Accessibility links

Туған аулындағы үйі өртенген Бакиевтің Қырғызстанға қайтып барғысы жоқ


Бұрынғы қырғыз президентінің Тейіттегі үйі. 15 мамыр 2010 ж.
Бұрынғы қырғыз президентінің Тейіттегі үйі. 15 мамыр 2010 ж.

Минскіні паналаған бұрынғы қырғыз президенті «Азаттыққа» сұхбат беріп, «Уақытша үкімет қазір бәрін Бакиевтерге жауып жатыр, қолдарынан мемлекет басқару ісі келмейді» дейді. Мамырдың 14-і Уақытша үкіметтің жақтастары Бакиевтің туған ауылындағы үйін өртеп жіберген еді.

– Бір айдан бері елден жырақта жүрсеңіз де, Қырғызстаннан, туған жеріңізден хабар алып тұратын шығарсыз. Ол жақтағы оқиғалар жайлы не дейсіз?

– Хабарласып тұрамын. Әсіресе өзіңіз айтқан туған жерімдегі оқиғаны естіп, қатты қапа болдым. Бұл заңсыздық қой, бірақ дәл мұндай болар деп ешкім ойламаса керек. Сол жақта жасы 90-ға келген ақсақалдың, Ұлы отан соғысы ардагерінің үйін өртепті. Оның жазығы не? Жусуп Салиевич деген азамат 2006 жылы қайтыс болған еді. Осы үйді тоғыз жылда әрең салып бітірген. Ірі бизнесмендердің үйлерін емес, оны өртегендері қайткені? Жазығы не? Ауыл төрағасы болған Каныбек Салиевич мен президент болмай тұрғанда-ақ сол қызметке сайланған. Оның не күнәсі бар? Екінші мәрте тағы сайланған. Мерзімі біткен соң жұмыссыз жүрген. Үйін он жыл бойы салған, оған ағайын-туыс болып көмектескенбіз. Оны өртегеннен не өнеді? Уақытша үкімет мүшелері де, жергілікті билік басшылары да елдің, мемлекеттің қамын емес, жеке бастарының есебін көздей ме – білмей қалдым...
Бұрынғы қырғыз президенті Қ.Бакиев баспасөз мәслихатында. Минск, 23 сәуір 2010 ж.

– Осы жерде бір оқырманымыздың Тейіттегі үйлер туралы сайтқа жазған пікірін келтіре кетейін. «Мен де мұны дұрыс демеймін. Бірақ байлар көрсін – Ақаевтың, Бакиевтің соңынан кетсе, бұдан да зорға душар болады» деп жазыпты. Кеше Жалал-Абадтағы тәртіпсіздік кезінде тағы екі адам жарақаттанды. Уақытша үкімет «бұл жолы да Бакиевтің жақтастары ұйымдастырды» десті. Бұған не дейсіз?

– Қазір уақытша үкімет бәрін Бакиевтерге жаба береді. Одан басқа амалы жоқ, себебі мемлекетті басқара алмайды. Қырғыз халқы Уақытша үкімет мүшелерінің бәрін, кімнің қайсы қызметті қалай атқарғанын әбден жақсы біледі. Елдің қамын ойлаулары керек еді. Экономиканың қанша жылға кері кеткенін айтпай-ақ қояйын. Мемлекеттің қауіпсіздігін сақтай алмай жатыр. Мұндай бассыздықтарды тоқтау керек еді.

– Оқырмандарымыз «Бакиевтер әулетінің атынан ақша таратып жатыр» дегенді жазады.

– Туыстарым ақша таратпақ түгілі сотқа тартылып, бастары істі болып жүр. Бір-бірімен хабарласқанды қойып, әркім әр жақта жүр. Ондай кезде ақша беріп, бірдеңе ұйымдастыру қайда! Оның бәрі өтірік сөз.

– Интернетте «Максим мен Жаныш Бакиевтердің телефон әңгімелері» деген таспа жария болды. Сол таспаға жүгінсек, ұлыңыз бен ініңіз төңкеріс жасап, билікті қайтарып алуды жоспарлап жатыр екен. Олармен хабарласып тұрасыз ба?

– Ашығын айтайын – қазір туыстарымның ешқайсысынан хабарым жоқ. Олардың біреуімен сөйлессем, жаңағы өзіңіз айтқан істерді маған жабатынын білемін. Сондықтан ешкіммен хабарласқан емеспін.

– Сол таспада Максим «біз шефті (яғни сізді) қайтадан билікке апаруымыз керек» депті. Бірақ сіз көнбепсіз. Бұл сөз рас па?

– Мен Қырғызстаннан, ауылдан шығып бара жатқанда, Назарбаев пен Путин екеуімен сөйлескенде «оңтүстік-солтүстік болып соғыспасын, ел шабыспасын, мен елден кетейін» дедім. «Соңымнан қуғын салмасын, туыстарымды түртпектемесін, елде тыныштық болсын» дедім. Сол келісім бойынша Қырғызстаннан кеткенмін.

– Балаларыңыз Максим мен Марат қайда жүр?
Балаларымды сөз қылмай-ақ қоялық. ...


– Балаларымды сөз қылмай-ақ қоялық.

– Максим мен Жаныш Бакиевтердің телефон әңгімесін интернеттен Қырғызстан халқының көбі естіді. Ол сөз шын болса, «тоқтаңдар, ондайға бармаңдар, қан төгілмесін» деп айтар ма едіңіз?

– Сөзсіз айтамын. Себебі қазір Қырғызстанға қайтып баратын мүмкіндік жоқ, ондай ойым да жоқ. Бұл қарулы төңкеріс болды дегенді өткен жолы айтқанмын. Қарулы төңкерістің кесірінен жазықсыз балалар қаза болды. Кейін бәрі оңалады. Бұған анық сенемін. Оған уақыт керек. Балаларым өзара сөйлесіп, әрекет қылып жатса, ондай ойлары бар шығар. Бірақ мен өткен жолы да айтқанмын – ондай ниетім жоқ.

– Демек оларға тоқтаңдар деп басу айтасыз ба?

– Әрине, айтамын.
Көтерілісшілер полициямен қақтығыста жараланған жігітті ауруханаға апара жатыр. Жалал-Абад, 19 мамыр 2010 ж.

– Жалал-Абадтағы, оңтүстіктегі жақтастарыңызға мұндай қантөгіс болғызбас үшін не дер едіңіз?


– Жалпы қырғыз еліне айтарым бар. Біріншіден, қандай іске тап келсе де, ақылға жүгіну керек. Қазір билікке келген Уақытша үкімет мүшелерін, жергілікті билік басшыларын сабырға шақырамын. Эмоцияға берілмей, ақылмен іс қылу керек. Ашуға ерік берген соң екі жақ тіресіп, ақыры бұдан зор болуы мүмкін. Сондықтан сабыр керек. Қазіргі үкімет мүшелерінің қолдауымен Бішкекте не болғанын, бизнесмендердің дүние-мүлкіне ауыз салғандарын естіп жатырмын... Жаңадан келгендер бұл демократия деседі, бірақ демократияның иісі де жоқ.

– Құрманбек мырза, «бәрібір Қырғызстанға қайтып бармаймын» дедіңіз. Жақтастарыңызға «менің жоғымды жоқтамаңдар, тынышталыңдар» дей аласыз ба?

– Менің ойымша, ол жақтағы әңгіме менің жоғымды қуғаннан емес, басқа жақтан өрбіп жатыр. Интернетке шыққан мәліметтен басқа білерім жоқ. Бірақ Бакиевке жақтасамыз деп көшеге шыққан адам жоқ. Жұрт жергіліктің биліктің, уақытша үкіметтің басқаруына наразылық танытып шығып жатыр.

Қарулы төңкеріске дайындалып жатқандарын білгенімізде Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымына, басқа елдерге хабарласып, күш жинап, мұндайға жол бермеудің қамын жасар едік.

– Бір айдан соң Қырғызстан халқы жаңа Конституция жобасын дауысқа салады. Оған қоса Роза Отунбаеваға өтпелі кезеңдегі президенттің міндеттері мен құқықтарын жүктеу мәселесі де қозғалмақшы. Осындай жағдайда өзіңізді президентпін деп санайсыз ба?

– Мен мәлімдеме жасап кеттім. Осындай оқиға боларын білмедік қой. Егер білгенімізде... Бірақ қанды оқиға болды. Бұлар мемлекеттік басқару жүйесін өзгертеміз деп жатыр. Парламенттік формаға аустырсақ дегендерін түсіндім. Алайда ондай жүйеде біздің экономиканы дамыту шарты жасалмайды. Парламенттік басқаруға ауысқан соң әр партия өз қамын күйттеп, депутаттар топ-топқа бөлініп, парламентті не қыларын өзіңіз білесіз. Менің ойымша, Конституцияны өзгертсе, оған ел өз бағасын берер. Бірақ мұндай жүйенің пайдасы жоқ.

– Партия туралы айттыңыз ғой. Қазір «Ак жол» партиясынан шығып жатқандар көп. Бұлар әу баста-ақ билікке жағыну үшін қосылған адамдар ма, әлде басшылары кеткеннен кейін партия ілгері баспайды дегендер ме?

– Себебі әр түрлі болуы мүмкін. Кез-келген партияда кездейсоқ кірген адамдар болады. «Ак жол» партиясынын қатарында да, орысша айтқанда, «случайный» адамдар бар шығар. Партияға кіре ме, шыға ма - әркімнің өз шаруасы, өзі шешуі керек.

– Рақмет.

(Қырғыз тілінен тәржіме қылған Ермек Тілеген. Сұхбатты қырғыз тілінде мына жерден тыңдауға болады)
XS
SM
MD
LG