Accessibility links

Біз неге жасықпыз?!


Бүгінде не шықса да оқытушыдан шығатын заман болды. Студенттерінен ашық түрде ақша жинайтын да – оқытушы. Тіпті, перзентханадан сәби ұрлайтын да мұғалім болды.

Ал таяуда Атырауда тұратын жолдас баламның шаққан мұңы педагогтардан көресіні көрсетіп жатқанын одан сайын дәлелдей түскен сыңайлы.

Тимур досымызды студент кезімізде «тақуа» дейтінбіз. Кейін шаңырақ көтеріп, сәбилі болды. Тілі шыққан бүлдіршініне діни тәрбие бере бастады. Бірде ораза кезінде ауызашарға барғанымызда, әкесі қызына «Аллаһ қолдарыңды не үшін жаратты» деп сауал тастағанда, кішкентай Айдана «Жақсы әрекеттер жасау үшін» деп жауап қатты. «Ал көздерді не үшін» дегенге, «тек жақсы заттарды көру үшін» дейді. Осы сарында шағын сұрақтарға періште сәби бал тілімен жауап беріп жатты.

Әңгіме тағы да сол сәбиге қатысты. Бүгінде мектепке баратын ол бірде шағым айтып келеді. Сондағысы – мектепте мұғалімі сынып оқушыларынан: «Балалар, сыныпта кімнің жазуы нашар?» деп сұрайтын болса керек. Сонда оқушылар бір ауыздан: «Айдананың!» деп іліп әкетеді екен.

Бұл жерде жолдас баламның да, оның сәбиінің де есімін өзгертпей келтіріп отырмын. «Бәлкім, ұстазы өз қылығы үшін бір қызарар» деген оймен, әрине. Өзге педагогтар бұлай етпесе деген оймен әрі.

Айдананың мектепке барғысы жоқ. Өйткені қорланғысы келмейді. Сыныптастарының алдында жазуының нашар болғаны үшін күлкі болғысы келмейді. Он жыл мектеп партасында отырсақ та, ұстаздар тарапынан мұндайды білмей өсіп едік. Бір сыныпта ала да болады, құла да болады. Небір шимай иелері Айданаша қорланбаған шығар.

Бұл ретте, әріптесім, жергілікті арнадағы диктор Ләззат құрбымның сөзі еске орала кетті. Балабақшадағы кішкентайлары үнемі шағым айтып келетін көрінеді. Қазақ мектебінде білім алған ол «балаларымды орыс сыныбына беремін» дейді де отырады. Әзірге балабақшада орыс тобы болмаған соң кішкентайларын қазақ тобына амалсыз тапсырғанын айтады. Бар уәжі – қазақ бөлімдерінде, тәрбиеші болсын, мұғалім болсын, үнемі «тыйым салу», «қорқытып-үркіту» әдісімен тәрбиелейтін көрінеді.

Тақуа жолдастарымның бірі Бекболдың да сәбиін орыс сыныбына тапсырам дегенді құлағым шалды. Мектепке енді аяқ басқалы отырған Әнес ұлы өте алғыр. Бес жасқа келмей жатып есепке жүйрік, әріп таниды. Компьютердегі ойындарда да жақсы нәтижелерге қол жеткізгіш. Айтқан сөзіңді тез қағып алады. «Баламның жан-жақты болып өсуі үшін орыс сыныбына тапсырамын» дейді жас әке. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің баласы Бекбол досымның айтып отырғаны.

Жалпы, мұндай пікірді мен бүгін және қазір естіп отырғам жоқ. Жұрт арасында жүрген соң, естіген құлақта жазық жоқ, «шынында бұл не тенденция?» деген ой келеді.

Еріксіз мектептегі жылдарым еске түседі. Расында, орыс тілді оқушылар «жұлынып» тұрады. Айтқысы келгенін дереу айтып тастайды. Еш қысылмайды. Онысы үшін ұстаздарының жекіп жатқандарын байқамаппыз. Қазақ десек, таяқтың бір ұшы өзімізге тиеді. Бірақ (араға жылдар салып айтсақ та, ақиқаты – сол) мен, менімен бірге қазақ сыныбында оқыған достарым – орыстілділерге қарағанда тым жуас; еш қарсыласпайды, тіпті мұғалім тарапынан әділетсіздіктерді (ондай-мұндай болып тұрды, әрине) байқап тұрсақ та, айта алмадық.

Үйдегі үлкендердің әңгімесіне құлақ ассам, олар да мені бір кездері орыс сыныбына тапсырғылары келсе керек. Бірақ өзім «бір жылым күйіп кетеді» деп, әке-шешемнің бұл ойына қарсы шықсам керек. Сондағым – «уақыттан ұтылам» дей бергенім. (Онсыз да, мектепке қатарымнан ерте барғанымды есепке алмасам керек.)

Жасыратыны жоқ, бүгінде баспасөз отырыстарында да, қазақтілді әріптестердің орыстілді тілшілерге қарағанда жайбасарлығы көзге ұрып тұрады. Жаңалық ашып отырғанымыз жоқ. Бұл бір Ақтөбеде емес, еліміздің өзге қалаларында да бар жағдай деп ойлаймын.

Бәлкім бұған, Мейірхан ағайымыздың (Ақдәулетұлы, ақын, медиа-менеджер – авт.) сөзімен айтсақ, «тарих кінәлі» шығар. Ал Ғалия апайымыздың (Әженова, «Әділ сөз» қоры сарапшысы – авт.) сөзімен айтқанда, қазақ жастарының бойындағы «жалған ұялшақтық» па екен?!
Біз осы қашанғы жасық бола береміз осы?! Мейлің, мұғалім болсын, мейлің тілші болсын... Әлде, жасықтықтан арылу үшін, қайтадан орысша оқимыз ба?!

Әне, сөз басында айтқанымдай, замандастарым кішкентайларын орыс сыныптарына тапсырмақшы онсыз да!
XS
SM
MD
LG