ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯ РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУДІ ҰСЫНАДЫ
«Алға» партиясы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мерзімінен бұрын отставкаға кетіруге қатысты халықтың пікірін білмекші. Сарапшылар мұндай ұсыныстың билікке ұнамайтынын айтады.
Қазақстанда саяси-әлеуметтік дағдарыстың тереңдеп бара жатқанын айтқан тіркелмеген «Алға» партиясының өкілдері елде президент Нұрсұлтан Назарбаевты мерзімінен бұрын отставкаға кетіруге қатысты жалпыхалықтық референдум өткізу керек деп есептейді.
- Біздің пікірімізше, Назарбаев ұлт көшбасшысы бола алмайды. Бір ғана себеп - бізде ұлт әлі институт деңгейінде қалыптасқан жоқ. Бұған қоса, соңғы уақытта билік тарапынан көтеріліп жатқан бастамалардың барлығы президенттің билігін нығайтуға ғана бағытталған. Осы мәселе төңірегінде халық өз пікірін білдірсе екен дейміз, - деп мәлімдеді тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов бейсенбі күні Алматыда.
Партия өкілдері билік органдарынан референдум өткізу туралы бастама көтерудің қылмысқа жататынын не жатпайтынын сұрап, соның жауабын әлі күнге дейін ала алмай отыр.
Қазақстанның «Республикалық референдум туралы» заңына сәйкес, референдум өткізу туралы бастаманы елде тек президент, парламент, үкімет немесе республиканың түкпір-түкпірінен жиналған кемінде 200 мың адам көтере алады. Бірақ президент Назарбаевқа елбасы мәртебесін беретін заң күшіне енгелі ұлттық заңнамалар барған сайын бұлыңғыр боп барады дейді партия өкілі.
- Біз осыны білу мақсатында шілденің 28-і күні Қазақстан президенті әкімшілігі мен бас прокуратураға сауал жібердік. Билік органдары бір-біріне сілтеп, ақырында, қанша күш салғанмен, олардан жазбаша жауап ала алмадық. Жауаптың жоқтығынан мұның қылмыс емес екенін ұқтық. Әйтпесе прокуратура ескертетін еді, олар ескертуге міндетті. Сондықтан біз Қазақстан Республикасы Конституциясы мен референдум туралы заңына сәйкес, қыркүйектің 25-інде жиын өткізу туралы шешім қабылдадық, - дейді Владимир Козлов.
Оппозициялық партия өкілдерінің айтуынша, жиналыс қорытындысы рәсімделіп, Қазақстан орталық сайлау комиссиясына жіберілмек. Ал одан президентке жол тартпақ. Заң бойынша, референдум өткізу-өткізбеу туралы түпкілікті шешімді президент өзі қабылдауы тиіс.
«НАЗАРБАЕВ, КЕТ!» ДЕГЕН ҰРАНДЫ БИЛІК ӨТКІЗБЕЙДІ
Құқық қорғаушы Андрей Свиридов референдум өткізу туралы ұсынысты халық қолдаса да, билік тарапынан мақұлданбайтынына сенімді.
- Елбасы туралы заңда «референдум» сөзі мүлде жоқ. Бізде бұл заң туралы тым қорқынышты көзқарас бар. Президентке қатысты қандай да бір сын айтылса, ауыр жаза қолданылады деп түсінеді. Шын мәнінде оның алғашқы президент туралы заңнан бәлендей айырмашылығы жоқ. Бірақ біздің билікке мұндай ұсыныстың ұнамайтыны белгілі. Олардың қол жинауда барлық кедергілерді жасайтыны айдай анық. Қажетті қол жиналған жағдайдың өзінде орталық сайлау комиссиясы түрлі сылтаулар айтып, оны мойындамайды. Президент әкімшілігі референдум өткізуге ешқашан рұқсат бермейді, - деп санайды Андрей Свиридов.
«Алға» партиясының бұл бастамасы жүзеге аса қоятындығына өзге оппозициялық ұйымдар да күмәнмен қарайды.
- Қазіргі саяси жағдайда бұл нәтижесіз шаруа. Кезінде қарапайым тақырыптардың өзіне референдум жасауды ұсынған кезде сәтсіз аяқталған еді. Сол себепті күрделі шаруа, - дейді «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов.
Ал билік партиясының өкілі Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан референдум туралы ұсыныс көтерген ұйымның тіркеуі жоқтығын алға тартады.
- Біріншіден, саяси аренаға шығу үшін әуелі тіркелу керек. Тіркеліп алғаннан соң өзінің платформасына сай жұмыс істеуі керек. Жоқ партияға жарнама жасап қайтемін. Өзінің партиясын құра алмай тұрып, электоратын құрай алмай отырып референдум туралы қайтіп әңгіме айта алады? Референдум өткізу үшін елде саяси немесе экономикалық дағдарыс болу керек. Қазақстанда ондай дағдарыс бар ма? - деді Уәлихан Қалижан.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов саяси партиялардың нақты істерге назар аударғанын жөн санайды.
- Менің ойымша, біздегі партиялар халықтың көпшілігінің көңілінен шығатын нақты мәселелермен көбірек айналысуы керек, - деді Әлихан Бәйменов Азаттық радиосына.