Accessibility links

Горбачевтің құпия хаттары һәм Совет Одағы қалай құлады?


СССР президенті Михаил Горбачев (сол жақта) пен Германия канцлері Гельмут Коль. Архыз (Қарашай-Черкес АО), 16 шілде 1990 жыл
СССР президенті Михаил Горбачев (сол жақта) пен Германия канцлері Гельмут Коль. Архыз (Қарашай-Черкес АО), 16 шілде 1990 жыл

Spiegel Online басылымы тамыздың 12-сі күні СССР-дың бұрынғы президенті Михаил Горбачевтің бұрын еш жерде басылмаған қызметтік хаттарын жариялады. Онда совет мемлекетінің қалай құлағаны, Горбачевтің СССР-ды сақтап қалуға қалай жанын салғаны баяндалады. Баспа бетін көрмеген хаттарда Қазақстан президентінің де аты аталады.


Spiegel басылымы жариялаған хаттар Лондонда тұратын орыс тарихшысы Павел Строилов Горбачев атындағы қор мұрағатынан құпия түрде көшіріп алған құжаттардың бір парасы ғана. Алты жыл қызметте жүріп жазған ресми хаттарын Горбачев СССР президенті қызметінен бас тартқан кезде Мәскеудегі өзінің атындағы қорға өткізіп кеткен.

ГОРБАЧЕВТІҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ

Хаттар шет ел басшыларымен жүргізген келіссөздерден, кеңесшілерінің Горбачевке айтқан ұсыныстары, телефондағы әңгімелері, политбюродағы пікірталастар мен елшілердің құпия жазбаларынан тұрады. Олар негізінен коммунистік режимнің соңғы кездеріндегі жағдайларды баяндайды. Өзін-өзі реформатор деп жариялаған Михаил Горбачев тап болған қиындықтардың бір де біреуі хатта айтылмай қалмайды деп жазады Spiegel. Мысалы, онда қатып-семген жүйенің көптеген проблемалары, шаруалар мен шахтерлердің демократиялық сайлау өткізуді талап еткендері, Балтық бойы елдері, Грузия мен молдовалықтардың орыстарға қарсы тұра бастағаны жазылады.

Құжат-хаттар Михаил Горбачевтің совет республикаларындағы жағдайларға орай қимылдауға мәжбүр болғандығы және бей-берекетсіздіктер кезінде өзінің бағытынан жаңылып қалғандығын жасыруға тырысқанын көрсетеді. Оның екіжүзді саясаты мен кейде өз айтқандарына қайшы қимылдап, партия мен армия жетекшілерімен ымыраға келгендігі баяндалады. Сөйте тұра Горбачев кейін зейнетке шыққан өзге де кремльдік хатшылар сияқты шынайы реформатор ретінде бейнесін қалыптастырып кетті.
Михаил Горбачев КПСС-тің 28-съезінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 10 шілде 1990 жыл

Spiegel-дің жазуынша, Батыс елдері Михаил Горбачевті СССР-ды күш қолданбай таратқаны үшін дәріптейді. Ал шындығында, Кремль жетекшісі 1989 және 1991 жылдар аралығында Мәскеудегі орталық билікке қарсылық танытқан грузиндерге, әзірбайжандар мен литвалықтарға қарсы әскери операция жасауға іс жүзінде санкция берді ме деген сұрақтың осы күнге дейін басы ашылмай келе жатыр. Орталық Азия, Приднестровье мен Таулы Қарабақтағы соғыстар мен толқуларды айтпағанның өзінде, совет әскері демонстрацияларды қатал басып-жаныштағанда Грузияда 20, Әзірбайжанда 143, Литвада 14 адам қаза тапқан.

1989 жылы сәуірдің 8-9 күндері Грузияның астанасы Тбилисиде болған қайғылы жағдайдан Михаил Горбачев басын ала қашып, әскери операция жасауға кімнің бұйрық бергенін де «білмейтін болып» келген. Алайда содан екі күннен соң, сәуірдің 11-і Германияның сол кездегі социал-демократиялық партиясының жетекшісі Ханс-Йохен Фогельмен болған әңгімеде Михаил Горбачев әскерилердің қатаң әрекетін ақтауға тырысып: «Грузияда СССР-дың әйгілі жаулары жиналған. Олар демократиялық процестерге қастандық жасап, арандатушылық әрекеттерге барып, тіпті республикаға НАТО әскерлерін кіргізуге үндеп жүр. Біз ол авантюристерге қатысты қатаң саясат ұстанып, біздің революциямыз – қайта құруды қорғауымыз керек» деп айтқанын да жазады Spiegel.
Горбачев айтқан Грузиядағы «әйгілі жаулар» іс жүзінде қарапайым азаматтар еді. Қаза тапқан жиырма адамның он жетісі әйелдер болатын .

Горбачев айтқан «әйгілі жаулар» іс жүзінде қарапайым азаматтар еді. Қаза тапқан жиырма адамның он жетісі әйелдер болатын деп жазады басылым.
1989 жылғы қазанның 4-інде болған политбюро отырысында Горбачев сол жылы маусымда Пекиннің Тяньаньмэнь алаңындағы қантөгісте 3 мың адамның қаза болғанына қатысты пікір айтып қалады. Бұл жайында оның политбюрода: «Бізге ештеңеге қарамау керек. Олар (Қытай) өздерін қорғауға мәжбүр болды. Біздің де солай істеуіміз керек. 3 мың адамда тұрған не бар екен?» деген сөзі кейін хаттамаға енбей қалған екен.

«ШЫНАЙЫ РЕФОРМАТОР» МЕН КАНЦЛЕРДІҢ ДОСТЫҒЫ

Михаил Горбачевтің құжаттарында Германияның бұрынғы канцлері Гельмут Кольдің аты жиі аталады. Ол СССР президентіне 1989 жылдың күзінде Шығыс Германияның құлауына кедергі келтірмей, танктерді кіргізуден бас тартқаны үшін қарыздар сезінген. Горбачев келесі жылы екі Германияның қайта қосылуына да және біріккен Германияның НАТО құрамына кіруіне де қарсы болған жоқ. Ал халықтың қолдауынан айырылған Горбачевтің басына іс түскенде Кольдің СССР президентінің сүйенер соңғы тірегі болғанын жазады Spiegel. Горбачев көп жыл бойы неміс канцлерін провинция деңгейіндегі ортақол саясаткер ретінде санап келгенін ұмытып кетсе керек. ГДР құламай тұрған заманда Шығыс Германиядағы коммунистер жетекшісінің мұрагері және соңғы коммунист басшысы Эрик Эгон Кренцті Мәскеуде қабылдағанда дәл осы Горбачев: «Гельмут Коль аса ірі тұлға ретінде көрінбейтін еді, бірақ ол өз елінде, әсіресе, қарапайым азаматтар арасында үлкен қолдауға ие екен» деп қана қойған. СССР басшысының Гельмут Кольге «АҚШ-тың қуыршағы» деген мазмұнды сипаттама берген кездері болған.
Совет жетекшісі Михаил Горбачев ГДР басшысы Эрих Хонеккерді құшақтап сүйіп тұр. 17 сәуір 1986 жыл

1990 жылдың көктемінде, Германияның бірігуін егжей-тегжейлі реттестірген соң Горбачев пен Кольдың қарым-қатынасы жақсара түседі. СССР-дағы жағдай қауіпті сипат алып, дүкендерде азық-түлік тапшылығы байқала бастап, беделі түсіп бара жатқандықтан, Михаил Горбачевке Германия канцлерінің ықпалды болғаны қажет еді. Құжаттар екі басшы сол кездерде СССР-дағы жағдайды телефон арқылы жиі-жиі талқылап, Гельмут Коль Горбачевтің «саяси кеңесшісіне» айналғанын көрсетеді. Горбачев Кольден Батыс елдерін СССР-ды күйреуден құтқарып қалуға көмектесуге көндіруін, одақтың құлауы бүкіл әлемді бей-берекетсіздікке әкеп соқтырады деп сипаттауын сұраған. Сосын, әрине, өзінің басты қарсыласы Борис Ельцинге қарсы күресте қолдау көрсетеді деп үміттенген.

«ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАН» БОРИС ЕЛЬЦИН

1991 жылғы ақпанның 20-ы Гельмут Кольмен телефон арқылы сұхбаттасқанда Горбачев содан бір күн бұрын өзінің отставкаға кетуін талап еткен Борис Ельциннің «беделі түсіп, бір өзі қалып бара жатқандығын», оның тек саяси жанжал тұтатуға тырысып отырғандығын айтады. Ельциннің «оқшауланып бара жатқандығы» жайында Горбачев: «Ельциннің өз сөзін қайтарып алуына тура келеді. Украина басшысы мен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та одан іргелерін бөлек салды» дейді. Алайда телефонмен болған әңгіменің бұл тұсы қиылып қалған. «Шамасы, Горбачев я содан төрт айдан кейін 45 миллион адамның даусын жинап, Ресей президенті атанған Борис Ельциннің қабілетін, я болмаса шынайы жағдайды дұрыс бағалай алмағандықтан, бұл сөздер өшіріліп кетсе керек» дейді басылым.
РСФСР жоғарғы кеңесінің сессиясында Борис Ельцин Горбачевке ашық қарсы шықты. Мәскеу, 23 тамыз 1991 жыл

Бұдан ары Гельмут Коль мен Михаил Горбачевтің Украинада кездескені, Балтық бойы елдерінің тәуелсіздік алуы мен СССР-дың құлауының салдары, канцлердің Борис Ельцинге қатысты жағымсыз пікірлері келтіріледі. 1991 жылғы шілденің 5-і Украинада кездескен СССР президенті пен неміс канцлері арасында Борис Ельцинді Германияға шақырып, райынан қайтару жайы да сөз болады.



"СССР КОСТА РИКА ЕМЕС ҚОЙ?!!!"

Содан екі аптадан соң Гельмут Коль АҚШ пен Жапонияның қарсылығына қарамастан Горбачевтің Лондондағы «үлкен жетілік» елдерінің саммитіне қатысуына жол ашып береді. Алайда Горбачевтің Лондонға барғандағы мақсаты - мүшкіл жағдайдағы СССР мен өзін құтқарып қалу үшін кем дегенде 30 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы сұрау еді. Сол жолғы саммитте қарыз алу үшін Халықаралық валюта қорының ережелеріне бағынуды сұраған Гельмут Кольдің жеке өкілі, Германияның қаржы министрі Хорст Колерге Горбачев: «СССР Коста-Рика емес. Тарихтың қазіргі бағыты бізге қандай ниетпен қарым-қатынас жасағандарыңа байланысты болмақ» деп доқ та көрсетіп қояды. Ал СССР-ға арналған «Маршалл жоспарын» Горбачев: «Бұл - Совет Одағының экономикасы капиталистік елдердің эконикалық локомотивінсіз алға жылжи алмайды деген ескі менмендікке қайта оралу» деп баға беріпті. «Бірақ іс жүзінде бұл «локомотив» СССР үшін жалғыз және соңғы мүмкіндік болған еді» дейді Spiegel.

Горбачев сол кездерде Гельмут Кольге зор сенім артты дейді басылым. Бұл жайында Горбачевтің кеңесшісі Анатолий Черняев: «Германиямен достық тағы бір мүмкіндікке жол ашып отыр. Егер совет-неміс факторы сәтті жүзеге асса, онда ол Еуропаның тағдыры мен әлемдік саясаттың дамуын анықтайтын болады» деп жазады.
Ерлі-зайыпты Михаил және Раиса Горбачевтер. 1989 жыл.

Тамыз төңкерісінен кейін үш аптадан соң, қыркүйектің басында СССР-да қаржылық қыжалаттың зорайғаны соншалық, Горбачев Мәскеуге келген Германияның сыртқы істер министрі Ганс-Дитрих Геншер арқылы канцлерден екі миллиард АҚШ долларын сұратып жібереді. Артынша Гельмут Коль Мәскеуге Хорст Колерді жібереді. Құпия құжаттарда Хорст Келермен көмек қаржы мәселесімен айтысып қалған Горбачев елдегі егістіктен жиналатын түсімнің бұрынғыдан төмен болатынын, ол жайында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да ескерткенін алға тартып, көмек қаржы алуға ауызша келісім жасасқаны да келтіріледі. "СССР-ге дүние жүзінің қайтармаған 86 миллиард АҚШ доллар қарызы бар. Бізге керек болып тұрғаны да дәл осыншама сома" деп шырылдайды Горбачев.

Бірақ немістердің көмегімен Мәскеуге қаржы тартып, Михаил Горбачевтің билігін сақтап қалу жоспары сол күйі іске аспады. 1991 жылғы желтоқсанның 1-інде Украина референдум жолымен өзінің тәуелсіздік декларациясын жариялағанда, одақ тағдыры шешілген еді. Ал жеті күннен соң Ресей, Украина және Белорусь Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құрып, одақтың іргесін біржола сөкті. Желтоқсанның 25-і Германия Рождество мейрамын тойлап жатқанда, Михаил Горбачев президент қызметінен кетіп, Совет Одағы бейбіт түрде ыдырады деп түйіндейді басылым мақаласын.

Горбачев қызметінен кететін күні кезінде қол жайып қарыз сұраған, СССР-ды сақтап қалғысы келіп жанталасқан бейнесін жуып-шайғандай болып, қайтадан "қайраткер" кейпіне еніп, Гельмут Кольге мынадай құттықтау хат жіберіпті:

«Ардақты Гельмут!

Соңғы уақиғалар өзім дұрыс санаған бағыттан ауытқып кетсе де, алты жыл бұрын бастаған ісім сәтімен аяқталды һәм жаңа қауымдастыққа мүше болған Ресей мен өзге де республикалар заманауи және демократиялық ел болып қалыптасып кетеді деп әлі де үміттенем.

Раиса екеуміз шын жүрегімізден Ханнелоре (Кольдың зайыбы) мен барша отбасыңа зор денсаулық, бақуатты өмір мен бақыт тілейміз!

Өзіңнің Михаилың».
XS
SM
MD
LG