Accessibility links

Түрме мәселесін көп айтқан Курамшиннің өзі қамауға алынды


Құқық қорғаушы Вадим Курамшин (ортада) әкімшілік ісін қарайтын сот мәжілісі басталар сәтте журналиспен телефон арқылы сөйлесіп, заттарын оппозиция өкілі Марат Жанұзақовқа (сол жақта) тапсырып тұр. Көкшетау, 29 тамыз 2010 жыл.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин (ортада) әкімшілік ісін қарайтын сот мәжілісі басталар сәтте журналиспен телефон арқылы сөйлесіп, заттарын оппозиция өкілі Марат Жанұзақовқа (сол жақта) тапсырып тұр. Көкшетау, 29 тамыз 2010 жыл.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин Көкшетау қаласында бұзақылық жасады деген айып бойынша он тәулікке қамалды. Ұсталар алдында және сот болған күні Курамшин Азаттық радиосына хабарласып, оқиғаның мән-жайын өз пікірі тұрғысынан айтып үлгірді.


Тамыздың 29-ы, жексенбі күні Ақмола облысының әкімшілік соты Вадим Курамшинге ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағып, он тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Соңғы кездері жиілеп кеткен түрмедегі бүліктер кезінде ерекше көзге түскен құқық қорғаушыға қатысты Денис Сицко есімді әлдебір азаматты тілдеп, ар-намысына тиді деген кінә артылды.

Тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының Ақмола облысындағы филиалы басшыларының бірі Виктор Новиковтың айтуынша, прокурор Курамшинді төбелесті деп айыптап, соны дәлелдемек болған. Бірақ сот кезінде құқық қорғаушының қол жұмсамағаны анықталып, оны тек тіл тигізді деген шағым бойынша жауапқа тартқан.

Вадим Курамшиннің өзі де, адвокаттары да оның кінәсіз екенін мәлімдеді. Сот залының ішінде құқық қорғаушы өзінің қалта телефоны мен сөмкесін «Алға» партиясының Ақмола филиалының жетекшісі Марат Жанұзақовқа бермек болғанда, полиция қызметкерлері кедергі жасауға тырысып баққан.

Виктор Новиков бұл әрекеттердің бәрін бейне және фотокамераға жазып алғанын айтады.

Ал Вадим Курамшиннің өзі тамыздың 28-інде түнгі 11-ден 45 минут өткенде Азаттық радиосының тілшісіне хабарласып, Көкшетау қаласының автовокзалында бөтен бір адамның өзіне тап бергенін, содан кейін бірден полиция қызметкерлері жетіп келіп, оған керісінше әлгі адамды ұрдың деп айып таққанын хабарлаған.

«Менің өміріме, бас бостандығыма қатер төніп тұр» деген еді Вадим Курамшин Азаттық тілшісіне.

«Алға» партиясының өкілдері жексенбі күні сот біткен соң Вадим Курамшинді Ақмола облысы бойынша әкімшілік жазаға тартылғандардың Көкшетауда орналасқан абақтысына әкеткенін хабарлады.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин осыған дейін екі мәрте сотталды. Оның біреуін саяси себептер бойынша жауапқа тартылды деп есептеуге болады. Вадим Курамшин соңғы бірнеше айда Қазақстандағы түрмелердің жағдайын жалпыға жеткізем деп жүріп, өз бостандығы мен өміріне де қауіп төніп тұрғанын бірнеше мәрте хабарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG