Ресей президенті Владимир Путин Астанадағы ҰҚШҰ саммитінде орта қашықтыққа ұшатын жаңа “Орешник” ракетасының сипаттамаларына тоқталып, оны ядролық қарумен салыстырды.
Путиннің сөзінше, “Орешник” ракетасымен жаппай соққы жасалған жағдайда бір соққының күші ядролық қарумен пара-пар болмақ. Ол Батыс елдерінің ешқайсысында бұған тең келетін қару жоғын алға тартып, аталған қару түрін өндіруді арттыра беретінін жеткізді.
“Ракета жүйесін... өндіруге келсек, НАТО елдеріндегі барлық өндірісті бірге санағанда Ресейде он есе көп. Келесі жылы бұл өндіріс 25-30 пайызға артпақ” деді ол.
Ол "Орешник" баллистикалық ракетасымен "Киевтегі шешім қабылдайтын орталықтарға" соққы жасалуы мүмкін екенін айтып, сес көрсетті.
"Қазіргі уақытта қорғаныс министрлігі мен Ресей армиясының бас штабы Украина аумағында жоятын нысандарды таңдап жатыр. Олар әскери нысандар, қорғаныс өнеркәсібі немесе Киевтегі шешім қабылдайтын орталықтар болуы мүмкін" деді. Путин сөзінен "Интерфакс" үзінді келтірді.
САММИТ
Бейсенбі күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ҰҚШҰ жиынын ашқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі отырыста "халықаралық және аймақтағы ахуалға қатысты пікір алмасамыз, оның ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігіне әсерін бағалаймыз" деді. Бірақ нақты қандай мәселелер талқыланатынын ашып айтпады.
Тоқаев сөзінде ҰҚШҰ-ны "бұл жай ғана әскери әріптестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен территориясының тұтастығын қорғайтын күш пен ресурсты біріктіретін теңдессіз механизм" деп атады. Ол ақпарат құралдарына алғыс білдіріп, әрі қарай мәселе "шағын құрамда жалғасатынын" хабарлады.
РЕСЕЙ ЖЕРІН БАТЫС ЗЫМЫРАНЫМЕН АТҚЫЛАУ
Бұған дейін Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары жиында президенттер "қауіпсіздік мәселелеріне қатысты өте өткір мәселелерді" талқылайтынын жазған. Кей сарапшылар жиында Украинадағы соғыс, оның ішінде Ресей аумағына Батыс қаруымен соққы жасалуы талқыланатынын айтқан.
Украина аумағына тұрақты түрде бомба тастап, зымыран және дрондармен шабуылдайтын Ресей 21 қараша күні алғаш рет орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық зымыранмен соққы жасады. Мәскеудің мәлімдеуінше, Украинада сынақтан өткізілген гипердыбыстық "Орешник" зымыраны ядролық бомба тасымалдай алады.
Путин мұны Украинаға АҚШ және британдық зымырандармен Ресей жерін атқылауға берген рұқсатқа қарымта соққы деп атады.
Батыс сарапшылары Мәскеудің Днепр қаласына жасаған бұл шабуылын Киев пен оған қару жеткізуші АҚШ және Еуропа елдерін қорқытып-үркіту әрекеті деп бағалаған.
Сәрсенбі күні ҰҚШҰ бас хатшысы, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Иманғали Тасмағамбетов ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Ресей "жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болды" деп мәлімдеген. Оның сөзінше, ҰҚШҰ "Орешник" зымыранын қолдануды зерттеп жатыр.
Осыған дейін кейбір ақпарат құралдары Ресей ҰҚШҰ бойынша одақтастарынан әскери көмек сұрауы мүмкін деген болжам жасаған еді. Иманғали Тасмағамбетов ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Ресейдің ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрамағанын айтқан.
"Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында көмек, оның ішінде әскери көмек те бар, қатысушы-мемлекеттің өтінішімен беріледі. Мұндай норма іс жүзінде орындалғанын өздеріңіз білесіздер. Қазіргі кезде Ресейден мұндай өтініш түскен жоқ", – деген Тасмағамбетов.
"ӘЛСІЗ ТҰСТАРЫМЫЗДЫ КӨРСЕТТІ"
Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев "Астанадағы ҰҚШҰ саммиті ұйымға мүше ел ретінде кезекті рет қауіпсіздік саласындағы әлсіз тұстарымызды көрсетіп отыр" деп жазды.
"Украинадағы соғыс барған сайын өзіне басқа да елдерді тартып қана отырған жоқ, ракеталық ушығу деңгейіне шығып отыр. Ал мұны Кремль кез келген уақытта Батыстың агрессиясы деп бағалауы мүмкін, ал бұл заң тұрғысынан ҰҚШҰ жарғысына сәйкес келеді", – деді саясаттанушы.
Сәтпаев 2012 жылы Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Каримовтің ҰҚШҰ-ның ел мүддесіне қайшы келетіндігін болжап, одан бас тартқанын мысалға келтіріп, "мұндай даналық" Қазақстан билігінен табылмағандығын меңзеген.
Ресей Украинаға орта қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымыранмен шабуыл жасағаннан кейін Қазақстан жетекшілігі "жедел шаралар" қабылдау қажеттігін мәлімдеген.
Президент Тоқаев қоластындағыларға әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды, іле-шала үкімет ақпарат құралдарының қатысуынсыз жедел отырыс өткізді.
Кейбір қазақстандық сарапшылар ресми Астана "Қазақстанда Ресейдің әскери-ғарыш полигондары бар, алда-жалда оларға соққы жасалса, ол дөп тимесе, Қазақстандағы азаматтық және әскери инфрақұрылымға нұқсан келуі мүмкін" деп қауіптенетінін айтқан.
АРМЕНИЯ ТАҒЫ ДА ҚАТЫСПАДЫ
Халықаралық мәселелерден бөлек, Астанадағы жиында Екінші дүниежүзілік соғыстағы "Жеңістің 80 жылдығын бірігіп тойлау" мәселесіне де назар аударылатыны айтылған.
Биылғы саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь билеушісі Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.
Армения ҰҚШҰ жиынына бұл жолы да келген жоқ. Осыған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян өз елі ҰҚШҰ құрамынан шығатынын айтқан.
Былтыр Ереван Таулы Қарабақтағы сепаратистік аумақта орналасқан Ресей күштерін 2023 жылы қыркүйекте әзербайжан әскерінің шабуылына тойтарыс беруге тиісті дәрежеде күш салмады деп айыптап, ізінше ҰҚШҰ-мен қарым-қатынаста Ереван "қайта оралуға болмайтын бетбұрыс кезеңге" жақындағанын мәлімдеген. Бірақ Армения ресми түрде ұйымнан әлі шыққан жоқ.
Бір күн бұрын Астанада Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған ортақ мәлімдемеде тараптардың бір-бірін қолдайтындығы, "ішкі саяси тұрақтылыққа нұқсан келтіру, егемендік пен аумақтық тұтастықты бұзу әрекеттеріне бірігіп қарсы тұратындығы" жазылған.
ПІКІРЛЕР