Accessibility links

Саудабаев па, Тасмағамбетов пе? Астана циркінің артистері кімнің "крышасы" мықты екенін анықтамақшы


Астана циркінің қызметкерлері басшылыққа бұрынғы директордың қайта келуіне қарсылық танытты. 17 сәуір. 2009 жыл.
Астана циркінің қызметкерлері басшылыққа бұрынғы директордың қайта келуіне қарсылық танытты. 17 сәуір. 2009 жыл.

Жұма күні Астаналық цирктің шығармашылық ұжымы наразылық шарасын өткізді. Олар цирк директорлығына қайта келгелі жатқан бұрынғы басшы Өмірбек Исабековке қарсы. «Егер ол циркке келетін болса, біз кетеміз» деп, үзілді-кесілді талап қойған ұжымның бұл наразылығы цирк аренасында биліктің «Нұр Отан» партиясының өкілдері пайда болғанда саяси реңк алды.

Астананың ең көркем ғимараттарының бірі – цирк әртіссіз қалуы мүмкін. Цирк ұжымының саяси наразылығына азаматтық іс, соған қатысты басшылыққа қайта келгелі жатқан Өмірбек Исабеков түрткі болды.

Оны осыдан тура бір ай бұрын Астана қалалық мәдениет департаменті қызметінен босатып, бас директор қызметіне мәдениет қайраткері Бекболат Байсағатовты тағайындаған-ды. Ал бұрынғы басшы Исабеков «мені қызметімнен заңсыз алды» деп, мәдениет департаментін сотқа берді.

Дауды қараған Астананың Сарыарқа аудандық соты 16 сәуір күні мәдениет департаментінің бұйрығын заңсыз деп тауып, Өмірбек Исабеков қайта қызметіне алынсын деген шешім шығарды.

Алайда бұл шешімді естіген цирктің шығармашылық ұжымының Исабековке тағатын айып-кінәсі мәдениет департаментікінен өзгерек.. Олар бұрынғы басшы келмес үшін барлық әрекеттерге баруға әзір отыр. Өнер адамдары тіптен, биліктің саяси «Нұр Отан» партиясынан да көмек сұрады.

Астаналық циркте ойын көрсететін жігіттер тобының жетекшісі Қадылбек Құнғожиевтің айтуынша, Исабеков басшылық еткен үш жылда жалақылары мүлде өспеген. Әлі күнге дейін 22 мың теңгемен жұмыс істеп келеді екен.

- Біз Өмірбек Исабековпен жұмыс істегеміз келмейді. Оны шығармашылық ұжым ойландырмайды. Ол басшылыққа келгеннен күннен бастап, цирктің ғимараттарын жалға беріп, ақша жасап, өз қалтасын ғана ойлап келді. Осы уақытқа дейін бірде-бір жаңа костюм тігілген жоқ. Біздің ұжымда 75 адам болатын. Қазір солардан 40-қа жетер-жетпесі қалды. Таланттардың барлығын жұмыстан шығарып жіберді, - дейді Қадылбек Құңғожиев.

Цирк әртістеріне Өмірбек Исабековтің айналасындағылар «оның крышасы мықты, түк істей алмайсыңдар» деп айтатын көрінеді.

- Оның «крышасы» Қанат Саудабаев дейді. Болса болсын. Біз қай ғасырда өмір сүрудеміз? Сонда біздің «крышамыз» Иманғали Тасмағамбетов болады екен де, оның «крышасы» Қанат Саудабаев па?! - дейді цирк әртісі Мұрат Өсербаев.

Айта кетелік, цирктегі жанжалда Исабековтың арқа сүйер тірегі ретінде есімі аталған Қанат Саудабаев – Қазақстанның мемлекеттік хатшысы, ел президентіне жақын тұлғалардың бірі. Тіпті, кезінде Алматы циркінің директоры болып жұмыс істеген. Онан кейін мәдениет саласында түрлі қызметтер атқарған шенеунік кейіннен мемлекет басшысының сенімді кісілерінің біріне айналды. Президент оған өте ерекше тапсырмаларды атқаруды жүктейді екен деген сөздер айтылып жүр.

Ал, циркте аты-жөні ауызға алынған тағы бір тұлға Иманғали Тасмағамбетов - Астананың әкімі, ол бұған дейін Алматының әкімі, елдің бас министрі қызметтерінде болған лауазымды шенеунік.

Өмірбек Исабековтің цирк басшылығына қайта оралуын қаламайтындардың тағы бірі - жас әртіс Әйгерім Ілегенова алғаш циркке келген кезде сахнаға көгершіндермен билеп шыққан екен. Өзі қолға үйреткен сол көгершіндері бір түннің ішінде қырылып қалған.

- Сонда Өмірбек Исабековке шағым айтып барғанымда ол бас қатырғысы да келмеді. Ал оның орынбасары "көгершіндерің құс тұмауымен ауырды" деп сылтау айтты. Ол басқарған жылдары шығармашылық ұжыммен бірде бір жиналыс өткізген емес. Ешқайда өнер сапарларына да шыққан емеспіз. Концерттерде бізді емес, сырттан келген адамдарды сахнаға шығарады, - дейді Әйгерім Ілегенова.

Цирк әртістерінің бұрынғы басшысына деген наразылығы осындай. Ал Өмірбек Исабековтің өзі журналистермен кездесуге ниет танытпады. Алайда, Азаттық радиосына берген сұхбатында ол сот шешімін қолына алмай жатып, ешнәрсе айта алмайтындығын айтып, мәселенің мән-жайын өзінің адвокаты түсіндіріп беретіндігін жеткізді.

Ал оның адвокаты Петр Сафроновтың айтуынша, бұл - Өмірбек Исабековтің Астана қалалық мәдениет департаментімен осымен екінші қақтығысы екен. Адвокат мәселе - цирк қызметкерлерінде емес, мәселе - мәдениет департаментінде, дейді.

- Мәдениет департаменті Исабековті қызметінен заңсыз босатып отыр. Олардың тағып отырған айыбы: «жұмыс орнында себепсізден 3-4 сағат болмаған». Бірақ заң біздің жағымызда болды. Сот бұйрықтың күшін жойып, қызметке қайта алынсын деген шешім шығарды, - дейді Өмірбек Исабековтің адвокаты Петр Сафронов.

Өнер ұжымы өз наразылығын сол күні оларға арнайы келген «Нұр Отан» партиясының Астана филиалы төрағасының орынбасары Мұхтар Еркетаевқа да жеткізді. Цирктегі сөзінде партия өкілі, әуелі партияның көсемі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада цирк қалыптастырудағы орасан еңбегін атап өтей келе, бұл даулы істі бастан аяқ қадағалап, көмектесуге уәде берді.

- Цирк ұжымы бұрынғы басшыны ұрлайды дейді. Балағат сөздер айтады дейді. Егер осы айтқандары рас болса, онда оның әрекетін бұзақылық деп тануға болады. Ол азаматтардың құқығын бұзып отыр. Бұл әрекеттері сонымен бірге Қылмыстық кодекске сәйкес, коррупцияға жатады. Егер осылар рас болса, біз көмектесуге дайынбыз, - деді Мұхтар Еркетаев.

Цирктің шығармашылық ұжымы қазіргі директор Бекболат Байсағатов келгеніне бір ай бола қоймаса да біраз істерді тындырды, осы аралықта шетелдерге іссапарға шыға бастадық дейді. Ал Астаналық цирктің бас директоры Бекболат Байсағатов үш жыл ішінде жаңа цирктің тұралап қалғандығын айтады.

- Цирктің сыртқы ғимараты ұшатын табақшаға ұқсайды. Өнер адамдары да осы ұшатын табақша секілді көкке ұшып, ел аралап, қазақ өнерін биікке көтеруі қажет. Ал осыған дейінгі басшылық циркті жәй қоймаға айналдырып, жалға беріп қойып отыра берген. Жануарларға да обал. Олар торда қамалғаннан басқа ешқайда шықпайды екен. Мысалы, түйені 30-40 шақырым жерге апарып жаю керек. Қазір олар жүре алмайды. Арыстандарды да азын-аулақ сыртқа шығарып отыру керек, - дейді Бекболат Байсағатов.

Астаналық цирк 2005 жылдың 14-ші желтоқсанында тұсауын кесті. Цирктің ашылуына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, цирктің алғашқы директоры, халық әртісі Балтабек Жұмағұловты өзі тағайындаған-ды. Алайда ол бір жылдан өтпестен сырқаттанып дүние салды.

Ал 2006 жылдың тамыз айында цирк басшылығына келген Өмірбек Исабеков биылғы жылдың 15-ші наурызында Астана қалалық мәдениет басқармасының шешімімен қызметінен босатылды.

Исабеков те кәсіби цирк әртісі. Нұрсұлтан Назарбаев циркті ашқан кезде мұнда талантты деген ең жас өнерпаздардың таңдап алынғандығын айтқан болатын. Сол әртістер бүгін циркті тастап кетуге дайын отыр.
XS
SM
MD
LG