Accessibility links

Серік Сапарғали президент Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етті


Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына үміткер болуға өтініш беріп, кейін бас тартқан кәсіпкер Серік Сапарғали президент Нұрсұлтан Назарбаевты өз еркімен отставкаға кетуге шақырды.

Бұл туралы Серік Сапарғали бүгін Алматыда көшеде журналистерге берген брифингінде мәлімдеді. Ол баспасөз мәслихатын өткізбек болып, күні бұрын ақпарат құралдары өкілдерін шақырған еді. Бірақ «Қаламгер» клубына Серік Сапарғалиды кіргізбей қойды.

– Сайлау деген бұл спектакльдің мақсаты біреу – халықтың қаржысын талан-таражға салу арқылы Назарбаевтың шексіз билігін тағы 5 жылға ұзарту, – деді Серік Сапарғали.

Ол егер қазіргі президент «биліктен өз еркімен кетіп, оның отбасы мүшелері мен әріптестері бар байлық көздерін ашып, халыққа, мемлекетке қайтаратын болса, онда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының қауіпсіздігіне кепілдік берілуі тиіс» деп санайды. Ал бұл талап орындалмаған жағдайда наурыздың 13-і күні наразылық митингісін өткізуді ұсынатынын мәлімдеді Серік Сапарғалиев.

Бүгін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына кандидат болып ресми тіркелген төрт үміткердің үгіт-насихат жұмыстары басталды. Бұл шара сәуірдің 1-іне дейін жалғасады.

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы сәуірдің 3-іне белгіленген.
XS
SM
MD
LG