Accessibility links

Қоғам өкілдері мәскеулік судьяның қазасын әсіреұлтшылдардан көреді


Мәскеулік судья Эдуард Чувашов.
Мәскеулік судья Эдуард Чувашов.

Ресейдің құқық органдары Мәскеуде оққа ұшқан судьяның өліміне әсіреұлтшылдардың қатысы болуы мүмкін дейді. Өз үйінде қастандықпен өлтірілген Эдуард Чувашов әсіреұлтшыл ұйымдарға қатысты бірнеше істі қараған еді.


ҚАСТАНДЫҚ ҚҰРБАНЫ

Сәуірдің 14-күні Мәскеуде ресейлік федералдық судья Эдуард Чувашовты жерлеу рәсімі өтті.

Этникалық жеккөрушілік негізінде адам өлтірген скинхедтер тобының мүшелерін түрмеге жапқан судья Эдуард Чувашов содан екі күні бұрын Мәскеудегі үйінде кісі қолынан қаза болған-ды.

Ресей президенті Дмитрий Медведев судья Чувашовтың өлтірілуін айыптап, қылмыскерлерді табуға уәде етті.

Ресейде нәсілшілдік және өзгедей жеккөрушілік негізінде жасалатын қылмыстарды қадағалайтын «Сова» орталығы директорының
Өз үйіне кіреберісте қастандықпен атып өлтірілген судья Эдуард Чувашовтың денесін милиция мен дәрігерлер алып шығып келеді. Мәскеу, 12 сәуір 2010 жыл.
орынбасары Галина Кожевникованың мәлімдеуінше, соңғы апталарда Эдуард Чувашовтың өміріне қауіп төнгендігі белгілі болған.

Өткен айда әсіреұлтшылдар тобына қатысты вебсайтта судья Чувашов «халық дұшпаны» қатарына енгізілген еді дейді Галина Кожевникова.

«Біз судья Чувашов туралы «Русский образға» қатысты бір вебсайтта оған қарсы айтылған мәлімдемелерден кейін білдік. Чувашовтың өміріне қауіп төніп тұрғандығы мәлім болды. Судьяның суреті мен жабық есік жағдайда өткен сотта оның айтқан сөздері интернетте жарияланды. Онда Чувашовтың сөздері бұрмаланып берілді. Және оны русофоб немесе орыстарды жеккөретін адам ретінде айыптаған. Интернетте шыққан бұл мәліметке көптеген агрессивті пікірлер жазылды», – дейді Галина Кожевникова.

ӘСІРЕҰЛТШЫЛДАРДЫ ЖАЗАЛАУ

Белсенділердің айтуынша, Эдуард Чувашовтың өліміне әсіреұлтшыл топтардың қатысы бар болуы мүмкін.

47 жастағы судья өткен аптада екі скинхедті 10 жылға түрме жазасына кескен еді. Олардың тобы славян емес 20 адамды өлтіріп, әлгі
Нәсілшілдік қылмысы үшін жауапқа тартылған «Ақ қасқырлар» атты әсіреұлтшылдар тобының мүшелерінің ісін судья Эдуард Чувашов қараған болатын. Мәскеу, 25 ақпан 2010 жыл.
адамдарды қалай өлтіргендігі туралы видеожазбаларды интернетте жариялаған.

Сонымен қатар ақпан айында судья Чувашов этникалық жеккөрушілік негізінде қараторы азаматтарды өлтірген скинхедтер тобының мүшелерін 23 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

«Сова» орталығы сот барысында Эдуард Чувашовтың өміріне қауіп төнген еді деп отыр.

Зейнетке шыққан судья Владимир Миронов бұдан бұрын судьяларға қарсы мұндай зорлық-зомбылықтар жасалмағандығын айтады.

«Бұған дейін судьялар ешқашан ешкімнен қорықпайтын. Оларға ешкім тиіспейтін. Судьяларға адамдар заң ретінде қарайтын. Біз ешкімнен қорықпайтынбыз», – дейді Владимир Миронов.

ҚАТЕР АСТЫНДА

Белсенділердің айтуынша, биліктің селқостығы мен кең етек алып бара жатқан ксенофобияның салдарынан елде нәсілшілдік негізіндегі зорлық-зомбылық әрекеттері күшейіп барады.

Соңғы кездері әсіреұлтшыл топтар судьялар мен адвокаттарды, сондай-ақ адамның құқықтарын қорғаушыларды және журналистерді нысанаға алуда дейді белсенділер.

«2008 жылдың желтоқсан айында бетбұрысты жағдай болды: агрессивті ұлтшыл топтар ашық түрде үкіметке қарсы террор жариялады. Олар егер өздері жұмысшы мигранттарды өлтірсе ешкім өздеріне мән бермейді, ал танымал тұлғаларды өлтірген жағдайда оның жаңғырығы жан-жаққа тарап, бұл олар үшін өзгелерге өз күштерін көрсететін және ұйымдарына жақсы жарнама болады деп ойлайды», – дейді Галина Кожевникова.

Өткен жылдың қаңтар айында адам құқықтары бойынша адвокат Станислав Маркелов пен оппозициялық журналист Анастасия Бабурованы Мәскеудің орталығында қаскүнем атып өлтіріп кеткен болатын. Билік орындары ол оқиғаға әсіреұлтшылдардың қатысы бар деп айыптады.

Ресми мәліметтерге қарағанда, 1996-2009 жылдары Ресейде кемінде 31 судьяға шабуыл жасалған.
XS
SM
MD
LG