Accessibility links

Тәуелсіздік күніне арналған тәуелді айтыс


Ақындар айтысқа жиналды. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.
Ақындар айтысқа жиналды. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Желтоқсанның 13-і күні Астанада тәуелсіздік күніне арналған ақындар айтысы аяқталды. Қорытынды кешке қатысқан жоғары лауазымды шенеуніктер кеш бойы ақындардың аузына қақпақ қоюмен болды.


«Тәуелсіздік тағылымы» деген атпен үш күнге жалғасқан айтыстың ақтық сыны алты сағатқа жуықтап, Астана уақытымен түнгі он бір жарымда аяқталды. Айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман «ақындардың тіліне тиек қоймаймыз» дегенімен, айтысқа қатысқан мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ашық айтысқа көшкен ақындарды тежеп отырды.

Астаналықтардың айтысқа сусап қалғанын «Конгресс холл» сарайына жиналған халықтың қарасынан-ақ байқауға болар еді. Көрермендердің де көңілі көтеріңкі болды. Екі жарым жылдан бері ақындар айтысы үлкен сахнаға шықпай кеткені белгілі. Сондықтан болар, ақындар да мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысты.


ЖАС АҚЫНДАР МИНИСТРДІҢ ҚИТЫҒЫНА ТИДІ

Алғашқы екі күнгі іріктеу сынынан суырылып шыққан сегіз ақын ақырғы айқаста бақ сынасты. Алдымен сахнаға екі жас ақын шықты. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Әлібек Серғалиев деген жас өрен көзге түсті. Тапсырылған тақырыпты ысырып қойып, қоғамда болып жатқан келеңсіздікті келемеждеді.

Солтүстіктен келген солақай ақын Әлібектің тілі де «солақай» екен. Оның теңеулері айтысқа келіп, төрде отырған шенеуніктердің шамына тиген сияқты. Өйткені келесі жұп сахнаға шығар алдында мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ақындарға ескерту жасады.

– ...Бұл айтыс бұрынғы айтыстан өзгеше. Өзгешелігі - арт жағыңызға қарасаңыздар, «Тәуелсіздік тағылымы» деп тұр. Баяғыда, Жүке, айтыс өткізгенде кейбір айтыстарды тақырып беріп айтыстыратын едіңіз. Сондықтан бүгінгі айтыстың тақырыбы бар. Ол – тәуелсіздік! Осы тәуелсіздіктің қолдарыңыздағы домбыра сияқты екі ішегі бар жырлап қоя беретін. Оның біреуі - қазақ елі. Екіншісі - сол қазақ елін әлемнің биігіне көтерген елбасы. Сондықтан бүгінгі ақынның сөзі де осындай болуы керек... Біз бүгін Қазақстанның атын әлемге танытқан Астананы айтуымыз керек. Қазақстанның бүгінгі жеткен биігін айтуымыз керек. Сол үшін бүгінгі айтысқа мемлекеттік хатшы келіп отыр. Сондықтан тақырыптың шеңберінде болыңыздар дегім келеді, – деді мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтысты жүргізген Жүрсін Ерманға және айтыскерлерге қарата сөйлеп.

Мәдениет министрінің ақындарға айтқанын тыңдаңыз:




«БАР ҮМІТ – АЙНҰРДА»

Сахнаға екінші болып шыққан жұп Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақов еді. Алдыңғы екі жас ақынның айтысынан тіксініп қалған министр бар салмақты Айнұрға салды.

– Айнұр айналайын, бүгінгі айтыстың ақтаңгері өзіңсің. Талай-талай мықты ақындарды шаң қаптырған кезің бар. Бір айтыстың тамаша үлгісін, өнегесін көрсетесіздер ғой деп ойлаймын, – деген министр Мұхтар Құл-Мұхаммед бар үмітін Айнұрға артты.

Министр Жандарбек Бұлғақовқа да «өтініш» айтып, артық кетпеуге шақырды.

Әлбетте, Айнұр министрдің ақылын тыңдады. Сыпайылық танытып, тақырыптан аспауға тырысты. Ал Айтақын Бұлғақовтың баласы Жандарбек алғашында «тыныш» бастап еді, ұзаққа бармады. Қоғамның түйткіл тұстарын айтып өтті. Халықтың да күткені осы болса керек, дуылдатып қол шапалақтап, оны қуаттап, қолдап отырды.


БҰЛҒАҚОВ БӘРІН «БҮЛДІРДІ»

«Қысқарту идеясын мен айтайын -
Елімде үш тіл деген үш таған бар.
Төрде отырып қазақ тілін керек қылмай,
Өзге тілдің қаламын ұштағандар.
Қысқартуға ең бірінші іліксе екен,
Қазақ тілге тілдері қысқа адамдар!» – деп бір қайырды Жандарбек Бұлғақов.

Жас ақын бұдан да басқа қоғамдағы проблемаларды жырлады. Әсіресе, спорт саласына ерекше тоқталған Жандарбек «өз намысыңды өзің қорға» дей келе, «жалдап алған сарбазбен майдан құрса, ешқашан жанын салып соғыспайды» деген Бауыржан Момышұлының сөзімен аяқтады.

Бұл жұпқа баға беру кезінде қазының бірі, белгілі сатирик Көпен Әмірбек Жандарбекке бір ұпайды кем беріп еді, халық шулап қоя берді. Айқай-шу алысқа ұзап бара жатқан соң Көпен Әмірбек шешімін өзгертіп, Жандарбекке «10» деген ұпай көтерді.

Осы кезде министр Құл-Мұхаммед тағы да сөзге араласты. Ол жиналған жұртқа қазыларға құрмет көрсетіп, мәдениетті болу керегін ескертті. Алайда жұрт оның сөзін естіртпей шулап кетті.

– Әй, айналайын, тұра тұр сен, кімсіңдер!? Тыныш отыр! Әй, қайсың сонша айғайлап отырған?! – деп мәдениет министрі ашу шақырды. Осы кезде залдағы бір егде әйел орнынан тұра беріп еді:

– Ей, тоқтаңыз! Енді мұнда Мырзатай Жолдасбеков деген ағамыз отыр, Сейіт Қасқабасов деген ағамыз отыр. Сәбит Оразбаев отыр. Сіздер қалай деп ойлайсыздар, солар сіздердің білгендеріңізді білмейді деп ойлайсыздар ма? – деп Мұхтар Құл-Мұхаммед қатты кейіді.

Мәдениет министрінің көрермендерге жекіруі:

Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед пен көрермендер
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:37 0:00



АРДА АҚЫНДАР АЙТҚАНҒА КӨНДІ

Жастарға қарағанда Сара Тоқтамысова мен Бекарыс Шойбеков министрдің «өтінішіне» құлақ асып, қатты арындамады. Бұдан кейін шыққан Балғынбек Имашев пен Аманжол Әлтаев та тізгіндерін тарта сөйледі. Дегенмен, тәжірибелі Балғынбек шамалы шымшып алды. Ал Аманжол «елбасы» деген сөзді аузынан тастамай, ЕҚЫҰ саммитін де ұмытпай, шенеуніктерді бір «көтеріп» тастады.

Осыдан кейін аздаған үзіліс жарияланды. Үзілістен кейін бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орындар үшін финалдық айтыс болды. Көрермендер «алғашқыға қарағанда ақындардың арындары қайтып қалыпты, шамасы үзілісте біраз ескерту алған болар» деп ой қорытты. Өйткені үзіліс кезінде финалға шыққан төрт ақынды қазылар алқасы жеке бөлмеге шақыртып алған болатын.

Бас жүлдені Аманжол Әлтаев жеңіп алды. Бірінші орын Айнұр Тұрсынбаеваның еншісіне тиді. Бекарыс Шойбеков екінші орын иеленді. Ал халықтың қолдауына артық ие болған Жандарбек Бұлғақов үшінші орынды қанағат тұтты. Айтысты ұйымдастырушылар төрт ақынға да автокөлік сыйлады.

Ақтық айтысты министрмен бірге сенат және мәжіліс депутаттары, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев және сыртқы істер министрі һәм мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев та тамашалады.
XS
SM
MD
LG