Accessibility links

«Қажыгелдинге қолданған бап Қазақстан коммунистік партиясына да тиді» дейді сарапшылар


Қазақстан коммунистік партиясы белсенділері 1917 жылғы Қазан төңкерісінің 93 жылдығына орай өткен шеруде. Орал, 6 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан коммунистік партиясы белсенділері 1917 жылғы Қазан төңкерісінің 93 жылдығына орай өткен шеруде. Орал, 6 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қазанның 4-і күні Қазақстан коммунистік партиясының жұмысын алты айға тоқтатты.


Ал партияның бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаровқа 10 айлық есептік көрсеткіш (15 120 теңге) көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Оның үстінен Әкімшілік кодекстің 374-бап 2-бөлімі («Қоғамдық бірлестіктер» туралы заң ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік іс қазанның 3-і күні қозғалған еді.

Ғазиз Алдамжаров «сот шұғыл түрде өтіп, негізсіз шешім шығарғанын», сондықтан сот шешімін аппеляцияға беретінін айтты.

«НЕГІЗСІЗ АЙЫПТАР»

Ғазиз Алдамжаровтың айтуынша, құқық қорғау органдары оппозициялық «Халық майданы» қозғалысын заңды түрде тіркелмегені үшін айыптаған. Оның айтуынша, «бұл негізсіз айып, себебі қазір қозғалысты құру процесі
Қазақстан коммунистік партиясының басшысы Ғазиз Алдамжаров. Алматы, 20 шілде 2011 жыл.

жүріп жатыр – қазіргі кезде тіпті жарғысы да толық жазылып бітпеген».

Ғазиз Алдамжаров соттың Қазақстанның коммунистік партиясының жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімін негізсіз санайды.

Оның пікірінше, қалалық прокуратураның өзін осы партияның бірінші хатшысы ретінде қозғалыс жұмысына араласуын айыптауы – ақылға қонымсыз.

Ол «Халық майданы» қозғалысының жұмысына партия жетекшісі ретінде емес, жеке тұлға ретінде араласып жүргенін айтады.

– Заң бойынша мен тек басқа партияның мүшесі бола алмаймын. Ал өзге 20-30 қоғамдық ұйымға мүше болсам да – болады. Бұл жерде тек өзімнің конституциялық құқығымды пайдаландым, – деді Ғазиз Алдамжаров қазанның 5-і күні Азаттық тілшісіне.

ПАРЛАМЕНТТІК САЙЛАУ НЕМЕСЕ ЖАБЫЛУ ҚАУПІ

Ғазиз Алдамжаров партия жұмысын алты айға тоқтатудың кездейсоқ емес екенін айтады. Оның пікірінше, бұл – партияны парламенттік сайлауға қатыстырмаудың бір амалы.

– Партиямыздың жұмысын алты айға тоқтатқанын естіген көзі қарақты адам бірден «кезектен тыс парламент сайлауы жарты жыл ішінде болатынын» сезетін шығар. Егер «қазір саяси алаңда кім қалды» деген сұрақ қойсақ, оппозициялық партиялардың арасынан тек коммунистік партия қалды, – деді Ғазиз Алдамжаров.

Бұл мәселеге қатысты заңдық және саяси тұрғыда баға берген «Азат»
«Азат» ЖСДП тең төрағасы Жармахан Тұяқбай Азаттық радиосында. Алматы, 8 қыркүйек 2011 жыл.

жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Жармахан Тұяқбай да коммунистік партия жетекшісінің «сот шешімі негізсіз» деген пікірін қолдайды.

– Заң бойынша тек екі партияда бірдей болуға, екі партияны бірдей басқаруға ғана болмайды, – дейді Жармахан Тұяқбай.

Оның пікірінше, бұл – азғантай оппозициялық партияларды сайлауға қатыстырмау амалы.

«Егер олар осы жолы да парламенттік сайлауға қатыспаса, тіпті ол партияны жауып тастау қаупі тұр, бұл – биліктің сол бағытта жасап жатқан амалдары» дейді «Азаттың» тең төрағасы.

ЕНДІГІ КЕЗЕК - ПАРТИЯ БӨЛІМШЕЛЕРІНДЕ

Қазақстан коммунистік партиясы өкілдерінің мәліметінше, қазір партияның Алматы, Астана, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысындағы бөлімшелерінің жетекшілерінің үстінен әкімшілік істер қозғалған.

Қазақстан коммунистік партиясы Астана қалалық бөлімшесінің хатшысы Азамат Жетпісбаевтың айтуынша, қазір Астана қалалық сотында осы партияның Астана қалалық бөлімшесінің бірінші хатшысы Тоты Елеубаева мен екінші хатшы Азамат Жетпісбаевтың үстінен қозғалған әкімшілік іс бойынша сот процесі өтіп жатыр. Партия өкілінің айтуынша, қалалық прокуратура оларды «тіркелмеген «Халық майданы» қозғалысында жұмыс істеді» деп айыптап отыр.

Азамат Жетпісбаевтың сөзінше, прокуратура соттан «екі жауапкерге айыппұл салып, коммунистік партияның Астана қалалық бөлімшесінің жұмысын алты ай мерзімге жабуды» сұраған.

- Мұның бәрі жоғарыдан берілген тапсырыс екені белгілі болып отыр. Сот процесі болған кезде де байқап отырмыз. Бәрі алдын-ала дайындалған. Сұрақтары да айналып келіп, біздің Қазақстанның коммунистік партиясын жабуға соғады, - дейді сот шешімін күтіп отырған Қазақстан коммунистік партиясы Астана қалалық бөлімшесінің хатшысы Азамат Жетпісбаев.

«БҰЛЫҢҒЫР» БАП

Заңгер Сергей Уткин «тіркелмеген ұйымдардың әрекетіне тыйым салу туралы» баптың өзі бұлыңғыр екенін айтады.

– «Тіркелмеген қоғамдық бірлестік» деген ұғымды заңдық тұрғыдан түсіндіру мүмкін емес. Мысалы, Қазақстанда күн сайын жүздеген кеңселерде түрлі конференциялар өтіп жатады. Өз мүдделері бойынша
Заңгер Сергей Уткин баспасөз мәслихатында. Алматы, 24 қараша 2010 жыл.

жиналған адамдар әлдебір мәселені талқылап, соңынан қарар қабылдайды. Осындай жиынға қатысқандарды «тіркелмеген ұйымда жұмыс істеп жатыр» деп айтуға бола ма? Теория жүзінде – болады. Заңгер ретінде осындай тайғақ ережелерді құптамаймын. Мұны осы сияқты қорқынышты санкцияларға қолдануды тіптен қолдамаймын, – дейді Сергей Уткин.

Оның айтуынша, бұл бап ең алғаш рет президенттік сайлауға қатыспақ болған Әкежан Қажыгелдинді үміткерлер тізімінен шығарып тастау үшін керекке жараған.

– Бұл бап тек осындай жағдайларда, өздерінің саяси оппоненттерімен күресу үшін билікке тиімді кездерде қолданылады, – дейді Сергей Уткин.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG