Accessibility links

Құрбан айттан президентке дейін


Құрбандық шалушылар орталық мешітке қарай қой көтеріп барады. Алматы, 16 қараша 2010 жыл
Құрбандық шалушылар орталық мешітке қарай қой көтеріп барады. Алматы, 16 қараша 2010 жыл

Қарашаның 16-ы Қазақстанның мұсылман халқы Құрбан Айт мейрамын тойлап жатыр. Тарихы Ибраһим пайғамбардан бастау алатын құрбан шалу рәсімінен бөлек Алматы мен Астанада соңғы бірнеше жыл ішінде тағы бір жаңа дәстүр пайда болған сияқты. Ол орталық мешітте президент Назарбаевты күту деп аталады.


Құрбан айттың алғашқы күні көшенің арғы бетіндегі (Жандосов пен Шәймерденов көшелерінің қиылысындағы) Таугүл мешітінің дауыс ұлғайтқыш аспабының үнінен ояндым. Имам уағыз айтып жатыр екен: «Құран Кәрімде: «Құрбанға шалған малдарыңның еттері де, қандары да Аллаһ тағалаға жетпейді. Бірақ оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» деген.

ТАУГҮЛ МЕШІТІНДЕГІ ТАҢҒЫ САУДА

Мешітке келіп едік, іші түгілі ауласына бас сұғу мүмкін болмады. «Аттысы» да, жаяуы да, адамы да, малы да араласып кетіпті. Бір түннің ішінде аяқ астынан бірнеше шарбақ пайда бола қалыпты. Қора-қора қойды қаумалаған жұрт бұл маңды қызу базарға айналдырып жатыр. Таяй бергенде-ақ бірнеше жігіт жеңіме жармасып: «Қойдың бағасы – 25 мың теңге, қасапшының ақысы – 500 теңге» деп, мені әрі-бері көкпар қылды.
Құрбандық шалушылар қой көтеріп келеді. Алматы, 16 қараша 2010 жыл

Басқа мешітті де көрмек болып, ол арадан ұзай бердік. Уағыз айтып жатқан имамның дауысы жарты қаланы жаңғыртып, біразға дейін естіліп тұрды: «...шынайы ықыласпен сойылған құрбандықтың алғашқы тамшы қаны жерге тамар-тамбаста құрбан шалған мүміннің күнәлары кешіріледі...»

МЕДРЕСЕДЕГІ ҚҰРБАНДЫҚТЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

Бұдан кейін жолымыз түскені – Жұбанов пен Өтеген батыр көшелерінің қиылысындағы бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан медресе болды. Бұл медресе Түркістан ислам мәдени орталығына тиесілі екен. Ғимараттың арт жағындағы қоралана біткен жерді қоршап, қойларды тұрқына қарай үш шарбаққа бөліп қамап қойыпты. Арзаны – 15 мың, орташасы – 20 мың, қымбаты – 25 мың.

Бұл жерде алдыңғы мешіт маңындағыдай әбігер, жанталас, қызу сауда көрінбеді. Айт намазынан шыққан жұрт ғимараттың арт жағындағы мал тұрған жерге өту үшін әуелі тіркеу орнына барады екен. Сол жерден номері жазылған қағазды алып, оны «Касса» деген жазуы бар үстелге апарып, ақшасын сол жерде төлейді.
Әділхан Жақсыбеков, "Түркістан" мәдени орталығы төрағасының орынбасары. Алматы, 16 қараша 2010 жыл

Одан алған чегін қораның аузындағы жігітке көрсетеді. Ол жігіт қағазға қарап жіберіп, үш қораның біріндегі қойды сирағынан сүйреп келеді. Арнайы дайындалған орынға келген қойды қасапшылар бауыздайды. Оның етін бұзу – «Ет жіліктейтін орын» деген жердегі жігіттердің, басын үйту – «Бас үйтетін орын» деген жазудың түбіндегі азаматтардың шаруасы.

Пышақтарын жалаңдатқан қасапшылар көп болып көрінгенмен, медресе ауласындағы 400 қойды, 30 сиырды бауыздап үлгермей жатты.

– Құрбан шалуға келіп едік. Бірақ бізге дейін қасапшының кезегінде 170 адам тұр екен, – дейді Мақсат Қалдыбек деген азамат. – Әлде басқа жаққа барып шаламыз ба...

Мұндағы құрбан шалушылардың бір ерекшелігі – тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де аралас-құралас жүрді.

Бұл шаруаның ұйымдастырылу жөнін білмек болып едік, Әділхан Жақсыбеков деген жігітке қарай жөн сілтеп жіберді. Түркістан ислам мәдени орталығы төрағасының орынбасары Әділхан Жақсыбеков «Құрбан айтты 1999 жылдан бері осылай жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз» дегенді айтты.

– Құрбан шалған адам мал етінің үштен бірін өзі алады, үштен бірін қонағасыға арнайды, үштен бірін біздің медресеге беріп кетеді. Ал біз оны балалар үйлеріне, жетім-жесірлерге, кембағалдарға бөліп береміз, – дейді Әділхан Жақсыбеков.

«Құрбанға соятын малды кім сатып жатыр?» деген сауалымызға «Өзіміз сатып жатырмыз. Бұл малды Семей жақтан сатып әкелгенбіз» деп жауап қайырды ол.

ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ

Бір мешіт, бір медресені аралап, «Орталық мешіттегі құрбан айттан құр қалдық-ау» деп, асығып-үсігіп солай тарттық. Ол маңға таяғанда-ақ әр көшенің қиылысындағы 4 бағдаршамның түбінен, аз дегенде, 4 жол полициясы қызметкерін, 4 тәртіп сақшысын көріп, қызықтан құр қалғандай тіпті асықтық.
Полиция қызметкерлері президент Назарбаевтың Орталық мешітке келуіне қатысты мешіт түбінде жиналып тұр. Алматы, 16 қараша 2010 жыл

Келгенде көргеніміз – мешіттің алдыңғы қақпасын күзеткен қарулы адамдар қарапайым жұртты қайырып, артқы қақпаға қарай бұрып жатыр екен. Мешіттің барлық есігі тарс жабық. Әр есікті бірнеше адам күзетіп тұр.

Мешіттің солтүстік жағы – қарақұрым халық. Бәрі оңтүстік жақтағы қақпаға телміріп қарайды. «Бұл не тұрыс?» деп жөн сұрап едік: «Президент келеді деп кіргізбей жатыр. Тағы сағат сегіз жарымнан бері күтіп тұрмыз мешітке де кіре алмай, құрбандық та шала алмай!» деген жауап алдық.

Сағатымызға қарап едік, он бір жарым болыпты.
Қауіпсіздік қызметінің өкілі президент Назарбаев келерден бұрын Орталық мешітті күзетіп тұр. Алматы, 16 қараша 2010 жыл

Бір қызығы – асырып айтқан адамға – жиылған жұрттың үштен бірі қарапайым мұсылман, үштен бірі полиция қызметкерлері, үштен бірі шаштары тақыр, құлақтарында түймедей ғана «наушниктері» бар, түрлері суық азаматтар болып көрінді.

Мешіттің алдындағы биік жерде түйе үстіне өрмелеп, күнді аңдыған тышқан сияқтанған сирек топ тұрды. Мен де президентті биік жерден анықтап көріп алмақ болып, солардың қатарына қосылып едім. Бірақ түр-сипаты мешіт маңына жиналған үш топтың үшіншісіне ұқсайтын біреу келіп, мені ол жерден түсіріп жіберді.

Ал мешіт ауласының басқа тұсында жүрген Азаттықтың тілшісіне беймәлім біреу келіп, өзін қауіпсіздік қызметінің өкілімін деп таныстырды. Бірақ ол адам құжатын көрсетуден бас тартты. Ақпарат құралының өкілі екенін растайтын куәлігі, Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі тарапынан берілген аккредитациялық құжаты болса да, Азаттық тілшісінің фотосуретке түсіруіне тыйым салып, фотоаппаратын тартып алды.
Полиция мүгедек адамды президент сөйлеп болғанша мешіттен шығармай тұр. Алматы, 16 қараша 2010 жыл

Азаттықтың екінші тілшісі де осындай күйге ұшырады. Журналистік қызметін атқарып, Құрбан айтқа жиналған жәмиғатты суретке түсіріп жатқанын уәж ретінде алға тартқан тілшіге жаңағы өкілдің: «Вам же оппозицию разрешили, чего еще надо?» деп орысша әкіреңдей жауап қатқанын естіп қалдық. Құрбан Айт пен Азаттық тілшісіне оппозицияның не қатысы бар екенін аңдай алмай тағы біраз тұрдық. Қауіпсіздік қызметкерлері көз алдымызда әлгі тілшіні сүйрелеп, мешіт алдындағы көшенің арғы бетіне шығарып тастады да, жол жиегіндегі полицияға ішке кіріп кетпеуін қатаң түрде тапсырды.

ПРЕЗИДЕНТ БҮЙ ДЕДІ

Сірә, бүгін күн де суықтау болған сияқты. Жиылған жұрттың шыдамсыздары біртіндеп тарап, үйлеріне қайтты. Шыдамдылары «президентті көрмей кетпейміз» десті. Ақыры үш сағат күттірген президент Назарбаев та келді. Мешітке кіріп-шыққанын, жұрт алдында сөйлегенін қосқанда он минуттай аялдады.
Президенттің Құрбан айтқа қатысты құттықтауын тыңдауға жиналған жұрт. Алматы, 16 қараша 2010 жыл

Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөзін:

– Қазағымыз, халқымыз дүние жүзіне белгілі болып, сыйлы болып, құрметті болып, 57 елдің басшысы, мінеки, жиналып, Астанада бас қосып, Қазақстанды тағы да дүние жүзіне танытуға қолымыз жетіп отыр. Құдай қаласа, ендігі жылы Ислам ұйымына басшы боламыз, – деп бастады.

– Алла тағала, Жаратқан ием әр уақытта тілегендердің тілегін беріп отыратын сондай өзінің қағидасы бар айтқан. Оны бәріңіз білесіздер, – деп сабақтады.

Президент сөзін былай деп түйіндеді:

– Сонымен айтайын дегенім – жиналып, таңертеңнен бері күтіп тұрғандарыңызға зор рахметімді айтамын сіздерге!
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының президенті (оң) және Әбсаттар Дербісәлі, ҚМДБ бас мүфтиі (сол). Алматы, 16 қараша 2010 жыл

Айтпақшы, Орталық мешітте президентті күтіп тұрғанда ұзын етек киімдері бар, сирек сақалдары бір қарысқа жуық екі адамнан жөн сұраған едік. Өздерін Абубакир мен Муслимбіз деп таныстырған кісілер (суретке түсуден ат-тондарын ала қашты) сұрағымызға жауап бермей, өзімізге қарсы сауал қойды: «Намаз оқисыңдар ма?» деді Абубакир. «Басқа құлшылық-ғибадатты адамның денесі, қол-аяғы десек, намаз – адамның басы сияқты» деді Абубакир. «Қол-аяғың жоқ болса да, өмір сүре бересің. Басыңды шауып тастаса, өлесің де қаласың» деп қорқытты Абубакир.

Абубакирдің «бас» деп астарлап тұрғаны Қазақстан басшысы, Елбасы, президент Назарбаев болар деп ойладым. Расында да президент келгенше Орталық мешіт үш сағат бойы ғибадат жасай алмай тұрып қалды емес пе? Абубакир рас айтады, рас айтады...

(Бәзілхан Жұмабай - Алматыда тұратын журналистің лақап аты. Бұл мақалада жазылған оның жеке көзқарасы мен пікірі Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сай келмеуі мүмкін).
XS
SM
MD
LG