Accessibility links

Козловқа операция жасалмақ


Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов парламент сайлауына қатысу үшін "Халық майданы" қозғалысының құрылғанын жариялап отыр. Алматы, 29 маусым, 2011 жыл.
Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов парламент сайлауына қатысу үшін "Халық майданы" қозғалысының құрылғанын жариялап отыр. Алматы, 29 маусым, 2011 жыл.

Тіркелмеген «Алға» партиясы Алматы қалалық бөлімшесінің жетекшісі Ерлан Қалиевтің сөзіне қарағанда, адвокат Владимир Козловтың әйеліне хабарласып, күйеуінің науқас екенін, оны операцияға дайындап жатқанын айтқан.


- Владимир Ивановичке шабының көк етіне (жарық) жедел түрде операция жасатайын деп жатыр. Мұның қалай екені түсініксіз, - деді Ерлан Қалиев ақпанның 2-сі күні Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Владимир Козловтың әйелінің өзі бұған таң қалып отыр - себебі «Козловта ондай ауру болған емес».

Ерлан Қалиевтің айтуынша, Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова операцияны Алматыдағы орталықтардың бірінде жасатуды өтінбек болған кезде оған санитарлық блокта жасайтындарын, ол жақта операция жасауға барлық мүмкіндіктер, дәрігерлер барын айтқан.

Ол сөз арасында ҰҚК-інің тергеу изоляторының өте жабық мекеме екенін, олардан ешқандай ақпарат ала алмай отырғанын да айта кетті.

- Козловты операцияға дайындап жатқаны рас, - дейді Ерлан Қалиев.

Козловтың денсаулығы және оған операция жасау мәселесі жайлы ақпанның 2-сі күні ҰҚК-нің Алматы қалалық бөлімшесіне хабарласқанымызда, кезекші баспасөз қызметінің қысқарып қалғанын, ресми сауалды комитетке әкелу қажет екенін айтты.

Ал «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменованың пікірінше, Козловқа операцияны ҰҚК сияқты «өте жабық мекемеде» емес, денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ауруханада жасаған жөн.

- Негізі заң бойынша әрбір пациент аурухана мен дәрігерді өзі таңдауға құқығы бар, - деді ол.

Оның айтуынша, ақпанның 1-і күні Әлия Тұрысбекова хабарласып, күйеуінің операциясына байланысты кеңес сұраған.

- Кеше маған жұбайы хабарласып, Козловтың сәлемін айтты. Ол: "Операция керек пе, керек емес пе? Қандай наркозбен жасалады - шектеулі наркоз бе, әлде жалпы наркоз бе екен - осыны анықтасыншы" депті. Егер ауру өте қатты асқынып кетпесе, шектеулі наркозбен жасаған дұрыс екенін айттым, - дейді Бақыт Түменова.

Ол Козловтың денсаулығына байланысты ҰҚК-ге сауал жібермек болып отырғанын да айта кетті.

ҰҚК қаңтардың 23-інде тіркелмеген "Алға" партиясының Алматыдағы кеңсесінде және партия жетекшісі Владимир Козловтың үйінде тінту жасап, "әлеуметтік жік туғызды" деген күдікпен Козловты тұтқындаған болатын.

Қаңтардың 24-інде ҰҚК бұл тінтулер мен тұтқындау қылмыстық кодекстің 164-бабы 3-бөлімі ("әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни араздықты қоздыру") бойынша Жаңаөзендегі ереуілшілер белсендісі Айжангүл Әмірова мен басқа да тұлғаларға қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында жүргізілгенін мәлімдеді.

Қаңтардың 26-сында Алматының Алмалы аудандық соты тіркелмеген "Алға" оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козловты екі айға қамау туралы шешім шығарды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG