Accessibility links

Өзбек студентінің жаңаша жүріп-тұру ережесі


Каримов Қашқадарияға барған сапарында интернет пайдаланушымен әңгімелесіп тұр. 8 қараша 2011 жыл. (көрнекі сурет)
Каримов Қашқадарияға барған сапарында интернет пайдаланушымен әңгімелесіп тұр. 8 қараша 2011 жыл. (көрнекі сурет)

Өзбекстанның білім министрлігі студенттерді интернетті байқап пайдалануға, арнайы бір уақытта суға шомылып, шуламай ас ішуге міндеттейтін жаңа ереже шығарды.


Өзбек студенттері оқып білуге тиісті жаңа құжатпен танысып жатыр. Жүріп-тұрудың бұл жаңа ережесі оларға интернетке нені жазу керек, амандасқанда профессордың қолын қалай қысу керек деген сияқты ұсақ-түйектің бәрін үйретеді.
Білім министрі «Жоғарғы оқу орындарына арналған этикалық ережеге» елдегі барлық университет пен профессорлар қол қоюуы тиіс деп талап етіп отыр.

"ДІНИ КИІМ" КИЮГЕ ТЫЙЫМ САЛУ

Құжатта «Бұл ережелер ЖОО-ның барлық мүшелерінің этикалық тұтастығын қалыпқа келтіріп ұстап тұру үшін және оны қорғау үшін таныстырылып жатыр» деп жазылған. Мәтінге сәйкес бұл құжат «студенттерді есірткілік заттар мен алькогольдік ішімдікке құмар болып азғындаудан, сонымен қатар бұқаралық (қарабайыр) мәдениет пен діни экстремизмнің қауіп-қатерінен сақтайды».
ЖОО мүшелері жүрген кезде оң жақпен жүруі тиіс. Олар келесі тәртіппен сәлемдессін: ерлер әйелдермен бірінші болып сәлемдеседі.

Ереженің 3.8 бабы бойынша: «ЖОО мүшелері жүрген кезде оң жақпен жүруі тиіс. Олар келесі тәртіппен сәлемдессін: ерлер әйелдермен бірінші болып сәлемдеседі; жасы кіші студент жасы үлкен студентке сәлем беруі керек (жасы үлкендердің бірінші болып қол созып амандасуы керек болғандықтан бұл баптан «қол қысып сәлемдесу» алынып тасталған).

Ереженің басқа да баптарынан әлемдегі ең репрессивті елдердің бірі болып отырған Өзбекстан үкіметінің студенттердің онсыз да шектелген ой еркіндігін одан ары шектей түсуді көздегені көрініп тұр.

Бұларға қосымша діни киімдер киюге тыйым салынған және студенттердің интернеттегі белсенділігі қатаң түрде қадағаланады деп ескертілген.

ИНТЕРНЕТКЕ ҚАТЫСТЫ ШЕКТЕУЛЕР

Ереже бойынша «ЖОО-ның ішкі проблемаларына қатысы жоқ немесе ұлттық құндылықтарға үйлеспейтін материалдарды интернетте жариялауға тыйым салынған». Тағы бір бапта: «ЖОО-на қатысы жоқ әртүрлі материалдарды жариялауға, сақтауға және компьютер арқылы таратуға үзілді-кесілді тыйым салынады» деп жазылған.

Бірақ Өзбекстан университеттерінің «ішкі проблемасына» қатысты материалдардың интернетке жариялануы да қатаң түрде қадағаланады. Бақылаудың күшейтілуі былтыр өзбек студенттерінің YouTube-ке профессордың студентті сабағаны мен студенттің профессорды ұрғаны туралы видеоны жариялап жібергеніне байланысты болса керек.

Өзбекстан университеттерінде тек қана еркін ақпараттардың жолдары жабылып жатқан жоқ. Жаңаша бақылау ережесі студенттердің күнделікті тіршілігіндегі көптеген ұсақ-түйек іс-қимылдың бәрін қатаң қадағалау арқылы жастарды барынша енжар қалыпта ұстауды мақсат тұтады.

Үкіметтің оқу-ағарту шенеуніктері студенттерге арналған нұсқауларына дәретханаға сұрану мен дыбыссыз тамақ ішу тәртібіне қатысты да ескертулер енгізбекші.
Университет корпусының айналасында себепсіз бос жүрмеңдер.

Әлемнің кез-келген еліндегі студенттерге тән әдет – себепсіз қыдырып жүруге де тыйым салынған. «Университет корпусының айналасында себепсіз бос жүрмеңдер» деп кеңес береді ереже. Мұндай қатаң қадағалаудың барлығы студенттерді «есірткі мен діни экстремизмнен аман сақтауға» қаншалықты үлес қосатыны әзірше түсініксіз.

ТАРИХҚА АЙНАЛҒАН СТУДЕНТТІК ФАКТОР

Студенттердің күнделікті әрекеттерін толық бақылауға арналған ереже Ислам Каримовтың 2011 жылы Араб әлеміне саяси өзгеріс жасауға серпін берген жастардың жаңа толқынынан сескеніп, өз еліндегі көзі ашық жастарды қорқытып ұстауға бекінгенін білдіреді. Каримовтың 20 жылдық билігі кезінде бір-ақ рет болған студенттер наразылығына да осы апта 20 жыл толады. 1992 жылдың қаңтарында Ташкент қаласында мыңдаған наразы студент көшеге шығып, нан бағасының қымбаттауына қарсылық білдіріп, әділетсіз сайлау өткізді деп Каримовты айыптап, оның биліктен кетуін талап еткен еді.

Ол кезде Ислам Каримов 1991 жылдың қыркүйегінде СССР-ден бөлініп шыққан Өзбекстан атты жаңа ұлттық мемлекеттің басшысы боп шыға келген болатын.
Қоғамда аяқ астынан пайда болған тегеурінді қарсылық пен толқудан сескенген Каримов тез арада наразы студенттерге қарсы әскерді жұмсап, қақтығыс кезінде екі адам өліп, жүздеген шеруші түрмеге қамалып, қалғандары қуып таратылған еді.

Өзбек милициясы шеруге шыққан студенттерді автобусқа тиеп Ташкент қаласының шетіне шығарып тастады. Осы оқиғадан соң Каримов Өзбекстанның облыстарында жаңа университеттер ашуға кірісті. Осылай жасау арқылы ол студенттердің келесі буынының астанадан жырақ жерде оқуына жағдай жасағысы келді. Содан бері Өзбекстанда ешқандай да студенттік жаппай қарсылық көрсету шаралары қайталанған емес.
XS
SM
MD
LG