Accessibility links

Тұрғанқұлов бойкот акциясын іріткі салу деп санайды


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Астана, 4 ақпан 2011 жыл.
Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Астана, 4 ақпан 2011 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы азаматтарды сайлауға бойкот жариялауға үндеген оппозицияның ісін «арандату» деп атап, сайлаушыларды президент сайлауына дауыс беруге шақырды.


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сайлаушыларды елде сәуірдің 3-і күні өткелі отырған мерзімінен бұрын президент сайлауына бір кісідей қатысып, әркімге өз таңдауын жасауға шақырды.

– Дауыс беруге қатысу – біз үшін өте маңызды мәселе. Біз бұнымен мықтап айналысып жатырмыз, бір тіркелмеген «Алға» саяси партиясының сайлауға бойкот жариялауға шақырған іріткі туғызатын іс-әрекеттерін де білеміз, – деді Қуандық Тұрғанқұлов наурыздың 16-ы күні Астанада өткен брифингте.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы әрбір сайлаушы дауыс бергуе қатысу-қатыспауы туралы шешімді өзі жасауы керектігін айтты.

– Бірақ мұндай арандату іс-әрекеттеріне беріліп, сайлауға қатысты конституциялық құқықты құрбандыққа шалу кез келген адам, кез келген сайлаушы үшін қорлау болар еді, – деп мәлімдеді Қуандық Тұрғанқұлов.

Құрамына Қазақстандағы бірқатар оппозициялық партиялар, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген қайраткерлер енген «Конституцияны қорғайық!» қоғамдық комитеті бұған дейін ел азаматтарына арнайы мәлімдеме жасап, Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына бойкот жариялауға үндеген болатын.

Бұл сайлауда Қазақстан президенттігіне төрт үміткер өзара саяси бәсекеге түсіп отыр. Олар – елдің қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, билікті қолдаушы Коммунистік халықтық партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков, «Табиғат» экологиялық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мэлс Елеусізов және Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов.

Оппозициялық «Халық билігі» саяси блогына біріккен Қазақстан Коммунистік партиясы мен тіркелмеген «Алға» партиясы кезектен тыс сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа балама кандидат ретінде саяси жарысқа түскен кандидаттарды сайлаудан бас тартуға шақырып үндеу жасаған болатын.


СЕМЕЙДЕГІ ПАРАҚШАЛАР

Семей қаласында президент сайлауына бойкот жариялаған парақшалар таратыла бастады. Бірақ соғыс ардагерлері сонда бейнеленген суретке қарсы.

Олар наурыздың 15-інде қалалық әкімдік пен қалалық прокуратураға наразылық хатын тапсырды.

Парақша Ираклий Тоидзенің Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында совет елінде кеңінен танылған «Отан - Ана шақырады!» плакаты негізінде жасалған. Бұл жолы суреттегі әйелдің қолында әскери ант жазылған мәтін емес, 2011 жылғы сайлауға бойкот жариялауға үндеген тіркес жазылған.

Соғыс ардагерлері мұндай парақша қалада бірнеше күннен бері таратылып жатқанын айтып отыр. Белгісіз біреулер парақшаларды пошта жәшіктеріне салып кеткен.

Семейлік қариялар қала әкіміне, қалалық прокуратураға арнайы хат жазды. Оған қол қойғандар парақшаны жасатқандар мен таратушыларды тауып жазалауды талап еткен.
XS
SM
MD
LG