Accessibility links

Оппозицияның бойкот туралы сөзі бір жерден шықпады


Маржан Аспандиярова, Азат ЖСДП саяси кеңес мүшесі. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл
Маржан Аспандиярова, Азат ЖСДП саяси кеңес мүшесі. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл

Қазақстанда бірнеше партия мен үкіметтік емес ұйымдар «Конституцияны қорғау» комитетін құрды. Олардың бір тобы алдағы мерзімінен бұрын өтпекші президент сайлауына бойкот жариялап, жүйелі түрде қарсылық білдірмекші.


Дүйсенбі, ақпанның 21-і күні «Конституцияны қорғау» комитеті құрылды. Оған оппозициялық тіркелмеген «Алға!» партиясы, Қазақстанның коммунистік партиясы мен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтар кірді. Аталған комитеттің негізгі мақсаты – мерзімінен бұрын өтпекші президент сайлауына бойкот жариялау.

ЖАҢА КОМИТЕТ

Тіркелмеген «Алға!» партиясының жетекшісі, әрі жаңа құрылған комитеттің төрағасы болып сайланған Владимир Козловтың сөзінше, «кей мемлекеттерге қарағанда Қазақстанда сайлауға қатысу міндетті емес». Сондықтан ол осы мүмкіндікті пайдалану керек дейді.

- Бізді «барлық кандидатқа қарсы» дауыс беру мүмкіндігінен айырса да, азаматтарда сайлау учаскелеріне бармау құқығы бар. Сондықтан біз, азаматтарды дәл осы құқығын пайдалануға шақырмақпыз. Осылайша президент өкілетін ұзартуды көздеген антиконституциялық механизм болып табылатын сайлауға қарсылық білдіруге шақырамыз, - дейді «Алғаның» жетекшісі.
Владимир Козлов, тіркелмеген Алға партиясының төрағасы. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл

Комитет алдымен, жер-жерлерде, тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізуді қолға алмақ. Одан кейін әлеуметтік желілерге қажетті ақпарат таратып, интернетке сайлауға қатысудың керек емес екендігін түсіндіретін роликтер таратылмақ. Осылайша, комитет мүшелері билікке қарсы тұра аламыз деген сенімде.

- Режимнің, әр сайлауда атқаруы тиіс өте маңызды екі міндеті бар. Бірі - сайлаушылардың көп болуын қамтамасыз ету, яғни дауыс берушілердің белсенділігі. Екінші міндет дауыстарды «дұрыстап санау». Біз бойкотқа шақыру арқылы алғашқы, әрі ең қажетті қадамға жол бермейміз. Яғни, тұрғындарды сайлауға қатыстырмаймыз. Мәселен, сайлаушылардың 70 пайызы келмей қалса, онда билік президентке 90 пайыздан аса дауысты жинап бере алмайды. Жинаған күннің өзінде ол 90 пайыз дауыс қалған 30 пайыздікі ғана болады. Сөйтіп, ол (Назарбаев – ред.) сол қалған 30 пайызға ғана «Елбасы» болады, - деді Владимир Козлов.

ТАКТИКА

Комитет отырысында, президент сайлауы күні сырттан видео бақылау орнату керек деген шешім қабылданды.

- Ол сол сайлау учаскесіне келген адамдардың нақты санын білуге септігін тигізеді, - дейді Владимир Козлов.

Алайда, журналист Сергей Дуванов «камераның көмегі шамалы» деген пікірде.

- Біз бір адаманың киім ауыстырып, бірнеше мәрте келіп дауыс берген жағдайын білеміз. Сондықтан камера дегенді мен аса қолдамаймын. Оның орнына келіп кеткен адамды санап отыратын санақшы керек. Олардың қолында заңды, халықтарлық талаптарға сай анкеталар болуы тиіс. Олар сайлаудың басынан аяғына дейін келген-кеткен адамды тіркеп отыруы тиіс.
Жасарал Қуанышәлин, оппозициялық саясаткер. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл

Мұндай «санақшылар» республиканың ірі қалаларындағы ең болмағанда 500 сайлау учаскелерін бақылауға алуы тиіс. Кейін арнайы брифинг өткізіп, жиналған құжатты көпшілікке жария етуіміз қажет. Мінеки, осылайша біз әр қадамымызды ойланып, ісімізді жауапты істейтін болсақ, билік бізге қарсы тұра алмайды. Алайда, бар мәселе бұл істі біздің қаншылықты деңгейде жүзеге асыра алатындығымызда, - дейді Сергей Дуванов.

Бұдан бөлек, саясаткер Жасарал Қуанышәлин, «сайлауға күштеп қатыстырылған азаматтарды да ойлау» керектігін айтты.

- Түрлі себептермен сайлауға қатысуға мәжбүр адамдар бар ғой, мәселен мемлекеттік қызметкерлер, солардың арасында көп жұмыс жасау керек. Оларға ең болмағанда дауыс беру бюллетендерін өзімен бірге алып шығып кетуді түсіндіру керек. Олар оны бізге өткізсе, сол арқылы да қарсы болғандарды санауға болады, - деді Жасарал Қуанышәлин.

«АЗАТТЫҢ» ҰСТАНЫМЫ

Алматыдағы комитеттің жиынында мерзімінен бұрын өтпекші сайлауға белсенді бойкот жариялауда барлық күштердің бірігуі мәселесі де сөз болды. Осы арада «Алға!» партиясының жетекшісі «Азат ЖСДП»-ның «сайлауға тек қана қатыспаймыз» деуін «селқостық» деп атады. Оның сөзіне салсақ, «қатыспау – бір бөлек, ал белсенді түрде бойкот жариялау – бір бөлек».

Жиынға келіп қатысқан «Азат ЖСДП» партиясының өкілі Маржан Аспандиярова, өздерінің бұл комитетке кіруі екіталай екендігін жеткізді.
- «Сайлау туралы» заңда саяси партиялардың атынан «кеңесші дауысы бар өкілдер кіргізу» туралы норма бар. Біз осы норманы пайдаланып, өз партиямыздың білікті мүшелерін сайлау учаскелерінде бақылаушы ретінде қатыстырмақпыз, - деді ол.
«Алға!» партиясының жетекшісі «Азат ЖСДП»-ның «сайлауға тек қана қатыспаймыз» деуін «селқостық» деп атады. Оның сөзіне салсақ, «қатыспау – бір бөлек, ал белсенді түрде бойкот жариялау – бір бөлек».

Бірақ, «Азат ЖСДП» партиясының бұл шешімін жиында отырғандар «билікті қолдаудың бір жолы» деп бағалап жатты. Маржан Аспандиярова болса өз партиясының мүддесін қорғауға тырысты.

- Бойкот немесе сайлауға қатыспау дегеніміз бір-біріне қайшы келіп жатқан жоқ. «Алғаны» түсінуге болады, ол өкінішке орай тіркелмеген партия. Егер ол тіркелген болса, мүмкін басқа жолды таңдар ма еді. Мүмкін біз сияқты шешім қабылдар ма еді. «Алғада» басқа мүмкіндік жоқ, сондықтан олар осындай қадам жасап отыр, - деді Маржан Аспандиярова Азаттыққа.
XS
SM
MD
LG