«Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов «Голос Республики» басылымына берген сұхбатында алдағы президенттік сайлауға қатысатынын ресми түрде жария етті. Дәл осы мәселеге қатысты Азаттық тілшісіне сұхбат берген партия жетекшісі сайлауға түспек ойын елдегі саяси жүйені өзгерту ынтасымен ұштастырады.
«ЖАҒЫМПАЗДАР ЖАРЫСЫНА» ЖАУАП
- Елімізде болып жатқан саяси оқиғалардың өрісін бақылап отырған адам қазіргі саяси жүйенің, яғни Назарбаев орнатқан авторитаризм жүйесінің тұралағанын түсініп отыр. Бұл жүйеден ешнәрсе күтпейміз. Ал мұны ұнатпайтындар тұтас жүйені өзгертуге күш салуы керек деп есептеймін, - деді Владимир Козлов Азаттықтың тілшісіне қазанның 22-сі күні.
Владимир Козловтың президенттік сайлауға қатысу ниетін Қазақстан коммунистік партиясының өкілі Ғазиз Алдамжаровтан басқа оппозициядағы ешбір әріптесі білмейтін болып шықты.
Партия жетекшісінің айтуынша, қазіргі саяси жүйенің тиімсіздігіне қарамастан Назарбаевтың жеке басын мадақтауға ұмтылған «жағымпаздар жарысы» жалғасып жатыр. «Соңғы уақытта осындай мазмұндағы «бастамалардың» көптігі соншалықты, бұларды назардан тыс қалдыруды хош көрмедім» деп, сұхбаттасымыз сөзін мысалмен жалғады.
- Башмаковтың жағымпаз бастамасы, «өзгермейтін» президентті енді «мәңгілікке» ауыстыру сияқты ассамблеядағы жайттар, т.б. оқиғалар соңғы кезде тым көп боп кетті, - деді Владимир Козлов.
Владимир Козловтың президенттік сайлауға қатысу ниетін Қазақстан коммунистік партиясының өкілі Ғазиз Алдамжаровтан басқа оппозициядағы ешбір әріптесі білмейтін болып шықты. Саясаткер «өз партиясының саяси көзқарасынан алшақ позиция ұстанатын» «Азат» жалпыұлттық-социал демократиялық партиясымен ақылдасуды жөн көрмепті.
«ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ»
Ал «Азаттың» өкілдері «Алғаның» бастамасын нәтижесіз деп санайды. Себебі қазіргі билік енді елде саяси күштердің тартысына да мүмкіндік бермейді деген пікірді ұстанады «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов.
- Елімізде ешқандай президенттік сайлау болмайды деп ойлаймын. Келесі жылы Н.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуға қатысты референдум өтеді. Сөйтіп, Қазақстанда болуы мүмкін сайлаулардың мәні жоғалады. Бұған баяғыдан бері заңдарды да, қоғамды да дайындап жатыр, - дейді Болат Әбілов.
Қазақстанның Коммунистік партия өкілдері де дәл осындай пікірді қолдайды.Коммунист-саясаткер Серікболсын Әбділдин Козловты президенттікке лайықты үміткерлердің бірі десе де, сайлаудың болмайтынын сенімді түрде болжайды.
Келесі жылы Н.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуға қатысты референдум өтеді. Сөйтіп, Қазақстанда болуы мүмкін сайлаулардың мәні жоғалады.
- Жалпы, Назарбаев тірі кезінде президенттік сайлау болмайды. Оның өзі ана ассамблеяда сөйлеген адамдардың да пікірімен дәлелденіп отыр. Парламенттік сайлау болуы ықтимал. Ал енді президенттің сайлауы Нұрсұлтан тақта отырғанда болмайды, - деді Серікболсын Әбділдин.
Ал «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов мұны әріптестердің ешқайсысымен ақылдаспай, асығыс қабылданған шешім деп бағалайды.
- Өйткені, Қазақстан демократиялық күштерінде әртүрлі партиялар, әртүрлі қоғамдық ұйымдар, жеке тұлғалар бар. Сайлау жарияланған кезде біздің демократиялық күштер өз қатарынан лайықты, елдің көңілінен шығатын адам таба алады деген нық сенімдемін. Керісінше жағдайда, Қазақстан оппозициясына үміт артқан халықтың көңілі бізден түпкілікті қалуы мүмкін. Сондықтан мен бұл қадамды асығыс, басқа әріптестерімен ақылдаспай жасалған шала қадам деп бағалаймын, - деді Әміржан Қосанов.
Бұл мәселеге қатысты сенатор Ғани Қасымовтың пікірін сұрағанда, тіркелмеген партияның әрекетін бағалаудан бас тартты.
- Әуелі тіркелсін. Сосын баға бере жатармыз, - деді Ғани Қасымов. Оның пікірінше, елдегі барлық партия мен қоғамдық ұйым жетекшілерінің президенттік сайлауға қатысуына мүмкіндік бар. Мысал ретінде сенатор Тоқтар Әубәкіров пен Мұхтар Шахановты атайды.
Қазақстанда президенттік сайлау соңғы рет 2005 жылы өтті. ҚР Конституциясына сәйкес, президенттік сайлау әрбір 7 жыл сайын болып тұрады. Негізгі Заңға сәйкес, кезекті президенттік сайлау 2012 жылы өтуі тиіс.