Советтік номенклатура сатысымен Қазақстан комсомолының бірінші хатшылығына дейін жеткен Иманғали Тасмағамбетов қоғамдық формация ауанымен өзгере отырып, кейінгі 20 жылда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктесінен қауіпті бәсекелесіне айналу мүмкіндігіне дейінгі түрлі жолдардан өтті.
«РУХАНИ ЖАҚЫНДЫҚ»
Қазақстанның саяси жүйесіндегі жекелеген шенеуніктер мен президенттің ара қатынасын қадағалап отырған саясаттанушылар мен баспасөз өкілдері Иманғали
Тасмағамбетов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс тәсілдері мен сөйлеу мәнерінде біршама ұқсастықтармен қатар елеулі айырмашылықтар да барын айтады.
Дінмұхамед Қонаевтың алқауымен Совет Одағындағы ең жас министрлер кеңесі төрағаларының бірі атанған Нұрсұлтан Назарбаев тез арада-ақ «біріншінің» орнынан үміттілердің санатына қосылған еді. Алайда ол бұл санатта көп жүрмей, Қонаевтың өзін компартия съезінде қатаң сынға алып, бірер жылда «біріншіге» айналды.
1990 жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаевтың қалауы бойынша үкімет мүшесіне айналған Иманғали Тасмағамбетов те көп аузындағы «президенттіктен үміткерлердің» тізіміне ілікті. Дегенмен кейінгі іс-әрекеттері оның бұл шартты тізімнен шығуды, яғни «біріншіге» айналуды көздемейтін саясаткер ретінде көрінгісі келетінін байқатты.
Атырау облысының әкімі кезінде, 2000 жылы қараша айында ақпарат құралдарының біріне берген сұқбатында өзін «Назарбаевтың өнімі» деп санайтынын айтқан Тасмағамбетов, кейінірек «өзін өсіріп, жоғары қызметке ұсынған, үлкен сенім көрсеткен президентке берген антын бұзған Қажыгелдинді» қатаң айыптады.
Кейін қарсыластары құлшына қолданатын «лақап атқа» айналған «Назарбаевтың өнімі» деген сөздің контекстен ойып алынғанын тағы бір сұқбатында ескерткен Тасмағамбетов «қалай болғанда да президентті өзінің рухани ұстазы сезінетінін, онымен тығыз рухани жақындықта екенін» тағы да қайталады.
«РУХАНИ ҰСТАЗДЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ»
Саясаттанушы Нұрболат Масанов «Қазақстанның дағдарысы – президенттік билік» дейтін саяси сараптамасында 1997 жылдан бастап Қазақстанның саяси элитасы мен бюрократиясы президенттік институт төңірегіне шоғырланып, тәуелсіз Қазақстанның символына айнала бастағанын жазған еді.
Осы кезеңде министр, вице-премьер, облыс әкімі қызметтерін атқарған Иманғали Тасмағамбетов премьер-министр қызметіне жеткенде «Қазақгейт» мәселесі бойынша екі рет президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ақтаушысы рөлін атқарды.
«Қазақстанның шетелдегі құпия есепшоты туралы» мәжіліс депутаттарының сауалына парламент алдында жауап берген премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов парламенттің қатысуынсыз-ақ президенттің құпия есепшот ашуға жарлық шығарғанына сендіруге тырысты.
Солай болса-дағы ол жөнінде президенттің өзі айтуға рұқсат етті деген ол, Теңіз кен орны акцияларын сатудан түскен бір миллиард АҚШ долларының Ұлттық банк резерві болып саналатын заңды қаржы екенін, кейін оның Ұлттық қорға ауысатынын дәлелдеп бақты.
«Ел экономикасына осындай соманың бір мезгілде келуі инфляцияны күрт өршітіп, теңге бағамын күйретер еді» деген Тасмағамбетов аталған қаражаттың елді тұтас банкроттықтан екі рет сақтап қалғанын алға тартты.
Тасмағамбетовтің бұл дәйегін сол кездегі оппозициялық күштер мен экономистер күлкіге айналдырған еді. Ал кей басылымдар Ұлттық қорға миллиард доллардың жартысынан да азы түскенін жазып жатты.
Қазақстанның құпия есепшоты туралы алғашқы ақпарат бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің шетелдегі қаржыларын Қазақстанның арнайы қызметінің іздестіруі кезінде шыққан болатын.
«Осынау шулығанды шығарып жүрген Әкежан Қажыгелдиннің өзі де президенттің құпия жарлығымен танысқан еді» деген Иманғали Тасмағамбетов: «Қажыгелдин жасап жатқанның бәрі – егемен, тәуелсіз Қазақстанның және оның басшылығының беделіне нұқсан келтіруден басқа ештеңе емес» деп бағалады.
Премьер-министр парламентте сөйлеген сөзінде Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязовты да түйреп өтіп, «Президент көптеген жас адамдарға қолдау білдіріп, сәтті бизнесмен болуға көмектесті, жоғары мемлекеттік лауазымдарды сеніп тапсырып, оларды танымал етті. Сонда осындай жақсылық үшін қайтарылған алғыс сатқындық жасау болғаны ма?» деген сауал тастады.
Арада бір жыл екі ай өткеннен кейін парламенттегі оппозициялық депутаттар «Қазақгейтте» аталатын Джеймс Гиффен деген әлдекімнің рөлі туралы білгісі келгенде де премьер-министр «АҚШ азаматы Джеймс Гиффен Қазақстан үкіметінің ресми кеңесшісі болған емес» деген жауап қайтарды.
Алайда кейбір баспасөз құралдары Тасмағамбетовтің бұл жауабынан небәрі бір ай бұрын ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей эфирде «Джеймс Гиффен Қазақстан үкіметінің кеңесшісі болды» дегенін алға тартты. Ал Тасмағамбетовтің жауабынан соң бір аптадан кейін «Московский комсомолец» газетінде жарияланған сұқбатында Дариға Назарбаева «Джеймс Гиффен – президент кеңесшісі» деген болатын.
«САЯСИ АМБИЦИЯСЫН КӨРСЕТІП АЛДЫ»
Қазақстанда бірнеше жыл талқыланып, қоғамның бір бөлігінің наразылығын туғызған жер кодексін парламентке Иманғали Тасмағамбетовтің үкіметі ұсынды. Алайда жер кодексі үкімет ұсынған нұсқада қабылданғанына қарамастан Тасмағамбетов «парламент мәжілісі экономикалық реформаларды тереңдетуге толық дәрменсіздігі мен қабілетсіздігін көрсетті» деген мәлімдеме жасап, орнынан түсті.
«Билік тармақтарының арасында белгілі бір саяси салдарларға соқтыруы мүмкін сенімсіздік жайты болса, онда шынайы саяси элита мемлекет мүдддесін жоғары қоюы тиіс» деген Тасмағамбетовтің уәжіне кейбір саясаткерлер сенімсіздікпен қарап, «премьер-министр саяси амбициясын көрсетіп алды, эмоциясын жеңе алмады» деп бағалады.
Ал кейбір саясаттанушылар «жоғары биліктегі барша мәселелерге араласа бастаған Тасмағамбетовтің белсенділігі әлдекімдерге ұнамағандықтан кетуге мәжбүр болды» деген болжамдар жасаған болатын.
«ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ МИЛЛИОНДАРЫ...»
Премьерліктен мемлекеттік хатшыға, іле-шала президент әкімшілігінің жетекшісіне айналған Иманғали Тасмағамбетовтің төңірегінде бірнеше дау-дамай өрбіді.
«Қазақстан Наурыз банкі» АО басқарма төрағасы Оразалы Ержановтың хатын парламент мәжілісінде Төлен Тоқтасынов оқып бергеннен кейін Тасмағамбетов арнайы сұқбат беріп, «Ержановтың өзі мәжіліс төрағасына сол хаттың авторлығынан бас тартып отыр» деп мәлімдеді.
Ол банктің құрылтайшылығында өзінің де, Ерлан Атамқұловтың да жоқтығын айтып, мұны «Төлен Тоқтасыновтың сайлау алдында қолданып отырған тәсілі» деп атаған еді.
Бірақ көп өтпей-ақ Оразалы Ержанов хат авторы өзі екенін мәлімдеді. «Тасмағамбетов пен Атамқұловтың «Наурыз банкке» салған 10 миллион доллары» туралы әңгіме ақыры банктің жабылып, Оразалы Ержановтың сотталуымен былтыр, 2011 жылы аяқталды.
Тасмағамбетовтің «миллиондары» туралы сөз еткен басылымдар оның сирек кездесетін аса мол мәдени жәдігерлердің иесі екенін де көлденең тартады. Саясаткердің өзі де көне бұйымдардың коллекционері екенін мақтанышпен айтады. Тасмағамбетов 2003 жылы коллекциясының бір бөлігін Астанадағы Президенттік мәдениет орталығына табыс етті.
«БАСТЫ АЙЫПКЕР»
2004 жылғы мәжіліс сайлауы әділетсіз өтті деп мәлімдеген Қазақстан оппозициясы президент әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовті басты айыпкер санады.
«Ақ жол Қазақстан» басылымына берген сұхбатында «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы мұндай әділетсіз сайлаудың «Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмағанын» тілге тиек етті. Ол ат төбеліндей биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін талап етуге болатын өкілдерінің бірі ретінде Иманғали Тасмағамбетовті атады.
Сонымен қатар Алтынбек Сәрсенбайұлы Иманғали Тасмағамбетов үкімет тізгінін қолға алғаннан бері Қазақстанда «саяси нәубаттың науқаны» басталды, Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязов, Сергей Дуванов секілді саяси тұлғалар түрмеге қамалды, газеттер жабылып, типографиялар өртене бастады деген еді. Ол «Байқоңыр» ғарыш айлағына байланысты дау-дамайға «Тасмағамбетовтың қатысы болғанын» айтты.
Осы сайлаудан кейін оппозицияға өткен экс-спикер Жармахан Тұяқбай да Иманғали Тасмағамбетов секілді сайлаудағы заңсыздықтарға жол берген шенеуніктер заң алдында жауапқа тартылуы тиіс деп мәлімдеді.
Дегенмен аталған айыптардың ешқайсысы да Тасмағамбетовке заң жүзінде тағылған жоқ. Осы кезеңде «қандай дау-дамайға шалынса да, Тасмағамбетовтың барлық кінәсінің кешіріле беретіні» туралы сөз қозғаған «Эпоха» газеті «Тасмағамбетов қазақстандық демократия мен елдегі өркениетті қоғамның дамуына тосқауыл болған бірден-бір тұлға» деп жазған еді.
«ШАҢЫРАҚ ОҚИҒАСЫ»
Кейбір саясаткерлердің пікірі «Алматыға әкім болғаннан кейін Тасмағамбетовтің «қолы ұзарып, қаланың жеке-дара билеушісіне айналды» дегенге саяды. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген түрлі рейтингтік көрсеткіштерде де Тасмағамбетов «ең ықпалды әкім», «ең үздік әкім» ретінде жиі көріне бастады.
Бірақ ол Алматы әкімі қызметін атқарған тұста да бірнеше дау-дамайға ілікті. Әсіресе 2006 жылдың шілдесіндегі «Шаңырақ оқиғасы» «келешек үміткердің» беделіне айтарлықтай нұқсан келтіріп кеткенін айтады сарапшылар.
«Иманғали Тасмағамбетов президент сайлауының алдында, «Шаңырақтағы» орта мектепте жиналыс ашып, халықпен кездесіп еді. Сол кезде қала әкімі жиналған жұртқа жерлеріңді заңдастырып беремін, шаңырақтарыңды шайқалтпаймын деп уәде берді. Онымен қоймай домбырамен өлең айтып, жиналысқа келгендерді мәз-мейрам етті. Риза болған қарапайым халықтың әкімнің иығына шапан жапқаны барлығымыздың есімізде» деген еді Шаңырақ тұрғындары Азаттық радиосына. Кейін Шаңырақ тұрғындарын Иманғали Тасмағамбетов «әлеуметтік аутсайдерлер» қатарына жатқызды.
Алматының төңірегіндегі «Бақай» ауылында заңсыз салынған 500 үй қиратылып, онан соң «Шаңырақ» ықшам ауданына ұласқан бұл операция кезінде ашынған топтың қолынан полиция қызметкері қаза тауып, кейін Арон Атабек бастаған бірнеше адам ұзақ мерзімге сотталды.
Дегенмен Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Шаңырақ оқиғасына» байланысты жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді. «Жалпы, бұл жанжал сот шешімін орындауға байланысты туып отыр. Менің жауапкершілікті басқаларға арта салғым кеп отырған жоқ. Жеме-жемге келгенде барлығы әкімге – Тасмағамбетовке тіреледі. Сөз жоқ! Мен жауапкершіліктен қашпаймын!» деген болатын.
«ҚАУІПТІ БӘСЕКЕЛЕС»
2007 жылы Рахат Әлиев төңірегіндегі «шытырман оқиғалар» Иманғали Тасмағамбетовті де іле кетті. «Нұрбанк» топ-менеджерлерінің бірі Әбілмәжін Ғылымовтың абақтыда отырып Рахат Әлиевті әшкерелеген сұқбатының «Астана» телеарнасы арқылы жұртшылыққа тарауына оның туысы болып келетін Иманғали Тасмағамбетов тікелей ықпал етті деген түрлі болжамдар жасалды.
Оған Рахат Әлиевтің меншігіндегі «Караван» газеті де аз үлес қосқан жоқ.
«Нұрбанк» төңірегіндегі оқиғаларды «гладиаторлардың жекпе-жегіне» балаған ақпарат құралдары осы оқиғадан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Иманғали Тасмағамбетовты қалай да орнынан алады деген жорамалдар айтып жатты.
Дәл осы кездері Алматыда қарқынды түрде жүріп жатқан түрлі құрылысқа, әсіресе көлікке кептелген қала көшелеріндегі қозғалысты оңайлатқан жаңа жолайрықтарға қатысты әкімнің атына мақтаулар айтыла бастады. Алматыдағы жұмыс сапарларының бірінде президент Нұрсұлтан Назарбаев қала тұрғындарымен кездесіп тұрып жолайрықтарды салуға өзінің тікелей нұсқау бергенін ескертті.
Осы кезеңде Қазақстан президентінің Алматыдағы Медеу шатқалына заңсыз салынған үйлерге орай премьер-министрге хат жазып, Алматыға алты министрден тұратын комиссия жіберуі де Нұрсұлтан Назарбаев пен Иманғали Тасмағамбетов арасындағы «салқындық» туралы күдікті қоюлата түсті.
«Назарбаевтың бұйрығымен құрылған үкіметтік комиссия алматылықтардың арызын қарау үшін емес, әкімді орнынан алу үшін құрылған» деген болжамдардың соңы «Иманғали Тасмағамбетов отставкаға кеткен жағдайда оппозиция қатарынан табылуы мүмкін бе?» деген сауалға тірелді.
Осыған орай оппозиция жетекшілерінің бірі Болат Әбілов: «Бәрі мүмкін. Бірақ ол барар жер, шығар тауы болмай, «өнім» болудан жалыққан соң ғана оппозицияға келеді» деп жауап берген еді.
Ал саясаттанушы Николай Кузьмин оппозицияға Тасмағамбетов сияқты «басқаша салмақтағы» саясаткер келсе, ондағылар бірінші болу мәртебесінен айырылуы мүмкін. Сондықтан оған оппозиция келіспейді де, Тасмағамбетов «жасырын оппозиция» қатарында қалады» деген болжам жасады. Сол кездегі Алматы әкімі журналистермен бейресми түрде кездесіп отырып, өзінің саяси болашағына қатысты айтылып жатқан түрлі болжамдарға қатысты ікір білдірді. Дипломатиялық жұмыс істеуге ешқашан келіспеймін, ол салада кәсіпқой дипломаттар еңбек етуі керек деген тұрғыда сөз айтып қалды.
Дегенмен мұндай жорамалдардың көбі жүзеге аспады, 2007 жылы қараша айындағы қауіпсіздік кеңесінің отырысында Алматы қаласында заңсыз құрылыс салуға жол бергені үшін президенттен қатаң сөгіс алған Иманғали Тасмағамбетов 2008 жылы көктемде Астана қаласының әкімі болып тағайындалды. «Тасмағамбетовтің саяси амбициясы зор» деушілер президенттің бұл қадамы «қауіпті қарсыластан көз жазбаудың бір жолы» деп есептеді.
«АРПА ІШІНДЕГІ БІР БИДАЙ»
Саясаттанушылар Иманғали Тасмағамбетовті айналасына өз командасын жинап, кейбір қазақ баспасөзі мен қазақ интеллигенциясын топтастыра білген тұлға деп санайды. Билік айналасындағы технократтардан гөрі идеология ісімен жасынан шұғылданған ол қандай қызметте жүрсе де, республикадағы мәдени мәселелерге белсене араласуға тырысқаны байқалады. Оның әлі күнге дейін Қазақстанның ЮНЕСКО бойынша ұлттық комиссиясының төрағасы болып қала беруі де соны аңғартады.
Иманғали Тасмағамбетовтың жылдар бойы қазақ интеллигенциясының жекелеген өкілдеріне түрліше қолдау көрсетуі "жемісін берді". Әрқилы саяси науқандар кезінде қарсыластары Тасмағамбетовті қатаң сынап жатқанда, қазақ зиялылары керісінше қолдау білдірді, ақындар өлең арнады, композиторлар ән шығарды.
Мәселен, 2004 жылы оппозиция мәжіліс сайлауын әділетсіз өткізді деп Тасмағамбетовті сынағанда өзі де «Ауыл» партиясымен бірге парламентке өте алмай қалған жазушы Дулат Исабеков «Иманғалиға айтылып жатқан артық сөздер қабырғама батады» деген еді.
«Иманғали кім? Жақсы аты үнемі қазақ зиялыларының ауызында жүрген, билік сапында оны үнемі арқа тұтатын үлкен азаматымыз емес пе? Кім әдеби, мәдени, игі жұмыстарымызға шырылдап, болысып, көмектесіп жүрген? Ол – Иманғали. Ата-бабаларымыздың рухани байлықтарын, мұраларымызды түгендеп, қолынан келгенше қаржы бөлдіріп жүрген де Иманғали.
Қиын шақтарда жазушылардың 100 кітабын шығарып берген де сол ініміз. Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға үй бергізіп, жылағанын жұбатып, рухын көтерген, қыруар көмек ақша бөлгізген де сол кезде вице-премьер болып отырған Иманғали Тасмағамбетов. Айта берсең, Иманғалидың халқына жасаған жақсылықтары көп.
Иманғали - жас жазушының да, кәрі жазушының да кітаптарын оқып, бағасын, ойын айтып отыратын рухы биік азамат. Қай шенеунігің бар мұндай? Жоқ қой, жоқ. Аяғынан тарта бергенше осындай «арпа ішіндегі бір бидай» дегендей азаматымызды сақтап, қорғап қалудың қамын жасамаймыз ба?-дейді Дулат Исабеков «Иманғалидай кімің бар?» дейтін сұқбатында.
Негізінен Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болған кезде қазақ баспасөзінде жарық көрген «Мәдениет қамқоршысы», «Құба даланың бұла перзенті немесе Иманғали Тасмағамбетовтің қайраткерлік кескіндемесі», «Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп азаматы бір бөлек» «Тұлға топтық, тобырлық мүддеге емес, елдік, ұлттық мүддеге қызмет етеді» «Уызына жарыған ұл», «Қазақтың әрбір азаматы Иманғалидай-ақ болсын!», «Алтынның қолда бар да қадірі жоқ» дейтін мақалалар сарыны да Дулат Исабековтің пікірімен үндес келеді.
«АДАЛДЫҚ»
Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылында биік лауазымдарға қол жеткізіп, «шытырман оқиғаларға» да киліккен Иманғали Тасмағамбетов осылайша Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктесінен, қазақ интеллигенциясы іштарта қарайтын қауіпті бәсекелесіне айналатын шаққа да жеткен еді.
Бірақ, Астана әкімі қызметіне кіріскеннен кейін де Иманғали Тасмағамбетов «президентке адалдығын» дәлелдеуге күш салды. «Астананың туған күні – Елбасының кемелі, ал Елбасының туған күні – Астананың, еліміздің мерейі» дейтін ұстанымдарынан тайған жоқ. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты кеште мақтау-мадақтаудан сөз жарыстырған саясаткерлердің бірі ретінде ол:
«Елбасымыз өз баяндамасында атап өткендей, арғы бергі заманда тарихтың толқыны мен жаугершіліктің жойқыны жұтқан небір ел мен жер болды. Атажұрты тарылып, көбейген елден төбелдей елге айналғаны қаншама. Кезінде біз де ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық... Осы тұста Елбасы астананы Алатаудан Арқаға көшірмегенде, қазақ ендігі «Еділді» емес, «Есілді» жоқтап қалар еді. Осы тарихи шешім үшін ғана қазақ халқы Елбасының алдында мәңгілік қарыздар!» деп мәлімдеді.