Accessibility links

Жұмыртқа лақтырғыш «желтоқсаншылар» әкімшілік жазаға тартылды


Талғат Рысқұлбек, "Желтоқсан-86" ұйымының мүшесі. Алматы, 2 қараша 2010 жыл
Талғат Рысқұлбек, "Желтоқсан-86" ұйымының мүшесі. Алматы, 2 қараша 2010 жыл

Владимир Козлов прокуратурадан қазанның 27-сінде өткен баспасөз мәслихаты үстінде намысына тигендерді қылмыстық жауапқа тартуды талап етті. Ал Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында жанжал шығарғандар өздеріне қатысты өткен әкімшілік соттың өзін әділетсіз әрекет деп атайды.


Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов өткен аптадағы баспасөз мәслихатында Конституцияға қайшы пікірлер айтып, өзіне жұмыртқа лақтырған азаматтарды қылмыстық жауапқа тартуды талап етіп отыр. Козлов арыз-шағымын қарашаның 3-і күні Алматы қаласының прокурорына жазыпты.

ПРОКУРОРҒА АРЫЗ

- Мен прокуратурадан болған жайтқа баға беруін талап етіп отырмын. Қазанның 27-сі күні болған оқиға - саяси радикализмнің көрінісі. Бұл адамдар "Қазақстанда тұрып жатқан азаматтардың ұлты мен нәсіліне қарай бөле-жара қарау болмауы тиіс" деген Конституцияның негізгі бабын бұзып отыр. Сондықтан заңдылықтың сақталуын қадағалайтын орган өз бағасын беруі тиіс деп ойлаймын. Себебі саяси экстремизм кез-келген елде қылмыс болып табылады, - дейді Владимир Козлов.

Оның сөзінше, заң органдары баспасөз мәслихатында дүрбелең туғызған «желтоқсаншыларды» жауапқа тартып қана қоймай, олардың ұйымдарын да жауып тастауы керек.
Қазақстандық оппозиция жетекшілері Владимир Козлов пен Серікболсын Әбділдин баспасөз мәслихатында. Алматы, 27 қазан 2010 жыл

- Меніңше, бұл адамдардың ісі – қылмыстық іс. Сондықтан, ең аз дегенде, олардың ұйымдарына қатысты шара қолданылуы тиіс. Мүмкін, тіпті жауып тастау қажет шығар. Менің білуімше, елде желтоқсаншылардың ұйымы біреу ғана емес. Сондықтан, өз әрекеттеріне есеп бермейтін, жұмыртқа лақтырып, көпшілік алдында ар-намысқа тиетін мүшесі бар бірнеше ұйым жабылса, қоғамға еш зияны болмайды деп ойлаймын, - деді Козлов Азаттыққа.

ҰСАҚ БҰЗАҚЫЛЫҚ

Бұдан бөлек, сәрсенбі күні жұмыртқа лақтырған желтоқсаншылардың әкімшілік жазаға тартылғандығы белгілі болды.

- Қарашаның 2-сі күні Алматы қаласының әкімшілік соты Гүлбахрам Жүніс пен Талғат Рысқұлбековты әкімшілік кодекстің 330-бабы бойынша, яғни «ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін айыпты деп танып, әкімшілік жазаға тартты. Гүлбахрам Жүніске 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ал Талғат Рысқұлбеков 7 тәулікке қамауға алынды, - деді радиомызға түсініктеме берген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

«ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҚ»

Әкімшілік жазаға тартылған Гүлбахрам Жүністің пайымдауынша, бұл соттың өткенінің өзі - әділетсіздік. Ал жасаған әрекеттері - әлем елдерінің тәжірибесінде кездесетін наразылық білдірудің бір түрі екен.
"Желтоқсан-86" ұйымының төрайымы Гүлбахрам Жүніс соңы айғай-шуға ұласқан баспасөз мәслихаты кезінде. Алматы, 27 қазан 2010 жыл

- Ұлтымызды қорғап келе жатқан бізді - желтоқсандықтарды - қайта соттау басталды. Біріншіден, алдымен олар бізді балағаттады. Біз оларға дәл солай жауап бердік. Ал жұмырқа лақтыру бұзақылық емес. Бұл - дүниежүзінде қолданылып жүрген нәрсе, бұл дипломатиялық наразылық деп аталады, - деді Гүлбахрам Жүніс.

Естеріңізде болса, қазанның 27-сі күні Ұлттық баспасөз клубында оппозициялық саясаткерлер Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров және Владимир Козлов өткізбек болған баспасөз жиыны жанжалға ұласқан болатын.

Өздерін «Желтоқсан-86» ұйымының мүшелері ретінде таныстырған Гүлбахрам Жүніс пен Талғат Рысқұлбек баспасөз мәслихатының спикерлеріне жұмыртқа лақтырып, Козловтың «президенттікке үміткер боламын» деген мәлімдемесіне наразылық білдірген еді.
XS
SM
MD
LG