Қаңтардың 12-сі күні «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин алдағы уақытта референдумды қолдау жөнінде «Қазақстан-2020» атты демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы құрылатынын мәлімдеп, елдегі барлық саяси-қоғамдық күштерді осы коалиция төңірегіне топтасуға шақырды.
– Бұл коалиция президентіміздің өкілетін ұзарту бастамасы бойынша референдум өткізуді қолдап және осы референдумды жүзеге асыруға байланысты барлық шараларды қолға алады. Сол себептен елдегі барлық саяси партияларды және қоғамдық ұйымдарды осы коалицияға кіруге шақырамыз, – деді Нұрлан Нығматуллин сәрсенбі күні Астанада өткен брифингте.
Әзірге, бұл коалицияның қашан құрылатыны, қандай қызмет атқаратыны жайлы ақпарат жоқ.
«ЗАҢДЫ ҚҰБЫЛЫС»
Мұндай бастаманы саясаткерлер мен сарапшылар референдум өткізу идеясын қайткен күнде жүзеге асыруға бел буған топтың «табанды» әрекеттерінің заңды жалғасы деп есептейді. «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай құрылымның атауындағы «демократиялық күштер» сөзінің артық екенін айтады.
– «Нұр Отан» жүрген кезде қайдағы демократия? Бірпартиялық парламент құрып отырып қалайша демократия жайлы сөз қозғауға болады? Бұл демократия деген ұғымды мазақтаудың бір түрі деп есептеймін. Қағаз жүзінде кез-келген партия қандай коалиция құрам десе өз еркі. Бірақ демократиялық коалиция құру үшін алдымен қоғамдағы барлық институттармен, демократиялық ұйымдармен келісім жүргізіп, одан кейін құру-құрмау жөнінде шешім шығуы тиіс. Ал алдымен құрып алып, оған шақыру демократияның нышаны емес, – деді Жармахан Тұяқбай қаңтардың 12-сі күні Азаттық тілшісіне.
Қазақстанның Коммунистік партиясының мүшесі Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, коалиция құру идеясы президенттің билікте заңсыз қалуын «заңдастыратын» амалдардың бірі.
– Бұл референдум өткізу үшін түрлі саяси партияларды біріктіріп, күш жинауға шақырып отырған осы партияның төрағасы Назарбаевтың саясаты үйлесімді, ойға қонымды шығуы үшін жасалып отырған амалдардың бірі. Сондықтан бұған таң қалуға болмайды, – деді Серікболсын Әбділдин.
Ал «Ақжол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов бұл «референдум өткізу туралы шараға көпшілікті жұмылдыру әрекеті» деп нақты көзқарасын айтпай, жай ғана сипаттап өтті. Ол алдағы уақытта коалицияға мүшелікке ену-енбеуге қатысты кесімді пікір айтқан жоқ.
– Біз біріншіден, «Нұр-Отанның» үндеуімен таныс емеспіз. Екіншіден, партиямызға оған кіру жөнінде ұсыныс түскен жоқ. Егер ұсыныс ашық, жария түрде болса, мәтінімен танысқаннан кейін сөзсіз талқылаймыз, – деді Әлихан Бәйменов.
ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР НЕ ДЕЙДІ?
Бірқатар үкіметтік емес ұйымдар да бұл коалицияға қатысты пікірлерін білдірді. «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова елде референдумды шын жүрегімен қолдайтын адамдар аз болса да, оған қатысты әрекеттердің әлі күнге дейін жалғасып отырғанына таң қалады.
– Біз ол коалицияға кірмейміз. Әу баста-ақ демократиялық жолды таңдаған екенбіз, ендеше сол бағытта жүруге тиіспіз. Ал қазіргі жасалып жатқан
Ол кісі тақта жиырма жыл отырды. Рақметін айтып, басқа адамдарға да мүмкіндік беруі керек
«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталованың пікірінше, референдумға қатысты соңғы бастамалар елде оған қатысты сайлау компаниясының басталып кеткенін көрсетеді. Ол коалиция құру мақсатын – референдумның нәтижесін қолдан жасауға қатысты алдын-ала дайындыққа теңейді.
– Негізі бұл коалиция құру дегеніміз, іс жүзінде бастаманы «қолдайтын», «қолдамайтындар» санын анықтап, референдумның нәтижесіне алдын-ала әсер етуге жағдай жасау ғой. Ертеңгі күні коалияға кірмеген мекеме, ұйымдарды қадағалап, олардың басшылары да қысымға алынуы ғажап емес, – деді Зәуреш Батталова.
ҮНДЕУГЕ ҚАРСЫ ҮНДЕУ
Қазақстанда белгілі бір топтар президенттің өкілетін ұзарту жөнінде Конституцияға арнайы өзгеріс енгізуге тырысып жатса, оны қорғауды мақсат етіп отырған комитет те құрылып үлгерген. Қаңтардың 11-і күні тіркелмеген «Алға» және Қазақстанның коммунистік партиясы кіретін «Халық билігі» блогы «Конституцияны қорғайық» атты комитет құрып, азаматтарға үндеу
Олар Конституцияны өздерінің «көшбасшыларын» «есте қалдыратын альбомына» айналдырғысы келеді
– Негізгі заңды қазіргі президент Назарбаевқа жағынуға тырысып жатқан депутаттар мен биліктің жағымпаз малайларының қол сұғуынан сақтау керек. Олар Конституцияны өздерінің «көшбасшыларын» «есте қалдыратын альбомына» айналдырғысы келеді. Ұлт көшбасшысының Конституцияны қорғауға кепілдік берген адам екенін ескерсек, егер ол бұл масқара жағымпаз әрекеттерді тоқтатпаса, онда Конституцияны сол кепілдік берушіден де қорғауға тура келеді, – деді Владимир Козлов қаңтардың 12-сі күні Азаттық радиосына.