Accessibility links

Дулат Исабеков кездесуде президент Назарбаевқа не айтты?


Жазушы Дулат Исабеков мемлекеттік тілді қолдау жиынында. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл.
Жазушы Дулат Исабеков мемлекеттік тілді қолдау жиынында. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның 16-cы күні Алматыда жазушы Дулат Исабековпен кездескені туралы хабарлады Ақорда сайты. Азаттық радиосы осы кездесуде әңгіме тақырыбы не жайында өрбігені туралы жазушыдан сұраған еді.


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушы Дулат Исабековті Алматыда Құрбан айт мерекесі күні қабылдады. Сәрсенбі күні жазушыдан президентпен екеуара болған кездесуде не жайында сөйлескені туралы Азаттық радиосына баяндап беруді өтінген едік.

– Енді оның бәрін жариялай беру этикалық тұрғыдан ыңғайсыз шығар. Бірақ ондай кездесуде жазушы не айтушы еді, менің айтқаным – қазіргі елдің жағдайы, ауылдың жағдайы туралы болды.

– Нақтырақ айтып бересіз бе, ауылдың жағдайы туралы не айттыңыздар?

– Қазір ауылға көмек керек, дипломды жастар ауылға барсын деп жатырмыз. Ал дипломды жас ауылға барып не істейді? Ауылда не күтіп тұр оларды? Ауылда мектептен басқа жұмыс жоқ. Сондықтан кешенді түрде шешу керек мәселені. «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев ауылға қатысты арнайы бағдарламасын таныстырып желтоқсанның басында Астанада баяндама жасамақ. Ол бағдарламаны әнеукүні мен тыңдағанмын, өте жақсы. Ол бағдарламада өзін өзі басқару жөнінде, мысалы, ауылдарда бұрынғыдай кооперативтерді қайтадан ашу сияқты жақсы ұсыныстар айтылған. Жастар қаладан ауылға бару үшін жұмыс орыны қажет, оны министрлер кабинеті кешенді қарап, арнайы бағдарлама түзуі керек. Барлық партиялар жақында жолығып, бас қосады екен ғой. Сонда олардың әрқайсысы ауылды жөндеудің жоспарын ұсынып, ортақ шешімге келуі керек. Ауылдың техникалық базасын қалыптастырмайынша ауылды көркейту деген құр әңгіме болып қалады.

– Ауыл мәселесінен өзге тағы не айттыңыз президентке?

– Жазушылардың жағдайы, Жазушылар одағындағы атмосфера, моральдық климат нашарлап кеткендігі туралы сөз болды, оны жөндеуіміз керек. Сонан кейін жеке шығармашылығым жөнінде президент менен түбегейлі сұрады не істеп жатқанымды. Мен өзім қолға алған триптихты бітіргенімді, соның сюжетін түгел айтып бердім. Ол кісі риза болды. Кадр мәселесі туралы да, елімізде президентке еліктейтіндердің өзін өзі жарнамалауы көбейіп кеткені жайлы да айтылды. Мына облыс әкімдері халықты үйіріп қойып, үш-төрт сағат далада күттіріп қоятын болды, тіпті аудан әкімдеріне дейін Назарбаевқа еліктейтін сияқты. Ең аяғы, Жазушылар одағының өзінде осындай бар, ол бұлардың бәріне сын көзбен қайтадан бір ойланып қарау жөн сияқты деді.

– Дулат мырза, сіз осыған дейін берген сұқбаттарыңызда, баспасөзде шыққан мақалаларыңызда қоғамдағы шынайы жағдай, билік пен халық арасындағы алшақтық, саяси құрылыс, баспасөз бостандығы сияқты түйткілді мәселелер президентке дұрыс жетпейді-ау деген пікір білдірген едіңіз. Ал бұл жолы өзіңіз президентке сол ойларыңызды айта алдыңыз ба?

– Айтқанда қандай! Керемет ден қойып тыңдады ол кісі мені. Ашу-ызасыз, соншалықты жайдары қалпында «айта беріңіз» деді. Мен «сіздің төңірегіңіздегілер сізге шындықты дұрыс айтпайды, осыны ұғыңыз, біз айтсақ сол төңірегіңіздегі жігіттерге, командаңызға қастандық ойлағаннан немесе сізге басқа бір бөтен пікір барлығын айтпаймыз, біз де, өз шамамыз келгенше, осы елге жанымыз ашиды, сол тұрғыдан айтамыз» дедім. Бәріміздің ойлайтынымыз осы саны аз қазақ халқының болашағы екенін жеткіздім.

«Тіл деп жатырмыз, сіз де сол тіл деп шырылдап жүрсіз, бірақ ол орындалмай жатыр, орындалмай жатқан себебін де түсінеміз. Оралмандарды қолға жөндеп ала алмай жатырмыз. Халық санын көбейтудің төте жолы «Нұрлы көш» еді, оны жақсылап қолға алуымыз керек. Көштің, мына көші-қонның басында отырған жігіттер де жемқорлыққа батып қалған сияқты. Неге олигархтар ақшаны басып шетелге қашып кете береді, неге оларды қайтаруға шамамыз келмейді? Өстіп кете бере ме тайраңдап? Ана төңірегіңізде жүрген үш-төрт олигарх та ертең өстіп кете салады. Осыған өз тарапыңыздан аяусыз бір қатаң шара қолдануыңыз керек дедім президентке.

– Шетел асып кеткен олигархтар деп отырғаныңыз кімдер?

– Енді, Мұхтар Әблязов кетті ақшаны алып, ана Храпунов кетті, халықтың санағына бөлінген ақшаны алып кеткен анау әлгі агенттік басшысы болған қыз ол кетті, біздің мәдениет министрлігінде тіл комитетін басқарып жүрген бір жігіт бар еді, ол да ақшаны алып жай ғана кете салды Түркияға. Мына тұрған жер емес пе, «қайтар» десеңіздер болды ғой, олар ешқандай саяси қуғын-сүргінге ұшырамаған, саяси астар жоқ, тек қана ақша жеп кетіп қалғандар. Міне, осындайлардың бәріне жұрт наразы, осыларды қайтару керек.

– Яғни, сіздіңше, Мұхтар Әблязовтың ісінде саясат жоқ па?

– Саясат жоқ онда, дәл осы жолы саясат жоқ.

– Елдегі оппозиция мен билік арасы, оппозицияның көтеріп жүрген мәселелері туралы сөз болды ма?

– Оппозиция туралы айтуға уақыт жетпей қалды.

– Өзіңізге бір табан жақын журналистер жайы, тәуелсіз басылымдар, сөз бостандығы туралы ше?

– Ол туралы сөз болған жоқ. Өйткені біз Мұңлық - Зарлық туралы көбірек айтып кеттік те, мен ол туралы пьеса жаздым ғой, сол жайында әңгімелестік. Мен қазақта басында моласы екі жер барын, оның бірі Қозы Көрпеш – Баян сұлу, екіншісі осы Мұңлық - Зарлық екендігін айтып, елге барғанда соны көріңіз дедім. Ол кісі Мұңлық – Зарлық туралы естімепті, бүге-шігесін сұрады, айтып бердім. Содан уақыттың қалай өтіп кеткенін де білмей қалдық қой.

Көп нәрселердің басы шарпылды, «сізден кейін кім болуы керек, біздің қабырғамызға осы батады» дедім. Бір жағымыз – Қытай, бір жағымызда – орыс. Осындай жағдайда біз екі ортада шыбын өлген сияқты болып қалмаймыз ба, халқымыздың саны аз, міне, осындай жайттар сөз болды, ішкі сырын да айтты. Бірақ оның бәрін айта беруге менің қақым жоқ.

– Сонда сіздердің әңгімелеріңізде мұрагер туралы сөз болды ма?

– Айтылды, бірақ оны мен сізге айтпаймын.

– Сіздер шетелге кетіп қалғандар туралы айтыпсыздар. Мысалы, дәл сол Мұхтар Әблязов көрші Қытаймен арадағы жасырын сауда, миллиардтаған ақша туралы мәселе көтерді. Немесе, бірқатар тәуелсіз басылымдарда қазір билікте отырған лауазымды шенеуніктерге қатысты айтылып жүрген сыни әңгімелерді сөз еттіңіздер ме?

– Иә, тәуелсіз басылымдарда көп нәрсе айтылып жатыр ғой деп те айтылды, бірақ арнайы тақырып қылмадық. Ол кісі: «мына әңгімеміз өте қызық, осындай әңгімені көптен күтіп жүр едім, сізді шақырғаным да сол. Маған әңгімеңіздің ащы-тұщысы да ұнады» деді. Президент саммит өткен соң менімен тағы да кездескісі келетінін айтты. Сол кезде қазіргідей асығыс емес, кеңірек әңгімелесуге үміт білдірді. Мен осы жолы айта алмаған біраз ойлар басымда тұрды, оларды кеңірек қозғамаса, басын шарпып қана айтып өткеннен пайда болмайтын еді. Сондықтан мен оларды келесі кездесуге қалдырдым. Сонда тура төтесінен қоятын мәселелер бар.

– Дулат мырза, радиомызға сұқбат бергеніңізге рақмет.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG