аталған жүйе түрлі әрекетерге барып жатыр. Ұрып-соғады, одан қала берді оның жаза өтеу мерзімін соза береді.
АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.

-Евгенийдің айтуынша оны әжетхананадағы унитазды жууға мәжбүрлейді. Ол келіспейді де соққыға жығылады. Бұл жағдай үнемі қайталанып отырады. Тіпті болмағасын түрме басшылары оны тәртіпке бағынбады деген желеумен екі рет сотқа тартып мерзімін ұзартты. Соңғы рет тіпті Арқалықтағы жабық режимдегі колонияға бір жылға жіберіп те үлгерді. Осы айдың басында Арқалықтан келген ол тағы да соққыға жығылыпты. Себеп сол баяғы біреу –ақ әжетхана жууға келіспеушілік. Сол арқылы олар Евгенийдің сағын сындырғысы келеді. Мен бұл жерде болғам, сондықтан мұндағы «системаны» жақсы білемін, бұл жерде де көп нәрсені ақша шешеді. Берсең саған тиіспейді, бермесең соққыдан арыла алмайсың, ешкіммен кездесе де алмайсың, - дейді «Талмас» қоғамдық ұйымының өкілі Вадим Курамшин.

Қарағанды маңында орналасқан Долинка елді мекеніндегі АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі алдында тілшілерге Қазақстан қылмыстық атқару жүйесінің заңды белшеден басатын түрлі әрекеттері жайлы айтып берген Вадим Курамшин, Евгений Заяцпен кездесуге талпынып көрді. Алайда түрлі себептерді желеу еткен қамау орнының қызметкерлері жазасын өтеуші мен құқық қорғаушыны кездестірген жоқ.

РЕСМИ ЖАУАП

Осы жағдайға байланысты Азаттық радиосы тілшісі АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі басшылығымен кездеспек болған ойы жүзеге және аспады. Қызметкерлер бастықтың еңбек демалысында екенін айтып, тілшілерді мекеме алдынан кетуді сұрады.

Дегенмен Қарағанды облысы Қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасының бастығы Қабдрахман Шотаев Азаттық радиосы тілшісіне сұхбат беруден жалтармай аталған жағдайға мынадай түсініктеме берді:

-АК 159/6 тәртіпен түзеу мекемесі қатал тәртіптегі түрме. Онда аса ауыр қылмысқа барғандар жазасын өтеп жатыр. Жаңағы айтылған, ұрады, соғады екен деген әңгімелердің бәрі жалған. Өмірі қылмыстан басқа кәсіп жасамағандар қарапайым жұмыс істеуден бас тартатынын қайтесіз. Неге? Өйткені оларға жұмыс істеу дегеніңіз абыройларына нұқсан келтіретін іс. Ал тәртіп ортақ болған жерде ол тәртіп орындалуы тиіс. Осы себептермен оның мерзімі екі рет сот шешімімен ұзартылған. Үінші рет қатал тәртіптегі Арқалықтағы түрмеде болып келді. Келе сала сол әрекетін тағы бастап отыр. Мұнысын қоймаса қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы тағы да сотқа құжаттарды дайындаймыз керек болса.
Вадим Курамшинді АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесіне кездесуге кіргізбей тұр. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.

Ал жаңағы құқық қорғаушымын деп жүрген Вадим Курамшин дегеніңіз алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп шыққан азамат. Ол жаңағы Заяцпен жерлес. Екеуі де Петровалдікі. Соның сойылын соғып Қарағандыға келіп шулатып жүр, тілшілерді жинап алып. Оның бұрын сотталмаған үлгілі азамат болғанында оның айтқандарына адам сенер еді. Ал мынауы барып тұрған арандатушылық. Айтпақшы, бүгін оның үстінен арыз жазылды, келешекте ол осындай дүрліктірме әрекетке барғаны үшін жауапқа тартылатын болады әлі,- дейді Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің облыстық басқармасының бастығы Қабдрахман Шотаев.

Басқарма бастығының мәліметі бойынша жазасын өтеуші Евгений Заяц бұрын бірнеше рет сотталған азамат. Алғашқы рет ол есірткі сақтағаны үшін жазасын өтесе, екіншісінде көлік ұрлап ұсталып, қамауға алынған. Оның мерзімінің ұзаруына біріншісінде түрме ішінде жүріп қылмыстық топ құруы, екіншісінде тәртіпке бағынбай жұмыс істеуден бас тартуы себеп болған. Қазір де оның тәртібі өте нашар саналғандықтан, оған кіммен болсын кездесуге тыйым салынған екен.

Осылайша Петропавл қаласынан келген Вадим Курамшин бұл жолы Евгений Заяцпен кездесе алған жоқ. Ал Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері болса тәртіппен түзеу мекемесіндегі жағдайды қадағалап отырғандықтарын және онда ешқандай бүліктің шықпағанын айтады.
XS
SM
MD
LG