Accessibility links

«...Тіл кеспек жоқ!» деп жырлаған ақындар айтысына ел өмірінің ащы шындығы арқау болды


Ақындар айтысқа жиналды. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Ақындар айтысқа жиналды. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Бір жарым жылдан бері көгілдір экраннан ақындар айтысын жоғалтып алған көрермен қауым жыр сайысына сусап-ақ қалған екен. Ақындар да қанаттанып, қоғамның кемшін тұстары мен өзекті мәселелерін суырып салма жырларына арқау еткенде көрермені қол соғып, тәнті болды.


БИЛІК ҚЫРЫНА АЛҒАН АЙТЫС

Алматыда наурыздың 21-22 күндері «...Тіл кеспек жоқ!» деген атпен республикалық ақындар айтысы өткені белгілі. Екі күнге ұласқан жыр додасына Қазақстанның түрлі аймақтардан жиырма айтыскер ақын қатысты.

Азаттық радиосы қазақстандық телеарналар мен радиолардан беріле қоймайтын осы ақындар айтысын таспаға толық жазып алуға тырысқан еді. Алдағы уақытта біздің сайтымыз бен радиомыздан сіздер ақындар айтысын тыңдай алатын боласыздар.

Айтыстың ұйымдастырушысы және жүргізушісі Жүрсін Ерманның айтуынша, 2009 жылдың 12 қаңтарында Қазақстанның мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жазбаша нұсқауын көрсетіп, айтыстың сапасының төмендеп кетуіне байланысты айтыстың бұқаралық ақпарат құралдарынан таратылуына мораторий жарияланғанын жеткізген.

Осылайша бір жарым жылдан бері айтыстан көз жазып, құлақтарының құрышын қандыра алмай қалған жанкүйерлер екі күн бойына Алматыдағы студенттер сарайына лық толып, өткір тілмен өрнектелген ұтымды жыр шумақтарын тыңдап, ақындарға кошемет пен қолдау көрсетті.

«НҰР-АҒАҢ ТАҚТАН КЕТКЕН КҮНІ МЕН АЙТЫСТАН КЕТЕМІН»

Наурыз мерекесіне орайластырылып наурыздың 21-22 күндері Алматыдағы студенттер сарайында өткен айтысты тамашалауға жүздеген адам жиналды. Айтысқа Қазақстанның кейбір облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан барлығы 20 айтыскер қатысты.

Айтыстың беташарында Жүрсін Ерман «Айтыспен қоштасу» деген өлеңін оқып, көрермендер алдында сөйлеген сөзінде бір жылдан аса уақыттан бері билік айтыстың бұқаралық ақпарат құралдарынан таралуына шектеу қойып отырғанын атап өтті.

Айтыстың бірінші күні жиырма ақын он жұп болып айтысты. Ә дегенде астаналық ақын Айнұр Тұрсынбаева мен Қызылордадан келген айтыскер Нұрмат Мансұров айтысты. Одан кейін жұп-жұбымен сахнаға көтерілген айтыскерлердің әрқайсысы сөз сайысы барысында Қазақстан қоғамындағы ұлттық-саяси мәселелерден бастап, үкіметтің мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтереміз деген уәдесіне дейінгі өзекті тақырыптардың барлығын қамти жырлады.

Атап айтқанда, Нұрмат Мансұров Айнұр Тұрсынбаеваның 8 наурыз - халықаралық әйелдер күні президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болғанын айта келіп, «қабылдауда президентке Жаңаөзендегі жұмысшылар наразылығын, Шаңырақ мәселесін, Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жайлы президентке дат айттың ба?» деп қарсыласына сұрақ қоя келіп, «Ақордаға тілек айтамын демесең, пікір айтатын адамды кіргізбейді» деп жырлады.

Сонымен қатар, айтыс барысында Қызылағаштағы болған су тасқыны, «Ел бірлігі» доктринасына байланысты қоғамдағы дау, қазақ хандарының ескерткіштері төңірегіндегі мәселе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы, президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев туралы да өткір сын, әзіл-әжуа айтыскерлердің тілімен жырланды.

Айтыстың бас жүлдесін алған Айбек Қалиевті Жүрсін Ерман бұрынғы айтыстарда билікке қаратып айтқан сынға толы жырлары айтыстың Қазақстандағы бұқаралық аққпарат құралдарынан таратылмауына белгілі бір деңгейде әсерін тигізген деп бірнеше рет атап өтті. Осы сөзді негізге ала отырып, Айбек Қалиев өзіне қарсылас болып шыққан Балғынбек Имашевтың «Айбек-ау, айтыста қашанға дейін жүре бересің?» сауалына айтқан жауабында «Нұр-ағаң тақтан кеткен күні мен де айтыстан кетемін» деп жырлады.

БАС ЖҮЛДЕНІ АЙБЕК ҚАЛИЕВ ИЕЛЕНДІ

22 наурыздағы айтыстың екінші күні ақтық сайысқа төрт ақын шықты. Әуелі Ринат Зайытов пен Сара Тоқтамысова одан кейін Жандарбек Бұлғақов пен Айбек Қалиев айтысты. Соңында әділқазылар алқасы тарапынан алған жиынтық бағасы бойынша Айбек пен Сара финалға шықты.

Алайда, екі ақынды жүргізуші сахнаға шақырған сәтте-ақ, зал толы көрермен екеуін айтыстырмай, бас жүлде Айбек Қалиевке берілсін деп шулап қоя берді. Ақыры сахнаға әділқазылар алқасының төрағасы ғалым Тұрсынбек Кәкішев ортаға шығып, Айбек Қалиевтің бас жүлдеге лайық екенін жария етті. Бұл шешімге көрерменде ризашылығын білдірді.

Сонымен, қымбатты Азаттық радиосының тыңдарманы мен оқырмандары, биылғы наурыздағы ақындар айтысының кейбір үзінділерін осы арадан тыңдай аласыздар.

Ал алдағы күндері әр жұптың айтсын жеке-жеке топтап, сіздердің назарларыңызға ұсынып отыратын боламыз. Айтысты Азатық радиосының сайтынан және радиодан да тыңдай аласыздар.
XS
SM
MD
LG