Accessibility links

Ақтауда Stan.TV тілшілеріне шабуыл жасалды


Stan.TV ақпараттық бейнепорталының журналисі Өркен Бисенов.
Stan.TV ақпараттық бейнепорталының журналисі Өркен Бисенов.

Бейнепортал мұны журналистерге жасалған қастандық деп бағалап, кәсіби қызметтерімен байланыстырады.


Stan.TV бейнепорталы бас редакторының орынбасары Жұлдыз Төлеуованың айтуынша, қазанның 26-сы күні таңертеңгі сағат 11-лер шамасында бейнепорталдың Ақтауда жүрген тілшісі Өркен Бисенов пен оператор Асан Амиловты белгісіз біреулер соққыға жығып, резеңке оқпен атқан.

СОҚҚЫ

– Ақтауда жалдап тұрған үйден шығып бара жатқан кезде есіктің алдында ақ джип – мемлекеттік нөмірі 708, «Тойота» «Прадодан» төрт қазақ жігіті түсіп, оларды жан-жақтан сойылдың астына алыпты. Пистолетпен журналистің арқасына резеңке оқ атқан, – дейді ол қазанның 26-сы күні түстен кейін Азаттық тілшісіне.

Жұлдыз Төлеуованың айтуынша, оператордың басы жарылып, аяғы жараланғандықтан көп қан кеткен – жағдайы ауыр. «Ал журналистің жүріп-тұруға, сөйлеуге шамасы бар» дейді.

Оның айтуынша, шабуыл жасаған адамдар тілшінің ноутбугін де алып кеткен.

– Ноутбукте барлық ақпарат болатын. Видеоматериалдар, файлдардың барлығы сонда сақталған болатын, – дейді Жұлдыз Төлеуова.

Жұлдыз Төлеуованың айтуынша, тілшілер түнде ғана Маңғыстау облысына қарасты Қаламқас елді мекенінен оралған екен. Журналистер ол жаққа «қазақ қызын қытай жігіті зорлады» деген ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында барған. «Ал бүгін таңертең «Маңғыстаумұнайгаздың» бас кеңсесіне бару үшін шыққан еді» дейді бас редактордың орынбасары.

Түстен кейін журналист Өркен Бисеновке хабарласқанымызда, ол көп сөйлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты.

– Біз қазір ауруханадамыз. Оператордың басы жарылған. Оны қарап жатыр. Кейінірек хабарласыңыз, – деді.

БОЛЖАМ

Ақтау қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметі басшысы Айша Қаленованың айтуынша, оқиға қаладағы 2-ықшамауданда, № 40 үйдің жанында 11 сағат 50 минутта болған.

– Қазір қылмыстық кодекстің 179-бабы 2-бөлімі (қарақшылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел тергеу жұмыстары жүріп жатыр, - дейді Айша Қаленова.

Stan.TV
Stan.kz бейнепорталының журналисі Шернияз Шағатай өзіне қоқан-лоқы жасалғанын айтып отыр. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Stan.kz бейнепорталының журналисі Шернияз Шағатай өзіне қоқан-лоқы жасалғанын айтып отыр. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
бейнепорталы ұжымы бұл оқиғаны тікелей журналистердің кәсіби қызметімен байланыстырады.

– Бұл журналистік қызметке байланысты жайт. Өйткені бес айдан астам осы Маңғыстаудағы мұнайшылар жағдайын бастан-аяқ біз көрсетіп жатырмыз. Ол жаққа негізінен осы азаматтар барып жүрді, – дейді Жұлдыз Төлеуова.

«Журналистер қауіп-қатерде» құқық қорғау ұйымының хабарлауынша, Асан Амиловтың бұғанасы сынған, миы шайқалған, аяғы жараланған, қансыраған. Өркен Бисеновтің арқасы жарақаттанған.

Stan.TV бейнепорталының тілшілері бұған дейін де өздеріне қоқан-лоққы жасалып жатқанын айтып, шағымданған еді. Қыркүйек айында порталдың бірнеше тілшісі Алматыда жиын өткізіп, арнайы қызмет орындарының өздеріне қоқан-лоққы көрсетіп жүргенін мәлімдеген.

Ал қыркүйектің 27-і күні Алматының әкімшілік істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты Stan.TV интернет-порталының жұмысын тоқтату туралы шешім шығарды. Бұл шешімге Алмалы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның қаулысы негіз болған.

Ол қаулыда «Стан-продакшн» кеңсесіндегі температура мен электромагниттік сәуле деңгейі шекті мөлшерден көп екендігі, ал интернет-провайдердің хабар таратып-қабылдайтын құрал-жабдығы адамдар денсаулығына зиянды әсер ететіні туралы айтылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG