Accessibility links

Мүфтидің «экономикалық үндеуінде» елдегі діни ахуал туралы айтылмайды


Әбсаттар қажы Дербісәлі, "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы" республикалық діни бірлестігінің төрағасы, бас мүфти. Алматы, 16 қараша 2010 жыл
Әбсаттар қажы Дербісәлі, "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы" республикалық діни бірлестігінің төрағасы, бас мүфти. Алматы, 16 қараша 2010 жыл

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі сауда орындарында рамазан айында алкогольдік ішімдіктер сатпай, азық-түлік бағасын арзандатуға шақырды. Кейбір сарапшылар оның аса маңызды діни мәселелерді көзден таса қалдырғанын сынайды.


Министрліктер мен сала жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлер мен бүкіл елге арнаған үндеуде бас мүфти ең әуелі Қазақстанның 20 жыл бойғы «жеткен жетістіктеріне» тоқтала кетеді.

«10 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕТУГЕ ШАҚЫРАМЫН»

Қазақстанның түрлі халықаралық ұйымдарға жетекшілік етіп үлгергенін тілге тиек еткен үндеу авторы «небәрі жиырма жылда ғасырға татырлық орасан зор істер атқарылғанын» атап өтеді.
Азық-түліктің, қонақ үйлер мен қоғамдық қызметтердің бағасын 10 пайызға жеңілдетуге шақырамын.

Мұнан кейін бас мүфти жыл сайын Рамазан айында сауда орындарында азық-түлік бағасының тым қымбаттап кететінін алға тартып, «бұл, әрине, халықтың орынды наразылығын туғызады» деп бір тоқтайды.

«Мүбәрак айда кәсіпкер мұсылман бауырларымды Жасаған иеміздің мейірімін тілеп, азық-түліктің, қонақ үйлер мен қоғамдық қызметтердің бағасын 10 пайызға жеңілдетуге шақырамын. Қоғамдық көліктерде жүру ақысы, коммуналдық төлемақылар және телекоммуникациялық байланыс тарифтері де осылай төмендетілсе» деп жазады Әбсаттар қажы Дербісәлі.
Ол рамазан айында сонымен бірге мейрамханалар мен жиын-тойларда ішімдік қолдануды шектеп, дүкендерде арақ-шарап сатылмаса деген тілек айтады.

ОРЫНДАЛМАС ТІЛЕК

Бас мүфтидің үндеуін саясаткерлер, түрлі сала мамандары әрқалай қабылдады.

Оппозициялық саясаткер, әрі экономист Серікболсын Әбділдин бас мүфтидің үндеуі ізгілікке шақырса да, орындалмайтын тілек екенін айтады.

- Жалпы алғанда халық тұтынатын тауарларды шығарып, сататын кәсіпкерлер қалай да өмір сүруі керек қой, - дейді саясаткер.

Бас мүфти үндеуінің орысша нұсқасында Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруында Қазақстанның 20 жылда «орасан зор жетістіктерге» жеткені туралы сөйлем бар.
Серікболсын Әбділдин, саясаткер. Алматы, 25 қыркүйек 2010 жыл

Серікболсын Әбділдин бұл тұста діндардың жолынан жаңылып отырғанын айтты.

Қазақстан қажылары діни бірлестігінің төрағасы Бақтыбай Айнабеков те үндеуден ешқандай пайда жоқ екенін айтады.

- Соңғы кездері осындай үндеулер жасап жүр. Ол мүфти айтты екен деп соған ілесіп кетіп, қорытынды жасаған ешкім де жоқ, - дейді Бақтыбай Айнабеков.

«Дін көсемінің айналысатын жұмысы дін болуы керек» деген Бақтыбай Айнабеков бас мүфтидің елде ушығып кеткен «діни экстремизм» сияқты күйіп тұрған мәселелерді назардан тыс қалдырып келе жатқанын да сынға алды.

Саясаткер мен дін саласы маманының пікірін алматылық кәсіпкер Светлана Адамбаева былай толықтырды:

- Егер он пайызға түсірсек, онда кәсіпкерлер салықты қалай төлейді? Бизнесіміз де керемет жүріп жатқан жоқ. Біз сияқты шағын дүкендері бар кәсіпкерлер үшін бұл мүлде мүмкін емес. Себебі түсіп жатқан табыстың өзі әрең-әрең күнкөріске жетеді. Ал ішімдік мәселесіне келсек, рамазан айында онсыз да ішімдіктер қатты өтпейді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG