Accessibility links

Президент пе, әлде парламент пе? Орталық Азияның диссиденттері осы жайында пікір таластырады


Сайлау комиссиясының мүшесі дауыс беру шарасына дайындалып жатыр. Астана, 17 тамыз 2007 жыл.
Сайлау комиссиясының мүшесі дауыс беру шарасына дайындалып жатыр. Астана, 17 тамыз 2007 жыл.

Қырғызстанның парламенттік басқару түріне көшуі ықтимал. Бұл дегеніңіз Орталық Азиядағы кез-келген президенттің авторитаризмге бейімдігін мойындау болып табылмай ма? Азаттық радиосының дөңгелек үстелі осы тақырыпқа арналады.

Қырғызстан халқы Конституцияның кезекті жобасымен келісе ме, жоқ па? Бұл сұраққа 27 маусымда өтетін референдумда жауап беріледі. Содан соң 2010 жылдың 10 қазанына белгіленген парламент сайлауына даярлық басталады. Уақытша үкімет президенттің өкілеттігін біршама қысқартып, есесіне мемлекеттік органдардың бақылаушы қызметін күшейтуді жоспарлап отыр.

Ендеше, қазіргі Қырғызстанға мемлекеттік саяси құрылыстың қандай түрі барынша сәйкес келеді? Оның алдында тұрған тәжірибе Орталық Азияның өзге де елдері үшін көкейтесті болады ма?

Азаттық радиосы кезекті дөңгелек үстелді осы тақырыпқа арнайды. Дөңгелек үстелге қатысатындар: Тәжігүл Бегмедова – Түрікменстан бойынша сарапшы, «Түркмен Хельсинки қоры» құқыққорғау ұйымының жетекшісі, Болгария; Қубат Байболов – Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы вице-спикері; Мұхаммед Салық – өзбектің «Эрк» оппозициялық партиясының жетекшісі, кезінде Өзбекстандағы президенттік сайлауда бірден-бір баламалы үміткер болған, бүгінде Норвегияда тұрады; Серікболсын Әбділдин – Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы спикері.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының тілшісі Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізеді.

БАСШЫҒА БАҒЫНУ ҚАНҒА СІҢІП ҚАЛҒАН

Жүргізуші:

– Басқасын былай қойғанда, тіпті Қырғызстан Уақытша үкіметінің өзінде де елдің болашақ саяси құрылысына, елді басқару түріне байланысты бірімен-бірі қарама-қарсы екі көзқарас қалыптасқан. Конституциялық реформаларға жауап беретін Өмірбек Текебаевтың мәлімдеуінше, Қырғызстан үшін биліктің парламенттік түрі барынша ыңғайлы көрінеді. Бұл ұстанымды жақтаушылардың пікірінше, ол қырғыздардың тарихи дәстүрлері мен діліне көбірек сай келеді.

Алайда енді біреулер биліктің аралас түрі – парламенттік-президенттік билікті көбірек сай келеді деп есептейді. Олардың пікірлерінше, Қырғызстанда қалыптасып отырған күрделі жағдайда парламентаризм бей-берекеттік пен жаппай жауапсыздықты одан ары өршітіп жібереді. Сонымен бірге, тағы бір сарапшылар билікті тұтастай парламентке беруге болмайды, өйткені билікке нақты адамдар емес, тұтас ұжым жауап бергендіктен, бұл дегеніңіз нағыз жауапсыз, тиімсіз билік болады деген пікір айтады.

Осыған байланысты мынадай сұрақ туындайды. Орталық Азияның постсоветтік республикаларында басқарудың президенттік түрі өзін-өзі ақтады ма? Соңғы бес жылдың ішінде екі рет төңкеріс болған Қырғызстанды, сонымен бірге Қазақстанда, Өзбекстанда, Түркменстан мен Тәжікстанда мемлекеттік билік президенттердің қолында шоғырланғандығын ескере отырып, бұл аймақта президенттік билік өз беделінен түпкілікті айрылып қалды деп есептеуге бола ма?

Қубат Байболов:

– Егер 17 жылдың ішінде екі рет билікті қантөгіспен құлатса, жаппай тәртіпсіздіктер орын алса, тұрақсыздық көрер көзге бадырайып көрініп тұрса, онда біз Қырғызстанда президенттік басқару билігі өзін-өзі ақтаған жоқ деп ойлауға да, айтуға да бейілміз. Мәселе мынада, таза президенттік биліктің жөні бір басқа да,
Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы вице-спикері
Қубат Байболов. 8 қараша 2008 жыл.
парламенттік биліктің жөні бір басқа. Басқару түрлерінің араласып кетуінен барып осындай арпалыстар туындайды. Менің ойымша мәселенің бәрі биліктің парламент пен президент арасында екіге жарылуында.

Тәжігүл Бегмедова:

– Мысалы үшін Түрікменстанды алып, азаматтардың мүдделері мен құқықтары тұрғысынан қарар болсақ, онда Түрікменстандағы президенттік билік өзін-өзі ақтамай отыр. Түрікмендердің: «Әрбір түрікмен өзін хан санайды» деген ежелден келе жатқан нақыл сөзі бар. Яғни, билікке қолы жеткендер шамашарқына қарамай өзін дүниенің тұтқасы сияқты сезіне бастайды. Сонымен бірге, бұл тұрғыда, президенттің айналасы да өзінің «үлесін» қосады. Олар өздерінің отырған жағдайын жеке бас пайдасы үшін пайдаланып, көбіне-көп президентті көкке көтеріп мақтаумен болады. Міне мәселенің, жеке басқа табынушылықтың түбірі қайда жатыр?

Сондықтан бізге, қарапайым азаматтарға мұндай ойындардан бас тартатын мезгіл жетті. Жүз жылдық өмір тәжірибесі бұның ешқандай жақсылыққа алып келмейтінін көрсетіп отыр. Атабаевтың, Құдайбердиевтің, Батыровтың тұсында көп адамдар өз пікірін қорғау мүмкіндігін жоғалтып алды.

Қазір біздің көбіміз түрікмен жастарының тілімен айтқанда «рухнамуттармыз». Бұл – халықты жаппай топастандырған, көп жылдарға созылған «түркмендік
Тәжігүл Бегмедова, «Түркмен Хельсинки қоры»
құқық қорғау ұйымының жетекшісі.
Прага, 21 шілде 2006 жыл.
мәңгүрттендіру» жұмысының нәтижесі. Қазір билік қарсыластарымен диалогқа баруға даяр емес. Билік өзінің қарсыласын көбіне-көп жау деп қана біледі. Яғни, қудалаудан қорқатын шенеуніктер барлығына да бас шұлғуға, билікті мақтай беруге бейіл. Қорыта келгенде осының барлығы мәңгүрттіктің дамуына қолайлы мүмкіндік болмақ.

Өкінішке қарай, дер кезінде саяси аренадан кетуге саяси жетекшілердің барлығының бірдей күш-жігері жетпейді. Биліктің бір қолда шоғырлануы Орталық Азияда неге алып келеді? Билікті асыра пайдалануға, сыбайлас жемқорлықтың гүлденіп, қауымдық байланыстың өршуіне алып келеді. Орталық Азия билігі жазалау органдарының барлығын өзінің қолына шоғырландырып алғандықтан, халықтың конституциялық құқықтарын қорғап қалуына ешқандай шынайы мүмкіндігі жоқ.

Сондықтан да қырғыз тәжірибесі осы сәйкессіздікті ашып көрсетті. Демек, осының өзі президенттік институттың күйреуі болып табылады. Біз алғашқы кезеңде парламенттік-президенттік билікті орнатып, содан соң парламенттік билікке көшу қажет деп есептейміз.

Жүргізуші:

– Салық мырза, сіздің қосарыңыз бар ма?

Мұхаммед Салық:

– Қырғыз бауырларымыздың парламенттік билік түріне ұмтылысын да, сонымен бірге нәтижесіз аяқталған екі төңкеріс жағдайын да түсінуге болар, әрине. Бұл төңкерістер қырғыз халқын бір адамның диктатурасынан құтқара алған жоқ. Сондықтан да қырғыз саясаткерлері қалыптасқан бұл жағдайдан шығар жол биліктің парламенттік түріне көшу деп есептеп отыр.

Бірақ солай бола тұра, биліктің парламенттік түрі, шындап келгенде, қиындықтан құтқара алмайды. Мысалы, Италия, Грузия, Германия мен Грекияда билік парламенттің қолында. Олардың барлығында өзін-өзі реттеп отыратын күшті экономикасы бар. Осыған қарамастан, осы елдердің кейбіреуінде парламенттік жүйенің тиімсіздігіне байланысты шағыну бар. Бұл адамдардың пікірлерінше, мемлекет билігінде бірнеше адам отырғандықтан, мемлекеттің істері тиісті деңгейде жүрмейді. Осы жерде белгілі мақалды керісінше, екі басқа қарағанда бір бас артық деп айтқан дұрыс болар. Дұрысы, түйін сөзді айтар бір ғана адамның – президенттің болғаны.

Сондықтан да мен мәселе басқару түрінде емес, елді кімнің басқарып отырғандығында деп ойлаймын.

ТҮРІ ЕМЕС, МАЗМҰНЫ МАҢЫЗДЫ

Серікболсын Әбділдин:

– Биліктің әрқилы түрлері талаптарға бірыңғай жауап бермейді деген пікірмен келісемін. Бірақ кез-келген мемлекеттің өзінің кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Конституцияны асыра пайдаланып, заңдылықты белден басатын президенттердің диктатор болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Ал біздің заманымызда диктаторлықпен алысқа бара алмайсың, бұл – тығырыққа апарар жол.

Оның үстіне, әлемдік тарих көрсетіп отырғанындай, президенттік билік орнаған оты қаралы үшінші әлем елінде 1985 жыл мұғдарында президенттер биліктен қуылды. Ал кейбір елдерде парламенттік билік орнында қалып, тіпті біртіндеп мемлекет істерін жолға қойып, нәтиже бере бастады.

Ал Орталық Азияға келсек, мұнда билікті басып алып отырғандығы шындық. Шындап келгенде Орталық Азияның Қырғызстаннан өзге мемлекеттерінде басшылар әзірге тұғырдан тая қойған жоқ.

Мысал үшін Қазақстанның президентін айтуға болады. Оның президенттік билікті алғанына 20 жыл болды. Бұған дейін ол министрлер кеңесінің төрағасы болды. Қазақстанды ширек ғасыр басқарса да ол мемлекет үшін ешқандай нәтижеге қол жеткізген жоқ. Сондықтан да басқару түрі ол жай ғана басқару түрі, ал бұл басқару түрінің мазмұны қалай болары – екінші мәселе. Бұл мемлекетті кімнің басқарып отырғандығына байланысты айқындалады.
Қазақстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы спикері,
Қазақстан Коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі
Серікболсын Әбділдин. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.


Қырғызстандағы реформалар – президенттік билік жүйесінің тығырыққа тірелгендігінің айқын көрінісі. Мен жаңа Конституцияға мемлекеттік биліктің өзге түрлерін ұсынып жатқан саясаткерлермен келісемін. Бұл кезең үшін ең ыңғайлысы, президенттің билігін барынша шектеген парламенттік-президенттік билік болар еді.

Шынын айтқанда, парламентке сенбеудің еш қисыны жоқ. Көп жағдайда парламенттік елдер, тіпті монархиялық мемлекеттер де өздерін жақсы қырларынан көрсетуде. Бұл құрылым өзіне өте үлкен жауапкершіліктер алып, көп жағдайда мойнына алған міндетті жүз пайыз болмаса да орындайды. Сондықтан да барлық мемлекеттік істер президенттің қолында болуы керек деген сөз дұрыс емес.

«АҚ ҚАРҒАЛАРДЫ» ШОҚЫП ТАСТАЙДЫ

Жүргізуші:

– Енді келесі сұрақтарға көшсек. Қырғызстанның алдында тұрған тәжірибелер Орталық Азияның өзге мемлекеттері үшін өзекті ме? Және Орталық Азия мемлекеттері үшін мемлекеттік құрылыстың қандай түрі барынша қолайлы?

Тәжігүл Бегмедова:

– Сөз жоқ, қырғыз тәжірибесі өте-мөте өзекті болып отыр. Түрікмендерге келсек, бізге азаматтық белсенділік танытуды, пікір таластыруды, өз пікіріңді қорғай алуды қайтадан үйрену керек. Бұрынғы кездері түрікмендерде халықпен ақылдасып отыру тәжірибесі болған. Совет өкіметі кезінде біз бұл үрдістен айрылып қалдық.

Қаншалықты жанға батса да шынын айту керек, біздің тәрбиеміз, үлкендерді сыйлау дегеніміз өзімізге сор болып отыр. Қызметі жоғары болса, жасы кіші адамды да үлкен деп сыйлайтын жағдайға жеттік. Ең ақырында президенттің әкесіндей қариялар 50 жастағы Ниязовты «ең үлкен қария» деп атайтын болды. Ендігі жерде билікке тиімді шешімдерді өткізу үшін қуыршақ та көзбояушы орган қариялар кеңесін пайдалана бастады.

Сөз бостандығы, бәсекелестік, бірінші басшыны сынға алу үрдісі жоқ жағдайда парламенттік билік аса маңызды.

«Ең қиыны – билікте отырғанда басыңды айналдырмай өзіңді ұстай білу» деп бір дана адам айтқан екен. Президенттің айналасы мен уәлеті өз мәртебесіне сай келсін-келмесін, бәрібір жеке басқа табынушылыққа жетелейді. Біздің адамдарымыз әзірге мұндай үрдіске тойтарыс беріп үйренген жоқ. Ал егер шындықты айтар адам табылып қалса, онда оны талап тастайды, халық жауына жақын ғып шығарады, әйтеуір бір ілік табады.

Қазіргі жағдайда түрікмен халқы үшін ең қолайлысы биліктің парламенттік түрі деп ойлаймын. Бұл азаматтық белсенділіктің, бірінші кезекте парламентшілердің өздерінің белсенділіктерінің артуына түрткі болар еді. Олар пікірлерін ашық білдіру үшін еркін ақпарат құралдарын талап етіп, жаңа тәуелсіз партиялардың тіркелуі мен азаматтық қоғамның дамуын жолға қояр еді.

КӨТЕРІЛІС ҚҰҚЫҒЫ

Мұхаммед Салық:

– Дәл осы кезеңде барынша қолайлысы президенттік билік болар еді. Бірақ оның айнымас бір шарты бар. Алдымен импичмент институтын күшейту керек. Бұл процесс президенттің қызметіне бақылау жасап отыруы керек. Орталық Азия мемлекеттерінің конституциясына тағы бір өте батыл бөлік – халықтың көтеріліс жасауға құқығын енгізу керек.

Өзбектің «Эрк» оппозициялық партиясының жетекшісі
Мұхаммед Салық. Түркия, 2008 жыл.
1776 жылы Американың он үш штаты тәуелсіздік декларациясын қабылдады. Сол жерде адамның бостандыққа құқығы, тағы сол сияқты мәселелермен бірге көтеріліс жасау құқығы да белгіленді. Егер Қырғызстанның Конституциясында мұндай бап болса, онда Уақытша үкімет өзін заңсыз сияқты сезінбей, барынша батылырақ қимылдаған болар еді.

Осы екі механизм – импичмент пен көтеріліс жасау құқығы – диктатурамен әуестенетіндердің жолына қойылған тосқауыл болар еді. АҚШ Конституциясында импичмент жайында былай делінген: «Мемлекеттік сатқындығы, пара алғандығы және өзге де елеулі кемшіліктері үшін президент, вице-президент және АҚШ-тың барлық азаматтары импичмент арқылы қызметтен шеттетіледі».

Сондықтан демократиялық мемлекеттердің бұл тәжірибесін біздің елдеріміздің пайдалану мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Әрине, оны дәлме-дәл көшіріп алудың қажеті жоқ. Бірақ оны біздің жағдайымызға ыңғайлауға болады.

Қубат Байболов:

– Бұл әлемде әмбебап ешнәрсе жоқ. Қырғызстанның тәжірибесі де Орталық Азияның барлық республикалары үшін жарай қоюы неғайбыл. Бұның толып жатқан құрамдас бөліктері бар.

Біздің Конституциямыз көтеріліс жасауға құқық бермейді. Әңгіме елдің бостандық сүйгіштігінде болып отыр. Әрине, Қырғызстанның тарихында есте қаларлық жайлар бар және бұл тәжірибені сырттай пайдалануға болар. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Мәселе мынада, халыққа толып жатқан қасірет алып келген фактілерден ешқайда қашып құтыла алмайсың.

Биліктің түрін таңдап алу – бұл түбірлі, принципті мәселе емес. Біз бұл жайында тоқтаусыз пікір таластыра беруіміз мүмкін.

АҚОРДАДА ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЖОҚ

Жүргізуші:

– Осы айтылғандарға қосымша пікір білдіретіндер бар ма?

Серікболсын Әбділдин:

– Биліктің қандай түрі болса да демократиялық мемлекеттің негізгі белгісі – парламент басқарған күшті сайланбалы биліктің болуында. Қазақстанда президенттік билік 1994 жылдан бастап енгізілді. Ал енді Қазақстанда барлығы жақсы, тұрақты деген сөздің бәрі – бос сөз. Тіпті Ақорданың өзінде тұрақтылық жоқ. Барлығы бір адамның диктатурасының, деспотизмі мен режимінің күшімен ұсталып тұр.

Егер әңгімелесіп отырған кісілер диктатураны қалайтын болса, онда президенттік билік үшін дауыс бере берсін.

Әдетте, парламенттік басқару формасы – ұжымдық шешім қабылданатын ұжымдық орган. Парламентте сайлаушылардың үміттері мен мүддесі шоғырланған. Біздің менталитетіміз бойынша елді бір ғана адам басқаруы керек деп ойлайтын адамдар жаңсақ пікірде. Егер біздің дамығымыз келсе, онда уақыт талабы бойынша дамудың жаңа жолдарын іздеуіміз керек. Және осы тұрғыдағы бірден бір дұрыс жол – бостандық.

Елді бір ғана адамның режимі билеп-төстеп отырса, онда қандай бостандық туралы әңгіме айтуға болады? Мен әрқашан да президенттің өкілеттігі шектелген парламенттік билік түрін жақтап келемін.

Қырғызстанда болған оқиғадан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Халықты түсініп, қолдау керек. Егер халықтың жайын ойлаудың орнына тек өз қалтасының ғана қамын ойлаған ұры-президенттер сайланып кетсе, халыққа басқа қандай амал қалып еді?

Тәжігүл Бегмедова:

– Әр елдің өзінің даму жолы бар. Белсенді азаматтық қоғамы бар, сот жұмысы ашық жүргізілетін, БАҚ-тары еркін жұмыс істейтін мемлекет – ең жақсы мемлекет. Осындай жағдайда ғана биліктің президенттік түрі қоғамның талабына жауап береді.

Жүргізуші:

– Пікірталасқа қатысқандарыңызға рахмет. Азаттық радиосының эфирінде келесі кездескенше.
XS
SM
MD
LG