«...Сол уақытта митингке шыққан қырғыздардың бір бөлігі сапты бұзып, мәдениет үйіне жүгіре жөнелді. Казактар (олар оншақты адам ғана еді) үй-үйді жағалап қаша бастады. Салт атты милиционер-қырғыз өзінің қандастарына казактардың қайда кеткендерін көрсетіп тұрды. Олар казакша киім кимегендерге тимеді, ал казактардың соңынан қуды...» деп сипаттайды осы оқиғаның шешуші кезеңін көзімен көрген самаралық Сергий казак веб-сайттарының бірінде.
Ол кезде Оралда тұрған, төрт баланың әкесі, кем дегенде орта білімі бар Сергий қырғыздар мекендейтін Қырғызстанның Орал қаласынан бірнеше мың шақырым алыста орналасқанын білмеуі мүмкін емес еді. Алайда ол патшалық Ресейдің отарлау науқаны тұсында қалыптасқандай, қазақтарды «киргиз», «киргизин» деп атайды. Қазақстанның ірі қалаларында орыс ұлтының саны басым түсіп жатқан совет заманында да қазақтарды осылай атаған болар.
1991 жылдың қыркүйегінде орталықтан шеткері, тыныш жатқан Оралды саяси десантымен дүрліктірген қазақ ұлтшылдары казактарды «қылыштарынан қан тамған басқыншылар» деп атады.
Патша өкіметі казактарды Қазақстанды отарлаудың қаруы, жазалау саясатының құралы ретінде қолданған еді. Жекелеген мамандар «қазақ» және «казак» сөздерінің этимологиясын бір түбірден өрбітуге талпынады, казактардың лексикасынан түркі сөздерін іздеп табады, бостандыққа деген құштарлыққа, еркіндікке, «казакшылыққа» деген ортақ ұмтылысты айтады. Алайда қазақ зиялыларының көзқарасындағы казактардың бейнесі біржақты қалыптасқаны соншалық, Алматыдағы биліктің көнбіс саясаты салдарынан Қазақстандағы казактардың қайта жаңғыруы – отарлау құралының жаңадан қалпына келуі ретінде көрінді.
СССР ҚҰЛАР СӘТ
1991 жылдың қыркүйегінде Оралда болған іс төбелессіз тынбады. Кейбір қазақ жігіттері шырқы бұзылған жиналыстарынан қашқан казактарды бәрібір қуып жетіп, жұдырықтап үлгерген екен. Алайда болуы мүмкін қауіппен салыстырғанда бұлар ұсақ-түйек оқиға еді. Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиевтің пікірінше, «казактарды Мәскеу басқарып отырған, Қазақстанның шекарасында есерсоқтау генерал Альберт Макашовтың танкілері дайын тұрған». Днестр бойындағы сценарий бойынша Қазақстанның батысындағы мұнайлы-газды аймақты тартып алып, «Приуральская республиканың» туын көтеру жобаланған
Днестр жағалауы республикасын құруды қолдаушылар мен Молдованың біртұтастығын жақтайттындар арасындағы текетірестен көрініс. Дубоссары, 1 қазан 1991 ж.
дейді Есқалиев. Оларға "Оралда орыстарды өлтіріп жатыр" деген сылтау ғана керек болған-мыс.
Ол кезде Совет одағы құлап жатқан еді. Оралдағы оқиғадан бұрынырақ Александр Солженицынның қазақ жеріне талас тақырыбынан қозғайтын әйгілі мақаласы шыққан. 1990-1991 жылдары Днестр бойында жанжал өршіп, Ресейден барған казактар «ол жерде тәртіп орнатып жүрді». Казактар шайқасып жүрген Абхазияда жанжал болайын деп жатты. СССР құлаған сол бір қысқа тарихи кезеңде казактар лезде айтарлықтай әскери-саяси күшке айналды. Кейбір жерлерде шекараларды қайта бөліп, ірілі-ұсақты аумақтарды қан төге отырып, күшпен тартып алып үлгерді – оның көп жарасы әлі күнге дейін біткен жоқ.
Оралға қонақ болып келген Иркутск казактарының атаманы Николай Меринов Қазақстан аумағының бір бөлігін тартып алмақ ниеттің шынымен болғанын мойындайды. Басқа да айғақтар мен құжаттар да осылай дейді.
1991 жылы Оралда сепаратистік ұрандар естіліп жатты. 1991 жылдың ақпанында Орал автономиялы облысын құру пиғылы айтылды. Оған Қазақстанның Орал, Гурьев облыстары мен Қалмақ автономиялы республикасының (Ресей Федерациясы) жерлері енеді десті. Өз әскері мен қауіпсіздік органдарын құру да жобаланды. Казактар өз тарапынан әділетті, тілдік тең құқықты, ұлттық саясатты талап етті. Олар Қазақстан тәуелсіздік алса, оны қабылдамау әрекеттерін де жасады: совет заманында халқының көбі орыстар болған өндірістік қалаларда – Өскемен мен Степногорскіде жергілікті биліктің наразылық резолюциялары деңгейінде бой көрсетті.
ҰМЫТЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН ОҚИҒА
Казактар мен қазақ ұлтшылдары арасындағы 1991 жылғы текетіреске себеп болған, бүгінде ұмытылып бара жатқан оқиғаға себеп болған нәрсе - Орал казактары басшылары Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын ештеңеге қарамастан кең ауқымда атап өтпек болды. Совет одағының құлдыраған шағында қайта жанданған Орал казактары жергілікті қазақ саясаткерлері мен оларды қолдаған облыс басшыларының үзілді-кесілді наразылықтарына қарамастан, осы мерекеге дайындала берді.
Дау СССР-дің алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачевтің де құлағына жетті, бірақ ол казактарға кедергі жасамауды бұйырды. «Олар да жеке халық, төл мерекелерін тойлауға құқылы» деді Горбачев. Қазақстанның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қарама-қайшылыққа ашық араласа алмады, бірақ қарамағындағы адамдар арқылы әрекет жасап отырды. Орал облысындағы жергілікті басшылар да екіге жарылды: біреулері казак лидерлерін ашық жақтады, басқалары казактардың мерекелеріне қарсылық ұйымдастырып жатты. «Қазақстанның бір аймағы бөлініп кете ме» деген геосаяси қауіп қарауытып тұрды. Жанжалдасқан екі тарап та (нақтырақ айтқанда, қарсыластардың лидерлері) – конспирологиялық теорияның құрбандары болды. Ол оқиғаның қатардағы мүшелері үлкен саясаттан аулақ болатын, біреулердің айла асырып жатқанын білген де жоқ.
Орал оқиғаларының (Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларымен салыстырғанда) бір ерекшелігі – ол бір жыл бойы, не одан да ұзақ ширықты. Алматыдағы оқиға аяқ астынан – советтік Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың орнына мәскеулік эмиссар Геннадий Колбинді жіберген кезде тұтанды. Желтоқсан оқиғасына қатысқандар аяусыз жанышталды, осы оқиғалардың жаңғырығы бірталай жыл бойы саябырсымады, қуғын-сүргін үдеді. Ал 1991 жылғы Орал
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпек болғанына қарсы шеруге шыққан қазақтар. Орал, 15 қыркүйек 1991 ж.
оқиғалары, керісінше ұзақ жетілді, қарама-қайшылық үдей өршіді, жанжалдасушы тараптар еш жасырынбай, ашық дайындалып жатты.
Алайда Оралдағы оқиғалардың шешуші кезеңі жылдам өтті. Шарықтау шегінде шу шығып, көпшіліктің қарама-қайшылығына ұласа жаздағанымен, бұл қарама-қайшылық тез ұмытылды. Құдды бір адамның бұйрығымен келгендей, Қазақстан мен Ресейдің бар түкпірінен Оралға айқасқа дайын жүздеген адам жеткізілді; тәжірибе алаңында біреулер күш сынасып, қарсыласының адам күшін, ұрысқа қатыса алатын шамасын байқап жатқандай, оларды оқиға орнынан лезде ысырып тастады.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары құрметіне өлең, ән арналды, ондаған деректі және көркем кітап жазылды, фильмдер түсіріліп, жарық көрді (жарық көрмегені де бар), спектакльдер қойылды, ескерткіш орнатылды, мыңдаған мақала жазылды.
Ал 1991 жылғы Орал оқиғалары ұмыт қалды. Интернеттен қазақ және орыс тілдеріндегі бес-алты жазба ғана табасыз, олардың өзі зерттеу емес – көбіне-көп естеліктер. Осы оқиғаларға қатысқан, ол туралы екі кітап жазған Нұрлыбай Сисенбай 2011 жылы наурызда шыққан мақаласында 20 жыл ішіндегі Орал оқиғалары жайлы тек 16 газет мақаласы жарық көргенін санап шыққан. Әрі олардың басым көпшілігінің авторлары – не Нұрлыбай
Орал казактарының Ресей патшасына қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпек болғанына қарсы құрылған штаб мәжілісінде отырған «Азат» қозғалысының белсенділері. Сол жақ шеттегі – Орынбай Жәкібаев. Орал, қыркүйек 1991 ж.
Сисенбайдың өзі, не оның жақтасы Орынбай Жәкібаев. Естеліктерге аңыз не түсінбестік те жиі араласып кетеді: сол себепті казактар да, қазақ ұлтшылдары да өздерін өздері қаһарман етіп көрсетуден ада емес.
«Азат» қозғалысының белсенділері, оқиғаға қатысқан Нұрлыбай Сисенбайдың екі кітабы, Орынбай Жәкібаевтың трилогиясы да Орал оқиғаларына арналған. Орал облысы ҰҚҚ департаментінің бұрынғы бастығы Анатолий Дружининнің кітабында Қазақстан шекарасына келіп тұрған танк жасағы жайлы сөз ететін бірнеше парақ бар делінеді. Казак лидерлерінің жеке-жеке естеліктері барын, осындай кітаптар жазылып жатқанын сөз етеді. Казактар керісінше айтады: «мереке бар болғаны фольклор деңгейінде өтіп еді» деседі. Оқиға негізінен қатысушыларға және осы жағдайды есінде сақтаған куәгерлерге мәлім.
«Яик» веб-сайтының жариялағанына қарағанда, мәскеулік жазушы Николай Фокин «Финал трагедии. Уральские казаки в XX веке» кітабында «Азат» қозғалысы өкілдерінің сипаттамасына қарсы көріністі суреттейді. «Қарама-қайшылық сонау 1990 жылы Құтқарушы Христос ғибадатханасын казактарға әрең қайтарған кезден басталған. Сол кезде Нәжімеден Есқалиев бастаған жергілікті билік тарапынан болған былық пен қарсылыққа төтеп беру керек болды» деп жазады кітап авторы, Соңыра аз уақыт қызмет жасаған Жаңғырту комитеті құрылып: «Орал казактары
Орынбай Жәкібаев, Оралдағы «Азат» қозғалысы белсенділерінің жетекшісі, Орал оқиғалары туралы «Азаттық» трилогиясын құрастырушы. Орал, қыркүйек 2011 ж.
жерлерінің шекараларын толық қалпына келтіруді әрі халық еркіне қарсы қабылданған, заңсыз және адам құқықтарын бұзушы деп танып, одақтық және республикалық үкіметтердің актілерінің күшін жоюды талап етеміз» деген тезисті мәлімдеп үлгерді.
Батыс Қазақстан облысының өлкетану мұражайында Орал оқиғалары жайлы экспозиция бар. Бұл стенд мерекелер қарсаңында кей кезде көрмеге қойылып отырады. Осы экспозицияның жалпы мазмұнымен мұражайдың сайтында оқып танысуға болады.
«Бұл оқиға неге ұмытылды?» деген сұрағыма Орал оқиғаларының қатысушылары мен куәгерлерінің бірі тұспалдап, бірі турасын айтып отырды: "ұмыту туралы бұйрық жоғарыдан келді, оқиғаның өзі де жоғарыдағылардың айдап салуымен болды" десті.
Орал оқиғаларын мамандар да сырт айналып өтеді. Еске түсірген күннің өзінде бір-екі ауыз сөз ғана айтады. Мысалы, ықпалды қазақ саясаткері, қазіргі заманды зерттеуші Сейдахмет Құттықадам «Мәдениет» газетінде 1992 жылы қарашада жарияланған мақаласында да («Казахская драма на сцене и за кулисами» атты кітабы бойынша) былай қысқа қайырған: «Жергілікті ұлттың ұнатпайтынын біле тұра, патша ағзамға қызмет етуінің 400 (анығында, 474) жылдығын атап өту үшін казактар Оралға жан-жақтан ағылған кезде жанжалды одан әрі үдету қаупі туды. Ол кезде айғай-шу көп болды. Президенттер - Ельцин мен Назарбаев алдағы жиын жайлы бір-біріне кереғар пікір айтып келгенмен, ең соңында бұл атаулы күн Ресейдің бір қаласында өтуі керек деген тоқтамға келісті. Казактар бәрібір жиналып қалған еді. Бірақ той да, "топалаң" да болған жоқ. Оның себебі - жиынды "Азаттың" "жетім тобы" таратқанынан емес, бұл шараға жергілікті казактардың жартымыз тобы қатысқанынан».
Қазақстанның жаңа тарихын зерттеушілер Андрей Свиридов пен Галина Свиридовалар да «Современный Казахстан: 20 лет общественной мысли» деген кітапта дәл солай шолақ жазады: «Мерейтойды тойлау бір жағынан Оралға Алматыдан, Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан "азаттықтар" бастаған ұлтшыл-радикалдардың үлкен топтарының келуімен тыйылды. Қуаныштысы - болмашы ұрыс-керіс ұлтаралық қызу жанжалға ұласып кетпеді».
Қазіргі Қазақстанды зерттеуші мәскеулік жазушы Леонид Млечин де «Назарбаев. Групповой портрет с президентом» деген кітабында сөзге сараң. Ол Орал оқиғаларына бір абзац қана арнаған: «Оралда казактардың мерейтойын тойлап жатты. Жергілікті билік қарсылық көрсетті. Бірақ мерекені бәрібір ұйымдастырып, Ресейден бірнеше жүз казак келді. Қазақстанның жоғары кеңесі казактарды ұлтаралық араздықты тұтатқандары үшін айыптады. Назарбаев казактардың іс-әрекеттерін арандату, Қазақ ССР мемлекеттік егемендігін құрметтемеудің айқын көрінісі деп, Ельцинге өкпесін айтты».
ОРАЛДАҒЫ КАЗАКТАРДЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ
Орал казактарының орыс билігіне қызмет етуіне 400 жыл толуын міндетті түрде тойлап өту туралы ой қайдан шыға қалды? Оған дейінгі мерейтойды, яғни Ресей тағына қызмет етудің 300 жылдығын 1891 жылы осында тойлағандары желеу болды. 1991 жылы орыс самодержавиесі деген атымен жоқ еді – яғни таққа қызмет ететін, дұрысын айтқанда, төрт ғасырлық қызметін ескеретін ешкім болған жоқ.
Алайда Совет одағында мерейтой ешкімге таң болған емес, әрі коммунистік партия тұсында да «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы» іспеттес кең ауқымды мерекелер ұйымдастыруға құмар болатын. Горбачевтің қайта құруы ұлттық және мәдени қайта өрлеудің жаппай гүлденуін ынталандырды. Оралдағы казактар да өздерінің түп-тамырларын еске түсіріп, дұрысын айтқанда, шыққан тектері жайлы ашық айта бастады. Оралда мыңдаған казак бар еді: тікелей Мәскеуге бағынған әскери зауыттарда орыс жұмысшылары жұмыс істеді, қайта жаңғырған оралдық казактар қауымының өзегін солар құраған.
Бұрынғы Ресей империясының бүкіл аумағына шашыраған казактардың
ондаған қауымының ішіндегі ең ескісі, ең мықтысы – Оралдағы қауым болатын. Оралдық казак қауымының мәліметіне қарағанда, олардың түп-тамырлары 16 ғасырдан басталады.
Заманауи хронология да оралдық казактардың белсенділігін дәлелдеп отыр. Олар 1990 жылдың ақпанында совет заманында тас-талқан болған ділін қалпына келтірді. Бұл қайта жаңғырған Совет одағындағы үшінші казак қауымы еді.
1989 жылдың қазанында жазушы, казактар трагедиясы жайлы жазылған танымал «Тынық Дон» кітабының авторы Михаил Шолоховтың ұлы бастаған Дондағы Ростов казактарының қауымы бірінші болып бой көтерді. Одан соң 1990 жылдың қаңтарында Мәскеудегі казактар ұйымы қайта қалпына келді. Заң жүзінде рәсімделген үшінші ұйым – Орал казактары еді. 1990 жылы 30 наурызда қалалық билік оларды «Орал қаласы казактарының тарихи-мәдени ұйымы» ретінде тіркеді. Юрий Баев атаман болып сайланды.
1990 жылы бүкіл Совет одағында, казактар патша өкіметі тұсында мекен еткен жерлерде казак ұйымдары қаулап кетті. Қалалар мен ауылдарда қайдан тапқаны белгісіз медаль, погон таққан, оқалы киім киген, қылыш асынып, қамшы ұстаған, түрлі стильдегі, түрлі үлгідегі ерекше әскери мундирлі жігіттер пайда болды. Олар суық қаруды «ұлттық киімдерінің» бір бөлігі деп атады, ал казак қауымы патша заманындағы ата-баба медальдерін тағуға рұқсат етті. Осылайша казактар тез арада ата-баба дәстүрін қайта тапты.
Бір жыл өте оралдық казактардың қонағы, Иркутскіден келген атаман Николай Меринов: «Сол кездегі оралдықтар сирек кездесетін қызыл күрең матаны ойда-жоқта тапқан, бірыңғай киім түрі бар, біртұтас әрі толық жайылған әскер екен» деп таңдай қақты.
Еуропа мен Азияны бөліп тұрған Жайық өзенінің бойындағы советтік Орал қаласында казактармен бірге қазақ ұлтшылдары да қайта еңсе көтеріп жатты. Қазақтардың да казактардыкінен кем түспейтін тарихы, өткені бар еді. Жергілікті зиялы қауым өздерін берісі Бөкей ордасы қайраткерлерінің, Қазақ хандығының іргесін салған аталардың, одан әрі Дешті-Қыпшақ көшпенді тайпалары одағы басшыларының ұрпағына балады. Мысалы, оралдық казактардың ең басты қарсыластарының бірі Аманжол Зинуллин «Азат» ұлттық-патриоттық қоғалысының облыстық филиалының алғашқы басшысы болды.
1990 жылға таман Қазақстанда басқарушы коммунистік партияның қарамағында «Қазақ тілі» қоғамының филиалдары құрылып, қазақ тілінің басымдығын қалпына келтіруге талпынды. Коммунистік партияның тегеуріні әлсіреген горбачевтік қайта құру кезінде Қазақстанда да зиялы қауымның ықпалы артты. Кішігірім қалаларда олардың қатарынан әдетте шығармашылық адамдары мен ғылыми интеллигенцияның аздаған өкілдері табылатын. Сондықтан Орал казактарының лидерлері 1990 жылы бірден белсенді ашық іс-шараларға көшкенде оларға тойтарыс берген қазақ ұлтшылдары да шықты. Осылайша Оралдың казак лидерлері мен қазақ ұлтшылдары арасындағы қарама-қайшылық анық көріне бастады.
Оралдағы қазақ ұлтшылдары басшыларының бірі Орынбай Жәкібаевтың «Азаттық» атты кітабында жазғанына қарағанда, оралдық казактар «Яицк казактары жасағын» құруға кірісіп, 1990 жылдың жазынан бастап әскери өнерді жасырын оқыта бастаған.
Казактар дәл осы 1990 жылы 27 тамызда Оралдың орталығында, Емельян Пугачев атындағы алаңда алғашқы митингілерін өткізді. «Бұл арада 1920 жылғы Орал облысын Қазақстанның құрамына тапсыруды заңды күші жоқ деп тануды талап еткен резолюция қабылданған. Яғни казактар «Орал казактарының жерлерін» Ресей құрамына қайтарып беруді ашықтан-ашық талап еткен» дейді Орынбай Жәкібаев.
Оралдық казактардың сепаратистік резолюциясы жаңа одақтық келісімшарттың жобасы қарастырылып жатқан кезеңде пайда болды. «Бұл уақытта Михаил Горбачев СССР-ді құлдыраудан құтқармақшы болып жатты, Солженицын 1990 жылдың қыркүйегінде Қазақстаннан оның аумағының едәуір бөлігін тартып алуға шақырды« деп жазады Орынбай Жәкібаев. Митингіні ұйымдастырушылар әкімшілік айыппұл төледі, алайда казактардың лидерлері қарама-қайшы саяси талаптарын айтудан жалықпады.
КАЗАКТАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ
Орал қалалық кеңесі (сол кездегі биліктің өкілетті органы) казактардың алғашқы митингілерінен кейін, 1990 жылдың 4 қыркүйегінде «Орал қаласындағы қоғамдық-саяси жағдай туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулыда «Орал қаласында іс-қағаздар орыс тілінде жүргізілуге тиіс» деп жазылып, орыс тілі жергілікті жердің ресми тілі болып жарияланды.
Оралдағы «Қазақ тілі» ұйымының облыстық және қалалық бөлімшелері бұған қарсы шықты, бірнеше күннен соң коммунистік партияның Орал қалалық комитетіне наразылық білдіріп, хат жолдады. Қазақ ұлтшылдарының басшысы, танымал ақын Айсұлу Қадырбаева "Орал халқының орыс тілді бөлігі арасында сепаратизм мен шовинизм жайыла бастады" деді. Қазақ белсенділері казак лидерлерін жақтаған Орал қалалық кеңесінің қаулысын жоюды талап етті. Казактардың жақтастары, тіпті белсенділері, жетекшілері арасында Оралдың белгілі журналистері, жергілікті арнайы мақсаттағы қызметкерлер, ірі кәсіпорындардың басшылары бар еді. Орал казактарының екі басшысы Қазақстан парламентіне депутат болды.
Маңғаз Жайық өзенінің жағасында тыныш та жайбарақат жататын, әсем
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуді қолдаған бірнеше жиын өткен «Омега» зауытының ғимараты. Орал, қыркүйек, 2011 ж.
көпес үйлері, орталығында орыс стилінде салынған жеке ғимараттары бар Орал қаласы 1990 жылдың екінші жартысында казак және қазақ жетекшілерінің пікірталасына толы болды.
Бұрындары бұл өлкеде скиф, ғұн, авар, печенег, қыпшақтар өмір сүрді. Кейін осы жерде Алтын Орда билік құрды, одан кейін Қазақ хандығы мұрагер болды. Бөкей ордасының да аумағы осы өңірді қамтыды.
Кейінірек Оралды шаруалар көтерілісінің басшысы Емельян Пугачев жаулап алмақ болды. Самайына ақ қонған Оралдың қойнауында тағы бір бүлікші Стенька Разин жорығының ізі қалған. Бұл жерге «Капитан қызы» повесіне материал жинап жүрген шағында орыс классигі Александр Пушкин де келген. Бірақ Орал совет заманында шет аймақтағы тыныш қалалардың бірі еді. Мәліметтерге жүгінсек, бұл қалада 250 мыңға жуық адам тұрған, оның 150 мыңы орыстар болған.
Оралдағы казак және қазақ саясаткерлерінің қызу пікірталастары 1991 жылдың алғашқы жартысында жиілей берді. Ол уақытта Қазақстан заң жүзінде егеменді ел еді. Қарама-қайшы резолюциялар қабылданып, билікке хат жазысып, газет беттеріндегі және басқару орындары кеңселеріндегі айтысып жатты. Дауласу мен пікірсайыс заманға сай, орынды болып көрінді. Алайда қарсыластардың тілі одан әрмен уытты бола түсті.
Оралдағы «Омега», «Зенит» сияқты заводтарда казактардың жиналыстары өтіп, мыңдаған жақтас қосылып жатты. Казак жетекшілері әдет-ғұрыптары сақталуын талап етті, сол тұста қабылданған «Тілдер туралы» заңды қатты сынап, онда қазақ емес ұлттардың беделін түсіретін нормалар бар деп бағалады.
Көп ұзамай, 1990 жылдың 9 қыркүйегінде ірі жиналыстардың бірінде Қазақ ССР Жоғары Кеңесіне арналған, Қазақ ССР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларацияның жобасын халық болып талқылауға тыйым салуды, «Тілдер туралы» заңды жоюды талап еткен құжат қабылданды. «Барша халықтардың құқықтарын сақтайтындай қолайлы үлгі табу керек» десті. Жекелеген халықтарды кемсітудің ғылыми негізін» іздеуді тыюды, «экстремистер», «сепаратистер», «отарлаушылар» деген айдарларды тағуды доғаруды талап етті. Бұл құжатта «Жиналысты басқарған – СССР Жоғары кеңес депутаты Н.Маркин» деп жазылған.
Оралдағы қазақ ұлтшылдарының жетекшілері «қаладағы ахуал казактардың жауынгерлік кейіп таныта бастағандықтан ушықты» деп жазады. Орынбай Жәкібаевтың естеліктерінде «Оралда казактар жасырын қаруланып жатыр, олардың әскери дайындығы көзге көрініп барады» деген өсек тарады деп жазылған. Казактар бұл қауесетті жоққа шығарды.
«БЕЛГІСІЗ» КҮН БЕЛГІЛІ БОЛДЫ: 1991 ЖЫЛДЫҢ 15 ҚЫРКҮЙЕГІ
«Казак басшылары бүкіл Ресейден жақтастарын шақырып, үлкен мерекелерін өткізбек екен» деген алып-қашпа сөз мамыр айында расқа айналды. Қала басшылығы рұқсат қаулысын шығарды. Онда «1991 жылдың 24 сәуірінде депутаттар Маркин, Водолазов, жазушылар Корсунов, Зовский, Святынин, ғылым кандидаттары Фокин, Щелоков, казактардың атаманы Качалин сынды қайраткерлерден халық депутаттарының Орал қалалық кеңесінің атқарушы комитетіне бастама келіп түсті» деп жазылған. Болат Молдашев қол қойған қалалық атқарушы комитеттің шешімінде бұл «қайраткерлердің» бастамасы мақұлданды, алайда казактардың орыс патшасына қызмет еткендеріне 400 жыл толғанын айтудан бас тарту ұсынысы жасалды. Оның орнына Орал бойы халықтарының ортақ мерекесін өткізу ұйғарылды. Мереке өтетін күн ретінде 1991 жылдың 15-16 қыркүйегі белгіленді.
Қалалық атқарушы комитеттің бұл шешімін қазақ ұлтшылдары мүлдем қолдамады. Көп ұзамай жергілікті бір басылымда «Коммунистік партияның қалалық комитеті «Ортақ үй» идеясын дамыту мақсатында Орал казактарының патша тұсындағы Ресейге қосылуының 400 жылдығымен бірге қазақ шаруалар көтерілісінің қолбасшысы Исатай
Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиев. Сурет Орал оқиғалары туралы Орынбай Жәкібаевтың кітабынан алынды.
Таймановтың дүниеге келгеніне 200 жыл толуын атап өтуді ұсынды» деген хабарлама жарық көрді. Бұл хабар қазақ ұлтшылдарының одан бетер ашуландырды. Олар біріккен «қазақ-казак мерекесі» жайлы шешім қазақ халқының тарихын одан әрі мазақ қылу деп түсінді.
– Сол күндердегі ахуал мазасыз болды. Жауыққан казактар (барша қауым емес, араларындағы жауыққандары) «Оралдың оң жағалауын тартып алып, ол жерде казактардың автономиясын құрамыз» деп ашық қоқан-лоққы көрсетті. Билік шын мәнісінде казактардың мерекесін өткізуге біржақты рұқсат еткен жоқ, – дейді Азаттық радиосына сұқбат берген Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиев. – Депутаттардың қалалық кеңесінде казактарды жақтағандар көп болды, олар мереке жайлы күлбілте шешімді алып шықты. Бірақ біз облыстық деңгейде олардың шешімінің күшін жойып, 5 қазанда «Орал бойы халықтарының күні» деген ортақ мереке өткізуді белгіледік.
«Алайда болар іс болды – облыс басшылығының ештеңені өзгертуге әлі жетпейтін анық еді. Билік те біртұтас бола атқармады. Мысалы, облыстық басқарма басшысының орынбасары Владимир Гартман ашық түрде казак атамандарының жоғын жоқтап отырды» дейді «Азат» қозғалысының белсенділері өз естеліктерінде.
Ал Нәжімеден Есқалиев «Гартман Мәскеудің қолшоқпары екенін жасырған да жоқ. КГБ-ның облыстық басқармасының бастығы Владимир Червяков та казактардың шашбауын көтерумен болған, менен олардың сепаратистік жоспарларын жасырған» деп жазады «Над пропастью» атты мақаласында (Орынбай Жәкібаевтың «Азаттық» кітабынан). Өзінің айтуына қарағанда, Есқалиев тек КГБ төрағасы Владимир Крючковтың ресми қабылдауына кіріп шығып, Червяковты орнынан тайдырған. Ол бүлікшіл Червяков пен оралдық казактар атаманының әңгімесін алдын-ала жазып алып, сонымен әшкерелеген екен. «Үнтаспаны жазып берген Червяковтың орынбасары Тұрысбек Дәулетов еді» дейді Нәжімеден Есқалиев.
Совет одағын күйреп жатқанда Мәскеуден шыққан түрлі топтар бірінен соң бірі Кремльге бағынудан кеткен бұрынғы республикалардағы оқиғаларға араласып жатты. 1990 жылдың қазан айында Қазақстан егемендігі жайлы декларацияны қабылдады. «Алайда қарашада Мәскеуде Ресей атамандарының алғашқы кеңесі өтті, сол арада Орал және Жетісу казактарына қатысты сепаратистік идеялары бар резолюция қабылданды» деп жазады Нәжімеден Есқалиев. Оның айтуынша, оралдық казактардың атаманы Александр Качалин жергілікті газетке: «Тарихта декрет арқылы мемлекет құрылған оқиға болған емес. Қазақстанның шекарасын мемлекеттік емес, әкімшілік шек деп мойындаймыз» деп жазған.
КАЗАКТАР ДА, ҚАЗАҚТАР ДА ОРАЛҒА АСЫҚТЫ
Осы тұста Айсұлу Қадырбаева, Аманжол Зинуллин, Нұрлыбай Сисенбай сынды қазақ ұлтшылдары казактардың мерекесін өткізбеу үшін қалалық және облыстық басқармаға қысым жасай берді, бұл мереке «түптеп келгенде казак отаршыларының қолынан қаза тапқан қазақтардың қанын қорлау» десті. Бұл қарама-қайшылық кеңінен талқыға салынды: мәжіліс залының ішінде де, сыртында да, тіпті дөңгелек үстел барысында да сөз болды.
Оралдағы қазақ белсенділері тез арада Алматыға барып, сол кездері көзге түсіп жүрген «Азат», «Невада–Семей» ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Казактардың мерекесін болдырмауды мақсат еткен «Жайыққа аттанайық» комитеті құрылды. Комитетке Орал Сәулебаев жетекші болды. Алматының белгілі саяси белсенділері Бақытжан Әділов, Дәурен Сатыбалдиев, Амантай Асылбеков (Амантай қажы) те осы топтан табылды. Қазақ ұлшылдары Қазақ ССР жоғары кеңесінің президиумына ресми қабылдауға кіруге рұқсат алды. Осылайша бұл іске парламенттің назары ауды. Парламент қарама-қайшылықтың қызған шағында, 1991 жылы қыркүйек айының ортасында оралдық казактар лидерлерінің
«Азат» қозғалысының белсенділері Орал казактарының Ресей патшасына қызмет ету мерейтойын атап өтулеріне қарсы құрылған штаб мәжілісінде. Орал, қыркүйек 1991 ж.
сепаратистік іс-әрекеттерін айыптаған резолюция қабылдады.
Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиев «казактардың царизмге қызмет ету мерейтойын жасанды сән-салтанатпен, ештеңеге қарамастан тойламақ пиғылын ешкім қайтара алмады» деп жазады.
«Бұған бірнеше ай қалғанда мен Горбачев қатысқан партия мәслихатта болдым, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы ретінде бас хатшының өзіне сұрақ қой, «қалайша мұндай жағдайдың алдын алуға болады?» деп сұра деген кеңес берді. Сөйтіп мен мәслихаттан соң кішігірім ортада отырып: «Михаил Сергеевич, алаңдайтын нәрсе жоқ. Әрине, мерекеде тұрған ештеңе жоқ, тек от шықпаса болды» дедім. Горбачев мәселенің мән-жайын жете ұғынудың орнына маған дүрсе қоя берді. Сонда мен өз түйсігім мен жақтастарымның тәжірибесіне сүйенуден басқа амал жоғын түсіндім» дейді Нәжімеден Есқалиев «Экспресс К» газетіне 2006 жылы 18 тамызда берген сұқбатында.
– Бұл оқиғаларды Мәскеу азғырып ұйымдастырды. Біз мұны түсіндік. Оралдық казактар облыстық билікті көзге ілмей, 15 қыркүйекке Ресейден қонақтарын шақырып қойды, – дейді Нәжімеден Есқалиев Азаттық радиосына берген сұқбатында.
Казактар облыстық биліктің тарапынан болған қарсылықты «дискриминация мен дискредитация, өз ойын білдіруге және тарихты қастерлеуге деген құқықтарына қысым жасау» деп түсінді. Орал казактарының біразы 1991 жылдың 15 шілдесінде Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Казактарды жойып жіберуге болар, бірақ тізе бүккізу мүмкін емес!» деп хат жолдады. Бұл хатта олар қарама-қайшылыққа қатысты жауапкершілікті Нәжімеден Есқалиевке жапты.
Казактардың айтуынша, ол «келісім жасауға құлық танытпайды, өзгенің пікірін тыңдауға жоқ, тәкаппарлықтан да ада емес». «Казактар қауымының тарапынан заңға қайшы, конституцияға қарсы әрекеттер болған жоқ, өсек-аяңды пайдаланып, Есқалиев пен (оның айтуымен) бұқаралық ақпарат құралдары мәлімдегендей, «жауынгерлер жасақтарын» құрған жоқпыз, қару сатып алған жоқпыз. Құзырлы органдар бұл сандырақты теріске шығарды» деп жазды Орал казактары.
Казактар Назарбаевты өздерінің мерекелеріне, мереке болмаса да, кез-келген басқа бір күні бір-біріне құлақ асып, түсінісу үшін кездесуге шақырып бақты. Алайда қарама-қайшы үндеулердің көп болғаны сонша, екі тарап та 1991 жылдың 15 қыркүйегіне ашықтан-ашық дайындала бастады. Казактар ештеңеге қарамай, бүкіл Ресейден келетін қонақтар қатысатын үлкен той жасауға бел буды. Оралдағы казактар мен қазақтар дауласып жатқанда – 1991 жылдың тамыз айында Мәскеуде ГКЧП-нің (Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің) сәтсіз бүлігі өтіп, Совет одағының жақын арада шынымен құлайтыны белгілі болды.
1991 жылдың 15 қыркүйегі жақындап қалды. Ресейдің әр түкпірінен, тіпті Қиыр Шығыстан салтанатты әскери мундир киген жүздеген казак жиналып, Оралға жол тартты. Облыстың әр түкпірінен билік казактардың мерекесінің шырқын бұзуға үгіттеген жүздеген қазақ жігіті де Оралға жөнелді. Қазақстанның әр түкпірінен қазақ ұлттық ұйымдарының белсенділері пойыз, жеңіл көлік, кейбіреуі ат мініп, Оралға аттанды. Әркім Оралда не боларын білгендей еді.
– Бұл кезде Орал облысы шекарасында, Ресейдің Самара облысында, 15 қыркүйекте Оралға тап беруге дайындалып, казактардың бір ауыз бұйрығын күтіп, танк полкі тұрған болатын, – дейді Нәжімеден Есқалиев.
(Мақаланың жалғасы бар.)
Бұл журналистік зерттеуге қажет материалдарды жинауға Азаттық радиосының бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері Артур Нығметов атсалысты.