Accessibility links

Иманғали Тасмағамбетовті ашуландырған кім?


Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің суретінен коллаж
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің суретінен коллаж

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов өзін "ресейшіл" дегендерге жауап ретінде видеомәлімдеме жасады. Көптен бері Қазақстанның ақпарат кеңістігінде көрінбей кеткен экс-премьер тек қазақ тілінде, ақын-жазушылардан цитата келтіріп, мақал-мәтел араластыра сөйледі. Ту сыртында ҰҚШҰ-ға мүше елдердің тулары тұр.

6 минуттық видеоүндеу Иманғали Тасмағамбетовтің қандай да бір ресми байланыс арнасынан емес, әлеуметтік желідегі парақтарға тарады. Мәселен оның өзі басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының ресми сайтында немесе желідегі парақтарында бұл мәлімдеме жоқ.

Тасмағамбетовтің үндеуі, мұнай зауытының тағдыры – AzatNEWS | 31.03.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:28:48 0:00

"БАҚЫТСЫЗ ЖАНДАР" КІМ?

Бұған дейін оның осы қызметте жасаған бірнеше мәлімдемесін көпшілік "Кремльмен үндес" деп сынаған. Әсіресе Тасмағамбетовтің "Еуропа Украинаға бітімгер әскерін кіргізсе, ҰҚШҰ Ресейге түрлі көмек ұсынуға дайын" деген сөзі қатты сынға қалған. Саясаткерді "қазақтарды соғысқа тартпақ" деп кінәлағандар да болды. Тасмағамбетов мұны видеоүндеуінде "қасаң әңгіме" деп атады.

"Туған жеріне салмағы жоқ, жел айдаған дәнсіз қауыз сияқты кейбір бақытсыз жандар үшін мен "ресейшіл", "сатқын" екенмін. Сонда қалай? Келісім сөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздік үшін отқа, мүдде үшін суға түскенім үшін бе?" деп ашулана сұрақ қояды Тасмағамбетов. Бірақ ол видеода әлеуметтік желідегі жұртты жалпылай айтқанымен, ешкімнің аты-жөнін атаған жоқ.

"ЖЕҢІМПАЗЫ ЖОҚ СОҒЫС" ДЕГЕНІ ҚАЙ СОҒЫС?

Тасмағамбетов сөзінде Ресейдің Украинаға ашқан соғысын мақтамайды да, сынамайды. Тек "адамзатқа төніп тұрған" әлдебір "соғыс қаупі" туралы айтады.

"Бұл соғыста жеңімпаз болмайды. Бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық, ал өз ұлтына соғыс тілеу қаніпезерлік болар еді", – деді Тасмағамбетов.

Ол "тәуелсіз Қазақстанның дамуына аз да болса, үлес қосқанын, осы жолда талай сый да, сын да көргенін" айтады. Екінші дүниежүзілік соғыста әкесінің екі ағасы қаза тапқанын, соғыс зардабын білетінін, сондықтан халықты соғысқа тартуы мүмкін емесін айтады. Ол өзіне сеніп тапсырылған қай қызмет үшін болса да ұялмайтынын, халық мүддесін әрдайым жоғары қоятынын ескертеді.

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков (сол жақта), президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Қазақстанның қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов. Астана, 22 қазан, 2014 жыл.
Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков (сол жақта), президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Қазақстанның қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов. Астана, 22 қазан, 2014 жыл.

Қазақстанның 30 жылдық тарихында артынан жағымды-жағымсыз әр түрлі сөз ерген саясаткерлердің бірі – Иманғали Тасмағамбетов. Ол премьер-министр болғанда да, Атырау облысының, Алматы мен Астана қалаларының әкімі болған кезде, қорғаныс министрлігін басқарғанда, Ресейге елшілікке кеткенде де баспасөзден түскен емес.

Интеллигенция мен рухани ортаға жақын саясаткер 2006 жылғы Алматыдағы "Шаңырақ" оқиғасына байланысты талай сын естіді. Оның экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты "рухани ұстаз", өзін "Назарбаевтың өнімімін" деп атағаны да көпке белгілі.

Тасмағамбетовтің ҰҚШҰ бас хатшысы ретіндегі мәлімдемелері

28 ақпан, 2023 жыл:

Бас хатшы қызметіне кірісе сала Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдерге бірлесіп қару-жарақ пен әскери техника өндіруді ұсынды. Ол мұны "геосаяси ахуалдың ушығуына" байланысты деп түсіндіріп, бұл ҰҚШҰ елдері үшін маңызды қадам болар еді деді.

31 наурыз, 2023 жыл:

Тасмағамбетов Украинадағы жағдайдың ушығуына Батысты кінәлай сөйледі. Ұйымның кеңейтілген отырысында ол Киев пен Мәскеудің бейбіт келісімге келуіне Батыс елдерінің "толассыз қару-жарақ жеткізуі кедергі келтіріп отыр" деп мәлімдеген. Бас хатшының сөзін сол кезде әлеуметтік желі қолданушылар қатты сынап, кейбірі оны "орыс әскері украин қалаларын атқылап жатқанын айналып өтті" деп айыптаған.

28 қараша, 2024 жыл:

Ресей күштері Украинаны баллистикалық зымыранмен атқылап, осындай типтегі қаруды соғыс мақсатында бірінші рет қолданғанда, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Ресей "Орешник" жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болды деп түсіндірді. Мәскеу бұл қару нысанаға ядролық оқтұмсық жеткізе алады деп мәлімдеген. Бір аптадан кейін Ресей астанасында өткен баспасөз мәслихатында Тасмағамбетов "Орешниктің" теңдесі жоқ екенін айтып, таяуда Ресейдің ядролық доктринаны жаңартып, жаппай қырып-жою қаруын пайдалану негіздерін кеңейткенін еске салды. Сонымен бірге Тасмағамбетов "НАТО Беларусь не Ресейдің батыс жақ шекарасынан басып кірді деп елестетсек, бұл бассыздық болмақ" деген. Саясаткердің бұл болжамы Кремль риторикасымен үндес болған.

4 желтоқсан, 2024 жыл:

Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуде баспасөз мәслихатын өткізді. Сол кезде ол Батыс елдерін айыптағандай емеурін білдіріп, "дос емес елдер" деген сөз тіркесін қолданды. Бұл тіркес әдетте Ресей президенті Владимир Путин мен Кремль пропагандистерінің сөзінде жиі естілетін. Ресей үкіметінің "дос емес елдер" тізімінде 50-ге жуық мемлекет бар.

"Дос емес елдердің ақпарат шабуылы қауіпсіздікке әсер етеді. Мысалы (АҚШ-қа тиесілі) USAID жобасының ТМД елдеріне ықпалын алайық. Рас, олар сөз еркіндігі, адам құқығы және сол сияқты құндылықтарды күн тәртібіне қояды, бірақ мұның артында 300 миллион еуро бюджеті жатыр. Бұл көп ақша және одан біздің елдерімізге ақпараттық қысым күшті. Сол үшін оған талдау жасау өте маңызды" деді Тасмағамбетов.

6 наурыз, 2025 жыл:

Ресейлік "Известия" газетінде Иманғали Тасмағамбетовтің сұхбаты жарияланды. Сол кезде Франция мен Германия лидерлері Украина қауіпсіздігінің кепілі ретінде бітімгер миссиясымен Еуропа әскерін кіргізу идеясын айтып жатқан. Мәскеуге бұл ой ұнаған жоқ. Тасмағамбетов те Еуропаның мұндай шешімі өңірге қатер төндіруі мүмкін деп баға берген. Саясаткер өзі хатшылық ететін ұйым ахуалды мұқият бақылап отырғанын айтып, "Еуропа әскері Украинаға кірсе, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Ресейге түрлі көмек ұсынуға дайын" деген. Бірақ нақты қандай қолдау екенін ашып айтпаған. Қазақстан билігі әдетте мұндай сыңаржақ сөздерді айтпайды. Сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанатынын ресми түрде мәлімдеп жүрген Астана барынша бейтарап мәлімдеме жасауға тырысады. Сондықтан Тасмағамбетовтің сөзі тосын естіліп, көптің сынына қалды.

"Оның Қазақстанда қалыптасқан образы мен ҰҚШҰ-дағы қызметі көп азаматтың санасында қайшылық туғызды"

Өз атына сыни пікірді көп естіп жүрген тәжірибелі саясаткердің Қазақстан ақпарат кеңістігіне еніп, қазақша видеоүндеу жасауына не себеп болды? Кей адамдар болжағандай, мұның артында әлдебір саяси технология әрекеті тұрған жоқ па? Азаттық сауалдарына саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт жауап берді.

– Әлеуметтік желіде Иманғали Тасмағамбетовтің мәлімдемесіне реакция әртүрлі болып жатыр екен. "Дұрыс сөз" деп қолдағандар да, "ақталу" деп сын көзбен қарағандар да бар. Мәлімдемеден сіз не көрдіңіз?

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт

– 2021 жылы PaperLab тәуелсіз зерттеу орталығы Қазақстанның 30 жылдық тарихына қатысты зерттеу жүргізген. Онда 30 жыл қазақстандықтардың жадында қалай қалды деген сұрақ қойылған еді. Зерттеу сұрақтарының бірі мемлекет қайраткерлеріне, саясаткерлерге қатысты болған. Арнайы фокус-топ құрып, ең танымал саясаткерлерді атауды сұраған. Олардың арасында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Мұхтар Әблязов, [марқұм] Алтынбек Сәрсенбайұлы, [марқұм] Заманбек Нұрқаділов және Иманғали Тасмағамбетов аталған. Меніңше ойымша, Тасмағамбетов әкім болған аймақтардың тұрғындары оны әкім ретінде, оны аз уақыт премьер болған кезінде есінде сақтаған не оның қазақ руханиятына, мәдениетіне үлес қосқан адам ретінде бағалайтындар да болған. Кешегі әлеуметтік желідегі реакция сол академиялық зерттеудің қорытындысын тағы бір дәлелдегендей болды.

Өз басым басқа әріптестеріме қарағанда бұған саяси мәлімдеме ретінде емес, пайғамбар жасынан асқан саясаткердің сыртта жүріп өз елінің азаматтарына, әлеуметтік желідегі сыни пікірлерге қарсы айтқан үндеуі деп түсіндім. Саясаткерлерге көбіне тек қызмет, карьера призмасымен қараймыз, бірақ олардың да адам баласы екенін, бала-шағасы, ағайындары бар екенін естен шығарамыз. Әсіресе үлкен қызметте болған азаматтар үшін әлеуметтік желіде сыни пікірдің көп болуы шамына тиетін сияқты.

– Тасмағамбетов қандай қызметте жүрсе де оған қатысты халықтың пікірі әрдайым біркелкі болған емес. Оның атына мадақпен қоса көп сын да айтылып келді. Яғни Тасмағамбетов елден сынды бірінші рет естіп отырған жоқ. Алайда оның бұл жолғы реніші қаншалық орынды деп ойлайсыз? Елдің "ресейшіл" деп сынауы неге сонша ауыр тиген?

– Тасмағамбетов елде қызметте болған кезде ол ұлтшыл азамат, қазақ интеллигенциясының қамқоршысы ретінде халық жадында қалды, қоғамдық пікірде сондай образы қалыптасты. Одан бөлек, оны саяси истеблишменттегі қазақша мәтінді сезініп, шешен сөйлейтін азамат ретінде жиі бағалайды. Әлі күнге дейін әлеуметтік желіде – TikTok пен Instagram-да оның Алматы мен Астанада әкім болған кезде сөйлеген сөздері жиі тарап жатады. Жұрттың көбі оны "шешен", "батыл" деп бағалайды. Саяси риторика тұрғысынан қарасақ та көпшілік оны осы қасиетімен есінде сақтайды, бағалайды.

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов (сол жақта) пен Беларусь қорғаныс министрі Виктор Хренин. Минск, 30 қазан, 2024 жыл
ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов (сол жақта) пен Беларусь қорғаныс министрі Виктор Хренин. Минск, 30 қазан, 2024 жыл

Бірнеше онжылдық ішінде өз елінде "патриот", "ұлтшыл" деген имидж қалыптастырған саясаткер Ресейде жүргенде Қазақстандағы жұрттың оны "ресейшіл" деп айыптағаны адам ретінде де, саясаткер ретінде де оған қатты тиген сияқты. Кей жерінде эмоцияға беріліп сөйлеуі, мақал-мәтелмен сөйлеуі соны көрсетеді.

– Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы құрамында бірнеше ел болғанымен, онда Ресейдің басым күшке ие екенін сарапшылар көп айтады. Осы тұрғыдан қарағанда халықтың оны бұлай сынауы қаншалық дұрыс не теріс?

– Менің ойымша, бұл жерде когнитивті диссонанс бар. Жақында оқыған бір зерттеуімнен түсінгенім, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев елде жағдайды тұрақтандыру үшін ҰҚШҰ әскерін шақырғалы бері қазақстандықтар бұл ұйымға Қаңтар призмасынан қарайды. Оған қатысты негатив пікір басым және азаматтардың көбі бұл ұйымнан шығу керек деп санайды. Сіздің пікіріңізбен келісемін, бұл – бірнеше мемлекет құрған ұйым болғанымен, онда Кремльдің мүддесі басым. Оның үстіне штаб-пәтері де Ресейде орналасқан.

Одан бөлек, халық Иманғали Тасмағамбетовті "қазақы саясаткер" деп жылдар бойы бағалап келгенін, оның Қаңтардан кейін ҰҚШҰ бас хатшысы қызметіне барғанын ескерсек, оның Қазақстанда қалыптасқан образы мен ҰҚШҰ-дағы қызметі көп азаматтың санасында қайшылық туғызды.

Оның үстіне, бұл – әскери-саяси ұйым. Кейде бізде ҰҚШҰ-ны НАТО-ға балама сияқты қарайды. Бірақ шын мәнісінде әскери қуаты жағынан НАТО-мен салыстыруға келмейді. Бірінші кезекте оны саяси ұйым деп бағалауға болады деп ойлаймын.

– Тасмағамбетовтің ҰҚШҰ-ға бас хатшы қызметі Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысымен қатар жүріп жатыр. Оның бұл мәлімдемесі әлдебір саяси технологияның жемісі болуы мүмкін бе?

– Меніңше саяси истеблишментте қалыптасқан қазіргі жағдайда Тоқаевқа балама болатын немесе елдегі саяси элита оған балама ретінде қарастыратын кандидат жоқ. Әсіресе Қаңтардан кейін ірі бизнес те, мемлекеттік аппарат та барлығы дерлік Тоқаевтың айналасына топтасты. Тіпті Тасмағамбетовтің өзі 2022 жылы президент сайлауы қарсаңында Тоқаевқа дауыс беруге шақырған. Қасым-Жомарт Тоқаев биылығы сұхбатында Қазақстанды дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспары барын айтқан. Меніңше, мұны жай сөз деп емес, Қаңтардан кейін шексіз билікті қолға алған президенттің мәлімдемесі деп қабылдауымыз керек. Әлеуметтік желіде Тасмағамбетовті "келесі президент" деп атаған пікір көп. Өз басым мұндай болжам жасауға негіз болатын қандай да бір объективті алғышарттар көріп тұрған жоқпын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG