Бұл хатта Максим Кожанов өзіне әкімшілік таратыпан үнемі қысымның көрсетілетінін және оның қысымға шыдамай өзіне қол жұмсамақ екенін баяндаған. Ол өзінің бұл әрекетке сол кездегі Қарағанды облысы қылмыстық атқару комитеті басқармасының бастығы Қабдрахман Шотаев пен қазіргі түрме бастығы Қайдар Сариннің тарапынан көрген қатты қысымның кесірінен баратынын және олардың түрмедегі заңсыздықты ұйымдастырушылар екендігін жазыпты.
«ТҮЙТКІЛДІ ШЕШУДІҢ ОРНЫНА, ОНЫ ЖАНЫШТАП, ТҰНШЫҚТЫРҒЫСЫ КЕЛЕДІ»
Қоғамдық қорғаушы Вадим Курамшиннің айтуынша Евгений Караушқа тағылып отырған айыптар сын көтермейді. Вадим Курамшин, Максим Кожановтың мына хаты жария болғаннан кейін АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесіндегі шынайы жағдай аздап болса да саңылау тауып көпшілік құлағына жетсе дейді.
– Максим Кожанов өлер алдында осы хатты жазып кетті. Есірткіні заңсыз сақтағаны үшін жазасын өтеп жатып, бір жылдан аз уақыт қалғанда бостандыққа шығайын деп отырған ол неге өлімге барды? Амалы қалмағандықтан, тығырыққа тірелгендіктен. Адам өзін бекерден-бекерге өлімге қимайды. Осындай жағдай Қарағанды түрмелерінде жиілеп кетті. Қылмыстық атқару жүйесі мен құқық қорғау орындары түйіткілді шешудің орнына, оны басып жаныштап, тұншықтырғысы келеді, - дейді Вадим Курамшин.
Оның айтуынша, енді Карауш та оны түрме қызметкері өзін ұрып жатқанын ұялы телефонға түсіріп алғаны үшін жазалаланбақшы. Ал сол бейнекөрінсітің заң орындары айтқандай «қойылым» екенін дәлелдейтін айғақтары жоқ.
«Олай болса, Евгений Карауш түрмеде ұстауға болмайтын телефон пайдаланғаны үшін ішкі тәртіптік жазаға тартылуы керек еді-дағы, оны тепкіге алған қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалуы керек еді,» - деп отыр қоғамдық қорғаушы.
– Алайда, мұның бірі де болған жоқ. Евгений Караушқа прокурорлар жазасын 6 жылға созуын сұрап отыр, оны тепкіге алған Азамат Тұрғанов атты қызметкер әлі өз орнында жұмыс істеп жүр. Түрме басшысы мен құқық қорғау орындары жазасын өтеушілерге түрме қызметкерінің киімін берді деп айыпталған қызметкер болса өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ және сот процесінде сұралған жазасын өтеушілер де мұны растап, керісінше соққыға жыққан осы түрме қызметкері Азамат Тұрғанов екенін атап көрсетті, - дейді Вадим Курамшин.
КАРАУШҚА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП
Евгений Карауш пен онымен бірге сот ісіне тартылып жатқандарға тағылған тағы бір айып олардың мекеме әкімшілігі қойған талаптардан бас тартулары, ішкі тәртіпке бағынбаулары және ақыр аяғында өздеріне қол жұмсаулары.
– Айыптау хаттамасында «жазасын өтеушілер серуенге шығудан бас тартты» делінген. Ал заң бойынша бұл әрекет ішкі тәртіптің бұзылуы деп саналмауы керек. Серуенге шыққысы келмегендерден түсініктеме алынады да, ол ішкі тәртіп ережелері бойынша қаралуы керек. Осы және олардың өздеріне қол жұмсағандары үшін қылмыстық жазаға тартуылары да тергеушілердің жіберген олқылықтары. Жалпы алғанда тергеуші тарапынан кеткен қателер өте көп. Одан мен «неге көптеген айыптар дәйексіз дәлелсіз тағылып отыр?» деп сұрағанымда ол «бұл айыптар өзімнің ішкі күдігім бойынша тағылды» дегенді айтты. Бұл барып тұрған масқаралық емес пе? Дәлелсіз қалай айып тағылуы керек,- дейді Евгений Карауштың заңды қорғаушысы Сергей Галко.
Дегенмен жазаға тартылып жатқандардың қорғаушыларының айтуынша сот процесі барысында таразының басы айыптаушылар есебіне қарай ойысып тұрғаны байқалады. Дәлелдер мен дәйектер бұрмаланып жатыр. Белең алған келеңсіздіктер нәтижесінде түрме басшылары немесе қызметкерлері жазаға тартылған жоқ.
«ҚОЙЫЛЫМҒА» ҚАТЫСҚАНДАР МҰНЫҢ ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ӘРЕКЕТ ЕКЕНІН РАСТАДЫ»
Азаттық радиосы тілшісіне Қарағанды облысы прокурорының аға көмекшісі Нұрбек Құзбақов орын алған жайғдайға байланысты өз пікірін білдірді.
– Ең бірінші атап өтерім, Карауш және оның серіктестеріне бейнероликке байланысты ешқандай айыптар тағып отырған жоқпыз. Яғни, біз бұл жағдайда жаза қолданатын бапты көрмедік. Бірақ алдын - ала тексеріс жүргізу кезінде сол «қойылымға» қатысқандардың барлығы бірауыздан мұның расында да қолдан жасалған әрекет екенін растаған еді. Тағы қайталаймын, бірақ біз оларға мұндай айыпты тағып жаза сұрап жатқан жоқпыз. Оларға тағылған айып – ішкі тәртіпті бұзуға әрекет жасаулары.
Құзбақовтың айтуынша, түрмедегілердің серуенге шыққысы келсе шығып, шыққысы келмесе шықпауы заңды дегендері ақылға симайды. Бұл – қатаң тәртіптегі мекеме. Өздеріне қол жұмсау арқылы олар түрмеге ұялы телефон алып кіруді, ғимаратта түрменің емес, жай киім киіп жүру сияқты талаптарды қойды. Осы арқылы олар ішкі тәртіпті бәсеңсітіп, ойларына келгенді істемекке талпЫНған.
«Сондықтан прокурорлар оларды тағы да 6 жылға жазаларын ұзартуды сұрап отыр. Ал Максим Кожановтың хатына келетін болсақ, ол асылып өлген кезде тергеу тексеру амалдары жүрген болатын. Онда жауапқа алынғандарың берген түсініктемелері бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз боларлық фактілер анықталған жоқ. Дегенмен Курамшин жария еткен хаттың көшірмесін алғаннан кейін біз де өз тарапымыздан тексерістер жүргізетін боламыз, - дейді Қарағанды облысы прокурорының аға көмекшісі Нұрбек Құзбақов.
Айта кетерлік тағы бір жай – қыркүйектің 20-сы күні Долинка елді мекеніндегі АК 159/7 тәртіппен түзеу мекемесінде тағы да шу шығып, осы жолы 8 адам өз-өздеріне қол жұмсаған. Бұл жағдай бойынша мекемеде прокурорлық тергеуге дейінгі тексерістер жүріп жатқан көрінеді.